Kitabı oku: «Қара сөз», sayfa 6

Yazı tipi:

Сахиб ниғметке шүкіршілігің жоқ болса, әдепсіздікпенен күнәкәр болмайсың ба? Екінші – бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де хаупі бар, уә кәпірлерге жем болып кету де, қайсыбір сабырсызы жолынан тайып, сабырмен бір қарар тұрамын дегені болып кетселер де керек. Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты раст дүниеде бола ма? Рас болса, һәммаға бірдей раст болсын, алалаған раст бола ма, һәм ғадаләт бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ. Бірақ әулиелердің де бәрі бірдей тәркі дүние емес еді, ғашәрән – мүбәшәрәдан қазірет Ғосман, Ғабдурахман бин Ғауф уа Сағид бин Әбудқас үшеуі де үлкен байлар еді. Бұл тәркі дүниелік: я дүние ләззатына алданып ижтиһадым шала қалады деп, бойына сенбегендік; я хирс дүниеліктен қауымның көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін фида қылып, мен жаныммен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісімен ұрыс қылып, һәуа һәуастан әрбір арзу нәпсіден суынып, ғадаләт, мархамат, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда о да жұртқа қылған артық махаббаттан хисап. Бірақ бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол. Бұл жолда риясыз, жеңілдіксіз бір қарар тұрып іздеген ғана кісі істің кәмәлатына жетпек. Бұл заманда надир, бұған ғылымның да зоры, сиддиқ, қайраттың да зоры, махаббаттың халлақна да, уа халық ғаламға да бек зоры табылмақ керек. Бұлардың жиылмағы – қиынның қиыны, бәлки, фитнә болар.

Басына һәм бір өзіне өзгешелік бермек – адам ұлын бір бұзатын іс. Әрбір наданның бір тариқатқа кірдік деп жүргені біз бұзылдық дегеніменен бір болады. Хакім, ғалым асылда бір сөз, бірақ Ғарафта басқалар дүр. Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды жазылмыштар, оны нақлия деп те айтады. Бұл наклияға жүйріктер ғалым атанады. Құдай тәбәрака уа тағала ешбір нәрсені себепсіз жаратпаған, мұны ізерлеп тәффаккару фи әла-иллаһи деген хадиске бинаән бұл сүнғати құдадан ізерлеп, құмар болып ғибратланушыларға тыю жоқ, бәлки, сұнғатынан себебін білмекке құмарлықтан саниғ ғашықтық шығады. Құдай тәбәраканың затына пендесінің ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз. Ғашық-мағшұғлыққа халик бірлән махлұқ ортасы мунәсибәтсіз, алла тағаланың пендесін махаббат уа мархамат бірлән жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпенен ғана елжіремекті құдаға ғашық болды дейміз. Олай болғанда хикмет құдаға пенде өз ақылы жетерлік қадірін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хакім ат қойды. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарыменен һәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын-күлкі түгіл, дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртабада қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпенен ләззаттанады.

Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді. Фиғыл пәнденің қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде бұлардың истихражы бірлән рауаж табады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, ләкин осы хакімдердің жасаған, таратқан істері. Әддүния мәзрәгәтул-ахирет дегендей, ахиретке егіндік болатын дүние сол. Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғалымдарының нақлиясы бірлән мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини болады. Бұл хакімдерден мұрат – мұсылман хакімдері, болмаса ғайри діннің хакімдері – әгәрше фатлубни тәжиду-ни делінсе де, дүниенің һәм адам ұғлы өмірінің сырына жетсе де, діннің хақ мағрифатына жете алмағандар. Бұлардың көбі – иманның жеті шартынан, бір алланы танымақтан ғайри, яғни алтауына кімі күмәнді, кімі мүнкір болып, тахқиқлай алмағандар. Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі, хайру н-нас мән йанфагу н-нас деген. Бұл хакімдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып, адам баласына пайдалы іс шығармақлығына, яғни электрияны тауып, аспаннан жайды бұрып алып, дүниенің бір шетінен қазір жауап алып тұрып, от пен суға қайласын тауып, мың адам қыла алмастай қызметтер істетіп қойып тұрғандығы, уахсусан адам баласының ақыл-пікірін ұстартып, хақ пенен батылдықты айырмақты үйреткендігі – баршасы нафиғлық болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізге дау жоқ.

Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық фиғыл, әл-инсан ғәдду ләма жәһилгә хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады «һай-һой!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһиләләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нысапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нысап, құр өзімшілдік һәм әр өзімшілдік – адам баласын бұзатын фиғыл. Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек. Мұндай фиғылдардан күпір қаупі де бар. Және пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләм «ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» дегенде сахаба-и кәрәмлар «бұл бір жылдық бір күнде намаз нешеу болар» деп сұрағанда: оның патуасын сол заманның ғалымдары білер деген сөзінен ғибратланып қарасаң, замана өзгеруімен қағидалар өзгерілмегін білдіргені мағлұм болады. Бұл күндегі тәхсилғулум ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды. Соған қарай Ғұсманияда мектеп харбия, мектеп рушдиялар салынып, жаңа низамға айналған. Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымды пайдасыз ұзақ бахастар бірлән күнін өткізіп, мағишат дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір харекетке лайықты жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тасирсіз болады.

Дүниенің мәғмурлығы бір түрлі ақылға нұр беріп тұратұғын нәрсе. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні де болады. Бәлки, дүниенің ғылымын білмей қалмақтық – бір үлкен зарарлы надандық, ол құранда сөгілген; дүниеде кімде-кім өзіне өзгешелік бермек қасады бірлән малға махаббатын аударған дүние болмаса, ихсанда қолым қысқа болмасын деп һәм өзім біреуге тамғылы болмайын деп, малға махаббатын аудармай, ізгілікке бола халал кәсіп бірлән тапқан дүние емес.

Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ғадаләттан шықпасын, шарғыға муафих болсын. Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес. Моллалар тұра тұрсын, хусусан бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар – фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһіл тариқат біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі мұхал, бұлар адам аздырушылар, хаттә дінге де залалды. Бұлардың сүйгені – надандар, сөйлегені – жалған, дәлелдері – тасбығы менен шалмалары, онан басқа ешнәрсе жоқ.

Енді біліңіздер, ей, перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаятлысың, ол жол құдайдың жолы емес. Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап? Не түрлі болса да, я дүниеңнен, я ақылыңнан, я малыңнан ғадаләт, шапағат секілді біреулерге жақсылық тигізбек мақсатың болса, ол жол – құданың жолы. Ол ниһаятсыз жол, сол ниһаятсыз жолға аяғыңды берік бастың, ниһаятсыз құдаға тағырып хасил болып хас езгу құлдарынан болмақ үміт бар, өзге жолда не үміт бар? Кейбіреулердің бар өнері, мақсаты киімін түзетпек, жүріс-тұрысын түзетпек болады да, мұнысын өзіне бар дәулет біледі. Бұл істерінің бәрі өзін көрсетпек, өзін-өзі базарға салып, бір ақылы көзіндегі ақымақтарға «бәрекелді» дегізбек. «Осындай болар ма едік» деп біреулер талаптанар, біреулер «осындай бола алмадық» деп күйінер, мұнан не пайда шықты? Сыртқа қасиет бітпейді, алла тағала қарайтұғын қалыбыңа, боямасыз ықыласыңа қасиет бітеді. Бұл айнаға табынғандардың ақылы қаншалық өсер дейсің? Ақыл өссе, ол түпсіз терең жақсылық сүймектікпен өсер.

Құдай тағала дүниені кәмалатты шеберлікпен жаратқан һәм адам баласын өссін-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында болмақ. Кімге достығың болса, достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қас сағынбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ.

Бұл өзін-өзі артық көрсетпек екі түрлі! Әуелгісі – әрбір жаманшылықтың жағасында тұрып адамның адамдығын бұзатын жаманшылықтан бойын жимақтық, бұл адамға нұр болады.

Екіншісі – өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек адамдықтың нұрын, гүлін бұзады.

Үшіншісі – қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек. Олар дұшпандық шақырады.

Һәм өзі өзгеше тұтатын демектің түбі – мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдік бітіреді де, күншілдік күншілдікті қозғайды. Бұл үш түрлі істің жоқтығы адамның көңіліне тыныштық береді. Әрбір көңіл тыныштығы көңілге талап салады.

Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің.

Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды.

Білімсіздік хайуандық болады.

Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.

Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады.

Бұлардың емі, халлақына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын… Ол білім, ғылымы құдаға мұқтәди болсын. Ғылым әуелі ғалами ғылымға мұқтәди болсын. Яғни құдай тағала бұл ғаламды жаратты, ерінбеді, келісімменен, хикметпенен кәмәлатты бір жолға салып жасады, сіздердің ісіңіз де бір жақсылық бина қылып, арқа сүйерлік шеберлікпенен болсын. Және құдай тағала әрне жаратты, бір түрлі пайдалы хикметі бар. Сенің де ісіңнен бір зарар шығып кеткендей болмай, көпке пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс іс емес. Бәлки, бұларсыз тағат тағат та емес.

Белгілі, құдай тағала ешбір нәрсені хикметсіз жаратпады, ешбір нәрсеге хикметсіз тәклиф қылмады. Бәрінің хикметі бар, бәрінің себебі бар, біздің ғауам былай тұрсын, ғылымға махаббаты барларға себеп, парыздарды білмекке ижтиһад ләзім, сіздер әрбір ғамал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд етіп, ниет етесіз. Ниет оның парызынан хисап, пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлламнің хадис шарифі «иннама-л-ағмал, бин-ниет» деген. Енді ниет еттіңіз таһарат алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз заһирынан қалыпсыз ғибадатқа жетпегендігі кемшілік емес пе? Сіздің батиныңыз таза болмағы әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпенен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки, сөну хаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген.

Менің хаупім бар, олар хас осы ғибадат екен, құданың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат күзетшісі еді. Жә, күзетші күзеткен нәрсенің амандығын ойламай, бір ғана ояу тұрмағын қасд қылса, ол не күзет? Күзеткен нәрсесі қайда кетеді? Мақсат күзетілген нәрсенің амандығы, тазалығы емес пе? Ей, ишараттан хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттан бір үлкені – намаз, ол намаздан әуелі таһарат алмақ, онан соң намазға шұруғ қылмақ, ол таһараттың алды истинжа еді. Мұны бір берік ойлап тұр. Аяғы екі аяққа мәсіхпенен бітуші еді, бұлар һәммасы болмаса көбі ишарат еді. Истинжада к…іңізді жуа-сыз, сіздің к…іңіздің ешкімге керегі жоқ еді. Онымен сезімді тазалыққа иіргендігіңді кәміл ыхласыңды көрсетіп, ішімнің сафлығының соңында халық көрер, сыртымды да пәк етемін һәм көзге көрінбейтін ағзаларымды да пәк етемін, бұл пәктіктің үстінде аллаға дұға айтамын деп әзірленесіз.

Енді намаздың аты – салауат, дұға мағынасында деген:

Аяқта, мойында болған мәсхлар – ол жумақ емес, өздері де жуулы деп көрсеткен ишараты.

Намаздан әуелі құлақ қақтыңыз – егер алла тағаланы жоғарыда деп, мәкән исфат етпесең де, бегірек созу әдепсіз болып, күнә дариясына ғарық болдым, яғни дүние әуесіне ғарық қылмай қолымнан тарт, яғни құтыларлық жәрдемдерінің ишараты*. Онан соң қиямда тұрып қол бағламақ – құл қожа алдында тұрмақ – бұқара патша алдында тұрғаннан артық алланың қадірлігіне өзінің ғажиздығына ыкрарының беріктігін көрсеткен ишараты. Қыбылаға қарамақ – әрине, құдай тағалаға ешбір орын мүмкін емес болса да, зиратын парыз еткен орынға жүзін қаратып, сондағы дұғадай қабылдыққа жақын болар ма екен деген ишараты.

Онан соң қира әт, яғни сураһи фатиха оқисың, мұнда бірақ сөз ұзарады. Ол фатиха сүресінің мағыналарында көп сыр бар.

Руқүғ бас ұрмақ – алдында құда хазірге ұқсас, ол да ишарат.

Сәжделер – әуелі жерден жаралғанына ықырары, екіншісі – және жерге қайтпағына ықырары, бас көтермек және тіріліп, сұрау бермегіне ықырарының ишараты.

Қағадат ул-ахир – дұғаның ақырында аллаға тахият, одан тәшәһһуд, одан салауат, пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәссәлләмге айтпақ үшін ең ақырғы сәлемменен тауысасыз, яғни алла тағаладан не тілеп дұға қылдыңыз. Ол дұға қазинасы күллі мұсылмандарды ортақтастырып, оларға да сәләмәтшілік тілеп һәм рахмет тілеп бітіресіз.

Жә, бұл сөзден не ғибрәтлендік?

XXXIX сөз

Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Екінші мінезі – намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы – пейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.

Yaş sınırı:
12+
Litres'teki yayın tarihi:
26 şubat 2017
Hacim:
80 s. 1 illüstrasyon
Telif hakkı:
Public Domain
İndirme biçimi:
Metin PDF
Ortalama puan 4, 2 oylamaya göre
Metin PDF
Ortalama puan 4,9, 9 oylamaya göre
Metin PDF
Ortalama puan 4,8, 14 oylamaya göre
Ses
Ortalama puan 5, 2 oylamaya göre
Metin PDF
Ortalama puan 5, 1 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 0, 0 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 0, 0 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 5, 2 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,5, 26 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,4, 48 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,5, 88 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,7, 37 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,8, 56 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,4, 27 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,5, 116 oylamaya göre