Kitabı oku: «Жетісу суреттері», sayfa 2
Yazı tipi:
Тау суреті
Тарбиған Тарбағатай жердің құты,
Барлық – ол «қыдыр түнеп көшкен жұрты».
Оранған ақ көбенек аруақты Алтай,
Төгіліп бізге таман жатыр мұрты.
Ертеде сол асқардың сәулетіне,
Қиыспай қырғындасқан талай жұрты.
Ақшұнақ, Жабағылы, Мыңшұқыр, Таз,
Бұлардың бәрін тізген Жоңғар тұрпы.
Аршалы, Амантекше, Қарасырық,
Қараүңгір, Қалмақасу, Қаражырык,
Сауыры Салқынбел мен Сайымбөлек,
Суығы соғып тұрад аласұрып.
Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі,
«Бәйгеге» қосад өзін таң асырып.
Шоқысын Бүркітінің Үшбүйенге,
Қойыпты сәуекендей жарастырып.
Күрделі қоныс қайда Күреңбелдей,
Құр жатпас Қора мұзбен жүгенделмей,
Тегерез төңкерілген тегеш, Шажа,
Шамқой шал қабақ жаба түнергендей,
Талақтай талаураған Баян – жүрек,
Тұнжырап тұқырып тұр «тірі өлгендей».
Мұрыны Мұзбұлақтың көкте мүлгіп,
Ақтасты аспанға әдей тірелгендей.
Қар кете қарлы алаңы қақ айыра,
Қаптағай қаптай көшед Бүйенді өрлей.
Түйірлі бұршақ нөсер ұшықтайды,
«Ши ұшық», «қырық аяқ су» жібергендей.
Көкжамбас, көл Көпірлі таудың көркі,
Жатқан мұз Шатыртастың көкше бөркі.
Ақиық Демікпеден алған адам,
Алдырар Айдарлыдан Алтай түлкі.
Қоңыртау қорқатыным бала жастан,
Жыланы түрі жаман – түкі, түрпі.
Түнімен тау күзеткен, таста айтақтап,
Дуана заржақ байғыз – шайқы-бұрқы.
Талғар тау тарғыл ала шоқы биік,
Асқақтайд емшегі, ерін көкке тиіп.
Арқырап асқарынан құлаған су —
Бауырын балбыратқан еліне иіп.
Малға жай, елге жайлау Үшқараштың
Сүбесін мекендеген суыр сүйіп.
Асы – астау, отырған ел – өрелі құрт,
Құрт жайып қодырайған Бақай биік.
Албыр бет Алматыда алма әдемі,
Алғандай ақ тамақты ауызға үріп.
Қарқара қалың қазақ кебесіндей,
Албанның албырт – ерке енесіндей.
Қарағай қапталдағы, жыныс арша,
Қыдырлы малдың кұтты келесіндей.
Текестің көкке өрлеген тік қиясы,
Сымпиып сол маңайдың төресіндей.
Мың жылқы мыжырая жантайысқан,
Өзгесі жүгініскен төрешідей.
Былшықай, Бесжырғалаң, Түптің түрі
Қатықтың жаланбаған тегешіндей.
Қарқара жарасымды жазық жайлау,
Үй – күлше, құрпың жайған өресіндей.
Алыстан ауыл әрпін абайласаң,
Сүйекті баймөңкенің шегесіндей.
Сүті ағып сорғалаған Үшқарқара,
Қорғасын қорып төстен келетіндей.
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
22 ocak 2017Yazıldığı tarih:
1925Hacim:
7 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain