Kitabı oku: «Тоғыз ауыл», sayfa 6
Yazı tipi:
Бармайтұғын жері екен,
Барған екен Алла айдап.
Күркіреуік атаға
Жорықшыны келтірді
Бес күн жүріп Тəңір айдап.
«Шарқырауық» судың басында
Ыбырайым атаның
Көріп өтті мұқамын
Зиратына ерлерім
Жаңғыз өркеш нар байлап.
Тілеп ерлер сапарын,
Бұзбай тиді қатарын,
Сатырлап қару-жарағы.
«Дəугескеннің» түбінде
Қарша мылтық борады.
Атадан туған əруақты ер
Шепке жалғыз барады.
Амантұрлы батырдың
Ат үстіне мінгелі
Ер еді шыққан дабысы.
Екі талай жерлерде
Кетпеген қолдан намысы.
Қысқа күнде қырық шапқан
Қаршыға құстай шабысы –
Арқасы құтсыз болды ма
Айбынды туған ерімнің
Таңдап мінген тағысы?!
Түтеп тұрған қамалға
Жауар бұлттай күркіреп
Үшінші ірет кіргенде,
Қазасына тап болды
Сарттың қазған жабысы.
Қылап болды, ал мынау
Шепте жалғыз қалысы.
Бір қайрылып барарға,
Ат сауырын саларға
Жоқ па еді оның сол күнде
Тамыры мен танысы?!
Амантұрлы батырдың
Ағайыны жоқ екен
Ат құйрығын саларға,
Сүйегіне барарға. –
Амандық күнде серттескен
Ақыреттік дос үшін
Шабайдың ұлы Ер Сүгір
Шаппады десем, нанар ма?!
Шапқанымен не болсын,
Бір Құдайдың өзінен
Тура келген ажалға?!
«Бергей, – деп, – Алла тілекті!» –
Тоқтатып алып жүректі,
Жаралы болып үш жерден
Ұран салып ақырып
Үшке дейін ұрынды
Түтеп тұрған қамалға!
Қарсыласып батырың
Тауысты сонда амалды.
Қияметтік дос үшін
Шабайдың ұлы Ер Сүгір
Басын салды базарға.
Ақырына қарасам,
Жалпы көптің бəрі үшін
Мұндай болып бұйырып
Шəйіттік қайдан табылсын?!
Шүкелескен күндерде
Сүргінге кетер ұл үшін,
Қара қазан қамы үшін,
Талауда кеткен жан үшін,
Бодауда кеткен ар үшін,
Ел үшін туған есіл ер,
Жықпай өлген намысын!
Қадир Алла жар болып,
Əзіреті Мəулімнен
Шындық-пірлік бар болып,
Қызыр-Ілияс бас болып,
Ғайып-Ерен – қырық шілтен
Қатарында пар болып
Көп үшін туған арысым,
Қағбаның жүзіне
Сапарға кеткен қажысың!..
Пір ақтығы қайран ер –
Дəл жүректен оқ тиіп,
Ордан болды жазымы.
Қазасына тап болды
Сарттың қазған қазуы.
Айтқанменен не пайда,
Алланың сөзі – хақ кəлəм,
Осылай-дағы жазуы.
Мен – Жаманадай Нұрымың,
Баяндадым бəйіт етіп,
Кəлəмоллам оқыған
Тие берсін ерлерге –
Бағыштап Құран – «Ағузы»…
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
13 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain