Kitabı oku: «Еспембет», sayfa 3

Yazı tipi:
 
Табалау да еліңнен,
Абалау да еліңнен,
Өсіру де еліңнен,
Көшіру де еліңнен,
Бақыт та елден қонады,
Дəулет те елден болады,
Еліменен ер жетіп,
Емендей өсіп толады.
«Елсізде өскен» демесін,
Елден таңдап сұлу ал,
Ақ отау тігіп басыңа,
Төрт түлік малдан еншіңді ал,
Топтан таңдап тұлпар мін
Күлтелі құйрық, сұйық жал.
Қарт атаң жасын төкпей ме?
Қарт тілеуі қабыл боп,
Қанына ұрық екпей ме?
Сопайып барсаң, қу басың
Ақтамберді Қабанбай
Өкпелеп мені сөкпей ме?
 
 
– Қаламайын, жан ата,
Сұлуды да, малды да,
Маңдайыма жазған бар,
Бақытым менің алдымда.
Тірі болсам айдармын
Əлі-ақ мың санды да;
Тірі болсам құшармын
Аққудайын таранған,
Өкшесіне қаранған,
Ай маңдай аппақ паңды да.
Тірі жүрсем мінермін,
Арқар таң күпшек санды да.
Барар құс басы ілгері,
Кім шығып кепті алдыма?
 
 
Қалауым сенен, жан ата,
Қаруымды сай алам,
Тобыңнан таңдап жəне де
Ат алмаймын, тай алам.
Ертеңінде ертемен
Қару-сайман сай болды,
Топтан таңдап алғаны
Ақбөртедей тай болды.
– Танылар тұлпар желіден,
Ер танылар бесіктен,
Таңдап алған тайыңды
Көрсет, – деді атасы, –
Көлденең тартып есіктен.
Таңдап алған Ақбөрте
Ұнап кетті қартыңа,
Үш мəртебе шықты да
Бөртенің алды-артына:
«Жарайсың, – деп, – шөберем», –
Батасын берді сарқыла.
Күншілдер тұр күлісіп,
Жете алмайтын парқына.
 
 
– Шын тілеуім, шөберем,
Сапарыңды оңдасын,
Ғайып ирен қырық шілтен
Əулие жар боп қолдасын.
Танып апсың, қарашым,
Өмірлік Бөртең жолдасың.
 
 
Атасына қош айтып
Еспембет ердің кеткені,
Туған ел, туған жеріне
Өксіп келіп жеткені.
«Елсізден шыққан кісідей
Тайға мініп келді, – деп,
Ұялмай көрді елді, – деп,
Ұялмай қала берді…», – деп,
Құлағына кірмеді.
Ағайынның сөккені.
Мұны айтқанның бəріне –
Жасы менен кəріге
Ішіне жиды өкпені.
 
 
Құрмет алмай кем тұтты
Ағайын, туған жақындар
Он қайырып бір сөзін.
Əсіресе қатындар
Туыс қадірін білмейтін:
«Жақында да жақын бар,
Туыс та тілер бағыңды,
Жақыннан артық жатың бар».
 
 
Үш жыл болды келгені,
Ақбөрте бесті шығады,
Ерен ер мен тұлпарды
Кім жасырып тығады?
Сəтімқұл биге ас берді
Көксаланың бойында,
Ақбөртені сол асқа
Қосам деген ойында.
Сауын айтып жиылған
Төрт арыстың баласы,
Бақанас пен Көксала
Халыққа толды арасы.
 
 
Ас шығынын көтерді
Құрманбет пен Жанғұлы,
Асты билеп меңгерген