Kitabı oku: «Адасқан өмір», sayfa 6
Yazı tipi:
Жылайтын: көз болғанда айырылатын.
Газет пен журналдарда жайым толып,
Бірі күн, бірі атымды ай қылатын.
Өлген, туған жылымды мейрам қылып,
Атымды əр құрметке бай қылатын.
Таппадым өзім үшін жасап пайда,
Əсіресе, ұлғайған кəрілік жайда,
Бір кезде идеямды құрбан қылған,
Сұлу жар һəм жинаған байлық қайда?
Сұлулығы сүйгендік бəрі кетті,
Кетірмеске таппадым ешбір айла.
Бұл күнгеше тамағым аш болған жоқ,
Байлықтың қылған сыйы осы-ақ байға.
Мен тойып күнде болам тамаққа ыдыс,
Ұйықтаймын, осыным ба жақсы жұмыс?
Қанша ішсек те күн сайын кері кетемін,
Біржолата сөнгелі отыр дыбыс.
Арды сатып, тірнектеп жинағанда,
Жер жұтсын, байлық берген бұл болса ырыс.
Қалды менің күнəмнан бала туып,
Бұл күнəмді алармын немен жуып?
Олар да бақ таба алмас бейшаралар,
Мен секілді өз нəпсің кетсе қуып.
Туғаны – мынау тұрмыс, əкесі – мен,
Қалайша оларға бақ болсын жуық?
Мен секілді əкесін о да қарғар,
Тудырды деп, дүниеден көңілі суып.
Боламын-ау дүниеге келмегендей,
Аһ, дүние: қызық бар ма өлмегендей?!
Мен тоқсанда өкінем өлгеніме.
Бір күн өмір, бір қызық көрмегендей.
Бұл зорлық, көрмес едім, көнбес едім,
Егер де, амал болса көнбегендей.
Тым болмаса, қалмады-ау ешбір ісім,
Мені айтып, жұрт сағынып, шөлдегендей.
V
Мен өлік
Мен өлік, мен суық тəн, менде жан жоқ,
Жүрегімде өмір жоқ, ыстық қан жоқ.
Үміт жоқ, жек көру жоқ, махаббат жоқ,
Сезім жоқ, кірпігімді қозғар хал жоқ.
Бетім түрі қараңғы, тіс сақиып,
Көзімнен жарық сөнген, тұр ақиып,
Жылылыққа таралып шіри бастап,
Суық болса сіресіп, бой қақиып.
Мені апарып, жер бол деп, жерге қойды,
Жалғызбын, жарығы жоқ, көрге қойды.
Мен жоқпын, мен деген бір саңырау көр,
Мінеки су топырақ басты бойды.
Сонда жатып аздан соң мен топырақ,
Топырақта жоқ сезім, тіл мен құлақ,
Бір дыбыс ала алмассың өмір бойы,
Қасымда отырсаң да жауап сұрап.
Бəрібір қалған дүние не болса да
Мəңгілік сезбестікті қылдым тұрақ.
Ұмытылдым, жұрт та сезбес жоқтығымды,
Тудым, өлдім, жоғалдым, сөнді шырақ.
Бар болды деп сүйсініп, жоқ болды деп,
Ғаламның күйзелген жоқ міні құрап.
Законы дүниенің билегенде,
Заман өтіп, əр түрге сүйрегенде,
Жер суып, жердің үсті мұзға айналып,
Күн сеніп, жерге жарық тимегенде,
Мен не түрде жүремін, жауап берші,
Жер тозып, быт-шыт болып күйрегенде?
Не болар топырағы жүрегімнің –
Тірліктегі ұясы тілегімнің?
Не болар бəрін көрген көз топырағым,
Топырағы миымның, білегімнің.
Тозған жердің атомы күлдей ұшып,
Жүргенде əлдеқайда барып түсіп,
Жаралатын жаңа жер, жаңа күнде,
Жан бітер ме мақұлық боп, тамақ ішіп.
Əлде болар сондағы балыққа тəн?
Шыбынға аяқ, немесе, бақаға сан?
Не малға, не бір шөпке дене болып,
Не шаң боп ұшады ма кіре алмай жан?
Не діндердің айтқаны рас болып,
Хор қыздары жүре ме жанға толып?
Қартаймайтын, өлмейтін өмір туып,
Шат қылар ма кетпестік бақыт қонып?
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
17 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain