Kitabı oku: «Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері: Тиімді тілдесу құпиялары»

Аударған және редакциялаған – «Қазақстан аударма академиясы»
Корректурасын жасаған – «Қазақстан аударма академиясы»
Все права защищены. Данная электронная книга предназначена исключительно для частного использования в личных (некоммерческих) целях. Электронная книга, ее части, фрагменты и элементы, включая текст, изображения и иное, не подлежат копированию и любому другому использованию без разрешения правообладателя. В частности, запрещено такое использование, в результате которого электронная книга, ее часть, фрагмент или элемент станут доступными ограниченному или неопределенному кругу лиц, в том числе посредством сети интернет, независимо от того, будет предоставляться доступ за плату или безвозмездно.
Копирование, воспроизведение и иное использование электронной книги, ее частей, фрагментов и элементов, выходящее за пределы частного использования в личных (некоммерческих) целях, без согласия правообладателя является незаконным и влечет уголовную, административную и гражданскую ответственность.
© «Remember?» by Irving Berlin © 1925 by Irving Berlin
Сopyright © 1994 by Larry King
© Басылым қазақ тілінде, аударма, безендіру. Zerde Publishing, 2024
* * *

«Бұл қызықты кітапта көрсетілгендей, сөз сөйлесуде Ларри Кингтен асатын ешкім жоқ. Оның негізгі ережелері: әрқашан дайын болу, тыңдай білу және әзілді түсіне білу, бұның барлығы – әркім үшін маңызды сабақ».
Генри Киссинджер
«“Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері” – нақты және пайдалы ақпаратқа толы тамаша кітап».
Томми Лазорда
«Ларри Кингтің жаңа кітабын рахаттана оқыдым, ол осыны айтуым үшін төлеген жоқ. Ойланып қарасам, ол маған оның шоуына қатысқаным үшін де ақша төлемеген. Бірақ кітап маған бәрібір ұнады».
Джордж Бёрнс
«“Кез келген адаммен, кез келген уақытта және кез келген жерде сөйлесу өнері” – мен оқыған даналық пен практикалық кеңестерге ең толы кітап. Қарым-қатынас – қажетті дағды, ал Ларри Кинг – қарым-қатынас шебері, енді ол өз білгенімен бөлісуде. Ларри бұл кітапты ертерек жазғанда, мен қазіргіден де қызығырақ мансапқа ие болар едім».
Дэн Рэзэр
Менің агентім әрі досым
Боб Вульфтың
құрметіне арналады.
Л. K.
Тобымыздың басқа мүшелері
Ешқандай кітап жалғыз ғана автордың жұмысымен шектеліп қоймайды. Біз өзіміз сұхбат жүргізіп, мақалалар жаздық, бірақ басқалар да маңызды рөл атқарды. Біздің мына кісілерге алғысымыз шексіз, атап айтқанда:
Питер Джинна, Нью-Йорктегі «Crown Publishers» басылымының редакторы;
Джуди Томас, Ларридің жеке көмекшісі және «CNN»-дегі «Larry King Live» шоуының бірегей продюсері;
Мэгги Симпсон, «Larry King Live» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі директоры;
Пэт Пайпер, көптеген жылдар бойы «Mutual Broadcasting System»-дегі «Larry King Live» шоуының продюсері;
Стейси Вульф, Ларридің агенті, осы кітаптың жарыққа шығуына зор үлес қосты;
Рассел Гейлен, Биллдің көп жылдар бойы кітаптарының шығуына көмектескен агенті.
Кіріспе
Біз бәріміз сөйлеуіміз керек
Сіз
1. Ұшақтан парашютсіз секірер ме едіңіз немесе
2. Жиында бұрын-соңды кездеспеген біреудің қасында отырар ма едіңіз?
Егер жауабыңыз бірінші нұсқа болса, онда күйінбеңіз. Сіз секілді адамдар толып жатыр. Біз күн сайын сөйлесетін болсақ та, сөйлеу оңай болмайтын немесе біз ойлағаннан әлдеқайда жақсырақ сөйлеуге болатын көптеген жағдайлар бар. Күнделікті өмірде немесе кәсіби салада болсын, табысқа жету жолы сөйлеу арқылы іске асады. Егер өзіңізді сенімді спикер деп санамайтын болсаңыз, бұл жол қиын болуы мүмкін.
Сондықтан мен бұл кітапты сол жолды жеңілдету үшін жаздым. Мен отыз жеті жыл бойы сөйлеу арқылы күн көріп келемін және радио, телешоуларымда Михаил Горбачевтен бастап, Майкл Джорданға дейінгі адамдармен сөйлестім. Мен сондай-ақ шерифтерден бастап есік сатушыларға дейінгі әртүрлі саладан шыққан тыңдармандардың алдында үнемі сөз сөйлеймін. Келесі беттерде мен сізбен бір адам түгілі жүз адаммен болса да, қалай сөйлесу керектігі туралы бар білгеніммен бөлісетін боламын.
Мен әрқашан сөйлеуді ұнатып, сөйлегеннен рахаттанатын едім. Бруклиндегі балалық шағым туралы алғашқы естеліктерімнің бірі – сексен алтыншы көше мен Бэй-Парквейдің бұрышында тұрып, өтіп бара жатқан көліктердің маркаларын жариялауым еді. Жасым жетіде. Достарым мені «жаршы» деп атайтын. Мен содан бері сөйлеп келемін.
Менің сол кездегі ең жақын досым, Хёрб Коэн (әлі күнге дейін ең жақын досым), барлығына Эббетс Филдте «Доджерс» тобын қалай қолдағаным туралы айтудан жалықпайды. Мен шеткі қатарларда басқа көрермендерден алшақта отырып, ойын барысын жазып, «хабарлап» отыратынмын. Содан кейін үйге оралып, достарыма ойын туралы бәрін түк қалдырмай айтатын едім. Хёрб әлі күнге дейін адамдарға: «Ларри Эббетс Филдтағы екі сағат он минутқа созылған ойынға барса, сол уақытқа сәйкес ойын сипаттамасын айтып беретін», – дейді. Хёрб екеуміз алғаш рет директордың кабинетінде кездесіппіз. Жасымыз онда болатын. Қазір бізді сол кезде директордың кабинетіне не себеппен шақырғаны есімізде жоқ, мүмкін сабақ үстінде сөйлеген шығармыз.
Мен сөйлеуді аса ұнататын болсам да, басқалардың неге сөйлеуге қиналатынын түсінемін. Олар бірдеңені қате айтудан немесе ойын дұрыс жеткізе алмаудан қорқады. Бір жазушы айтқандай, «аузыңды ашып, ақымақтығыңды көрсеткеннен гөрі үндемей, ақымақ болып көрінгенің жақсы». Бейтаныс адаммен немесе бірнеше кісілермен бір уақытта сөйлескенде, қорқыныш күшейе түседі.
Бұл кітап осы қорқыныштан арылуға көмектеседі деп үміттенемін. Менің түсінгенім – егер сіздің көзқарасыңыз дұрыс болса, сіз кез келген адаммен сөйлесе аласыз. Осы кітапты оқығаннан кейін сіз кез келген адаммен сенімді түрде сөйлесе алатын, өз ойыңызды қалай тиімді жеткізу керектігін білетін боласыз. Сөйлеу қабілетіңізді жақсартып, сөйлесуден қорықпайтын боласыз.
Кітаптың тараулары туысыңыздың тойынан бастап ресми жиындарға дейінгі әр түрлі жағдайларда сөз сөйлеу туралы ауқымды ақпаратты, тәжірибеден алынған кеңестер мен мысалдарды қамтиды. Мен сізге тікелей эфирге келген шоу қонақтарынан не үйрену керегін және менің тәжірибемді қалай пайдалануға болатынын айтып беремін. Ол тәжірибе оңай жолмен жиналмаған.
