Kitabı oku: «Құлагер», sayfa 5
Yazı tipi:
Жоғалды жұрт көзінен келе жатқан ат.
Өзектен үздік-түйдек үш ат шықты,
Алдыңда қылт еткендей болды бір ат.
Елде жоқ осы кезде ұшар қанат,
Қайтсін-ау қазақ көңіл құмарланат;
Ақанның не болғанын білгеміз жоқ,
Алдыңғы ат баранданбай, қылаңданат…
Жұрт көрді: ат үшеу-ақ, бірі қалды;
«Баран жоқ бағанағы!» – деп шулады.
Тырмысқан төске таман үш желді аяқ.
Дегенше əні-міне келіп қалды.
Көктұйғын келе жатқан екен алды,
Жануар, қанат қағып өрге салды;
Талассыз керешіден кемел өтіп,
Қайқайып қарақшыға кете барды.
Алтайдың қосқан аты асып аруақ,
Көк аты Батыраштың келді заулап.
Дауысы баласының азар шығып,
Шырылдап өте шықты «Бегайдарлап»!
Аяғы бұраң қағып, бота маймақ,
Айтпақтың күреңі өтті: «Төлебайлап».
«Шормаңдап» көр, шораяқ бурыл өтті.
Лап ұрып, қозып кетті, жұрт айқайлап.
Ел шіркін бұл аттарды қанша күтті,
Ат қайтты алып бар қызық, бар үмітті…
Жүгірді аттарына қаптап жаяу,
Енді ұстау осыларды қылмыс тіпті…
Ұрандап мың үш жүзден үшеу өтті,
Қара жоқ өзгесінен, қайда кетті?
Аспан шу, жердің бетін шаңыт борап,
Біреуді біреу тіпті білмей кетті.
Қысылған бағанадан қысталаң боп,
Тəртібін ояздың ел ұстаған жоқ.
Алуға атын əркім жолдан іздеп,
Жарысып ат алдынан ұшпаған жоқ.
Тек Құла астың алдын шайқаған жоқ,
Бəйге алып, жиын жарып, жайқаған жоқ.
Айырылып Ақаннан да қалдық, міне,
Кеткенін қалай қарай байқағам жоқ.
Жалғыз қазық
Біз енді айналмаймыз астағы елге,
Аты көп, əңгір қағып жүргендерге.
Би Оқас, кəрі оязға түкіреміз,
Жатқанда сері түсіп сергелдеңге.
Шапқан ел жетті қаптап Қусақ көлге,
Əлгі өзек, ат көрінбей кеткен жерге;
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болып,
Айталық не болғанын Құлагерге.
Ызғытып ат келатты көл айнала,
Ат күткен көмбедегі көрді қара.
Жібермей Құлагерді тізгін тежеп,
Кезеңнен ойысқанша келді бала.
Сырдесте Сері атына шапқан бала,
Бəйгені шапқан сайын қаққан бала.
Құланың құлағында ойнап өскен,
Серіге сенімді боп жаққан бала.
Шаң қауып, желді жұтып, шөліркеген,
Қаңсытып, құрғап таңдай, күн де жеген;
Қалжырап келе жатты үні бітіп,
Ат қағып, шөл мендетіп, шабу жеңген.
Көргенде көп кісіні Ерейменнен,
Орғытып айналғанда Қусақ көлден:
Қалықгап қобылардан құстай ұшып,
Асқанда бұлдырықтай безіп белден.
Құлагер жеткізсін бе жекпе-жекке,
Келеді басын тартып, қорқып текке.
Көк атты қағып, соғып омыраумен,
Ағындап келіп түсті Көкөзекке.
Қара жоқ, мыңдаған ат қалды артта,
Өзге аттар əлдеқайда бұл мезетте;
Құланың басын қоя бермек еді,
Кезікті бір тосқауыл осы өзекте.
Қусақтың осы қылта мойныңда,
Аттардың шауып өтер жолы мұнда;
Кек кернеп, жасырынып тұрды біреу,
Бір жаман осы өзекте ой қылуға.
Айбалта ырғай сапты қойнында,
Сол еді мылтығы да, сойылы да.
Алтайдың ақылынан ашуы көп,
Арғынның ес болмайды дойырында.
Ақ мылтық – ұшқыр боз ат бар астында,
Жау тұрды жасырынып жар астында.
Жол үсті тасқа біткен қарағанның
Əлгі тұр атты күтіп дəл астында.
Мінгені боз, кигені қара үстінде,
Құлагер тізгіндеген бала үстінде.
Мылтықтың ауызына ұшқан құстай,
Ағызып жетті жаудың дəл үстіне.
Көрінді ат, келе жатыр Көк ат алда,
Қамшылап шырылдайды бала зорға.
Төбелеп басқа, көзге Тұйғын келед,
Шайқалып, шарқ аяқтап, түсті жарға.
Сияқты Көкті соғып, Құла аларға,
Тосқауыл мұны көрген тұра алар ма?
Көмбеге көрінім жер қалған кезде,
Құла алса, қорлық қатты мұнан бар ма?
Кетіпті тер шүмектеп Көкті жауып,
Құлагер кұйысқандас, қылды хауіп.
Терлемей қабағы да Құлагердің,
Келеді іркіп бала, еркін шауып.
Көк атты омыраулайды Құла қуып,
Жендетті ыза ап кетті, ашу буып.
Қанталап екі көзі көрмей кетті,
Қан мұздап сала берді, бойы суып.
Осы өзек – Ақан айтқан мөлшерлі өзек,
Кел деген осы араға тізгін тежеп.
Қайқайып осы өзектен өткеннен соң,
Ұрандап қоя бермек бала безеп.
Қамшылап екі жаққа алма-кезек,
Баласы Көктұйғынның қақты безек.
Көк атты осы арада артқа тастап,
Жөнелер Құлагерге осы кез ед.
Нəн, жуан, менмен кеуде, намыс ері,
Суық қол Батыраштың жібергені.
Жалт етті жайдың оты жүрегінен,
Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.
Жаудырды көңіліне аспан селді,
Көк дауыл соқты шайқап Қусақ көлді.
Мергеннің бір маралға көзі түсіп,
Секірген бір киікті қасқыр көрді.
Басынан Ерейменнің соқты боран,
Түйілді қара бұлттай қара қыран.
От болып екі көзі көрмей кетті,
Жауды сел – қар ма, қан ба қабағынан.
Қылуға қауіп-қатер бала мұнан,
Аман ғой ақ көңілдің арамынан.
Бөріні бөрік астынан білмей қалды,
Ойнақтап өте берді жау алдынан.
Суық қол, оқтан ұшқыр, тастан қатты,
Ол өткір Аспаһанның көк болаты.
Қызғаншақ, қиқар кесел, ұрыншақ, өр,
Қаскүнем, қара көңіл жаман таты.
Тұрғаны тығырықтау жердің шаты,
Ақ мылтық – астындағы ақбоз аты.
Ұрымтал жерден оқтай ұмтылғанда,
Бала да білмей қалып, болды қапы.
– А, құдай-ай!, бере көр! – деп ұмтылды,
Ұйытқып кеп соқты өкпеден жел сықылды.
Қыспақ жол, Жыландының жырасында
Қақтығып бір-біріне ат тығылды.
Caп етіп бердеңкедей кеп ұрынды,
Бере бар, балам, бері шылбырыңды!
Жанасып Құлагерге қалғанында,
Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды…
Шапшып қан шекесінен шыр айналды,
Сылқ етіп Құлагер ат құлап қалды.
Білген жоқ не болғанын, ес қалған жоқ,
Тек бала жерге доптай домаланды.
Құлагер шапшытқанда көкке қанды,
Тек бала шыр-шыр етіп аттан салды.
Жоқ болды ақбоз атты, қара киім,
Тұйғынкөк шыға шауып кете барды.
«Бай-бай, Құлагерім!..»
Қорқырап Құлагер ат жатыр құлап,
Шүмектеп шекесінен қан бұрқырап.
Шіреніп төрт аяқты, танау қағып,
Ыңқылдап өліп барад ат қорқырап.
«Аттандап» өткен жанға қолын былғап,
Баласы Құлагердің жүр шырқырап.
Қалың шаң қаптай шапқан қара-құрық,
Балаға бұрылмайды ешкім бірақ.
Десеңдер қайда Ақандай қыран құсты,
Ол тастап аста тұрған жиылысты;
Болғанын бір сұмдықтың іші сезіп,
Қылаң ат қылт еткенде-ақ бермен ұшты.
Көргенде ол манадай сұмдық істі,
Үстіне Құлагердің құлап түсті.
Білмеді не болғанын, айырылды естен,
Аймалап Құлагердің басын құшты.
Келер деп үміт қылып алдыменен,
Аты бұл алып келген алыс жерден.
Жат елде жалғыз өзі, сүйген аты,
Серінің санасалық халіменен…
Құлагер қорқырайды қаныменен,
Ақан да шырқырайды жаныменен…
Егіліп, төгіледі Ақан сері,
Зарлаған Кұлагердің əніменен:
«Не болды-ай, бай-бай саған, Құлагерім?!
Суалдың, сорлы иеңнің бұлағы едің…
Тірегі көңілімнің бəйтерегім,
Бұл жерге қалайынша құлап едің?!
Бай-бай-ай,
Бай-бай-ай-ай,
Бай-бай-ай-ай,
Ба-а-й-ай,
Бай-ай-ай…
Бай-бай-а-й,
Бай-бай-а-й,
Құлагерім…
Шыныңмен кеткенің бе, Құлагерім!
Қасымда қасынысып тұрар едің.
Баспа-бас қызға бермес жануарым!
Басылар өлгенімше қайтып шерің?!
Кұлагер, айналайын, арғымағым!
Осы еді өлмегенге шабар шағың.
Құтсыз көл, Жыландының жарысында
Құшақтап қанды басың зар жыладым.
Құлагер, жаз жайладым, қыс жайладым,
Артына қызды ауылдың көп байладым.
Жеріңе қамшы тимес, пышақ тиіп,
Құшақтап қу басыңды ойбайладым…
Құлагер, айналайын жүлде алғаным,
Басындай Арқарлының күн шалғаным!
Барғанда ақыретке пырағым бол,
Қызығын көре алмадың бұл жалғанның.
Құлагер, құлыныңнан маған біттің,
Төрт бөліп түн ұйқымды баптап күттім;
Жылқыны қыл құйрықты елде көргір!
Қандай жан шекесінен қағып өттің?
Құлагер, қолда өсірген құлыным-ай!
Ішінде омыртқамның жұлыным-ай!
Жын ба екен, сайтан ба екен қаза болғыр,
Қанды қол қастықпенен ұруын-ай!
Құлагер, құлыныңнан керім едің,
Нағашым, сұрағанда беріп едің.
Аттарды Ерейменнен айдағанда
Оқты көз, у құйылғыр, көріп едің»
Осылай Ақан зарлап жылап жатты,
Қайтсін ол, жыламасқа, жанға батты.
Күйінді ол, күңіреніп Құлагерге,
Айырылды ол, аттан – жақсы, достан – тəтті.
Аспанда күн күйігіп, күйді қатты,
Өкіріп жел мен жер де жылап жатты.
Ереймен бұлақтары көлге жылап,
Серіге көл күрсініп көңіл айтты.
Жарлының жалғызы өлсе жанын ұрар,
Дəл сондай жақсы атына Ақан жылар.
Жел жылап, көл күрсініп жатқаны не,
Таудағы «Ой, бауырымдар» неге сулар?
Ой мен қыр, орман-тоғай неге шулар?
Аң мен құс күйініп жүр, не үшін бұлар?
Арқаның аяулы аты өлгенін
Аспан, жер аза тартып тұрған шығар!
Жалпылдап жапырағымен сергелдеңде
Селкілдеп қайыңдар да тұрды желде.
Егіліп қара тастар қайыршақ боп,
Жылаған бұлақтармен кетті көлге.
He берсін жат жалғызға, аз кедейге,
Тіксе де оларға емес, асқа бəйге;
Жұмсарды Құлагер мен Ақанды аяп,
Дұшпанның бауырынан тас та кейде.
Қояндар қайғырысты кеуегінде,
Көбелек күйіп ұшты бірден-бірге.
Қуанды түлкі, қарсақ, қырда қасқыр,
Жылқы жоқ соғатын деп бұдан өңге.
Жолыққан аяулы атқа, ардақты ерге
Неткен жан шыдай алар мұндай шерге.
Қашаннан қаяу көңіл сері Ақанға,
Қайғырған сияқтанды көк пен жер де.
Деген сөз – əшейін сөз – жан жылады
Аяса адам неге қан қылады?
Осыған жылау түгіл, қуанған бар,
Көретін оңай олжа өлген малды.
Қарғалар қарқылдасып хабар салды,
Күшіген қызыл көрген аспанды алды.
«Білмеген ер қайғысын, сұмырай!» деп,
Қаршыға қуып жүрді сауысқанды.
Жүйріктің жосылғанда қызыл қаны,
Жүрегі жер мен көктің тызылдады.
Қуанып қан көргенге қара шыбын,
Асындай Сағынайдың быжылдады.
Күңірентіп дауысымен көк пен жерді,
Емірентіп, жылауымен Ерейменді;
Еңіретіп ыңқылымен Арқа желін,
Толқытып көз жасынан Қусақ көлді.
