Kitabı oku: «Райымбек! Райымбек!»

Yazı tipi:

РАЙЫМБЕК! РАЙЫМБЕК!

МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ
(1931–1976)
I
 
«Қара таудың басынан көш келеді».
Қара жорға шайқалып, бос келеді.
Қара күнді жамылып, қара қазақ
Қара түнді басынан кешкен еді.
 
 
Қара қайғы көрсетпей ештеңені,
Қара жауы қанатын кескен еді.
Шұлғау болып қыздардың кестелері,
Талай қара шаңырақ өшкен еді.
«Қара таудың басынан көш келеді!!!»
 
 
Қара жұртта бықсыған шала қалған,
Аналардан ес кеткен, балалардан.
Тал да таппай қармауға жағалаудан,
Ақыл қашқан адыра бабалардан.
Қандай қарғыс атты екен қайран елді?!
Қайда барып тығылар паналауға?!
 
 
Қайда барып, қалжырап жатыр екен?!
Қандай сорды сортаңын татар екен?!
Көр болса да болса екен қазақ жері,
Қазақ жері болғасын – Атамекен.
 
 
…Көш келеді, боздатып боз даланы,
Көз ұшында боз сағым қозғалады.
Əлдекімнің естілсе созған əні,
Əлдекімдер аңырап жоқтау айтса,
Əр кеудеде бір шемен қозданады
Əр қазақтың естіліп боздағаны.
 
 
«Қауқары жоқ қайран жұрт, қайран халық,
Сайран салып жатушы ең, жайлау барып.
Опат болып, ақ ордаң ойраңданып,
Қара жауың əкеліп қара қайғы,
Тас уатты-ау төбеңе тайраң қағып.
Аңырауды доғарып, аттан қазақ!
Алты жасар ұлыңды майданға алып».
 
 
Шұбатылған шаң көріп алыстағы,
Қабай-жырау жар сала дауыстады:
– Жау келеді, жұртым-ау, жау келеді!
Жаудан қалған жемтікке жабысқалы,
Тағдырыңды біржола тауысқалы…
Caп түзеді қажыған нар боздақтар,
Қара жаумен қайтадан алысқалы,
Қайта қозып қазақтың намыстары.
 
 
Қайта шулап, жамырап қатын, бала,
Қанға шөлдеп, қаңырсып жатыр дала.
Қайта жауып, жай оты шатырлаған,
Қайта төнген тамұқтың сотын қара.
Қара жауы қайтадан лап қойды,
Кезек бермей пақырға, батырға да.
Қазақ қанын сылқытып жатыр дала…
 
 
Қиқулаған қалың қол, құйын дерсің,
Қайтып оған шағын жұрт тыйым берсін,
Тозған жұртты топырлап, тапап кетті,
Қатыгез жау қайсыбір бұйым көрсін.
 
 
Боздақтардың желкесін шайнап кетті,
Қалған малды қайтадан айдап кетті,
Қанжығаға байланған қыз-келіншек,
Бозторғайы шырылдап, сайрап кетті.
Хас батырдың көзі еді қара жорға,
Қара жаудың астында ойнап кетті.
 
 
(Кім айдаса, соныкі түздің малы)
Қара жауға қатын боп қыздың бəрі,
Əр өлікке жалп беріп, қонып жатыр,
Даланың түндік қанат құзғындары.
 
 
Тұяқ та жоқ тігерге дым қалмаған,
Жау жалмаған, жабысып, құм жалмаған,
Сырлар бар-ау қойныңда, туған далам,
Ақтарылған қанынан қазағыңның,
Құзғыны да Құдайдың құр қалмаған.
Сенде ме?..
Сенде сұмдық сыр бар, далам…
 
 
Қан сасыған далаға қарайды да,
Қуған боп жүр құзғынды Қабай жырау:
– Пəруəрдігер, неғылған сұмдық еді!
Өңім бе, əлде түсім бе, қалай мынау?!
 
 
Боздақтардың даланы бояп қаны,
Құзғындар да əнеки тояттады…
Өңім болса, Тəңірім, тарт жанымды,
Түсім болса, ұйқыңнан оятпағын?
Оятпағын, мəңгілік оятпағын?!
 
 
О, Тəңірім! Неғылған шаққа айналды?!
Бір өзіңе жалынып, жақ байланды,
Түнің тұтып, ақ таңың атпай қалды,
He қылығы жұртымның жақпай қалды
Көлім кеуіп, өзенім ақпай қалды,
О, Тəңірім!
Неғылған шаққа айналды?!
 
 
Қаусаттың-ау іргемді қара жауым,
Қан боп ақсын басыңа қара жауын!
Қатын, қызың күң болып əр есікте,
Құл боп өтсін мəңгілік балаларың!
 
 
Ордаң опат, айырыл елдігіңнен,
Босамасын басың бір шерлі күннен,
Тоз-тоз болып ұрпағың əр қияңда,
Билігіңнен айырыл, теңдігіңнен!
 
 
…Байқап еді өліктің қозғап бəрін,
Бəрі де өлік, бірі де сөз қатпады.
Қабай-жырау басы ауған жаққа кетті,
Құзғындарға қалдырып боздақтарын!..
 
 
Кете барған, артына бұрылмаған,
Аят оқып, ішінен сыбырлаған.
Қозыкөш жер қырғыннан ұзағанда,
Құлын-дауыс естілді шырылдаған.
 
 
Аппақ нұрын жинап ап, тауға келіп,
Күн де батып барады қанға бөгіп,
– О, Жасаған, кімдікі əлгі дауыс.
Тірілді ме артымда қалған өлік!?
 
 
Жетім қалған құлындай құлдыраған,
Көз ұшында бір қара бұлдыраған.
Тағат етіп тұруға дəрмен қайда,
Аттың басын сол жаққа бұрды баба.
…Есі кеткен алдында тұрды бала.
 
 
Ат үстінен баланы алдына алып,
Бір алданыш тапқандай шал жұбанып.
Қырғын көрген қызыл Күн қырдан асты,
Қызыл-күрең қанына тауды малып.
 
 
– Сен ғанасың, құлыным, сен ғанасың,
Мен де көпке бармаспын, сен қаласың.
Ойран болған ордаңның орнына кеп,
Отау тігіп, оттарын сен жағасың!
 
II
 
Дала жатыр.