Сөйлесу – бұл адами қарым-қатынастың ең маңызды түрі, бізді басқа тіршілік иелерінен ерекшелендіретін де осы қабілет. Шындығында, орта есеппен адам күніне он сегіз мың сөз айтады екен. Мен бұл санға күмәнданбаймын. (Мен үшін бұл сан көбірек болу керек.) Сондықтан, білікті спикер болу үшін дағдыларымызды неге дамытпасқа? Дайын болсаңыз, дәл қазір бастайық.
Эй, Хёрби, мұқият тыңда!
Ларри Кинг
1
101 әңгіме
Сәтті әңгіме негіздері
• Шынайылық
• Дұрыс көзқарас
• Сөйлесушіге деген қызығушылық
• Ашықтық
Әңгімелесу – гольф ойнау, көлік жүргізу немесе дүкен басқару сияқты, яғни неғұрлым көп жаттықсаңыз, соғұрлым жақсырақ боласыз және соғұрлым сөйлесу де қызықты болады. Бірақ ең алдымен оның негіздерін түсінуіңіз керек.
Мен сөйлесуде белгілі бір жетістікке жеткеніме қуанамын. Сіздің бұл кітапты оқып отырып ішіңізден: «Ой, әрине ол сөйлесу қызық деп айта алады. Өзі жақсы сөйлейді ғой», – деп ойлауыңыз әбден мүмкін.
Сөйлеу менің табиғи қабілетім екені рас, бірақ бір нәрсеге табиғи қабілеті бар адамдар да оны дамыту үшін жұмыс істеуі керек. Талантты шеберлікке айналдыратын да – осы. Тед Уильямс – бейсболдағы мен көрген ең ұлы шабуылшы және менің өмірімдегі кез келген адамға қарағанда көбірек табиғи қабілетке ие болған адам ретінде кезінде басқалар сияқты соққы жаттығуларын жасаған.
Лучано Паваротти керемет дауыспен дүниеге келсе де ән айту сабақтарына қатысқан. Менде табиғи қабілет, сөйлеуге бейімділік бар. Бірақ айтуға сөз таппай қалған сәттерім де көп болды.
Менің сәтсіз бастамам
Егер сіз отыз жеті жыл бұрын Майами-Бич радиостудиясындағы менің алғашқы таңертеңгілік эфирімді көрсеңіз, мені кәсіби спикер ретінде табысқа жете алады деп ойлауыңыз екіталай болатын шығар.
Бұл оқиға 1957 жылдың 1 мамырының таңертеңінде Вашингтон-авенюдің жанында орналасқан бірінші көшедегі полиция бөлімшесіне қарама қарсы тұрған шағын «WAHR» радио станциясында орын алды. Мен эфирге шығу туралы арманымды іске асырамын деген үмітпен сол жерде үш апта уақытымды өткіздім. Станцияның бас менеджері Маршалл Симмондс менің дауысымды ұнататын, бірақ станцияда сол уақытта бос жұмыс орны болған жоқ. Мен мойымай, Симмондсқа тәуекелге баруға дайын екенімді айттым. Егер станцияда қалсам, мені орын босаған сәтте жұмысқа алатын болып келістік.
Мен Бруклиннен жол тартқандағы бар білгенім – радиостанцияға жұмысқа тұрғанға дейін ағам Джек пен әйелінің шағын пәтерінде тұра алатыным ғана болатын. Олардың пәтері радиостанцияға жақын орналасқан еді. Қалтамда көк тиын болған жоқ. Бірақ мен күн сайын радиостанцияға барып, тікелей эфирдегі диск-джокейлердің қалай жұмыс істейтінін, дикторлардың соңғы жаңалықтарды жеткізуі мен спорт комментаторларының ойын нәтижелерін хабарлауын бақылайтынмын.
Менің алғаш рет «AP» және «UPІ» арналарындағы жаңалықтардың жеткізілуін көргенде қаншалықты тәнті болғанымды білсеңіз. Біреу эфирде пайдаланады-ау деген үмітпен бірнеше шағын мәтін жазған едім. Кенеттен, үш аптадан кейін таңертеңгі жүргізуші жұмыстан шығып кетті. Маршалл мені жұма күні кеңсесіне шақырып, дүйсенбі күні таңғы тоғыздан бастап жұмысқа шығатынымды айтты. Маған аптасына елу бес доллар төлейтін болды. Мен дүйсенбіден жұмаға дейін таңғы тоғыздан түске дейін жұмыс істейтін болдым. Түстен кейін сағат беске дейін хабарлар мен спорт жаңалықтарын жариялаумен айналыстым.
Менің арманым орындалды! Мен тек радиода ғана емес, сонымен қатар күн сайын таңертең үш сағат, түстен кейін тағы бес-алты рет эфирге шығуым керек еді, яғни «CBS» супержұлдызы Артур Годфри сияқты эфирге жиі шығатын болдым.
Сол демалыс күндері тікелей эфирде айтатынымды тоқтаусыз қайталай бергендіктен, дүйсенбі күні сегіз жарымда қатты шаршайтынмын. Аузым құрғап, су мен кофе іше бердім. Эфирде қоятын Лес Элгарттың «Swingin' down the Lane» атты әнін жазып алып, студияға кірген бойда оны эфир басында ойнатуға дайындап қойдым. Әр минут сайын көбірек қобалжу арта түсті.
Содан кейін Маршалл Симмондс сәттілік тілеу үшін мені өз кабинетіне шақырды. Алғыс айтқаннан кейін ол менен:
– Сен қандай атпен шықпақшысың? – деп сұрады.
– Нені меңзеп тұрсыз? – дедім.
– Ларри Зейгер болып қала алмайсың. Тыңдаушылардың естерінде қалмайды, әрі жазылуы да оңай емес. Саған есте қаларлық, жақсырақ ат керек.
Симмондстың үстелінде «Miami Herald» газетінің жарнамалар беті ашылып жатыр еді, ашылған бетте Кинг компаниясының ликерлерінің көтерме сатылымының жарнамасы тұрды. Маршалл көзін төмен түсіріп:
– Ларри Кинг деген қалай? – деп сұрады.
– Болады.
– Жақсы. Енді сені Ларри Кинг деп атайтын боламыз. Сен «Larry King Live» шоуының жүргізушісі боласың.
Сонымен, менде жаңа жұмыс, жаңа шоу, тіпті жаңа есім де пайда болды. Жаңалықтар тоғызда басталады. «Larry King Live» шоуын әлемге жария етуге барлығы дайын, ал мен болсам өзімді аузыма су толтырып алған адамдай сезіндім.
Шағын станцияларда әдетте бар жұмысты жүргізушінің өзі жасайтын болғандықтан, мен әнді өзім қостым. Содан кейін сөйлей бастау үшін әнді бәсеңдеттім. Бірақ ештеңе айта алмадым.
Сол себепті әннің даусын қайта көтеріп, қайтадан төмендеттім. Әлі бір сөз де айтқан жоқпын. Бұл тағы үшінші рет қайталанды. Тыңдаушыларымның бар естігені – әннің біресе қатты, біресе ақырын ойнағаны.
Мен өзіме қателескенімді, сөйлегенді ұнатсам да, оны кәсіби түрде жасауға дайын емес екенімді айтқаным әлі есімде. Маған радиодағы жұмыс ұнайтынын білдім, бірақ мен оған дайын емес екенім анық болды. Радиода жүргізуші болуға батылым жетпеді.
Ақырында маған осындай керемет мүмкіндік берген өте мейірімді жан Маршалл Симмондс шыдамы жетпей жарыла жаздады. Ол мен отырған студияның есігін теуіп баса көктеп кірді де, маған былай деді: «Бұл жерде сөйлеу керек!»
Содан кейін ол бұрылып, сыртқа шығып, артынан есікті тарс жауып кетіп қалды.
Сол сәтте мен микрофонға қарай жақын келіп, диктор ретінде алғаш рет сөйлей бастадым:
– Қайырлы таң! Бұл – менің радиодағы алғашқы күнім. Мен әрдайым эфир жүргізуді армандап келдім. Демалыс күндері тоқтаусыз дайындалдым. Он бес минут бұрын маған жаңа есім берілді. Орындалатын тематикалық ән де дайын еді. Бірақ менің аузым құрғап кетіп, қатты қобалжыдым. Ал бас менеджер болса есікті теуіп ашып: «Бұл жерде сөйлеу керек!» – деді.
Тым болмаса осы сөздерді айта алғанымның өзі менің бойымда бағдарламаны ары қарай жалғастыруға сенімділік ұялатты, ал шоудың қалған бөлігі жақсы өтті. Бұл менің спикер ретіндегі мансабымның басы болды. Осыдан кейін мен радиода ешқашан қобалжыған емеспін.
Шынайылық
Мен сол күні таңертең Майами-Бичте сөйлеу туралы бірнәрсе білдім: эфирде болсын-болмасын, шынайы болыңыз.
Сонда сіз ешқашан трансляция немесе сөйлеудің кез келген басқа саласында да қателеспейсіз. Артур Годфридың маған қалай табысты тележүргізуші болу туралы айтқаны: тыңдаушыларың мен көрермендеріңе өз тәжірибелерің мен өз сезімдеріңмен бөлісуге мүмкіндік бер.
Менің телевизиялық ток-шоу жүргізушісі ретінде бастамам да Майамиде өтті. Сол кезде мен алғашқы радио эфирімдегідей қатты қобалжуды тағы да бастан кештім.
Менің бұрын-соңды теледидар бағдарламасына түсіп көрмегенім мені қобалжытты. Продюсерлер мені айналмалы орындыққа отырғызып қойған еді. Бұл – үлкен қателік болды. Менің мазасызданғаным соншалық, айналмалы орындықта көрермендердің көзінше ары-бері теңселе беріппін.
Күлкіге қалмас үшін мен көрермендер менің жағдайымды түсінер деген оймен өзімнің қобалжып тұрғаныммен бөлістім: «Мен радиода үш жыл жұмыс жасасам да, бұл менің теледидарға бірінші рет шығуым. Оның үстіне біреу мені мына айналмалы орындыққа отырғызып қойды».
Енді бәрі менің жағдайымды білген соң, мен қобалжуды қойып, сенімді сөйлей бастадым. Осылай мен сөйлескен адамдармен шынайы болғанымның арқасында теледидардағы алғашқы кештен-ақ бағым жанды.
Өткенде бір адам менен:
– Сіз «NBC News» дәлізімен келе жатырсыз делік, біреу сізді ұстап алып, студиядағы орындыққа отырғызып, қолыңызға қағаздарды беріп: «Брокау ауырып жатыр. Сен эфирдесің» деп айтса, сіз не істер едіңіз? – деп сұрады.
Мен сұрақ қойған адамға тек шынайы болатынымды, камераға қарап: «Мен “NBC”-де дәлізде келе жатқан едім, біреу мені ұстап алды да, маған осы қағаздарды қолыма ұстатып: “Брокау ауырып жатыр. Сен эфирдесің” дегенін айтатын едім», – деп жауап бердім.
Сол кезде бүкіл аудитория менің ешқашан жаңалықтарға түспегенімді бірден түсінеді, мен әрі қарай не болатынын білмеймін, өзіме бейтаныс мәтін оқи беремін, тіпті қай камераға қарау керектігін де білмеймін. Осы сәтте мен барлық көрермендермен бірге тура бір қайықтағыдай сезінеміз. Олар менің аудиториямен шынайы болғанымды және менің барынша тырысып жатқанымды біледі.
Мен оларға не істеп жатқанымды ғана емес, сонымен бірге өзімнің басыма түскен жағдайды айтып жеткізе алдым, енді мен көрермендермен жалған импровизация жасағаннан гөрі әлдеқайда жақсы қарым-қатынаста боламын. Керісінше, егер мен биік белестерге жетсем, жағдайым керемет болса, мен оны да аудиторияммен бөлісемін, себебі олар менімен бірге барлығына куә болған – олар менің тәжірибемнің бір бөлігі.
Ücretsiz ön izlemeyi tamamladınız.