Қандатып қарсы алдында Құлагерді,
Қоймастан Ақан атқа жылай берді…
Жыласын, сөйлеп қалсын соңғы сөзін,
Қылалық біз əңгіме былайғы елді.
Батыраш
Аттары келіп болып астағы елдің,
У-шуы басылды əбден Ерейменнің.
Төгілді ас Жыландының жырасына,
«Ақанның атыпты, – деп, – Құлагерін!»
Жиылды жұрт басына Құлагердің
Тұлпардың топыр басты жатқан жерін.
Жат жаудың жаны ашымас, бауыры тас
Ішінде қуанбады жылап Серің.
Ақанға ешкім «қой!» деп, айта алмады,
Ер көңілін еңіреген қайтармады.
Жазықты сияқтанып жанның бəрі,
Жанына жақындауға бата алмады.
Дұшпаны тұрды ішінде, ұялмады,
Досы да бірге жылап, қия алмады;
Үстіне жұрт жиылып тұрғанында,
Күңіренген дауысын Ақан тыя алмады:
«Құлагер, Ақаныңды қайғы басты,
Қайғысы барған сайын арылмас-ты.
Сан жүйрік, сан тұлпарды мінсем-дағы,
Құлагер енді маған табылмас-ты.
Бай-бай-бай…
Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар,
Соғып ем семізінде сегіз арқар.
Серігім, жанымдағы жақсы көрген,
Күйігің, қайран атым, қайтсем тарқар!
Құлагер, атаң тұлпар, анаң сұңқар,
Соғып ем семізінде сегіз арқар.
Сен едің жан атым да, қанатым да,
Табылмас енді маған сендей тұлпар!
Құлагер, жас күніңнен тайым едің,
Солқылдақ тауға біткен қайың едің.
Бəйгеге Құлагерді қосқанымда,
Бір тайпы ел бəйгесіне байып едің!
Құлагер, жас күніңнен құнаным-ай,
Сүйегін, етің таза бұланым-ай,
Қасыңнан бөлек жерге жатпаушы едім,
Айырылып Ақан сенен, қуардым-ай!
Əкесі Құлагердің жастан соқыр,
Бай-байлап басыңды ұстап Ақан отыр.
Қуанған Құлагердің өлгеніне
Молдасы сауысқанның құран оқыр!
Қарағым, шабушы едің, Құлагерім!
Салбырап саптыаяқтай төменгі ернің;
Атығай, Қарауылға бəйге əперген,
Айрылдым сенен неғып, ардагерім!?
Құлагер, бəйге шапсаң бала мінген,
Астына ат көрпесін сала мінген.
Асына Ақылбайдың қосқанымда,
Алып ем бəйгесіне қаймалы інген.
Құлагер, шапсаң бауырың жазылатын,
Жерошақ тұяғыңмен қазылатын,
Құшақтап қу далада қалдым жылап,
Жазым боп жау қолынан жалғыз атым!
Құлагер, қуанышпен қосып едім,
Алдыңнан үмітпенен тосып едім,
Жиылып Арғын, Найман қарағанда,
Тіл мен көз тиер ме деп, шошып едім…
Құлагер, қуанышпен қосып тұрдым,
Қоссам да хауіптеніп шошып тұрдым;
Қылмаған көзден таса, Құлагер-ай!
Қайтермін, бір қарақты тосып ұрдың…
Құлагер, құлынынан досым еді,
Баспанам – тауға біткен қосым еді.
Қаңдай cop Ерейменге айдап келген
Қазаңның жеткен жері осы ма еді?!
Қыстауым Сырымбеттің жел бетінде,
Мың қарғыс, сені өлтірген жендетіңе!
«Алыс жер, апарма!» – деп қақсап еді,
Қарармын енді қалай ел бетіне…»
Ac елі, арыс ұлы «қой-қойлады»,
Қойсын ба Ақан оңай, ойбайлады…
Жылатып жиын жұрттың қақ жартысын,
Зарыңда Құлагердің бай-байлады.
Жатқанда отқа күйіп Ақан жаны,
Керек пе Құлагердің не болғаны?
Ұрған кім Құлагерді, ұры қайда?
Өлер ат өлді, ұрыдан не шығады?
Ақанды қандай адам қойдырады?
Бала да көзі іскенше көп жылады.
Сол жерде жиылған жұрт анталасып,
Тексеріп төрт баладан сөз сұрады.
Түрілді, анталап жұрт, ел құлағы,
Ортаға төрт баланы алды-дағы.
Ішінде сол топырдың дұшпан да бар,
Деп тұрған:»Ат жығылып өлді-дағы!»
Құлагер құлаған жоқ, жау қас қылмай,
Ұрған жау тұрған шығар албастыдай.
Қанды қол жасырынып жүрген шығар,
Қорадан қойды жарған көр қасқырдай.
Қарлықты Ақан даусы жылай-жылай,
Түптеді, топырлап жұрт сұрай-сұрай.
Балалар өз көргенін айтып шықты,
Халық ашты қанды қолды күмəн қылмай.
Тек бала ат, киімін танып қалды,
Жұрт оны ойға жорып анықтады.
Ақбоз ат, қара киім, Көктұйғын ат…
Барша жан Батыраштан хауіптенді.
Болды деп Батыраштан жұрт ұйғарды,
Берместен Көкке бəйге, көпке салды.
«Ұрыңды ұстап тұрған алып кел!» – деп,
Бопсалап, Батыраштар шыла танды.
Батыраш селкілдетті көк сақалды:
«Бір жылқы жығылды да, өлді ажалды,
Осыған ұры бізді қыласың!» деп
Күн айтып, Керейлерге зіркіл салды.
Қарғады мұны халық, азарлады,
Əркім-ақ тұс-тұсынан бажаңдады:
«Кесілсін ердің құны Құлагерге!..»
«Тартатын тоғыз айып сазаң бар-ды!»
Осындай сөздермен ел киіп кетті,
Қалың жұрт қадала айтып көрін төкті.
Қазақтың елі-жұрты күңіреніп,
Үстіне қанды қолдың бұлттай шөкті.
Жұрт мұнда тыңдаған жоқ биді, бекті.
Теңіз көп тасығандай толқып кетті.
Ақырып тұс-тұсынан долданды жұрт,
Ызалы басу қиын болды көпті.
Қылмысқа, қиянатқа мұндай айқын
Күңіренді ел Ақаныңды танымайтын.
He шалдар шіміркеніп селкіл қақты,
Жігіттің даусы шықты жарқын-жарқын.
Ашу кек, күңкіл басты елдің артын,
Ел шулап, қыр күйініп, қарғап қатын.
Тітіреп жұрттың жаны күйіп кетті,
Атқызып отыра алмай аяулы атын.
Арғынның Алтайынан болса-дағы,
Жауызды ел қорғамады, қоршамады.
«Құран соқ, Құлагерді ұрмағанға!» –
Деп халық Батырашты қоршалады.
Шаң болды Қусақ көлдің көк жайдағы,
Шу болды Жыландының боз ойнағы.
«Қорлады сүйегімді»! – деп сіресті,
«Асымды бүлдірдің!» – деп Керей жағы.
Күйінді бұл қорлыққа Керей жағы,
Кіжінді Керейдің де кедей жағы.
Ашынды ашу қысып азаматтар,
Күңіренді Ерейменде ел аймағы.
«Ақанды білмесек те, халық бармыз,
Қайтуға ол ырзалықпен ынтызармыз.
Шапқанда бізді келіп мұның елі,
Біз сонда бұл қылмысқа не қылармыз?
Жылатқан жолаушыны жүрген жалғыз,
Біз қазақ бұл қорлыққа шыдамаймыз».
Ұрыға азу басып іздеді жұрт:
«Қолға бер, Құлагердей қызылдаймыз!»…
Үлкен шу, бітпес жанжал болды бұл іс,
Демей тұр Батырашты қазақ дұрыс.
Күңірентіп кең даланы кешті кеңес,
Болмады сөз байланып қырда тыныш.
Кеулесіп Керей, Арғын – сеңдей сүріс,
Бір дауға айналып тұр үлкен ұрыс.
Алмады Алтай жағы мойынына,
Айғақсыз əлсіреп тұр айқын қылмыс.
Болмайтын Батыраш бір көк айыл шал,
Оның да жігітіне жер қайысар.
Тентек, өр, тұқымынан теріс азу,
Алтайда адам пішінді аю шығар.
Жатқанда Ақан атқа күңіреніп зар,
Бұқара шулағанда болып ұлар;
Оқастың оязбенен қасынан кеп,
Тепсіңді тұрған көпке Батыраш шал:
«Е, Керей! Азған Арғын, Уақ, Найман!
Сендерде ненің буы қоқырайған?
Өлді деп Қарауылдың бір жылқысы,
Ұрыны қанды мойын таптың қайдан?
Аулақ тарт, аттың басын Алтайымнан,
Келмейтін Керей-серей бақайымнан.
Жала қып, барымтаға бəйгемді ұстап,
Жеріңді көріп тұрмын бата айырған!
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
50 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain