Kitabı oku: «Адасқан өмір», sayfa 2
Yazı tipi:
Үстімде алтын болғанды қылып желік.
«Данышпан ел көркейтер ерім осы», –
Деп таңдап қоймаған соң халық сеніп.
Қандай байлық шыдайды тойғызуға,
Анау топты тімтінген күнде келіп.
Кісі деп, ақылды айтпас, есек демей,
Жүргенді құр байлықпен қатарға еніп.
«Ит едім, байлық мені кісі қыл» деп,
Адамның несі адам болған жерік?
Мен адам болғандықтан өзі қызығып,
Бақыт, дəулет жүрмеген соң соңыма еріп.
Несі бақыт: сүймейтін бір сұлуды,
Сатып алып, өзімді жүрсем теліп.
«Құшақта, сүй!» деп зорлау, көріп отырып
Ататындай көздерін берілсе ерік.
Несі бақыт: сол байлық қылмаған соң,
Сұлу бір сүйетіндей жүрегі еріп,
Байлықпен медресе, школ салсам,
Нашарларды оқытып, алғыс алсам;
«Жақсы» деген атағым жұртқа шығар,
Жиһан кезсем, кəрілікте қажыға барсам.
Жоқ, байымас бұл күнде адал еңбек:
Біреу байыса, біреулер кедейленбек.
Кімде-кім тез байыса қолына ағып,
Кім кедей болса, соның малы келмек.
Несі бақыт: алдап ап, тартып алып,
Өз малын қайта өзіне қайтып бермек.
Көз жасы, бейшараның маңдай тері,
Жиылып, байытпай-ақ қойсын мені.
Мал біте ме адамды малдай қылмай,
Малдан басқа көрмейтін дəнеңені.
Бейне бір жаралғандай мал жимаққа,
Адалдықтан, ардан без, дамыл таппа.
Мал сен үшін жаралмай, сен мал үшін,
Жасағандай өмір сүр, осы бақ па?
Құл болмаған бай бар ма осы күнде?
Малды жиып, мақсатын ұмытпаққа.
Өгіздей ең маяда шөпке тойып,
Тамақ көп деп қайғының бəрін жойып.
Артық жеп, артық семіріп, бақыт сол деп,
Жүрейін бе басқа ойдың бəрін қойып?
Несі қызық байлықтың, несі бақыт?!
Байлықпен алмаған соң бақыт сатып.
Бақыт тауып беретін істі қумай,
Неге мен өткізейін оған уақыт?
Өйткені мен қалмаспын аштан өліп,
Суыр да жүр ін қазып, күнін көріп.
Қарын тоққа қанағат қыла-тұғын,
Мен емес, тəнім тірі, жаным өлік.
Ірі мақсат болмаса, ұсақ іске,
Неге мен алданайын уақыт бөліп.
Мұны ойлап, байлық жақтан көңілім безді,
Онан бақыт таппасын жүрек сезді.
«Əкімшілік бақыт» деп жұрт айтады,
Осы қалай екен деп ойым кезді.
***
Адам тобын еркіме жүргізуге,
Бəріне өкімдігім білгізуге.
Мен өзіңдей сүйгізіп бəріне де
Бір мен үшін жылатып, күлгізуге.
Мақсаты бір-біріне қайшы топты –
Бауыр ғып, тату өмір сүргізуге.
Зорлаусыз əр ойдағы сонша жанға,
Не бұйрық қылсам соны сүйгізуге.
Бүйтуге əкім болсам келе ме əлім?
Ешбір əл бүйте алмасы көптен мəлім:
Басқадан өзін артық сүймей-тұғын,
Еш біреу жоқ, байқасам жанның бəрін.
Əрбір жан дүниеге өзін кіндік,
Қылмақшы, табылар ма мүнан бірлік?
Үміт ету ақымақтық менің үшін,
Еркін құрбан қылар деп, бəрі бірігіп,
Əркімнің өз аузына қолы жақын,
Бар законнен өзіне еркі мақұл,
Бəрінің де келеді «Мен» болғысы,
«Оны күшпен жеңем» деу бола ма ақыл?
