Kitabı oku: «БАЙ МЕН ЖАРЛЫ БАЛАСЫ», sayfa 4
Бiраз жүрген соң-ақ күн кеш болды және бiраздан соң ымырт жабылып, жол көрiнбедi. Түн болған соң, балалар екеуi де қорқайын дедi. Сөйтсе де Үсен сыр бiлдiрмей ендi жүрсек адасармыз деп тоқтады, тезек терiп от жақты. Бiраз отырған соң Асан күндiз көп жүрiп шаршаған бала, ұйықтап қалды. Үсен ойлады: әкем айтушы едi: «елдi жердiң ұрысы, далалы жердiң бөрiсi болады» деп, ұйықтамай отқа күндiзгi алған балығын пiсiрiп, ермек етiп отыра бердi; есiтуi бар едi: от жағып отырса, қасқыр келмейдi-мiс деп. Қарап отырса, бiр мезгiлде бiр топ киiк келдi. Олар анадайдан одырайып қарап тұрып-тұрып, өз-өзiнен үркiп жөнелдi. Бiраздан соң құлын, тайы бар бiр үйiр құлан келдi; айғыры алдында басын тiкшитiп, құйрығын шаншып, осқырынып, өзгелерi таңданып қарап тұрды-тұрды да, олар да ша-уып жөнелдi. Бiр мезгiлде жақын жерде қасқыр ұлыды; алысырақта өгiз-шағала адамша шыңғырып, бiресе жылаған балаша, бiресе қарқылдап күлген адамша, әр түрлi дауысқа салды. Үсен түйсiнiңкiреп, бойы мұздап, қолына манағы қармақтың таяғын қысыңқырап ұстап және отыра бердi. Сөйтiп, әр жануарларды көрiп және оттың жарығына жиылған құрт-құмырсқа, көбелектердi қарап, бұл көбелек, қоңыздар неге көрiне өлiм iздеп отқа түсе бередi екен деп, әр түрлi ойларға қалып, сүйенiп жатып, таңды атырды. Күншығыста таң әуел алтынмен бояғандай қызарып, жан-жаққа жайыла-жайыла барып, ақыры қызылы тарап ағара бастағанда, Үсен Асанды да оята бастады: «Жүрер уақыт болды», – деп. Асан далада екенiн ұмытып, үйдегi қалыбынша, жуық арада оянбай ыңырсыса да, Үсен қоймай оятып алып, қасына ертiп жолға шығысты.