Kitabı oku: «Күйші», sayfa 4

Yazı tipi:

VII

 
Жалындап Алатаудың күні батты,
Босатып күн таласқан жіберді атты.
Отаудың оты маздап жағылғанда
Ханыша «Домбыраны тарт!» деп айтты.
Қарашаш тыңдап отыр күйді тәтті,
Етіне түскен күйші аңыратты.
Қыз жанын бір суытып, бір ысытып,
Ышқынтып, ішекпенен ішін тартты.
Домбыра лапылдатты, жалындатты,
Жалынып қызға жылап, монтаң қақты.
Ауырып ауыр оймен тыңдай-тыңдай,
Ауғанда түн ортасы қыз да жатты.
Ақ отау ай туғандай айдалада,
Жап-жарық отау іші, ай самала.
Ұйқы жоқ ханышада, күйші де ояу…
Күй тыңдап жатқан жанда жай бола ма?
Жердегі отау көктегі ай бола ма?
Күйден бас көп тыңдаса айнала ма?
Оңаша отаудағы қыз, жігітте
Шертілген күйден бөлек ой бола ма?
Ойлатқан осыларды жалынды күй,
Бір тілді, бір белгілі сарынды күй.
Ермегі кыз, жігіттің екі ішекте,
Өлтірген өртей-ертей жанын бір күй.
Қиналып домбырада ыңыранған күй,
Бос шауып бет алдына ырғалған күй.
Құмартып, құмай болып, түлкі қуып,
Қызығып, қыз көзіне қырланған күй.
Жандырып қыз күйігі сырланған күй,
Тіл қатпай, үн қатумен ұрланған күй.
Сүйсем деп ақ тамақты алдындағы,
Албытып асықтықпан жынданған күй.
Алдынан ханышаның табылған күй,
Дауасыз дертке ұшырап ауырған күй.
Жұқтырып жүрегінің ауруын,
Өртіне қызды салып жандырған күй.
Жалындап жанын өртеп сарылған күй,
Қылқылдап қызға қатты жалынған күй.
Ерте-кеш маза көрмей, маза бермей,
Аһылап арманы да жарылған күй.
Қойса да, құлағында баяғы күй,
От болып өртенгендей мынау ақ үй,
Қырық аунап қыз жатады төсегінде
Жандырып, үһілетіп жаңағы күй.
Батпайды күйші байғұс уһілеуге,
Ол жатыр іші өртенген күйік кеуде.
Толғанып тоқсан ойда таң атырад,
Ұмтылып анда-санда әлденеге.
Сандалып лаққан көңіл сергелдеңде,
Қалады кейде оқталып «келдім…» деуге.
Сырғанап жамбасынан жетіп барып,
Қасында ханышаның «менмін…» деуге.
Ханыша айналғандай «бері кел» деуге,
Қояндай күйші дайын ербеңдеуге.
Сарылып сары таңда осы әуремен
Тентіреп күйші көнді көлбеңдеуде.
«Асығым» ана жатқан ханышам ба екен?
Жақындап бер жағынан барсам ба екен?
Мейрімі мен дегенде мол емес пе,
Қосылып қызығына қансам ба екен?
Апырмай, тұрсам ба екен, барсам ба екен?
Өлімді өз мойныма-ақ алсам ба екен?
Болмаса өміріме шерін тартып,
Өртеніп күймен бірге жансам ба екен?..
Бір кезде қыз төсегі сылдыр етгі,
Жатқан қыз кірпік қақпай, қыбыр етгі.
Келді де қыз қасына бір көлеңке
Ақырын «Ханыша!..» деп сыбыр етті.
Аю қыз ашуланып бұрқ-сарқ етті,
Наркескен қыз қолында жарқ-жұрқ етті.
Кім өліп, кім қалғаны мағлұм емес,
Әйтеуір үй есігі сарт-сұрт етті…
Бұрқырап ашық аспан кетгі қайнап,
Найзағай шатыр-шұтыр, нөсерді айдап,
Дауылдап жер сілкініп, тау күрсініп,
Боп кетті қап-қараңғы көзді байлап.
Сарбаздар сайлап мініп өңкей саңлак,
Зеңбірек күрс-күрс атқан, гу-гу сайғақ.
Күйшінің басы айналып кетті осылай,
Қалтырап, қалды сорлы тілін шайнап.
Ай құлап аспандағы соқгы жерді,
Отаудан дүр-дүр етіп тұрды пері.
Төсекте қыз киініп жатқанында
Айдаһар ысқырынған секілденді.
Сілкініп қаһарлы қыз түрегелді,
Шаңқ етіп, жатқан елді ду көтерді.
Күйшінің шыбыны ұшты, қалш-қалш етгі
Шығарып самайынан шып-шып терді.
Апырмау, әлде біреу, әлде мен бе?..
Алжастым… әлде менің көлеңкем бе?
Қасында ханышаның жалғыз мен-ақ ,
Барады кімнің аузы мен демеуге?
Кетгім-ау, мен ұшырап бір кеселге?
Бардым-ау, өзім анық білмесем де…
Аздырдың әзәзілдей сұм домбыра…
Қу басым, күйге сенбе! Күйге сенбе!
Қасына қалай бардым Қарашаштың?
Аяғым сынып қалғыр қалай бастың?
Өзімді оққа байлап, отына айдап,
Есуас, міне, адастың! Қақпан бастың…
Көрпесін ханышаның қалай аштым?
Сандалдым, ашсам аштым… Өзім маспын.
Әлде өңім, әлде түсім болар ма екен,
Қалайша айналғаны мынау бастың?..
Жындандым, ажал айдап жаннан кешіп,
Ақ сапы кетпес пе екен ішімді есіп!
Алдына хан Кененің алып келіп
Басымды алдаспанмен алар кесіп!..
Қорқақ ой бірден-бірге өсіп-өршіп,
Болдырған босаң атгай үсті тершіп,
Жоғалып жарық дүние, отыр күйші,
Қоштасып өз жанымен өзі көрісіп.
Қыран қыз шаңқылдады ашуы өрлеп,
«Қайдасың, қырылғырлар! Шапшаң кел!» деп,
Манаурап шырт ұйқыда жатқан ауыл,
У-шу боп оянысты… Кетгі кернеп.
Жиылып тұр отауда өңшең жендет,
Қайнап тұр Қарашаштың кегі кернеп.
Сыйғызып бір қауызға жанның бәрін
«Әлгіні тез қолыма ұстап бер!» деп.
– «Бармыз ба, дүниеде, жоғалдық па?
Бар болсақ, от басында омалдық па?
Қайдасың, хан Абылай аруағың,
Кетті ме мендей балаң құрбандыққа?
Тұрмаймын құса болып бұл қылыққа!
Итшілік, жігітшілік, тырқылыққа.
Сұлтанның сүйегіне лайық па,
Ханзада қалай шыдар бұл қорлыққа?
Абылайдың жасыды ма асыл қаны,
Осы ма хан ауылының шашылғаны?
Аруағын Абылайдың мұнша қорлап,
Қай қазақ қай заманда басынды әлі?
Ит иіскеп есігімнің ашылғаны:
Қарадан хан төмендеп басылғаны!
«Ауып жүр Кенесары» дегені ғой,
Жау алып жағамыздан басынғаны!
Талап қып ілемін деп ақсұңқарға
Ұмтылған екен, кәні, қашан қарға?
Тіміскіп ит, шошқалар із басуға,
Жолбарыс айналды ма нашарлауға?
Ер қайда? Аруақ қайда? Намыс қайда?
Жау шапты ауылыңды Алатауда!
Сүйретіп итгі алдымнан басын кеспей,
Құрғырлар, неге тұрсың, шаппай жауға!»
Дабырлап, жүгірісіп, жосып түнде,
Бүлінді хан ауылы осы түнде.
Қуырып бидайықтай жұртты иіріп,
Ханыша тұр ашудың әлі үстінде.
«Зәнталақ! Пері қаққан! Сен жүрсің бе!» —
Деп біреу тап-тап берді Сарыүйсінге.
Ақырып, о жендетін қыз тоқтатты:
Қолынды қоқаңдатпа! – деп, Күйшіме»
-Тауып бер өз қолыма жазалыны!
Таныдым – Әлімқұлдың шолжақ ұлы.
Қыл мойнын өз қолыммен қиып алам!
Бітеді сонда оның таза құны!
Тез келтір өз алдыма дозақыны,
Мен оған көрсетейін мазақыны!
Аруағын Абылайдың қорламасқа
Үлгі алсын, мұнан былай қазақ ұлы!
Қоймаймын көрге кірсе ондай кұлды!
Тап шапшаң, таң атырмай! – деп ақырды.
Қазақтың кәрі күні бұрынғы өткен,
Туғызған талай мұндай дарақыны!
Қалтырап иман айтып күйші тұрды,
Қысылып маңдайынан тер сыпырды.
Сапағы Әлімқұлдың деген кезде
«Үһ!» деп, күйші байғұс жан шақырды.
 

VIII

 
Таң көркем күзді күнгі қырдан атқан,
Тас емес қара қатқақ, құмдар қатқан.
Тәжім қып келіншектей шөптің басы,
Оранып ақ күміске қараулатқан.
Ауылы Кене ханның өре тұрған,
Өргізген бәрін қойдай қыз антұрған.
Ауылдың алдындағы бір төбеге
Жиылып жатыр адам ойдан, қырдан.
Бір дауыс осы таңда саңқылдаған,
Мысық боп бұл дауысты жан тыңдаған.
Иіріп бір шыбықпен жүр Қарашаш,
Астында ақбоз атпен жарқылдаған.
Сарбаздар саңлақ мінген, шоғырланған,
Жасақтар жалаң қаққан жауға арналған.
Семсерлі сері, талай найзагерлер,
Болатгар тас тілуге ожарланған.
Тізіліп сапқа тұрған сірі садақ,
Ақ сары алдаспандар жалақ-жалақ.
Сықылды Ержан, Науан ерлер де жүр,
Мұз балақ, қаңтардағы қырау қабақ.
Жиылды жасанған қол жауға анталап,
Күрілдеп көкжалдары көз қанталап.
Зеңбірек ырғақталып азар шөкті,
Аулына Әлімқұлдың аузы қарап.
Дүркіреп жанның бәрі жау дескендей,
Жау жетті ел шетіне, әу дескендей.
Тұяқган тасырлаған дабыл қағып,
Қара жер дүбір қақты, дөң көшкендей.
Үстінде ақбоз аттың зәр кешкендей,
Біреуге бүгін ажал бар дескендей.
Көлденең көп алдында тұр ханыша,
Алмас қыз, түсі суык, наркескендей.
Дауысы зеңбіректей жерді жарып,
Алмасты аспаһани қолына алып,
Ширығып, шыдамы жоқ тұр ханыша,
У жеген бурыл бері порымданып.
Жер тарпып жел саңлақтар, дүмбір қағып,
Оқыранып, кісінесе күмбір қағып:
«Ұрыны қанды мойын қолға бер!» – деп,
Дулатқа тұрғандары кісі салып.
Басынып, басып-жаншып хан аулына,
Сұқсын ба басын итше Сапақ мырза?
Дулаттың битгі балақ датқасына,
Деген кім хан аруағын бұлай былға?
Шапқындап шабар кетгі Әлімқұлға,
Алдында шабуылдың тіл қатуға.
Жауабын кешіктірмей берсін жылдам,
Жанжалды тыншыту ма, ұлғайту ма?
 

IX

 
– Уа, датқа, хан жіберді, үйдемісің?
Сөкпеңіз онша ерте жүрген үшін.
Теп-тегіс хан ауылы ат үстінде,
Бүлінді жаны сізден күйген үшін.
Ханыша күйініп тұр сіздер үшін,
Отауын бір текеңіз сүзген үшін.
Жиылды жасақ сізбен жауласуға,
Ел емес, жау деп күдер үзген үшін.
Сарбаздар саңлақ мінді жауға балап,
Түйілді сізге таман қырау қабақ.
Қорқау боп қонағыңыз шапқалы тұр,
Ыңыранды, сілкінді ту, тебіренді аруақ.
Сіресті сізге қарай сірі садақ,
Асыңды ақ алмастар алтын сағақ.
Тұр датқа, төбеге шық, тұрғанын көр
Аулыңа зеңбіректің аузы қарап.
Айтқаным – айт дегені міне сізге:
Сияқты көрінеді кінә сізде.
Түйілді ақиықтың тастүлегі,
Тапжылтпай түсетінін білесіз де.
Қайтерді енді өзіңіз түйесіз де,
Шабылып бекер босқа күйесіз бе?
Осынан ел шабысып кете барса,
Тимей ме талай таяқ күнә сізге?
Шыдап тұр сізді күтіп ханыша азар,
Көп енді кешіксеңіз уақыт озар.
Құрыстап жай түсуге күн айналды,
Айтқаным, мезгіл емес мұны созар.
Жіберді мені сізге бер деп хабар,
Сіздерге жай қалмады көлбек қағар.
He екенін ашуының көріп тұрсың,
Тезірек тіл бермесең, аулың шабар.
Әлімқұл састы қатты сабыр қалмай,
Оңай ма құлайтын құз Кене хандай?
Егерде тез уытын тарқатпаса,
Үйтіліп датқа аулының кетуі оңай.
Апырмау, бұл сұмдықтың мәні қалай?
Ханзада қамырықты неден олай?
– Ақсарбас айттым, алла, қақ пәледен!
Медет бер, мен сиындым, пірлер талай!
Әлде хан өкпелі ме ерулікке?
Көңілі не? Кеше күтпей жібердік пе?
Қақтығып біздің елдің бір баласы,
Аулына атпен барып жүргендік пе?
Ағаттық ісімізді білмедік пе?
Көңілін бір нәрседен кірледік пе?
Сықылды сиыр мінез жаман елміз,
Орданың бір жеріне сүйкендік пе?
Хан әлде бұл Дулатқа кекті ме екен?
Бір хабар жамандаған жетті ме екен?
Қатыннан, не баладан, не малшыдан
Білместік, бір оқыстық өтті ме екен?
Алды тар, ашуы ожар, екпін екен,
Жіберген жарлығы тым өткір екен.
Арқаның арыстаны Абылайдың
Аруағы үстімізге шөкті ме екен?
– Шабындар, жылдам, Үйсін, Дулатгы
Тез келсін пәлен датқа, түгенше би!
Ауылы жай түскендей Әлімқұлдың,
Басына дулаттардың түсті-ау бір күй…
Нән, ноян, жуан, жүйрік, сандақ ылғи
Жиналды Әлімқұлға датқа мен би.
Үйсіннің өңшең, құсы ұшып жетті —
Тау бүркіт, күшігендер, мықи, қырғи.
 
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+
Litres'teki yayın tarihi:
22 ocak 2017
Hacim:
38 s. 1 illüstrasyon
Telif hakkı:
Public Domain
İndirme biçimi:
epub, fb2, fb3, html, ios.epub, mobi, pdf, txt, zip

Bu kitabı okuyanlar şunları da okudu