«Күн көзіндей баршаға бұл ортақ жан –
Пайда алу керек мұның ақылынан:
Ел пайдасын табуға өзгемізден
Артығырақ ақылы, зейіні бар», –
Деп билеткен ел бар ма кемеңгерге?
Түрме бар, дар ағаш бар ондай ерге,
Өмірдің бұл түрінде ешбір əкім,
Мүмкін емес əділдік қылуға елге.
Себебі: тастап əкім бола алмайды,
Байлар мен молдалардың сөзін жерге.
Күшті таптың ыңғайын қылмасқа жоқ.
Мүбəда əкім болсам егер мен де.
Бір сағат та қыла ма мені əкім,
Болыса бастасам мен күші кемге?
Əкім деген – күштіге шоқпар деген.
Зорлығын істегенде күшсіздерге…
Байлардың көңілін тауып, басты пұл ғып
Дінге, əдетке, басымды иіп, шұлғып.
Бір-екі тасы болған надандардың,
Түкке тұрмас қыртылын тыңдап, мүлгіп..
Бұлай болса əкімдік билеу болмай, -
Азат басты беру ғой қолдан құл ғып.
Кімде түйме көп болса тілін алып,
Оларға пальто əперіп, галош салып,
Ісің түзу болса да ол шытынса,
Кешу сұрап, алдына шұлғып барып.
Не айтса да «таптыңыз, құп, тақсырлап»,
Біліміне тұрғансып, мейірің қанып,
Кекесе, сөксе-дағы саңырау болып,
Ішіңнен тұрсаң-дағы ызаланып.
Өз көңіліңнің қалауын бір қыла алмай,
Закон не айтады деп тұра қалып.
Əкім болсам осындай қорлықтардың,
Басыма келетіні айдан анық.
Мұны ойлап, əкімдіктен көңілім суып,
Өмірде болман дедім оған жуық.
«Кетсем енді қайтеді, деп ойладым, –
«Даңқ, атақ ала-тұғын істі қуып».
Атымды дүние таныр, шежіре ұмытпас,
Атақты істер қалса менен туып».
Алдымда сансыз əскер басын иіп,
Көкпеңбек қару асынып, темір киіп.
Көркімен көз тартатын талай шаһар,
Бір əмір беруіммен болса күйік.
Қолда ту, аста тұлпар, үстім шенді,
Тұрмайды омырауыма медаль сыйып.
Солайша Шыңғыс хан мен Бонапарттай,
Атағым жұрт көзінде болса биік.
Қанды көзім болсын-ақ қанға тоймас,
Болса егер тоймастықпен басын жоймас.
Бұл іспен бүгін менің жолым болса,
Күні ертең басым жолда қалмай қоймас!
Мұндай бақыт баянсыз, көшпеске жоқ,
Бұл істен бақытсыздық өспеске жоқ.
Найзаның күшіменен жанған бақыт,
Бір кезде найза ұшында өшпеске жоқ.
Көп күндер көпті істейді, көпті істемек.
Адамзаттың ақылы күнде үстемек.
Ақылдың өскен сайын айтатыны:
«Жоқ құлдық, жоқ төрелік, жоқ күштемек».
Тағы да көпті істеуге күндер өтпек,
Папа мен ферғауыннан қадір кетпек.
Өзі үшін тап өзінен басқа Құдай,
Жоғына əр адамның көзі жетпек.
Кешегі ізін сүйген Николайды,
Бүгін бəрі жиылып басқа теппек.
Кеше бəрі түнеген əулиенің,
Бүгін кеп төбесіне дəрет етпек.
Вильгельм кеше айтты деп отқа түссе,
Бүгін оны қуалап, тентіретпек.
Ертең биттей сықпай ма халық мені,
Қышытсам бүгін сорып қанын ептеп.
Кім қарсы тұра алады бұл ағынға?
Өмір түрі барады солай беттеп…
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
17 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain