Kitabı oku: «Сұлушаш», sayfa 2
Yazı tipi:
Басылып жел жадырап болды тымық,
Жарыса аққан өзен мөлдірленіп,
Сыр бермей күп-күрең боп қалды тұнып.
Сөйлесе Қайсар қандай тілге шебер:
– «Арулар, сөзім мақұл көрінсе егер,
Сұлу менен Алтайды оңашаға
Жіберейік, кешіксек біреу көрер.
Ойнап-күліп бір жерде думан қылып,
Бұл ара емес отырып орын тебер».
Арулар айтқан сөзді қабыл алды,
Бөлініп бір тасалы жерге барды.
Қайсар да оларменен бірге кетіп,
Сұлушаш Алтайменен жеке қалды.
Екеуі сол арада құшақтасты,
Жамылып үстеріне жасыл талды.
Үстінен қошаметтеп ұшты аққу,
«Қайырлы болсын» – айтып шырқап əнді.
Сығалап сұлу күн де күлімдеді,
Жел сыбырлап құлаққа күбірледі,
Қосылған жас жүрекпен қоса қабат,
Талдардың жапырағы дірілдеді.
Өзеннің қабағында қоңыр қаздар.
«Мұншама құмарланған бұл кім?!» деді.
Қарақат төне қарап мөлдіреді,
Жасыл жапырақ перде боп желбіреді.
Тал ішінде қызарып шыққан гүлдер
Шайқалып нарттай жанып үлбіреді.
Шықтар күмістей боп, жарқ-жарқ тамып,
Əр жерде бір мөлтілдеп селдіреді.
Бұтаққа қонып алып бұлбұл сайрап,
Ұзақ болсын қуаныш, сүю деді.
Бұлардан басқа, сүйген қос жүректі
Жалғыз-ак, қиядағы күн біледі.
Жүректің жалындарын басып енді,
Екеуі құшақтасып түрегелді.
Көптен бері жүректе топ боп жүрген,
Ақтарды іштерінен қалың шерді.
Сұлудан көзін алмай тесе қарап,
Ер Алтай «уһ», «Ойпырмай, уһ» – дей берді.
Қайғысы ер Алтайдың бақ па, мал ма?
Не нəрсе күйінгендей батты жанға?
Болмаса өткен өмір уландырған,
Кəрілік келіп жеткен өлер шал ма?
Немесе мынау сұлу табиғаттың
Алтайға ұнамаған жері бар ма?–
Жоқ! Оған бақ пен малдың керегі жоқ,
Қайғысы, – алды-артына сенері жоқ.
Өлетін халге-жетсе жаны ашып,
Аузына əкеп сусын берері жоқ.
Алдында күндей күлген мынау сұлу,
Жандыра жүрегіне түскен бір шоқ.
Сол шоқты сөндірем деп жүргенінде,
Рақымсыз қандай күнге болады соқ.
Бəрін айт, бірін айт та, ит жоқшылық
Жүректі айнытады құсықтай боп.
«Алтайжан, – деді Сұлу оған қарап, –
Қарақат қара көзін тура қадап, –
Қыздың көрген қызығы бес-ақ күндік,
Мұндай дəурен басымнан өтеді əлі-ақ.
Міне мен он жетіге аяқ бастым,
Бұл өмір жиырмаға жетсе сол-ақ.
Өз алтын босағаңды аттаған соң,
Өмірге болғаның жай күйсіз қонақ.
Сүйіктің еркін басын ноқтаға ілді.
Құда түсіп айттырды бір жер дүмді,
Атастырған адамның теңі емеспін,
Сұрастырып ғашығың жаңа білді.
Өмірімде жар емес, жалын құшып.
Өткізбекпін құсамен көрер күнді,
Соны саған естіртпек болып бүгін,
Əдей келдім, төккелі іште мұңды!..»
Есіне түсіп барлық дос пен қасы,
Сұлудың мөлтілтеді көзде жасы.
Қыбырлап қызыл ерні тоңғандай боп,
Қабақта қимылдады қара қасы.
Əке де, шеше де жау, туған да жау,
Бар сенгені Алтайдың қара басы.
Неге екенін білмейді өзі-дағы,
Əйтеуір ауды соған ықыласы.
«Алтайжан, қайтемін!» – деп құшақтады,
Оралып мойынына жібек шашы.
Алтайдың мына сөзге мұздап іші,
Құбылып қырық түрленіп сұрша түсі,
Аузына айта-тұғын түк сөз түспей,
Дей берді:
– «Құда болған қандай кісі?»
– «Ол атақты Байбосын, ұлы жүзде
Билік құрып аюдай батқан тісі.
Оған жесір бермеуге, теңгермеуге
Үш жүзде де келмейді жанның күші.
Байбосынның жұмсары кектескенге, –
Шоқпарлы қол, сүйреген найза ұшы!»
– «Енді білдім, Сұлушаш, енді білдім!..
Қармағына түсіпсің мықты дүрдің.
Ол қармақтан құтқарып алу үшін
Қолынан не келеді мендей «құлдың!»
Мен жанымды қиямын құтқаруға,
Дерлік болсаң егерде «көзді жұмдым!»
Əкеңнің төрт құбыласы түгел дерлік,
Тізесін дəу-перінің бүгер дерлік,
Тік тұрса төбесімен көкті сүйеп,
Қолымен қос бүйірін тірер дерлік.
Сені берген қайының Байбосын да,
Үйретіп жолбарысты шідерлерлік.
Азуы алты қарыс өңшең аю,
Оңайлықпен бере ме бізге теңдік.
Мұндай іске бел байлап, көз жұмғанда,
Қайратыңнан тысқары керек ерлік.
Ойласақ малда ғана күш пенен бақ,
Кім-кімде малы болса мықты болмақ.
Кім ат пенен ас берсе, елдің бəрі
Сойылын соғып соның, тілін алмақ.
Бір мені күл ғып көкке ұшырады,
Жағынған екі байға өңшең жалдап.
Қаптаған қалың аран іштерінен,
Əкету тағы қиын көзін алдап.
Мұндай бəле басқа кеп орнағанда
Құтылмақ талмай-тұғын жүйрік саңлақ».
– «Алтайжан! – деді сұлу бір заманда, –
Нелер мұңды еткен жоқ бұл жалғанда!
Өкінгенмен өткен іс бұзылмайды,
Оған кейіп қажыма, назаланба!
Кеше-тұғын өткел көп екені рас,
Талай əлі қиындық жатыр алда.
Мен сендік!.. Сенер болсаң сырым осы,
Қосылмасам санама тірі жанға.
Құр қажудан, қажырлы арық қайрат
Ұнатсаң мен бір амал жүрмін ойлап,
Ұрын келсін деп əдейі атасқан-ды,
Шақыртуға белімді будым байлап.
Жамандығы шын болса жасқаншақтап,
Сенсе өзіне əлемге келер жайнап.
Менсінбеймін десем ол не қылады,
Азар болса бармағын кетер шайнап.
Жамандығын көзімен көрсе өзі,
Əкем-дағы уəдесін бұзып, таймақ.
Менің əкем тек сонда бүлінеді,
Уəдеден жəне де шегінеді.
Байбосын көнсе егер Құдай иіп,
Малдары қайырылып беріледі.
Жау жағы тулағанмен не қылады,
Азар болса біраз мал төгіледі,
Баласы жаман болып көзге түссе,
Болса да қандай мықты жеңіледі.
Көп ойлап менің ақылым соған жетті.
Демесін жесірімді бермей кетті.
Бүгін таң осы араға шақырғаным,
Ақылдаспақ болып ем осы кепті.
Қайтеміз, айла қылмай амал бар ма,
Тағдырдың талқысы əкеп соған жекті.
Алтайжан, жарай ма осы ақылдарым?»
(Алтай ойлап) – «Мен-дағы мақұлдадым!»
– «Бұл қалай деп түбінде ойламасын
Деген ой еді сені шақырғаным.
Байбосынның мырзасын көзіңмен көр,
(Күліп айтты) жездең ғой, жақындарың!»
Серттесіп бір-біріне қолын берді,
Ер Алтай Сұлушашқа жаңа сенді.
Құмарын баса алмаған екі жастың,
Сүйісіп шөп-шөп етті тағы да ерні.
Сұлушаш бір уақытта Алтайына
Бір алмас екі жүзді қанжар берді.
Қанжарды Сұлушаштан қолына ап,
Аударып екі жүзін қарап-қарап.
Ышқына бір күрсініп алдыдағы,
Қанжарды қойды Алтай жерге қадап,
«Білтелі қара мылтық тағы берем»
Деді Сұлу, қолымен шашын тарап,
Серттесіп, сөз байласып болғаннан соң,
Шақырып жолдастарын алдырды ат.
Сұлушаш нөкерімен аттанысты,
Сүйісті, құшақтасты, қол алысты.
Бозжорға ырғалаңдай басып шұлғып,
Баяғы келген ізге қайта түсті.
Артынан Алтай ұзақ қарап тұрды,
Ойлары болашақтың улап ішті.
Қарасын Сұлу үзіп кеткен кезде,
Бұлар да өз бетіне жөнелісті.
VI
Аттанып Алтай қайтып келе жатты.
Бұлт жадырап, күн қайнап отын жақты.
Торғай шырлап, шарықтап қияға өрлеп,
Тұс-тұстан қанаттарын жыбырлатты.
Жан-жақтын, бəрі сұлу – күлімденіп,
Денені шаттық беріп шымырлатты.
Қурайлар ақ үкілі иіп басын,
Жас талдар жап-жасыл боп жайып шашын,
Қызыл гүл қызараңдап нарттай жанып,
Құбылды нұрға бөлеп дөң арасын.
Жасыл шөп жұпар шашып, жерді жауып,
Жүректің жазарлықтай бар жарасын.
Тап сол күн дүниеге келмейтін күн,
Айнала неткен шаттық таңғаласың!..
Тортөбел басын шұлғып бүлк-бүлк желді,
Денеден домалатып шып-шып терді.
Құйрығын сипаңдатып, басын шұлғып,
Жортақтап борт-борт басып ұтты жерді.
Жасыл шептің астынан құрғақ топырақ,
Самалдан шаңғымақ боп дөңгеленді.
Тізгінді ер басына қазықбау шап,
Қамшысын мықынынан таянып ап,
Ағытып түймелерін омыраудың,
Жеңдерін шынтағынан түріп тастап,
Қабағы жабыңқы боп Алтай ердің,
Тұңғиык, көкке көзін келеді сап.
Ғашығын көріп қайтты, – қуанбады,
Сүйісті, бірақ оған жұбанбады.
Үмітті ойы алдына алыс жатыр,
Көздеген мақсаттары тұмандады,
Сұм үміт сұп-сұр болып елес беріп,
Көктің бір қиырында қылаңдады.
Болмаса сағымменен бірге толқып,
Түлкідей таудан қашқан сылаңдады.
Алтай ер ат үстінде қалды қатып,
Көп ойлап ой ұшынан шыға алмады.
Үміттің тілі ауыр, сөзі қиын,
Ол тілді Алтай еркін ұға алмады.
Түнеріп қара көк боп тұр аспан-көк,
Бетінде шұбар бұлт тұр толқындай боп,
Қадалып қанша қарап байқап еді,
Бұп-бұлдыр жатқан дария қиыры жоқ.
Айналып күнге көзін бір салып ед,
Ол-дағы телегей боп жанған тек от.
Көз жұмып өмірді де ойлап еді,
Ол-дағы зымыраған бір атқан оқ,
Не ойлап, не нəрсені қиял етсе,
Қайғыға бəрінде де болады соқ.
Бір кезде көктен көзін жерге аударды.
Төңірек ажарланып гүл-гүл жанды.
Көзіне не көрінсе жаудай болып,
Бұрынғы қайғы үстіне қайғы салды.
Жер, шөп, су, орман, дөңес… бəрі-дағы,
Бай үшін жаратылған сықылданды.
Ойлады: «жер менен су, тоғай орман…
Адамзат пайдалансын деп жаратқан.
Бірақ сол ен байлықты байлар ғана
Өзіне меншікті ғып пайдаланған.
Жалшыға, құл-құтанға дəнеме жоқ,
Жалғыз-ак, ішер тамақ оларда арман.
Дүние-ай, маған берсе бар билікті,
Күштіні етер едім көзге түрткі,
Жалшыға, құл мен күңге, кедейлерге,
Берер ем бөліп-бөліп мал-мүлікті.
Не керек, бар байлықты байлар көріп,
Кекіріп, болып отыр майға күпті!»
Əкесі жүр соры қайнап бие бағып,
Кезі келсе, қой менен түйе бағып,
Киімі өрім-өрім сауыстанып,
Шешесі жүр бүкшеңдеп отты жағып.
Інісі Ермек, – əлі жас… өзі-дағы
Жылқышы боп бейнеттен киді қамыт.
Ині сияр өмірде тескіндік жоқ,
Қайда барса алдында азап-тамық!..
Тағы да əртүрлі ой елестеді,
Бəрі ұшқыр бір-біріне ілеспеді.
Қаншама көзін жұмып ойласа да,
Ойлар көп, біреуін де түгеспеді.
Ойлатқан осыларды кедейлік қой,
Бай болса «мен еркінмін» демес пе еді?!»
Алтайдың Қайсар ойын отыр сезіп,
Ол-дағы ой сарайын тартты кезіп,
Алдында келер күнді болжағанда,
Өмірден қол сілтеді о да безіп,
Алтаймен не көрсе де бір көрмек боп,
Ішінен неге болса отыр төзіп.
Алтайды жұбатайын деді-дағы;
– «Жеткен жоқ қайғыға енер мезгіл əлі.
Ер басы еңбек үшін жаратылған,
Қашан да сыннан өтпек ердің бағы.
Не керек ойға құл боп, жаным Алтай,
Жастық күн өмірдің ол жалын шағы.
Жастықтың жалынына су сепкені
Қайғыға ер жігіттің қажығаны.
Осыны дəуде болса айтқан шығар,
Өзің шын сеніп сүйген сұлу-дағы!»
– «Қайсар-ау! – деді Алтай күрсініп ап, –
Рас, қызу уақыт қой бұл жастық шақ.
Осы істі бір бастауын бастасам да,
Ақыры не болары тəуекел-ақ.
Тілеуберді еркімен Сұлушашты,
Тап менің бұл күйімде бермеуі хақ.
Егер де Сұлушашты алып қашып,
Олардың қолдарына түсе қалсақ:
Не болмақ?.. Не боламыз?.. осы арасы
Жүректі шошытады көрсем толғап.
Ар жағы не болуы өзіңе аян,
Қашқанмен жоқ барар тау, басар саяң,
Жаудан қорқып үмітті тілегімді,
Өлем деп орындамай қалай қоям.
Ой мен қырым, қанатым, құйрығым жоқ,
Құлашты талпынсам да қалай жаям,
Бүйткен өмір – өмір ме, ойлашы өзің!
Осы өмірден табамын қалай баян», –
Деді де Алтай қатты демін алды,
Қара көзден ұшқындар шашырады. –
– «Өлсем де орындаймын осы істі,
Өлгенше дұшпанымнан ішем қанды!
Ардақтап жаудан қорқып, бұғып сасып,
Кəдірлеп қапқа буып қайтем жанды.
Əйтеуір ертелі-кеш бір өлім бар,
Көргем жоқ екі жүз жыл жасағанды!»
Деп жігермен шоқытып Қайсар жігіт,
Жылқыға келгенін де білмей қалды.
II бөлім
СЕРГЕЛДЕҢ
I
Жұлдыз сөніп, таң атқан мезгіл еді,
Алыстан бұлдырап бір салт келеді.
Самалы қоңыр салқын толқып соққан,
Əн салып толқындатып жібереді.
Парсының масатылы кілеміндей
Құлпырған ғажайып гүл төңірегі
Аққудай сұңқылдаған сонау əнді,
Жаңғыртып иен даланы шырқағанды,
Оқтаудай жарау атты бүгілдіріп,
Күзеткен ала-бөтен атқан таңды,
Мас болып шырт ұйқыда жатқандардың,
Қайсысы əн екен деп есіне алды?
Ол əнді күміс көбік көл тыңдады.
Құлпырған, астау жонды дөң тыңдады.
Бөлмейін дегендей-ақ зарлы күйді,
Тына ғап жұпар иісті жел тыңдады.
Көзінен мөлдір жасы мөлт-мөлт тамып,
Буланып шық басқан жер тыңдады.
Одан басқа, мал баққан, отын жаққан
Қақ, сауыс, қара, жыртық жең тыңдады.
Əн салып келе жатқан жалғыз жан кім?
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
36 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain