Kitabı oku: «Қосалқы»

Yazı tipi:

Аударған және редакциялаған, корректурасы: «Қазақстан аударма академиясы»


Все права защищены. Данная электронная книга предназначена исключительно для частного использования в личных (некоммерческих) целях. Электронная книга, ее части, фрагменты и элементы, включая текст, изображения и иное, не подлежат копированию и любому другому использованию без разрешения правообладателя. В частности, запрещено такое использование, в результате которого электронная книга, ее часть, фрагмент или элемент станут доступными ограниченному или неопределенному кругу лиц, в том числе посредством сети интернет, независимо от того, будет предоставляться доступ за плату или безвозмездно.

Копирование, воспроизведение и иное использование электронной книги, ее частей, фрагментов и элементов, выходящее за пределы частного использования в личных (некоммерческих) целях, без согласия правообладателя является незаконным и влечет уголовную, административную и гражданскую ответственность.


Copyright © 2023 by Prince Harry, The Duke of Sussex

© Басылым қазақ тілінде, аударма, безендіру. Zerde Publishing, 2024 жыл

* * *

МЕГКЕ, АРЧИГЕ ЖӘНЕ ЛИЛИГЕ… ЖӘНЕ, ӘРИНЕ, АНАМА АРНАЛАДЫ

Өткен өмір өшпек емес. Ол тіпті өтпеген де.

– УИЛЬЯМ ФОЛКНЕР


Пролог

ЖАНАЗАДАН БІРЕР САҒАТ ӨТКЕН соң кездесеміз деп келіскен едік. Фрогмор бақшасында, ескі готикалық қирандылардың жанында. Мен бірінші келіппін.

Айналама қарап, ешкімді көрмедім.

Телефонымда хабарлама да, дауыс поштасы да тыныш.

Тас қабырғаға арқамды сүйеп жатып: «Кешігіп жатқан болар», – деп ойладым. Телефонымды қалтама салып, өзімді жұбатуға тырыстым.

Ауа райы нағыз сәуір күні болатын. Қыс өткенімен, көктем әлі келе қоймаған еді. Ағаштар жапырақсыз болғанымен, ауа жылы. Аспан сұрғылт, бірақ қызғалдақтар гүлдей бастаған кезең. Жарық аз, бірақ бақшаның арғы бетінде көз көрім жерде көк көл жалтырап жатыр.

«Бұның бәрі неткен әдемі», – деп ойладым. Сонымен қатар көңілімді мұң шалды.

Бір кездері бұл жер менің мәңгілік үйім болуы керек еді. Алайда ол жай ғана уақытша тұрағым болып шықты.

Жұбайым екеуіміз санамыз бен саулығымыздың амандығына алаңдап, 2020 жылдың қаңтарында бұл жерден қашқанымызда, енді ешқашан қайтып оралмастай болып едім. Міне, он бес айдан соң қайта осындамын. Бірнеше күн бұрын таңымды отыз екі қабылданбаған қоңыраумен, содан соң әжемнің «Хәрри… Атаң бақилық болды» деген қысқа әрі жүректі дүр сілкіндірген сөздерімен атырып едім.

Жел күшейіп, күн салқындай бастады. Иықтарымды жиырып, қолдарымды уқалап, жұп-жұқа ақ жейде кигеніме өкіндім. Жаназаға киген костюмді шешпеуім керек еді. Келерде күртеше алуым керек еді. Арқамды желге тосып жатып, артымда төніп тұрған готикалық қирандыны көрдім. Шындығында, оның готикалылығы «Лондон көзінен» аспайтын. Ақылды сәулетші мен жасандылық өнерінің туындысы. «Бұл жерде көп нәрсе сондай».

Тас қабырғадан кетіп, шағын ағаш орындыққа жайғастым. Телефонымды қайта тексердім, бақшадағы жолға қарайладым.

«Қайда бұлар?»

Жел тағы бір рет ұйытқыды. Қызық, атам есіме түсті. Оның суық мінезіне, аяздай шымшып алар әзіліне ұқсатқан шығармын. Бірер жыл бұрынғы демалыс күндері мылтық атуға барғанымыз ойға оралды. Әңгіме болсын деп, бірге барған досым атамнан жаңа өсірген сақалым туралы сұрады. Бұл сақал отбасыны алаңдатып, баспасөзде дау тудырған еді: «Патшайым ханзада Хәрриді сақалын қыруға мәжбүрлеуі керек пе?» Атам досыма, содан соң маған қарады да, қулана жымиды. «АНАУЫҢ сақал емес!»

Барлығы күлді. Сақал қалсын ба, кетсін бе деген сұрақ тұрғанда атамдікі тағы сақал қос деу болды. «Қанішер викингтің қалың қаба сақалын өсір!»

Атамның қайтпас пікірлері мен көптеген қызығушылықтарын еске алдым. Күйме айдағанды, барбекю пісіргенді, мылтық атқанды, тамақ жегенді, сыра ішкенді жақсы көретін. Өмірді құмарлықпен сүретін. Онысы анама ұқсайтын. Сондықтан да болар, анамның аянбас қолдаушысы болғаны. Ол Ханшайым Диана болмай тұрғанда, әлі қарапайым балабақша тәрбиешісі Диана Спенсер, ханзада Чарльздің құпия жүретін қызы кезінде-ақ атам оның ең басты қорғаушысы еді. Баз біреулер олардың некесіне делдал болған да атам деуші еді. Онысы рас болса, менің әлемімнің басты себебі Атам деуге болар еді. Бірақ ол үшін мен басты себеп бола алмас едім.

Ағам да болмас еді.

Десек те, бәлкім анамыз болар ма еді. Егер әкеме тұрмысқа шықпағанда…

Атам тоқсан жетіге толған соң көп ұзамай тек екеуіміз отырып сөйлескеніміз есімде. Ол арғы өмірді ойлап жүрген-ді. Өзі жақсы көретін істермен айналысуға шамасы қалмағанын айтты. Бірақ ең қатты аңсайтыны жұмыс екен. «Жұмыс істемесең, барлығы құриды», – деді. Мұңайып отырғанға ұқсамады, кетуге дайын болатын. «Кететін уақытың келгенін білу керек, Хәрри».

Фрогмор бойында тізілген сағаналар мен ескерткіштерге көз тастадым. Корольдік мазарат. Көбіміздің ақтық мекеніміз. Патшайым Виктория осында. Аты шулы Уоллис Симпсон да осында. Оның аты одан да шулы күйеуі Эдуард, бұрынғы Король, менің арғы көкем де осында. Эдуард Уоллис үшін өз тағынан бас тартып, екеуі Британиядан кеткен соң, түбі қайтып келу жөнінде алаңдаған көрінеді – екеуі де осы жерге келіп жерленуді қалапты. Патшайым, менің әжем, өтініштерін орындады. Бірақ екеуін басқалардан алшағырақ жерге, бүкірейген шынар ағашының астына жерлетті. Соңғы мәрте саусақ сілтегені шығар. Соңғы рет екеуін аластатқаны болар. Уоллис пен Эдуард соңғы қалауы туралы қазір не ойлайды екен? Түбі бір мәні болды ма? Ол туралы ойлап жатыр ма екен? О дүниеде рухтары қалықтап жүріп, жасаған таңдаулары жайлы бас қатырып жүр ме екен? Әлде мекендері Ешқайда, ойлары Ешнәрсе ме екен? Бұл өмірден кейін Ештеңе әлеміне өтеміз бе? Сана, уақыт ұғымдары толықтай тоқтай ма? Әлде олар әлі осында, мына жалған готикалық қирандының жанында жүр ме? Менің жанымда бүкіл ойларыма құлақ салып тұр ма екен? Егер солай болса… анам да осында шығар?

Анамды ойлауым сол еді, бойыма үміт ұялап, жаныма қуат бере бастады.

Қайғы да қанжарын сұғып қоя берді.

Анамды күнде сағынушы едім, бірақ сол күні Фрогмордағы жүйке жұқартар кездесудің қарсаңында, неге екені белгісіз, анамды қатты аңсадым. Анама қатысты көп нәрсе секілді, бұл сезімді де сөзбен айтып жеткізу қиын еді.

Анам ханшайым болса да, әйел-құдайдың аты қойылған болса да, бұл екі атау да ол үшін тым әлсіз, жеткіліксіз еді. Жұрт оны күнде пұт пен әулиелерге теңейтін: Нельсон Манделадан бастап Тереза Анаға, одан әрі Жанна д’Аркқа ұқсататын. Алайда мұндай салыстырудың әрқайсысы асқақ әрі сүйіспеншілікке толы болса да, дәл нысанаға жетпейтін. Әлемдегі ең танымал әйел, ең сүйікті адамдардың бірі – анамды нақ өзіндей дәл сипаттау мүмкін емес еді. Нағыз шындық сол. Десек те… қарапайым тілмен жеткізгісіз адам қалайша менің санамда сондай шынайы, тұла бойым сезерліктей жақын, таңғаларлықтай жарқын болуы мүмкін? Мен оны қалайша әлгі көк көлде қалқып келе жатқан аққуды көріп тұрғандай көре аламын? Қалайша осынау жапырақсыз ағаштарда сайраған құстарды естігенімдей оның күлкісін әлі де ести аламын? Ол қайтыс болғанда кішкентай едім, сондықтан көп нәрсе есімде емес, бірақ есімде қалған нәрселердің осыншалықты айқын екендігі ғажап! Оның естен тандыратын жымиысы, нәзік көздері, киноларға, музыкаға, киім-кешекке, тәттілерге… және бізге деген балаша махаббаты. Ағам екеуімізді қатты жақсы көруші еді. «Есімнен тана», – деп еді анам бір тілшіге.

«Анашым… мен де сені».

Оның ештеңемен салыстыруға келмеу себебі анамның барлық жерде табыла білуіне де себеп болған шығар: ол жарық іспеттес еді, таза және шуағы мол жарық, ал жарықты қалай толық сипаттауға болады? Ол Эйнштейннің де басын қатырған мәселе еді ғой. Жақында астрономдар ең алып телескоптарын реттеп, оларды ғарыштағы бір кішкентай бөлікке бұрыпты. Солайша, таңғажайып бір шардың бейнесін көздері шалыпты. Оған ескі ағылшын тілінде «Таңғы жұлдыз» деген мағына беретін «Эарендел» деген ат қойыпты. Миллиардтаған жыл қашықта орналасқан, мүмкін тіпті баяғыда-ақ ғайып болған «Эарендел» Үлкен жарылысқа, Жаратылыс сәтіне біздің Құс жолынан әлдеқайда жақын. Десе де өзінің теңдессіз жарығы мен шуағының арқасында біздің пенде көздеріміз оны көре алады.

Менің анам да сондай болатын.

Сол себепті мен оны көре алатынмын, сезе алатынмын, үнемі сезетінмін – бірақ Фрогмордағы сол бір сәуір екінтісінде ерекше сезіндім.

Сондықтан оның жолын жалғастырып жүремін. Бұл бақшаға келуімнің себебі, жаным тыныштықты қалайтын. Ең қатты қалайтыным – сол. Отбасым үшін, өзім үшін және анам үшін.

Адамдар анамның бейбітшілік үшін қанша еңбек еткенін ұмытып жатады. Жаһанды талай рет шарлағанын, мина қойылған далаларды кезгенін, ЖИТС науқастарын құшақтағанын, соғыстан кейін жетім қалғандарды жұбатқанын, әрдайым бір жерде біреуге тыныштық сыйлағысы келгенін… Білемін, одан бөлек, ол жанұясындағы жігіттердің, ағам екеуіміз бен әкеміздің арамызда және жалпы отбасында тыныштық болғанын бар жан-тәнімен қалар еді… Жоқ, қалады.

Айлар бойы Виндзорлар қақтығысып келді. Отбасында келіспеушіліктер бұрын да болған, тіпті ғасырлар бойы болып жатты. Алайда бұл жолғысы өзгеше. Бұл толыққанды жария айырылыс еді және қайта оралмастай бола бастап еді. Сондықтан елге атамның жаназасы үшін арнайы ұшып келгеніммен, ағам Уиллимен және әкеммен жағдайды талқылау үшін осы құпия кездесуге мені шақырды.

Бір шешімін табу үшін.

Бірақ қазір телефоныма бір, бақшаның жолына бір қарадым да: «Ойларынан айныған шығар, – деген ойға келдім. – Келмейтін шығар».

Бір сәтке барлығын тастап, бақшаны жалғыз аралайын ба, әлде аталас ағайыным ішімдік ішіп, атам жайлы әңгіме айтып отырған үйге қайтайын ба деп ойладым.

Сөйтіп тұрғанымда, оларды да көрдім-ау ақыры. Иық тіресіп маған қарай адымдап келе жатты. Түстері суық, тіпті қорқынышты. Оған қоса, екеуінің ойы бір секілді. Салым суға кетті. Әдетте олар бірдеңеге келіспей қалып, айтысып жүретін. Ал қазір екеуі де сап түзеген сарбаздай бірігіп келе жатқандай.

Ойыма келгені: «Тоқта, біз серуендеуге келдік пе… әлде атысуға ма?»

Ағаш орындықтан көтерілдім де, оларға қарай бір адым жасадым. Ақырын ғана жымидым. Олар қабағын ашқан жоқ. Енді жүрегім кеудемнен шығып кетердей дүрсілдей бастады. «Терең тыныс ал», – дедім өзіме.

Үрейден бөлек, айналамның бәріне назар аудара бастадым, өмірімдегі маңызды сәттердегідей өзімді аса әлсіз сезіндім.

Анамның табытының артында келе жатқанымдағыдай.

Алғаш рет соғысқа қатысқанымдай.

Үреймен арпалысып тұрып халыққа сөз сөйлегенімдей.

Дәл сол сәттердегідей қолымнан келер-келмесін білмей, бірақ шегінерге жол жоқ екенін толық түсініп, сапарға шығып жатқандаймын. Тағдырға тосқауыл бола алмаймын.

«Ал, анашым, басталды, – деп ойладым қадамымды жылдамдата. – Сәттілік тілеп қой».

Жолдың ортасында жүздестік.

– Уилли? Әке? Сәлем!

– Сәлемет пе, Харольд?

Жанға бататын салқын сәлем.

Бұрылып бір қатарға тұрдық та, шырмауық қаптаған шағын тас көпірдің үстіндегі шиыршық тас жолмен жүре бастадық.

Бір уақытта тізіле қалғанымыз, сөз алмаспай-ақ адымдап қадам басқанымыз, бастарымыздың төмен түскені, оның үстіне айнала қабірлердің қаптап тұрғаны анамның жаназасын еске түсірмей қоймады. Ол туралы ойламауға тырыстым, оның орнына аяқ астындағы тастың сықырын, сөздерімізді оттың түтіні секілді жел ұшырып әкетіп жатқанын ойлауға тырыстым.

Британдық болған соң, Виндзор болған соң, жай ғана ауа райы жөнінде сөйлесе бастадық. Атамның жаназасы туралы ой бөлістік. Өз жаназасын өзі егжей-тегжейіне дейін жоспарлап қойғандығын айтып, мұңдана күлісіп қойдық.

Бос әңгіме. Боп-бос. Маңызды емес тақырыптардың барлығын талқылап шықтық. Негізгі әңгімеге көшуімізді тағатсыздана күттім. «Неге ұзартып жіберді? Неге әкем мен ағам сондай салмақты көрінеді?» – деп ойладым.

Айналама қарадым. Біраз жер жүріппіз. Корольдік мазараттың дәл ортасына жетіппіз. Дәл қазір аяғымыздың астында жатқан мүрделер саны ханзада Гамлеттікінен де асып тұр. Ойлап қарасам… өзім де осында жерленуді қаламап па едім? Соғысқа аттанардан бірнеше сағат бұрын жеке хатшым денемді көметін жерді таңдауымды сұрап еді. «Ұлы мәртебелім, ең жаманы болып жатса… соғыста не боларын ешкім білмейді дегендей…»

Бірнеше таңдауым бар еді. Әулие Георгтың шіркеуі ме? Қазір атамды қойып жатқан Виндзордағы Корольдік сағана ма?

Жоқ, осы жерді таңдадым, өйткені бақшалары әдемі әрі бұл жерде тыныштық бардай көрінеді.

Уоллис Симпсонның бетін басып тұрмыз-ау деп тұрғанымда әкем мұнда жатқан әлдекімді бір, анда жатқан туысты бір айтып, бұрынғы өткен атақты герцогтар мен герцогиняларды, лордтар мен ледилерді еске алып, кішігірім лекция оқыды. Өмір бойы тарихты оқып келген оның бөлісер ақпараты жетіп-артылатын. Қазір мұнда бірнеше сағат тұрып, артынан емтихан тапсыратын шығармыз деген ой да келді. Бағымыз бар екен, әкем тоқтады да, шөптің үстімен көлдің жағалауына қарай бет алдық. Нәркестер өскен әдемі жерге келіп тоқтадық.

Осы жерде ғана, ақыры, басты әңгімені бастадық.

Мен өз жайымды түсіндіруге тырыстым. Жағдайым мәз емес еді. Біріншіден, әлі де қобалжып тұрдым, эмоциямды ұстай отырып, сөзімді қысқа әрі нұсқа етіп қайыруға тырысып жаттым. Оған қоса, бұл әңгімені қайтадан ұрысқа жеткізгім келмеді. Бірақ ол маған ғана байланысты емес екенін тез-ақ ұқтым. Әкем мен Уиллидің де өз рөлдері бар, ал олар ұрысқа дайындалып келіпті. Жаңа түсініктеме беріп, жаңа ойды жеткізе бастасам болды, біреуі не екеуі жабылып сөзімді бөле берді. Әсіресе Уилли ештеңені естігісі келген жоқ. Мені бір емес, бірнеше рет тойтарып тастай берген соң, екеуіміз айтыса бастадық. Осыған дейін айлар бойы, тіпті жылдар бойы айтып келген сөздерімізді айта бастадық. Ушығып кеткені сонша, әкем қолдарын көтерді де: «Жетер!» – деді.

Екеуіміздің ортамызда қызарып кеткен беттерімізге қарап: «Жігіттер, жасым келген шағымда мені азапқа салмаңдаршы», – деді.

Дауысы қарлығып, әлсіз шықты. Шынымды айтсам, кәрі адамның дауысы.

Атамды ойладым.

Кенет ішімде бірдеңе қопарылып түскендей болды. Уиллиге қарадым. Бала кезден бері алғаш рет шынайы жүзіне қарадым. Барлық сипатына зер салдым: менімен сөйлескенде үнемі ашылмайтын сол бір түюлі қабағына; менікінен әлдеқайда ушығып кеткен қасқалығына; жасы ұлғайған сайын жоғалып бара жатқан анама ұқсас қырларына. Бір жағынан, менің айнам, екінші жағынан, маған қарама-қарсы. Менің сүйікті ағам әрі менің бітіспес жауым. Бұған қалай жеттік?

Қатты шаршағанымды сезіндім. Үйге қайтқым келді. «Үй» дегеннің өзі күрделі ұғым болып кеткенін байқадым. Бұрын да солай болған шығар. Бақшаға, оның арғы жағындағы қалаға, елге меңзедім де:

– Уилли, мынаның барлығы біздің үйіміз болуы керек еді. Өміріміздің соңына дейін осында тұрмақ едік қой, – дедім.

– Кеткен сенсің, Харольд.

– Иә, бірақ неге екенін білесің ғой.

– Білмеймін.

– Сен… білмейсің бе?

– Шынымен, білмеймін.

Тіксініп қалдым. Не естігеніме сене алар емеспін. Кім кінәлі немесе жағдай қалай болуы керек еді деп айтысқан бір жөн, бірақ туған жерімді, ол үшін соғысқа барып, басымды қатерге тіккен Отан – Анамды (неткен ауыр сөз) тастап кетуімнің себебін мүлде білмеймін деуі қалай? Әйелім екеуіміз баламызды алып, үйімізді, достарымызды, жиған-тергенімізді – барлығын тастап, тозақтан қашқандай кеткеніміздің себебін білмеймін дегені несі?! Шын айтып тұрсың ба?

Ағаштарға қарадым:

– Білмеймісің?

– Харольд… рас, білмеймін.

Әкеме бұрылдым. Оның көздерінде де «мен де білмеймін» деген сөз жазылып тұрды.

«Мәссаған. Мыналар шынымен білмейтін сияқты», – деп ойладым. Сену қиын, бірақ рас шығар.

Егер олар неге кеткенімді білмесе, менің өзімді де білмегені ғой.

Мүлде.

Расында да, мені ешқашан толық танып білмеген де шығар.

Шынына келсек, мен де танымаған шығармын.

Бұл ойдан денем түршіге бастады. Және өзімді жапа-жалғыз сезіндім. Бірақ ішімде от тұтанғандай да болды. «Айтуым керек. Қалай айтамын? Айта алмаймын. Көп уақыт керек. Оның үстіне қазір бұлар тыңдайтын жағдайда емес. Қазір емес. Бүгін емес».

Сондықтан…

Әке? Уилли?

Әлем?

Тыңдаңдар.

1-бөлім   Қара жамылдырған түннен жарыққа

1

ОҚИҒАЛАР БАРЛЫҚ КЕЗДЕ АЙТЫЛАТЫН.

Адамдар арагідік Балморал қамалында аса бақытты бола алмағандар туралы сыбырласып жататын. Баяғы патшайым қайғыдан есі шығып, ешқашан шықпаймын деген антпен қамалда қамалып алған деседі. Өте парасатты бұрынғы премьер-министрлердің бірі бұл жерді «оғаштау», «жан түршіктірерлік» деп атаған көрінеді.

Бірақ ол әңгімелерді естімегеніме біраз болған сияқты. Мүмкін, бұрын-соңды естісем де, аса мән бермеген болармын. Мен үшін Балморал қамалы жұмақ іспеттес еді. Дисней әлемі мен киелі Друидтер мекенінің қосындысы сияқты. Мұнда келген сайын балық аулап, мылтық атып, «төбеге» бір шығып, бір түсіп, ескі қамалдағы «фень-шуйдың» кемшіліктерін іздеуден қолым босамайтын.

Айтқым келгені, мен мұнда өзімді бақытты сезінуші едім.

Шынымды айтсам, Балморалда өткен сол бір жаз күніндегідей өмірімде ешқашан бақытты болмаған шығармын. 1997 жылғы 30 тамыз.

Қамалға келгенімізге бір апта болған-ды. Жоспар бойынша тағы бір апта тұрақтауымыз керек. Дәл өткен жылғыдай және одан алдыңғы жылғыдай. Балморал өзіндік бір шағын жыл мезгілі сияқты еді. Нағыз жазғы шілдеден ерте күзге қарай өте бастағанымызды белгілейтін Шотландия тауларындағы екі апталық үзіліс.

Әжем де сонда еді. Әдепкідей. Әр жаздың басым бөлігін Балморалда өткізетін. Атам да сонда. Уилли де. Әкем де. Бүкіл отбасы сонда. Анамнан басқа, өйткені бұл жолы анам отбасы мүшесі емес еді. Біреу оны қашып кетті дер, басқалар оны қуып жіберді дейді – кімнен сұрағаныңызға байланысты. Бірақ мен ешқашан ешкімнен сұраған емеспін. Қалай болғанда да, ол басқа жерде өзінің демалысын өткізіп жатты. «Грекияда», – деді біреу. «Жоқ, ол Сардинияда», – деді басқасы. «Жо-жоқ, – деп қыстырылды тағы біреу. – Сенің анаң Парижде!» Әлде бұны анамның өзі айтты ма екен? Сол күні сөйлесейік деп қоңырау шалып еді. Өкінішке қарай, бұл естелік өзге де миллион естеліктер секілді санамдағы биік қабырғаның ар жағында жатыр. Өте қорқынышты, азапқа толы сезім: естеліктерің арғы бетте, санаулы сантиметр әріде жатқанын білесің, бірақ қабырға тым биік, тым қалың.

Балморал қамалының мұнаралары сияқты емес.

Анам қайда болса да, ол өзінің жаңа досымен жүргенін түсіндім. Бәрі осы сөзді қолданатын. Жігіті емес, ашынасы емес. Досы. Маған жап-жақсы жігіт сияқты өзі. Уилли екеуіміз онымен жақында ғана таныстық. Ашығын айтқанда, анам оны алғаш кездестірген кезде біз Сан-Тропеде оның жанында едік. Үшеуіміз ғана болып бір қарт джентльменнің вилласында керемет уақыт өткізіп жаттық. Күлкі мен ойын-сауық көп болды. Анам, Уилли үшеуіміз бірге болсақ, үнемі осылай еді. Ал сол бір демалыс ерекше көңілді өтті. Сол Сан-Тропе сапарында барлығы жұмақтай болды. Ауа райы тамаша, тамақтар дәмді, анашымның жүзінде күлкі.

Бәрінен де кереметі, мұнда су скутерлері бар еді.

Кімдікі еді? Білмеймін. Әлі есімде, Уилли екеуіміз оларға мініп алып, каналдың ең терең жеріне дейін баратынбыз да, алып кемелер келгенше сонда айналшақтап жүретінбіз. Ал кемелердің артындағы биік толқындар скутермен ауаға секіретін трамплиндеріміз болатын. Қалайша ажал құшпағанымызды білмеймін.

Анашымның досы сол скутердегі оқыс оқиғадан кейін пайда болып па еді? Жоқ, дәл соның алдында болса керек. «Сәлем, балақай, сен Хәрри шығарсың». Қара шашты, күнге күйген, аппақ тісті. «Қалай жағдай? Менің атым пәленше». Бізбен сөйлесе кетті, анаммен сөйлесіп кетті. Әсіресе анаммен. Әдейі анаммен. Көздерінде қызыл жүрекшелер тұрғандай болды.

Қулығы бар еді, онысы анық. Бірақ, айтқанымдай, жақсы-ақ жігіт. Анама сыйлық берді. Гауһар білезік. Анама ұнаған сияқты. Оны көп тағатын. Содан соң ол жігіт есіме түсе қойған жоқ.

Уиллиге бастысы анам бақытты болса болды деп едім, ол да солай ойлайтынын айтты.

2

КҮН ШУАҚТЫ Сан-Тропеден бұлт қаптаған Балморалға көшу тұла бойыңды сілкіндіретіні анық. Ол сілкініс азды-көпті әлі есімде, ал одан басқа алғашқы аптамызда не істегеніміз онша есімде емес. Дегенмен ол аптаны көбіне сыртта өткізгенімізге кепілдік бере алатын шығармын. Отбасым сыртта жүргенді жақсы көреді. Әсіресе әжем күніне бір сағат таза ауа жұтпаса, түнеретін де қалатын. Бірақ сыртта не істегеніміз, не айтқанымыз, не кигеніміз, не жегеніміз ұмыт болған. Корольдік яхтамен Уайт аралынан қамалға дейін жүздік деген хабарлар бар. Яхтаның соңғы сапары. Керемет болған сияқты.

Ал егжей-тегжейіне дейін есімде қалғаны – қоршаған орта. Ну орман. Бұғы жайылған төбе. Таудан төмен қарай жыланша иірілген Ди өзені. Аспаннан төніп тұрған, басын мәңгі қар басқан Лохнагар, география, сәулет – менің жадым осындайларды сақтайды. Күндер? Кешіріңіз, жазып алып едім, қарап алайын. Диалог? Еске түсіруге тырысып бағамын, бірақ сөзбе-сөз айтып бере алмаймын, әсіресе тоқсаныншы жылдар болса. Бірақ барып көрген жерлерімді – қамал, ұшқыш кабинасы, сынып, кеме салоны, жатын бөлмелер, сарайлар, бақшалар, паб, кілемдердің қандай шегемен қағылғанына дейін сипаттап беремін.

Менің жадым басымнан өткендерді неге бұлай реттейді екен? Генетика ма? Жарақат па? Әлде бөлек-бөлек дене мүшелерінен тігілген Франкенштейн сияқты екеуінің бірге қосылуы ма? Барлық жерді ұрыс даласы сияқты зерделеп жүретін ішімдегі жауынгер ме? Көшіп-қонуға мәжбүр болғанына наразы ішкі үйкүшік қасиетім бе? Әлде әлемді құдды бір шытырман көріп, оның ішінде картасыз жүруге болмайтынын сезетін бір түйсік пе?

Себебі не болса да, жадым осындай, жұмысы сондай: қалауынша естелік жинайды, оларды реттейді. Объективті фактілер дейтіннің ішінде қанша шындық болса, менің нені және қалай есте сақтайтынымда да соншалық шындық бар. Хронология, себеп-салдар деген нәрселер – көбінесе өзімізге өзіміз айтатын өткен шақ жайлы ертегілеріміз ғана. «Өткен өмір өшпек емес. Ол тіпті өтпеген де». Бұдан аз уақыт бұрын осы сөзді BrainyQuote.com сайтынан көргенімде төбемнен жай түскендей болды. «Фолкнер деген кім өзі? Бізге, Виндзорларға туыс емес пе екен?»

Сонымен, Балморал. Көзімді жұмсам, басты кіреберісі, панельді беткі терезелері, кең ашық галереясы мен үш басқышы бар шұбар ала гранит баспалдақ. Баспалдақ еменнен жасалған виски түстес алып алғы есікке жетелейді. Есікті көбіне ауыр керлинг тасы кере ашып тұрады. Оны қызыл шапан киген швейцар ашып-жауып тұрады. Іште кең зал, ақ тастан жасалған еден, жұлдыз пішінді сұр тақталар, әсем оюмен қашалған күңгірт түсті ағашпен қапталған үлкен алауошақ. Залдың бір жағында қойма секілді бір бөлме, сол жағындағы биік терезелер жақта қармақтар, таянатын таяқтар, резеңке комбинезондар және сулықтар ілінетін ілгіштер бар. Сулықтар мұнда өте көп, өйткені Шотландияда жаз бойы жауын-шашын көп, күндер суық болады, ал Сібірге жататын бұл өңірде шымшып алатын жаңбыр мен салқындық бар. Ілгіштен кейін алқызыл кілем төселген дәлізге ашық қоңыр ағаш есік ашылады. Қабырғаларына ақшыл тұсқағаз жабыстырылған. Тұсқағаздың бетіндегі алтын түсті өрнектер «Брайль» жазуы секілді көтеріңкі. Дәліздің бойында басқа да көптеген бөлмелер бар. Әрқайсысының өз функциясы бар: біреуі отырып кітап оқуға, біреуі теледидар қарауға, шай ішуге арналған. Туыс ағайларымдай жақсы көретін паждарға арналған арнайы бөлме бар. Содан соң XIX ғасырда салынған басты бөлме бар. Ол XIV ғасырлық басқа бір қамалдың үстіне салынған. Ал ол дәуірден бірнеше ұрпақтан соң тағы бір ханзада Хәрри өмір сүрген. Елінен қуылып, кейіннен қайта оралып, көзі түскеннің бәрін қырып-жойған менің арғы туысым. Мені соған тартқан дейтін шығар кейбіреулер. Не болса да, ол менің аттасым, себебі 1984 жылы 15 қыркүйекте туғанда маған қойылған ат уэльстік Хенри Чарльз Альберт Дэвид болатын.

Бірақ дүниеге келген күнімнен бері мені Хәрри атап кеткен.

Осы басты бөлменің ортасында үлкен баспалдақ бар. Өзі алып, ауқымды, бірақ сирек қолданылады. Әжем екінші қабаттағы жатын бөлмесіне баратын кезінде лифтпен көтерілгенді жөн көретін.

Оның етегінен қалыспай жүретін коргилері де солай.

Әжемнің лифтісінің жанында екі алқызыл салун есіктері арқылы ауыр темір қоршауы бар шағын баспалдақ бар. Онымен екінші қабатқа, патшайым Викторияның мүсіні тұрған жерге көтерілуге болады. Мүсіннің жанынан өткен сайын оған «Ұлы мәртебелім!» деп бас иіп кететінмін. Уилли де сөйтетін. Бұлай етуіміз керектігі бізге арнайы айтылғанмен, мен онсыз да бас иер едім. «Еуропаның әжесі» атанған патшайым маған аса тартымды тұлға еді. Оны әжемнің жақсы көргені үшін ғана емес, әкемнің маған оның күйеуінің атын қойғысы келгеннен де емес (оған анам жол бермеген). Викторияның өмірінде ұлы махаббат та, асқақ бақыт та болды, бірақ оның өмірі трагедияға толы еді. Оның әкесі Кент және Стратерн герцогы ханзада Эдуард қаныпезер болатын. Сарбаздардың қамшыланғанына қарап жыныстық қозуы көтерілген. Ал оның сүйікті жолдасы Альберт оның көз алдында қайтыс болды. Сондай-ақ оның ұзақ әрі жалғыздыққа толы билігі кезінде оған сегіз рет сегіз жерде жеті бөлек адам оқ атқан.

Оқтың біреуі де нысанаға жетпеді. Викторияны ештеңе құлата алмады.

Викторияның мүсінінен кейінгіні сипаттау қиынырақ. Есіктер бірдей, бөлмелер бір-біріне жалғанған. Адасып кету оңай. Есіктен шатассаң, қызметшісі киінуіне көмектесіп жатқан әкемнің үстінен түсуің мүмкін. Одан жаманы, басын еденге, аяғын аспанға көтеріп тұрған кезінде кіріп қалуың мүмкін. Әкемнің мойны мен беліндегі созылмалы ауыруды басудың жалғыз емі ретінде дәрігер осы жаттығуды жазып берген еді. Баяғы поло жарақаттары. Жаттығуын күнде орындайтын: үстінде тек ішкиім, өзі есікке сүйеулі немесе құдды бір акробат секілді белтемірге ілініп тұратын. Есіктің тұтқасына саусағың тиіп кетсе болды: «Жоқ! Жоқ! Ашпа есікті! Құдай үшін, ашпа!» — деген айқайды естисің.

Балморал қамалының елу жатын бөлмесі бар. Олардың біреуін Уилли екеуімізге бөліп берген. Үлкендер оны балабақша дейтін. Уиллидің бөлігі үлкенірек, екі адамдық төсегі, жуынатын үлкен шұңғылшасы, есіктерінде айнасы бар шкаф, аулаға, субұрқаққа, қызыл бұғы бұзауының қола мүсініне қарайтын әдемі терезесі бар. Ал менің бөлігім әлдеқайда кіші, сән-салтанаты да азырақ. Неге олай екенін сұрамайтынмын. Маған бәрібір еді. Сұрауым керек те емес еді. Менен екі жас үлкен Уилли – Мұрагер, ал мен – Қосалқымын.

Баспасөз құралдары бізді жай солай атағанымен, шын мәнінде, бәрі солай болатын. Бұл тіркесті әкем де, анам да, атам да, тіпті әжем де қолданатын. Мұрагер мен Қосалқы тағылған сын емес, бірақ аражікті дәл белгілейді. Мен көлеңкемін, қоштаушымын, Б жоспарымын. Уиллиге бірдеңе болған жағдайда деп мені дүниеге әкелген. Мені қолдау көрсету үшін, басқалардың назарын бұру үшін, керек болса, тіпті қосалқы бөлшектерімді беруім үшін туған. Бүйрегімді, мысалы. Қанымды. Жұлынымды. Бұның барлығын өмір жолымның басында түсіндіріп берді де, жиі есіме салып тұрды. Мен туған күні әкем анама айтты деген мына сөзді естігенімде жиырма жаста едім: «Тамаша! Мұрагерді де, Қосалқыны да сыйладың. Менің ісім тамам». Әзілі. Шығар. Бірақ осы бір комедия туындысын жариялап болып, жүретін қызымен кездесуге кетті деген де әңгіме бар. Солай. Әзіл ретінде айтылған шын сөз қаншама.

Бірақ мен бұған ренжімейтінмін. Бұның ешқайсысы мені толғандырмайтын еді. Таққа отыру деген ауа райы немесе аспан денелерінің орналасуы немесе жыл мезгілдерінің ауысуы сияқты. Өзгертуге болмайтын нәрсеге алаңдауға кімнің уақыты бар дейсің? Тасқа қашалып жазылған тағдыр кімнің мазасын алады дейсің? Виндзор болу деген – қай ақиқаттың өзгермейтінін анықтап алып, ол жайлы ойланбау деген сөз. Өзіңнің кім екеніңді түйсіну, сол кім екендігіңнің негізгі параметрлерін сіңіру деген сөз. Ал бұл әрдайым кім емес екеніңнен туындайды.

Мен әжем емеспін.

Әкем емеспін.

Уилли емеспін.

Мен олардан кейін үшінші кезекте тұрдым.

Ұл болсын, қыз болсын, өмірінде бір рет өздерін ханзада мен ханшайым ретінде елестетеді. Сондықтан Қосалқы болсын-болмасын, шынымен ханзада болған аса жаман емес. Содан соң жақсы көретін адамдарыңның артында тік тұрудың өзі мәртебе емес пе?!

Махаббаттың нышаны емес пе?!

Викторияның жанынан өтіп бара жатып бас ию секілді.

3

МЕНІҢ ЖАТЫН БӨЛМЕМНІҢ жанында дөңгелек қонақ бөлмесі болатын. Дөңгелек үстелі, қабырғасында айнасы, жұмыс үстелі, от жағатын ошағы бар. Арғы бұрышында жуынатын бөлменің үлкен ағаш есігі бар. Екі мәрмәр шұңғыла тарихта алғаш жасалған шұңғылалардың үлгісінде жасалғандай. Балморалдағы заттың барлығы я ескі болатын, я ескіге ұқсатып жасалған болатын. Бұл қамал әрі ойын алаңы, әрі аңшылық мекені, әрі сахна еді.

Жуынатын бөлменің басым бөлігін арыстан аяқты ванна алып тұратын. Оның кранынан аққан су да ескі көрінетін. Жаман мағынада емес. Мерлин сиқыршы жас Артурға сиқырлы қылышын табуға көмектескен көл секілді ескі. Қоңыршыл, ашық түсті шай сияқты. Демалысқа келген қонақтар шошып кететін. «Кешіріңіз, жуынатын бөлмедегі су бұзылған сияқты», — дегендеріне әкем жымиятын да, суға ештеңе болмағанын айтатын. Керісінше, Шотландияның балшықты көлдерінде сүзіліп, тәттіленіп келген су екенін айтатын. «Бұл су тура төбеден ағып келеді. Сізді өмірдегі ең рақат ләззат – Шотландия тауларының ваннасы күтіп тұр».

Қалауыңызға қарай тау ваннасы Арктиканың мұздай суы немесе қазанда қайнаған ыстық су болуы мүмкін: бүкіл қамалдағы судың қызуын реттеуге болады. Маған теріңді қайнатарлық ыстық суға түскен ұнайтын. Әсіресе қамалдың саңылау терезелерінен қарап жатып. Бұл терезелерден кезінде садақшылар қамалды қорғап тұрған шығар деп ойлаймын. Жұлдызды аспанға немесе төмендегі қабырғалы бақшаға қарап жататынмын. Қамалдың сансыз бағбандарының арқасында снукер үстелінің беті сияқты теп-тегіс бақша көгалының үстінде қалықтап ұшып жүргенімді елестететінмін. Көгалдың әр сабағы өлшеніп орылғандай, мінсіз болатын. Уилли екеуіміз велосипед айдамақ түгіл, үстінде жаяу жүруге ұялатынбыз. Ұялсақ та, үнемі баса беретінбіз. Бір рет көгалдың үстінде немере қарындасымызбен қуаласпақ ойнадық. Біз квадроциклге отырдық, ол картинг машинасында. Қызыққа батып жатыр едік, ол шам қойылған бағанаға тура барып соғылды. Мың шақырым атыраптағы жалғыз бағанаға соғылғанын-ай! Бәріміз ішек-сілеміз қата күлдік, бірақ жақында ғана айналадағы ормандардың бірінде ағаш болып тұрған бағана қақ бөлінді де, қарындасымыздың үстіне құлады. Абырой болғанда, ауыр жарақат болған жоқ.

1997 жылдың 30 тамызы көгалға көп қарап жатпаған күнім еді. Уилли екеуіміз де тез жуындық та, пижамаларымызды киіп, теледидар алдына жайғаса кеттік. Қызметшілер келді. Қолдарында табақ, оның үстінде күміс күмбезбен жабылған тәрелкелер. Қызметшілер табақтарын ағаш тұғырларға қойды да, бізбен әдеттегідей әзілдесіп, ас дәмді болсын деп тілек білдірді.

Қызметші, сүйек фарфор дегендер өте ақсүйекшіл болып көрінуі мүмкін, расында, солай да шығар, бірақ әлгі күмбездердің астында балалардың тамағы: балық таяқшалары, бәліш, қуырылған тауық, асбұршақ болатын.

Кезінде әкемнің күтушісі болған, қазіргі біздің күтушіміз Мэйбл бізге қосылды. Бәріміз ауыз толтыра тамақтанып жатқанда, ваннасынан шығып, тәпішкесін сүйретіп өтіп бара жатқан әкемді байқадық. Тасып жүруге болатын CD ойнатқышы қолында. Оны «сымсызым» деп атайтын. Ваннаға түскен кезде онысымен «кітаптарын» тыңдап жатқанды ұнататын. Әкем сағат сияқты еді. Сондықтан оның өтіп бара жатқанын естіп, уақыт сегізге таяғанын түсіндік.

Жарты сағаттан соң үлкендердің төменгі қабатқа қарай кешкі «көшінің» дыбысы естіле бастады. Содан соң волынканың сарнаған дауысы шықты. Келесі екі сағат бойы үлкендер «Кешкі ас зынданында» қамалады. Ұзын үстелді айнала отыруға мәжбүр, ханзада Альберттің дизайнымен жасалған шырағданның күңгірт жарығында көздерін шүйіріп қарауға мәжбүр, даяшылар математикалық дәлдікпен (өлшеуіш рулеткалары қолдарында) қойып шыққан фарфор мен шыны ыдыстар алдында қақиып отыруға мәжбүр, бөдене жұмыртқасы мен сутіл балығын шұқып жеп отыруға мәжбүр, ең сәнді киімдерін киіп алып, әңгіме-дүкен құруға мәжбүр. Қара галстук, қап-қара аяқкиім, шотландтық шалбар. Тіпті килт киген болуы да мүмкін.

«Ересек болған қандай азап!» – деп ойлаушы едім.

Кешкі асқа бара жатып әкем соғып кетті. Кешігіп жатса да, күмбезді көтеру көрінісін жасап кетті. «М-м-м, осы тамақты маған берсе ғой!» – деп ұзақ иіскеді. Өзі барлығын иіскеп жүретін: тамақты, раушан гүлдерді, біздің шашымызды. Өткен өмірінде бладхаунд болған шығар. Бәлкім, бәрін иіскей беруінің себебі өзінің иісі тым қатты болғаннан шығар. «Eau Sauvage». Бұл әтірін бетіне, мойнына, жейдесіне себетін. Гүлдің иісінен бөлек, бір қатты иіс араласқан. Ащы бұрыш па, оқ-дәрі ме – бірдеңе. Парижде жасалған. Бөтелкесінде солай деп тұр. Онысы анамды есіме түсірді.

– Иә, Хәрри, анаң Парижде.

Дәл бір жыл бұрын біржола ажырасып еді. Дәл осы күні десек те болар.

– Ақылды болыңдар, балалар.

– Жарайды, әке.

– Ертерек жатыңдар.

Өзі кетті, иісі қалды.

Уилли екеуіміз кешкі асымызды тауыстық, тағы кішкене теледидар көрдік, содан соң жатар алдындағы әдепкі қылықтарымызға көштік. Алдымен шеттегі баспалдақтың үстіңгі басқышында тұрып ересектерге құлақ түрдік. Бір жаман сөз немесе әңгіме естіп қалармыз деген үміт қой сондағы. Қабырғаға ілулі ондаған бұғының міз бақпайтын назарында ұзын дәліз бойымен ары-бері жүгірдік. Бір кезде әжемнің волынкашысына тап болдық. Шашы алба-жұлба, денесі алмұрт пішінді, көздері алабұртқан, үстінде твид килт. Волынканың үнін жақсы көретін әжем қайда барса, ол да сонда баратын. Виктория да волынканы ұнатқан дейді. Альберт болса аспапты «хайуанның аспабы» деген көрінеді. Жазда Балморалда демалған кезде әжем өзін волынкамен оятуды, сосын волынкамен кешкі асқа шақыруды сұрайтын.

Аспабы мас сегізаяққа ұқсайтын, бірақ оның салбыраған қолдары күміспен және қызыл ағашпен көмкерілген. Бұрын да талай көрген аспап. Бірақ бұл жолы оны бізге ұстап көруге, тартып көруге рұқсат берді.

– Шын ба?

– Әрине.

Волынкадан бір-екі балапан шиқылынан басқа ештеңе шығара алмадық. Жүрегіміз батпады. Ал волынкашының кеудесі виски құйылған бөшкедей еді. Оның қолында волынка сарнап, айқайлап қоя береді.

Волынка сабағын алғанымызға алғыс айттық та, қайырлы түн тілеп, бөлмемізге оралдық. Мұнда Мэйбл біздің тісімізді, бетімізді жуғанымызды қадағалады. Енді төсекке бет бұрдық.

Менің кереуетім биік еді. Үстіне шығу үшін секіруім керек болатын. Содан соң оның шұңқырлау ортасына аунап барып жататынмын. Кітап сөресіне мініп, артынан окопқа түсіп кеткендей болатынмын. Төсеніштер таза, үтіктелген, ақ түстің түрлі реңктеріне боялған. Алебастр түсті төсеніш, крем түсті жамылғы, жұмыртқа қабығы түсті көрпе. (Біразында «ER», яғни «Elizabeth Regina» мөрі басылған.) Барлығы барабанға тартылған терідей керулі, шебер түрде тегістелгендігі сонша, ғасырлар бойғы тесіктер мен жыртықтардың жамауын тез байқауға болады.

Жамылғыны мойныма дейін жауып алатынмын, өйткені қараңғыны ұнатпайтынмын. Жоқ, олай емес, қараңғыны жек көретінмін. Анам да жек көретін, оны маған өзі айтқан. Онысы маған берілген. Сосын оның мұрны, көк көзі, адамдарды жақсы көретіні, қулық пен өтірікті және ақсүйекшіл нәрселерді жек көретіні берілген. Сол жамылғылардың астында жатқаным әлі көз алдымда. Қараңғыға үңіліп, жәндіктердің шырылы мен үкілердің дыбысын тыңдап жатқанмын. Қабырғада бірдеңе жыбырлағандай ма? Едендегі жарық сызыққа қарап қалдым ба? Ол жарық үнемі түсіп тұратын, өйткені мен есікті кішкене ашық қалдыруын сұрайтынмын. Көзім ілініп кеткенше қанша уақыт өтті? Яғни балалығымның қанша бөлігі қалды, оның қаншасын бағаладым, тамашаладым? Өйткені келесі сәтте ұйқылы-ояу қалпымда әлдекімнің тұрғанын сезіндім.

– Әке?

Төсегімнің жанында төмен қарап тұр еді. Ақ түсті халаты театрдағы елеске ұқсатады.

– Иә, балақай, мен.

Жартылай ғана жымиды, көзін ала қашты.

Бөлме қараңғы емес еді. Жарық та емес. Біртүрлі түске боялған. Қоңыршыл сияқты, ежелгі ваннадағы судай.

Маған бір қызық түрмен қарады, ешқашан олай қарағанын көрмегенмін. Қорқынышпен бе?

– Не болды, әке?

Төсегімнің шетіне отырды. Қолын тіземе қойды.

– Балақай, анаң апатқа ұшырапты.

Не ойлағаным есімде: «Апат… М-хм. Бірақ өзі аман ғой? Иә?»

Осы ойдың санамда жалт еткені анық есімде. Анамның расында да аман екенін әкемнің растауын сабырмен күткенім де есімде. Бірақ оның растамағаны да есімде.

Содан соң ішімде бәрі астан-кестен болды. Үнсіз ғана әкеме, не Құдайға, не екеуіне жалбарына бастадым: «Жоқ, жоқ, жоқ».

Әкем ескі төсеніштер мен жамылғылардың қыртыстарына қарады.

– Халі нашарлап кетіпті. Анаң қатты жарақат алып, ауруханаға жеткізіліпті, балақай.

Маған «балақай» деп үнемі айтатын, бірақ бұл жолы тым көп айтып жатыр. Дауысы жұмсақ. Есеңгіреп отырған сияқтанды.

– О-о. Ауруханаға?

– Иә. Бас жарақатымен.

Папарацциді айтты ма? Анамның соңынан қуды деді ме? Оны айтпаған сияқты. Айтпады деп нақты айта алмаймын, бірақ айтпаған сияқты. Папарацци анамның да, бәрінің де мазасын алғаны сонша, айтудың да қажеті жоқ еді.

Тағы бір ойым: «Жаралы… бірақ аман. Ауруханаға жеткізіпті, дәрігерлер басын емдейді де, біз оны көруге барамыз. Бүгін. Ең кеші бүгін түнде».

– Қолдарынан келгенін жасапты, балақай. Бірақ анаң аман қалмады.

Бұл сөздер жадымда тақтаға қадалған жебенің оғындай сақталып қалған. Дәл осылай айтты, оған сенімдімін. Анаң аман қалмады. Содан соң тынысым тоқтап қалғандай көрінді.

Жоқ, олай емес. Көрінген жоқ. Ештеңе көрінген жоқ. Бәрі айдан анық, дәлме-дәл, қайтарымсыз тоқтады.

Менің оған айтқанымның ешқайсысы есімде қалмады. Ештеңе айтпаған да болуым мүмкін. Есімде тайға таңба басқандай қалғаны, жылаған жоқпын. Бір тамшы жас та жоқ.

Әкем мені құшақтаған жоқ. Қалыпты жағдайда да сезімін білдіре алмайтын ол мұндай күйзелісте қалай білдірсін? Бірақ ол қолын тағы бір рет тіземе қойды да: «Бәрі жақсы болады», – деді.

Онысының өзі көп. Әкелік мейірім, үміт сыйлайтын сөз. Жалған сөз.

Орнынан тұрды да, бөлмеден шықты. Арғы бөлмеде екенін, Уиллиге хабарлап қойғанын қалай білгенім есімде емес, бірақ білдім.

Төсекте жаттым ба, отырдым ба – білмеймін. Тұрмадым. Жуынбадым, дәретханаға бармадым. Киінбедім. Уиллиді немесе Мэйблды шақырмадым. Ондаған жыл сол бір таңның оқиғаларын есіме түсіре келіп, бұлжымас бір шындыққа жеттім: бөлмемде ештеңе демей, ешкіммен көріспей, сағат дәл тоғызға дейін жатқан болуым керек. Тоғызда сыртта волынка ойнай бастады.

Қандай әуен ойнағанын есіме түсіре алсам ғой. Бірақ ол маңызды емес те шығар. Волынкада әуен емес, тон маңызды. Мыңдаған жыл бұрын пайда болған волынка жүректегіні күшейту үшін жасалған. Егер өзіңізді ақымақ сезінсеңіз, волынка сізді одан да ақымақ етеді. Ашулы болсаңыз, қаныңызды одан да қайнатады. Ал егер қайғырып жатсаңыз, оның үстіне он екі жасар болсаңыз, әрі қайғылы екеніңізді білмесеңіз, әсіресе білмесеңіз шығар, волынка есіңізді адастыруы да мүмкін.

4

ЖЕКСЕНБІ ЕДІ. Сондықтан әдеттегіше шіркеуге бардық.

Крейти Кирк. Гранит қабырғалар, шотландтық қарағайдан жасалған үлкен шатыр, ондаған жыл бұрын Виктория сыйлаған витражды терезелер, осында ғибадат жасағаны үшін туындаған реніштерді жуып-шаю үшін шығар. Англия шіркеуінің басшысы бола тұрып, Шотландия шіркеуінде ғибадат жасағанына қатысты бірдеңе. Неге сонша шу шыққанын еш түсіне алмадым.

Сол күні шіркеуге кіріп бара жатқанымыздың фотоларын көрдім, бірақ олар ешқандай естелік оятпады. Министр бірдеңе деді ме? Жараның бетін тырнады ма? Оны тыңдадым ба, әлде орындықтың артына үңіліп отырып анашымды ойладым ба?

Балморалға қайтар жол көлікпен екі минуттық. Жолда тоқтайық деген ұсыныс жасалды. Таңнан бері адамдар жиналып жатты. Кейбірі заттар қалдырып жатыр: жұмсақ ойыншықтар, гүлдер, ашық хаттар. Оларға алғыс білдіру қажет.

Жолдың шетіне тоқтап, көліктен түстік. Түрлі түсті нүктелерден жасалған матрицадан басқа ештеңе көрмедім. Гүлдер. Тағы гүлдер. Жолдың арғы бетінен қалыпты ырғақпен сықырлаған дыбыстардан басқа ештеңе естімедім. БАҚ. Жұбанайын деп әкемнің қолына ұмтылдым да, өзімді іштей сөктім, өйткені бұл қимылымнан кейін фотоаппараттар сақырлап кетті.

Қалағандарын бердім. Эмоция. Драма. Жан азабы.

Объективтерін маған қадап, атып жатты, атып жатты.

5

БІРНЕШЕ САҒАТТАН КЕЙН ӘКЕМ ПАРИЖГЕ КЕТТІ. Жанында анамның әпкелері, Сара тәте мен Джейн тәте болды. Біреу апат туралы тағы ақпарат алу керек екенін айтты. Содан соң анамның денесін әкелу жағын реттеу керек болатын.

Денесі. Адамдар осы сөзді көп қолданды. Тамағымнан соққы алғандай тиетін. Неге олай алдайды?! Анашым өлген жоқ қой!

Мені кенет кернеген ой осы болды. Қамалда сенделіп, өз-өзіммен сөйлесуден басқа істейтін ештеңем болмаған соң, басында күмәнім пайда болды, ол артынан нық сенімділікке айналды. Бұның барлығы – жай ойын. Әрі бұл жолы ойнап жатқан айналамдағы адамдар емес, баспасөз құралдары емес, анашым болатын. «Өмірі азап еді. Оны қудалады, қорлады, ол туралы өтіріктер айтылды, оның өзіне өтіріктер айтылды. Сол үшін жалған апат ұйымдастырып, қашып кетті».

Осыны түсінгенімнен әрі демім тарылды, әрі жеңілдеп қалдым.

«Әрине! Бәрі жұртты алдау үшін, өмірін жаңадан бастау үшін! Дәл осы сәтте Парижде пәтер жалдап тұрып жатыр немесе Швейцариядағы Альпінің бір жерінде құпия түрде сатып алған ағаш үйінде жаңа терілген гүлдерді реттеп жатыр. Жақында, жақында Уилли екеуімізді жанына алдырады. Бәрі ап-анық қой! Неге бұрын түсінбедім екен? Анашым өлген жоқ! Ол жасырынып жатыр!»

Өзімді әлдеқайда жақсы сезіндім.

Содан соң көңілімді күмән торлай бастады.

«Тоқта! Анашым бізді бұлай қинамас еді. Айтып жеткізгісіз қайғы ғой бұл, ол ондайға өзі себеп болмақ түгіл, басқаға да жол бермес еді».

Сосын тағы жеңілдеу: «Амалы қалмаған ғой. Еркіндікке жетуінің жалғыз жолы осы болғаны да».

Қайтадан күмән: «Анашым тығылмайды, ол ержүрек қой».

Жеңілдеу: «Арпалысуының бір тәсілі осы. Ол қайтып келеді. Міндетті түрде. Екі аптадан кейін туған күнім ғой».

Бірақ әкем мен тәтелерім одан бұрын келді. Олардың оралуын әрбір телеарна көрсетті. «Нортхолт» әуе базасында ұшақтан түсіп жатқандарын бүкіл әлем бақылады. Бір арна тіпті бұған музыка қосып қойды: әлдекім мұңды псалом оқып жатты. Уилли екеуімізді теледидарға жолатпады, бірақ біз оны естіген сияқтымыз.

Келесі күндер вакуум ішінде өтті. Ешкім ештеңе демеді. Бәріміз қамалдың ішінде қамалдық та қалдық. Моланың ішінде жүрген сияқты, бірақ «моладағылар» торкөз шалбар киіп, күнделікті өмірін сүріп жатты. Біреу бірдеңе десе де, мен ештеңе естімедім. Маған естілген жалғыз ғана дауыс өзіммен айтысып жатқан ішкі дауысым еді.

– Ол енді жоқ.

– Жоқ, ол тығылып жатыр.

– Ол өлді.

– Жоқ, ол өтірік өлді.

Ақыры Лондонға оралатын таң да жетті. Ол сапар мүлде есімде жоқ. Машинамен бардық па? Корольдік ұшақпен бе? Әкеммен, тәтелеріммен жүздескенім есімде. Сара тәтемен болған әлгі шешуші кездесу де есімде, бірақ бұл естелік тұманға оранған. Оған қоса қай кезде болғаны нақты емес. Кейде жадым оны қыркүйектің сол бір қорқынышты алғашқы күндеріне қояды, ал басқа кездерде бірнеше жылдан кейін болғандай қылады.

Қашан болса да, былай болды:

– Уильям? Хәрри? Балалар, Сара тәтенің сендерге беретіні бар.

Ол жақындап келді, қолында екі кішкентай көк қорабы бар.

– Бұл не?

– Ашыңдар.

Маған берілген қораптың қақпағын аштым. Ішінде… мүк пе? Жоқ.

Мұрт па?

Жоқ.

– Бұл н…?

– Шашы ғой, Хәрри.

Сара тәтенің айтуынша, ол Парижде болған кезде анамның екі түйір шашын қырқып алыпты.

Міне. Дәлел. Ол шынымен қайтыс болған екен.

Бірақ бірден сенім беретін күмән, өмірді құтқаратын белгісіздік ойға оралды: «Жоқ, бұл кез келген біреудің шашы болуы мүмкін». Ал анашым әдемі сары шашы түгел күйінде бір жерде тірі жүр.

«Болмаса, мен білер едім ғой. Денем сезер еді. Жүрегім сезер еді. Ал бұл екеуі де ештеңе сезген жоқ».

Екеуі де әркездегідей оған деген махаббатқа толы.

6

УИЛЛИ ЕКЕУІМІЗ КЕНСИНГТОН сарайындағы көпшілік арасында жымиып, амандасып көп серуендедік. Бейне бір президенттікке үміткер сияқтымыз. Жүздеген, одан да көп қол біздің бетімізді сипай берді, алақандары көбінесе дымқыл болды.

Мені қызықтырған ой: «Неліктен екен?»

«Көз жастары ғой».

Бұл қолдар маған мүлдем ұнамады. Нақтырақ айтқанда, олардың әсерінен менің бойымды кернеген сезімдер… Кінә.

Неге бұл адамдар жылап тұр? Ал менің көзіме жас келер емес, неге?

Менің жылағым-ақ келіп тұр, тырысып та көрдім. Себебі анамның өмірі қилы болғаны сонша, осындай қойылым арқылы өмірден озуды қажет деп тапты. Алайда көзіме бір тамшы жас та үйірілмеді. Отбасымның ұстанымын жете білгендіктен бе, терең сіңіргеннен бе, көз жасын төгу мүмкін емес болды.

Айнала толған гүл шоқтары болатын. Айтып жеткізуге ауыр қайғы-қасіретті бастан өткеріп жатқаныма қарамастан, үнемі сыпайы болғаным есімде. Тіптен қарт ханымдар: «Құдайым-ау, байғұс баланың ізеттілігін-ай», – деген еді. Есімде, келген адамдарға, көңіл айтушыларға, жанымызда қалған адамдарға бірнеше күн бойы шексіз алғыс білдірумен болдық. Жерге жатып, қамығып жатқан адамдарды жұбатқаным да бар. Анамды білген секілді. Қайғыларына ортақтасып тұрып, ішімнен: «Сендер оны білген жоқсыңдар,» – деп ойлап тұрдым. Білген кейіп танытасыңдар, бірақ сендер оны білмедіңдер…

Жоқ, білмейсіңдер… Осы шақ.

Көпшіліктің алдына шығып болып, Кенсингтон сарайына қайта оралдық. Анамның пәтеріне екі үлкен қара есіктен кіріп, ұзын дәлізден өтіп, сол жақтағы бөлмеге аяқ бастық. Онда үлкен табыт тұрды. Қанық қоңыр түсті, ағылшын еменінен жасалған. Бетіне Ұлыбританияның туы жабылғаны есіме түсіп тұр ма, әлде қиялым ба екен?

Сол ту мені толғандырып жіберді. Неге екені белгісіз. Мүмкін, балалық шақтағы соғыс ойындарынан шығар. Жастайымнан қалыптасқан отансүйгіштік сезімнен шығар. Болмаса сол күндері «ту, ту, ту» дегенді мың рет естігенімнен шығар. Бәрінің әңгімесі сол болды. Адамдар Букингем сарайындағы тудың жартылай түсірілмегеніне наразы болды. Олар тіптен Корольдік байрақтың тұғырдың жартысына дейін ешқашан түсірілмейтінін, әжем сарайда болғанда ілініп, жоқ кезде ілінбейтінін де елемейді. Олардың бар уайымы – ресми түрде аза тұтылғанын көру, ал оны көрмеген соң ашуға басып тұр. Яғни анамның жоғалуына тигізген әсерінен назарды бұрмақ болған британдық газеттер оларды ашулануға итермеледі. Әжеме арналған бір мақала есімде қалды. Тақырыбы «Сізге бәрібір емес екенін көрсетіңіз» болатын. Өздеріне «бәрібір емес» болғаны сонша, анамды қайтып шықпас түнелге айдап салғандары ойларына кіріп те шықпайды.

Бұл кезде оқиғаның «ресми» нұсқасын естіп үлгерген едім: папарацци анамды Париж көшелерінде, содан соң түнелге дейін қуған, онда оның «Мерседесі» қабырғаға немесе цемент бағанаға соғылып, өзі, досы және жүргізуші қайтыс болған.

Бетіне ту жабылған табыттың алдында тұрып, ойыма келген сұрақ: «Анам отансүйгіш адам болды ма? Шынына келгенде, Ұлыбритания жайлы анамның ойы қандай еді? Біреу одан сұрады ма?»

«Өзінен қашан сұрай алар екенмін?»

Сол сәтте отбасы мүшелерінің табыт басында бір-біріне немесе табытқа не айтқаны есімде жоқ. Тіптен Уиллимен де болған әңгіме есімде қалмады. Бірақ адамдардың Уилли екеуімізге қарап, «балалар шок болып жүр» деген сөздері есімде. Бізді шоктан саңырау болды деді ме екен, оларын сыбырлап айтуға әуре де болған жоқ.

Келесі күнгі жерлеу туралы әңгіме болды. Соңғы жоспарға сәйкес король әскерлері табытты ат арбаға салып, көшелермен алып жүріп, ал Уилли екеуіміз оның соңынан еруіміз керек еді. Екі жасөспірім балаға бұл тым ауыр жүк сияқты көрінді. Үлкендердің біразы абдырап қалды. Тіптен анамның ағасы Чарльз көке айқай шығарды: «Бұл балаларды анасының табытының артынан жүргізіп қоймақсыңдар ма!? Жабайылық қой!»

Одан кейін балама жоспар ұсынылды. Уилли жалғыз жүретін болды. Сайып келгенде, оның жасы 15-те болатын. «Ал кіші балаға тимеңдер». Қосалқыны босатады. Осы жоспар жоғарыға жіберілді.

Жоғарыдан кері жауап келді.

Екі ханзада да жүруі керек. Халықтың аянышын алу үшін шығар.

Чарльз көкемнің қаны басына шапты. Ал мен ызаланбадым. Себебі Уиллидің бұл жүкті менсіз көтергенін қаламаған едім. Рөлдеріміз керісінше болғанда ол да менің жалғыз жүруімді қаламас еді, тіпті оған жол бермес еді.

Сонымен, ертеңгі таң атты, бәріміз бірге жолға шықтық. Мен Чарльз көкемнің сол жағында, Уилли оң жағында, оның артында атам. Менің сол жағымда әкем жүрді. Сол күні бір байқағаным – атамның салмақты түрі. Бейне бір кезекті корольдік міндеті секілді. Көздері анық есімде, алдына тік қараған. Бәрі өздерін солай ұстады. Ал мен жол бойы төменге қарап жүрдім. Уилли де сөйтті.

Қол-аяғым ұйып қалғандай болғаны есімде. Жұдырығым тастай жұмылғаны да есімде. Көзімнің бір қырымен Уиллиге қарап, одан күш-жігер алғаным есімде. Бәрінен де түрлі дыбыстар есімде жақсы сақтаулы: жүгеннің сыңғыры мен тер басқан алты қоңыр аттың тұяқтарының дүбірі, олар тартып келе жатқан қарулы арбаның дөңгелектерінің сықырлағаны. (Бірінші дүниежүзілік соғыстың жәдігері екен, онысы лайықты көрінді, себебі анам бейбітшілікті қанша жақсы көрсе де, папараццимен немесе әкеммен шайқасып жүріп, жиі сарбаз сияқты көрінетін.) Бұл дыбыстар өмірімнің соңына дейін жадымнан өшпесе керек, өйткені олар айналаны кернеген тыныштықтан айрықшаланып тұрды. Бірде-бір мотор, көлік, құс үні жоқ. Адам дауысы да болмады. Онысы мүмкін емес еді, себебі көшеге екі миллион халық жиналған-ды. Оқта-текте естілген зар ғана адамнан құралған шатқалда келе жатқанымызды сездірді.

Жиырма минуттан кейін Вестминстер аббаттығына жеттік. Ұзын қатарлы орналасқан орындықтарға отырдық. Жерлеу рәсімі бірқатар дұғалар мен қабір басындағы мадақтаулармен басталып, Элтон Джонның орындауымен аяқталды. Ол аббаттықты басқарған корольдердің бірі өлілер әлемінен оралғандай орнынан баяу, қысылып көтерілді. Алға шығып, үлкен пианиноға барып отырды. Оның анама арнап қайта өңдеген «Жел тербеген майшам» атты шығармасын білмейтін адам жоқ шығар. Ойымда қалған әуен менің жадымда сол сәттен қалып қойды ма, жоқ кейін бейнероликтерден естідім бе – анық есімде жоқ. Қайта-қайта көрген қорқынышты түстерімнің қалдығы болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, ән шарықтау шегіне жеткенде көзім шым-шым етті де, жас төгіле жаздады.

Жылауға шақ қалдым.

Рәсім аяқталар сәтте Чарльз көкем өзіне берілген уақытта барлығын сөкті: отбасымызды, халықты, баспасөзді – анамды өлім аузына дейін қуып барғанның бәрін. Бұл соққыдан аббаттықтың, сыртта тұрған жұрттың тайсалғаны сезілді. Шындық жанға батады. Содан кейін сегіз Уэльс сақшысы алға жылжып, қорғасынмен қапталған үлкен табытты көтерді, ол бұл жолы Корольдік байрақпен жабылды, протоколдың өрескел бұзылуы деп осыны айт. (Қысымға мойынсұнып, туды діңгекке жартылай түсіріп те қойды; әрине, Корольдік байрақты емес, «Юнион Джекті», десек те, бұрын-соңды болмаған ымыра.) Корольдік байрақ әрқашан тек корольдік отбасы мүшелеріне ғана арналатын, ал анам енді отбасы мүшесі емес деп еді. Демек, әжем оны кешірген бе? Сондай сияқты. Бірақ табытты көшеге ақырын алып шығып, қара арбаға тиеп жатқан кезде бұл сұрақтарды үлкендерге қоймақ түгіл, санамда құрастырып та үлгермедім. Ұзақ кідіргеннен кейін, катафалк жолға шығып, Лондонды ақырын айналып өтті. Ескірмейтін бұл қаланың барлық жағында жиналған халық саны Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын тойлаған халықтан екі есе көп. Катафалк Букингем сарайының жанынан, Парк-Лейн бойымен қала шетіне қарай өтіп, Финчли жолына, содан кейін Хендон жолына, Брент Кросс эстакадасына, Солтүстік айналма тас жолға, М1 тас жолының 15а қиылысына, содан соң солтүстікке қарай Харлстонға дейін жүрді де, Чарльз көкемнің иелігіндегі темір қақпадан өтті.

Элтроп.

Уилли екеуіміз бұл сапардың басым бөлігін теледидардан көрдік. Элтропқа алдын ала келіп қойған едік, бірақ асығыстықтың қажеті болмай шықты. Көлік ұзақ жолмен жүріп қана қоймай, жол бойы адамдар оған гүл лақтырумен болды. Одан радиатордың саңылаулары бітеліп, қозғалтқыш қызып кетіп жатты. Оққағар көліктен түсіп, көліктің алдыңғы терезесінен гүлдерді алып тастауы үшін жүргізуші бірнеше рет тоқтауға мәжбүр болды. Оққағардың аты Грэм болатын. Уилли екеуіміз оны қатты жақсы көретін едік. Біз оны «Піспе» деп атайтынбыз. «Грэм» піспелеріне ұқсатып. Бізге күлкілі көрінетін.

Табыт Элтропқа келгеннен кейін қайта шығарылып, тоған арқылы, әскери инженерлер асығыс тұрғызған жасыл темір көпір арқылы шағын аралға апарылды да, тұғырға қойылды. Уилли екеуіміз аралға осы көпір арқылы өттік. Анашымның қолдары кеудесіне қойылып, Уилли екеуіміздің фотосуретіміз ұстатылыпты. Сірә, оны шын жақсы көрген жалғыз екі жігіт біз болған шығармыз, әйтеуір, бәрінен де қатты жақсы көрген екі жігіт болғанымыз анық. Мәңгілік түнекте екеуіміз оған күліп қарап тұратын боламыз. Табыт бетінен ту алынып, ол шұңқырдың түбіне түсіріліп жатқан сәтте дәл осы ой менің жан дүниемді ойсырата түсті. Денем дірілдеп, басым салбырап, еріксіз еңіреп жылай бастадым.

Отбасылық қағидаларды бұзғанымды түсінсем де, жігерімді жинай алмадым.

«Бәрі жақсы, – деп өзіме қайталай бердім. – Мұнда камералар жоқ».

Анам сол қабірде немесе табытта жатқаннан жылаған жоқпын. Кім не десе де, оған сенбеймін деп өзіме уәде еткенмін.

Жоқ, ондай нәрсе болуы мүмкін екеніне жыладым.

Егер анам шын өлген болса, неткен қабырға қайыстырар қасірет болар еді деп ойладым.

7

СОСЫН БӘРІ ӨМІРЛЕРІН ЖАЛҒАСТЫРДЫ.

Отбасым жұмысына қайта оралды, ал мен жыл сайынғы жазғы демалыстан кейінгі әдетімше қайта мектепке бардым.

«Тірі адам тіршілігін істейді», – деп бәрі бір-бірінің еңсесін көтере түсті.

Әкемнің төбесі ашық «Астон Мартин» автокөлігінің жолаушылар орнынан да бәрі бұрынғыдай көрінді. Жасыл желек қаптаған Беркшир графтығының ауылды жерінде орналасқан Ладгроув мектебі әдеттегідей ауылдық шіркеуге ұқсайды. (Ойлап қарасам, мектептің ұраны да Екклесиаст кітабынан: «Қолыңнан келсе, қонышынан бас!») Дегенмен екі жүз акр орманы мен шабындығы, спорт алаңдары мен теннис корттары, ғылыми зертханалары мен капеллалары, әрі қоры бай кітапханасы бар ауылдық шіркеулер көп емес.

1997 жылы мені іздей қалсаңыз, кітапханадан емес, орманнан табуыңыз әлдеқайда ықтимал еді. Одан қалды, спорт алаңында. Әрқашан қозғалуға, өзіме бос уақыт қалдырмауға тырыстым.

Сосын, көбіне жалғыз жүретінмін. Әдетте адамға үйір болатынмын, бірақ сол күндері ешкімді жақындатқым келмеді. Кеңістік керек болды.

Десек те, жүзден астам ер бала көрші тұратын Ладгроувта бұл оңай шаруа емес еді. Бірге тамақтанып, шомылып, ұйықтап, кейде бір бөлмеде он шақты ұл тұратынбыз. Барлығы бір-бірінің сырын білетін, тіпті кімнің сүндеттелгеніне дейін. (Біз оларды «дөңгелек бастар» дейтінбіз.)1

Дегенмен жаңа тоқсан басталған кезде бірде-бір бала анамды аузына алмады. Құрметтері ме?

Қорыққаннан десем, дұрысырақ болар.

Өз басым ешкімге ештеңе демедім.

Қайтқаннан кейін бірнеше күн өткен соң туған күнім болды. 1997 жылғы 15 қыркүйек. Он үшке толдым. Бұрыннан келе жатқан Ладгроув дәстүрі бойынша торт, шербет беріледі және маған екі дәмді таңдауға рұқсат берілді. Мен қарақат пен мангоны таңдадым.

Анамның сүйікті дәмдері болатын.

Ладгроувта туған күндерге үлкен мән берілетін, себебі балалардың бәрі, әрі ұстаздардың көбі тәттіге құмар еді. Туған күн иесінің жанындағы орын үшін қатты талас жүретін: сондағысы торттың үлкендеу бөлігін аласың, әрі алғашқылардың бірі болып жейсің. Менің жанымдағы орынды кім жеңіп алғаны есімде жоқ.

– Тілек тіле, Хәрри!

«Тілек керек пе? Жарайды, Анашым әлі…»

…Дей бергенім сол еді, Сара тәтем келе қалды.

Қолында қорабы бар.

– Аша ғой, Хәрри.

Сыйлықтың қағазын, таспасын жырттым. Ішіне үңілдім.

– Бұл не?

– Анаң сен үшін алған. Әлгі оқиғаның дәл алдында…

– Парижде ме?

– Иә, Парижде.

«Xbox» екен. Қуанып қалдым. Бейне ойындар қатты ұнайтын.

Бәрі солай болды деседі. Өмірім туралы көптеген жазбаларда келтіріледі, рас-өтірігін білмеймін. Әкем анамның басын жарақаттағанын айтты, мүмкін, керісінше, менің миым зақымдалған шығар? Сірә, қорғаныс механизмі ретінде менің жадым болып жатқан оқиғаларды бұрынғыдай есте сақтамайтын да болар.

8

ЕКІ ДИРЕКТОРЫ ГЕРАЛЬД МЫРЗА ЖӘНЕ МЭРСТОН МЫРЗА атты екі ер адам болғанына қарамастан, Ладгроувтағы ас-суды басқаратын әйел адамдар еді. Біз оларды матрондар деп атайтынбыз. Күнделікті не жылу көрсек, солардан көретінбіз. Матрондар бізді құшақтап, сүйіп, жарақаттарымызды таңып, көз жасымызды сүртетін. (Тек менің емес. Сол бейіт басындағы оқиғадан кейін мен жыламайтын болдым.) Олар өздерін біздің қамқоршыларымыз секілді ұстайтын. Ана орнына ана болатын, олар әрқашан біз үшін шырылдап тұратынына таңғалатынмын. Бірақ бұл жолы анам жоғалып кеткен соң тіптен басқаша сезіне бастадым. Оның үстіне, олар маған тартымды бола бастады…

Мисс Робертске ғашық едім. Қайтсем де оған үйленемін деуші едім. Сосын екі Мисс Линн есімде. Үлкен Мисс Линн және кіші Мисс Линн. Апалы-сіңлілі еді. Маған кішісі қатты ұнайтын. Оған да үйленемін деп ойладым.

Аптасына үш рет кешкі астан кейін матрондар жасы кіші балаларға жуынуға көмектесетін. Әлі күнге дейін ақ ванналардың ұзын қатары көз алдымда, әрқайсысында кішкентай король сияқты шалқайып, шашы жуылғанын күтіп балалар жататын. (Балиғатқа толған жігіттер үшін сары есіктің артында бөлек екі ванна болатын.) Қатты щетка мен гүл аңқыған сабын ұстаған матрондар ванналарды жағалай жүріп өтетін. Әр баланың мектеп нөмірі бедерленген өз сүлгісі болды. Менікі 116 еді.

Әр баланың басын сусабынмен жуғаннан кейін матрондар басын артқа шалқайтып, баяу және сән-салтанатпен шаятын.

Бі-і-і-р-түрлі.

Матрондар бит тазалауға да көмектесетін. Бит басу деген үйреншікті еді. Апта сайын дерлік кемінде бір баланың шашы биттейтін. Саусақпен нұсқап: «Лә-лә-лә, битті бас!» – деп мазақ ететінбіз. Көп ұзамай бір матрон биттеген баланың шашын қандай да бір ерітіндімен ысқылап, содан кейін өлі биттерді арнайы тарақпен тарап, алып тастайтын.

Он үш жасымда матрон жуындыратындардың қатарынан шықтым. Бірақ түнде олардың бізді жайлы жатқызып, таңда жылы сөздермен оятуларына құмар болдым. Көзімізді аша сала көретініміз матрондар болатын. Олар бөлмелерге кіріп, перделерімізді ашатын. «Балалар, қайырлы таң!» Ұйқылы-ояу күн сәулесіне бөленген сұлу адам бейнесін көретінмін де:

«Сол ма екен?» – деп қалатынмын.

Ол емес болып шығатын.

Менің көп араласатын матроным Пэт болды. Пэт басқа матрондар секілді тартымды емес еді. Ол суық жүзді, кішкентай, мылжың, тыржиған, майлы шашы үнемі шаршаңқы көзіне түсіп жүретін. Пэт өмірден аса ләззат алмайтындай көрінетін. Оның бар қызығы балаларды болмауы керек жерде ұстап алу немесе бұзықтықты басталар сәтте тоқтату секілді. Жастықпен төбелес басталар алдында есік алдына күзетші қойып қоятынбыз. Пэт (немесе директор) келе жатса, ол: «КВ! КВ!» – деп ұран салуы керек. Ұмытпасам, латынша қысқарту. Біреулер «Директор келе жатыр!» дегенді білдіреді десе, басқалар «Сақ бол!» деген сөз дейтін.

Қайсысы болса да, ол сөзді естіген бойда ол жерден кету керек немесе ұйықтап жатқан кейіп таныту керек.

Пэттен тек жаңадан келген немесе аңқау балалар көмек сұрайтын. Ең сорақысы – оған жаралы болып бару. Ол оны таңып берудің орнына саусағымен нұқып қалатын немесе одан бетер ауыртатын, бірдеңе себетін. Садист болғаннан емес, тек «эмпатиясы шектеулі жан» сияқты көрінетін. Қызық, ол қиындықтың не екенін біледі ғой. Өмірі мүлде оңай деуге келмейді.

Бәрінен жаманы тізесі мен арқасы еді. Біреуі иілмейді, біреуі бүкірейіп қалған. Пэт үшін жай жүріс – азап, баспалдақтар тозақ болатын. Баспалдақтан түскенде асықпай, артқа қарай түсетін. Көбінесе біз төменіректе тұрып, қиқаңдап, қоқиланған түр көрсетіп, оны мазақтайтынбыз.

Оны қайсымыз ерекше ынтамен істейтінін айтпасам да түсінікті шығар.

Пэт бізді ұстап алады деп ешқашан бас қатырмайтынбыз. Ол тасбақа секілді баяу, ал біз бақа секілді шапшаң болдық. Бірақ анда-санда тасбақаның да жолы болатын. Ұмтылып, біреуді уысына түсіретін. А-ха! Ұсталған баланың біткен жері сол болатын.

Бірақ біз оған қоя қоймаймыз. Баспалдақтан түскен сайын мұқататын едік. Нар тәуекел – ердің ісі. Менің көксегенім байғұс Пэтті азаптау емес, жолдастарымды күлдіру болатын. Басқалар күлсе, жаным рақат табатын, әсіресе өзім күлмегеніме бірнеше ай болғанда.

Пэт оны сезген де болар. Ара-тұра бұрылып, менің нағыз есек болып тұрғанымды көріп, ол да күлетін. Ең тамаша сәт сол болатын. Достарымды күлдірген жақсы, бірақ бақытсыз Пэтті күлдіргенге ештеңе жетпейді.

9

БІЗ ОЛ КҮНДЕРДІ «ОПЫРУ КҮНІ» ДЕУШІ ЕДІК.

Ұмытпасам, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері болатын. Түскі астан кейін бәріміз дәлізде тізілеміз де, алдымызда тәттілерге лық толы үстелге мойын созып жалтақтайтынбыз. «Манчиз», «Скиттлз», «Марс» шоколады және ең кереметі – «Опал фрутс». («Опал фрутсты» кейін «Старберст» деп өзгерткенде қатты қапаландым. Барып тұрған күпірлік. Ұлыбританияның атын өзгерткендей.)

Тәттіге толы үстелді көріп-ақ есіміз кететін. Сілекейіміз шұбырып, егіншілердің құрғақшылық кезінде жауынды күткеніндей, тәттінің ләззатын тағатсыздана күтіп ауыз жаппайтынбыз. Кезекте тұрып тәттінің рақатын қалай шыңдай түсетінімді жоспарлайтын едім. «Опал фрутс» кәмпиттерінің бәрін бір-біріне жабыстырып, үлкен кәмпитті аузыма тыға салушы едім. Ол аузымда еріп, қаным декстрозаның көпіршіген сарқырамасына айналатын да қалатын. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас».

«Опыру күнінің» қарама-қарсысы хат жазу күні еді. Әр бала отырып, ата-анасына хат жазуы керек. Керемет күннің өзінде мен үшін бір азап еді. Әкем мен анамның ажыраспаған кездері онша есімде емес, сондықтан оларға хат жазарда өзара реніштерін, апай-топай ажырасуларын атамау жоғары дәрежелі дипломаттың ептілігін қажет етті.

«Әкешім, анам қалай?»

Жоқ, олай емес.

«Анашым, әкемнің айтуынша, сіз…»

Жоқ.

Бірақ анам өмірден өткен соң хат жазу мүлдем мүмкін емес болып кетті.

Матрондар анама «соңғы» хатымды жазуымды сұрапты. Ол тірі деп қарсы шыққым келгені кішкене есімде, бірақ олар мені жынды деп ойлайтын шығар деп қорқып, үндемедім. Оның үстіне, қасарысып қайтем? Анам тығылып жатқан жерінен шыққанда хатты оқиды, сондықтан еңбегім зая кетпейді.

Әдептілік үшін бірдеңені жазған шығармын: сағындым, мектепте бәрі жақсы, тағысын тағы. Бір рет бүктеп, матронға берген шығармын. Артынша хатқа ыждағат етпегеніме өкінгенім есімде. Анама көкейімде жатқан сезімдерді, жүрегімді ауыртатын барлық нәрсе туралы, әсіресе телефонмен соңғы сөйлескенімізге өкінгенім туралы айтпадым. Ол апат болатын түнгі кештің басында қоңырау шалды, бірақ мен Уиллимен және басқа туыс балалармен асыр салып, ойынымызды қимадым. Сондықтан анаммен қысқа ғана сөйлестім. Қайтып барып ойнауға асығып, анаммен атүсті әңгімелестім. Сол үшін кешірім сұрамағаныма өкіндім. Оны қаншалықты жақсы көретінімді айтып жеткізетін сөздерді іздегенімде ғой.

Оларды табу ондаған жылдарға созылатынын білмедім.

10

БІР АЙДАН КЕЙІН демалыстар басталды. Ақыры үйге баратын болдым.

А, жоқ… бармайды екенмін.

Әкем анаммен ажырасқан соң негізінен Әулие Джейм сарайында тұратын. Әкеме бөлінген уақытты Уилли екеуіміз сонда өткізетінбіз. Бұл жолы әкем демалысымды сарайда бос сенделумен өткізгенімді қаламаған сияқты. Алып сарайда жалғыз өзім бірдеңеге ұрынармын деп қорыққан болар. Газеттен бірдеңе көріп қалар, радиодан бірдеңе естіп қалар деп алаңдады. Ашық терезеден немесе ойыншық солдаттармен ойнап отырғанымда біреулер суретке түсіріп алар деп уайымдады. Тіпті тілшілер менімен сөйлеспек болғанын да елестеткен шығар. «Сәлем, Хәрри, анаңды сағынып жүрсің бе?» Елдің қайғыдан есі шығып жатты, бірақ баспасөз құралдары есіріп кетті.

Ең сорақысы, маған қарайтын Уилли де жоқ. Ол Итонда болды.

Сондықтан әкем мені өзімен бірге жоспарлы іссапарына алып кететінін хабарлады. Оңтүстік Африкаға.

– Оңтүстік Африка, ма? Шынымен бе?

– Иә, балақай. Йоханнесбургқа.

Ол Нельсон Манделамен және «Спайс герлз» тобымен кездесу өткізді.

Әрі қуанып кеттім, әрі таңғалдым. Атақты «Спайс герлз» тобы ма, әкешім? Топ Йоханнесбургта концерт беріп жатқанын, сондықтан олар президент Манделаға құрмет көрсетуге баратынын түсіндірді. Керемет, «Спайс герлз» тобының неге онда болатыны түсінікті… Ал біз ше? Оны түсінбедім. Әкеме менің түсінгенім қажет те емес сияқты.

Шын мәнінде, әкемнің қол астындағылары оның әлемдегі ең құрметті саяси көшбасшының және әлемдегі ең танымал музыкант әйелдер тобының қасында тұрған суреті оған өте қажет оң көзқарасты мақалалардың шығуына себеп болады деп үміттенді. Анам қайтыс болғалы әкем сөз астына қалды. Адамдар оны ажырасуға себепкер болғанына және сәйкесінше, одан кейінгі барлық нәрсеге кінәлады. Оның әлемдік рейтингі күрт нашарлап кетті. Мысалы, Фиджиде оның құрметіне арналған ұлттық мерекеден бас тартты.

Сапардың ресми себебі қандай болса да, маған бәрібір. Мен бірге баратыныма қуандым. Бұл Ұлыбританиядан шығуға мүмкіндік болды. Әкеммен уақыт өткізу тіпті жақсы себеп, соңғы кездері ол алшақтап кеткендей еді.

Әкем бұрындары алшақ болмады дегенім емес. Ол үнемі жауапкершілік, сабырлылық, уақыт бөлу секілді ата-аналық міндеттерге дайын емес адамның әсерін қалдыратын. Өзі намысқой адам болды, оны мойындайтын. Бірақ жалғыз басты әке болу мүлде оған арналған іс емес еді.

Шынын айту керек, қолынан келгенше тырысты. Кешкісін төменнен айқайлайтын едім: «Жатайын деп жатырмын, әкешім!» Ол әрқашан көңілді жауап қайтаратын: «Қазір барамын, балам!» Сөзінде тұрып, бірнеше минуттан кейін ол менің төсегімнің аяқ жағында отыратын еді. Менің қараңғылықты ұнатпайтынымды ешқашан ұмытқан емес, сондықтан мен ұйықтап кеткенше бетімнен сипап отыратын. Әкемнің бетімнен, маңдайымнан, сипағаны, оянғанда жанымда болмаса да, есікке әрқашан саңылау қалдырып кететіні – ең жағымды естеліктерімнің бірі.

Алайда осы өткінші сәттерден басқа, әкем екеуіміз көбіне жай қатар өмір сүріп жаттық. Әңгімелесу, тыңдау, бетпе-бет ашылып сөйлесу оған қиын еді. Кейде бірнеше тағамдық кешкі астан кейін жоғарыға көтеріліп, жастығымның үстінде жатқан хатты көретінмін. Хатта мен жасаған немесе жеткен нәрсем үшін мені қаншалықты мақтан тұтатыны жазылатын. Мен күлімдеп, хатты жастығымның астына қоятын едім, бірақ ол жаңа ғана дәл қарсы алдымда отырғанда неге өзі айтпады деп таңғалатынмын.

Сол себепті әкеммен бірнеше күнді еркін өткізу мүмкіндігі қуантпай қоймады.

Сосын қиялдан шынайы өмірге оралдым. Бұл әкем үшін іссапар еді. Мен үшін де. «Спайс герлз» концерті менің жерлеу рәсімінен кейінгі алғаш рет көпшілік алдында бой көрсетуім болды және түйсігім арқылы, естіген әңгімелерімнің шет-жағасы арқылы жұртшылықтың менің амандығыма деген ықыласы зор екенін білетінмін. Олардың көңілін қалдырғым келмеді, бірақ одан бөлек бәрі мені жайыма қалдырғанын қаладым. Қызыл кілемге шығып, өтірік күліп, кенеттен Әулие Джеймс сарайындағы төсегіме оралғым келіп кеткені есімде.

Менің қасымда 20 сантиметрлік биік өкшесі бар ақ туфли киген Бейби Спайс тұрды. Мен оның өкшесіне, ол менің бетіме қадалып қалды. Бетімді шымши берді: «Топ-томпақ өзі! Сүйкімді!» Содан кейін Пош Спайс алға шығып, менің қолымды қысты. Келесі кезекте Джинджер Спайсты көрдім. Тек осы қызыл шашты Спайс қызбен ғана қандай да бір байланыс сезініп едім. Оның үстіне, ол жақында «Юнион Джек» салынған мини-көйлек киіп, әлемге әйгілі болды. «Неге табытқа “Юнион Джек” жабылды?» Ол да, басқа Спайс қыздары да маған сөйлеп, мен түсінбейтін сөздерді айтып жатты және журналистермен әңгіме-дүкен құрып жатты. Ал тілшілердің бар назары менде: «Хәрри, бері қарашы, Хәрри! Қалың қалай, Хәрри?» Сұрақ, бірақ сұрақ емес. Сұрақ, бірақ тұзақ. Қасапшының өткір пышақтары секілді басыма бағытталған сұрақтар. Журналистерді менің халім қызықтырмады, олардың күткені менің жаңалықта көрсететіндей бірдеңе айтуым еді.

Фотоаппарат жарқылына қарап, тістерімді жалтыраттым, бірақ ештеңе демедім.

Мен жарықтан қорыққан болсам, «Спайс герлз» мас болды. «Иә, иә, тағы да түсір» дегендей. Қайта маған жақсы. Оларға неғұрлым көбірек көңіл бөлінсе, соғұрлым мен де тасалана түсемін. Олардың баспасөзге музыка мен миссиялары туралы айтқаны есімде. Мен олардың миссиясы бар екенін білмеппін, бірақ бір Спайс топтың сексизмге қарсы қозғалысын Манделаның апартеидке қарсы күресімен салыстырды.

Ақыры біреу концерт басталатын уақыт жақындағанын айтты.

– Бара ғой, әкеңнің ізінен ер.

– Концерт? Әкем?

Сену мүмкін емес. Іс жүзінде болып жатқан кезде тіптен сене алмайсың. Бірақ өз көзіммен көрдім: әкем әуенге қосылып, басы мен аяғын тербетіп тұрды.

 
Болашақта бірге болуды қаласаң, өткенімді ұмыт,
Жақынырақ білгің келсе, қалма тұрып.
 

Кейін, шығып бара жатқанда, тағы да фотоаппарат жарқылдай түсті. Бұл жолы жанымызда ой бөлетін «Спайс герлз» болмады. Тек әкем екеуіміз едік.

Мен оған қолымды созып, оның қолын ұстап алып, жібермедім.

Фотоаппараттың жарқылындай анық есімде. Оны жақсы көргенім. Оны қажет еткенім.

11

КЕЛЕСІ КҮНІ ТАҢЕРТЕҢ ӘКЕМ екеуіміз жыландай иірілген өзен бойындағы әдемі үйге бардық. Квазулу-Натал. Мен бұл жер туралы білетінмін. 1879 жылдың жазында мұнда қызылшекпендер (британ әскері) мен Зулу жауынгерлері арасында қақтығыстар болды. Бүкіл әңгімелер мен аңыздарды естігенмін, сансыз рет «Зулу» фильмін көргенмін. «Ал енді нағыз білгір боласың», – деді әкем. Ол оттың алдындағы орындықтарға отырып, әлемге әйгілі тарихшы Дэвид Рэттрейдің шайқасты жандандырғанын тыңдауымызды ұйымдастырыпты.

Бұл мен шынымен назар аударған бірінші дәріс шығар.

Рэттрей мырзаның айтуынша, бұл жерде соғысқан адамдар батыр болған. Екі жақта да – батырлар. Зулулар қатыгез болды, олар «иклуа» деген атпен белгілі қысқа найзаның қас шеберлері еді. Найзаның атауы жарақаттанған адамның кеудесінен шығарылған кезде шығаратын дыбысы үшін берілген. Соған қарамастан, небәрі 150 британдық сарбаз төрт мың зулудың шабуылын тойтара алды және осы «Роркс-Дрифт шайқасы» бірден британдық мифологияға енді. Он бір сарбаз Виктория кресімен марапатталды, бұл бір полктің бір шайқаста алған ең көп марапаты болды. Зулуларға Роркс-Дрифттен бір күн бұрын тежеу болған тағы екі сарбаз Виктория кресін бақилық болғаннан кейін алған алғашқы солдаттар болды.

– Бақилық деді ме, әке?

– Ім-м, иә.

– Ол не деген сөз?

– Неткеннен кейін деген ғой.

– Неткен?

– Қайтыс болғаннан кейін, балақай.

Роркс-Дрифт көп британдықтың мақтанышы болғанымен, ол империализмнің, отаршылдықтың, ұлтшылдықтың, қысқасы, ұрлықтың нәтижесі еді. Ұлыбритания егеменді мемлекеттің аумағына басып кіріп, оны ұрламақ болды, демек, кейбіреулердің пікірінше, олардың ішінде Рэттрей мырза да бар, сол күні ержүрек британ жігіттерінің құнды қаны бекер төгілген. Рэттрей мұндай күрделі деректерге тоқталмады. Қажет жерде ол британдықтарды тура айыптайтын (жергілікті тұрғындар оны ақ Зулу деп атайтын.) Бірақ мен тым кішкентай едім: дәрістің кей жерін тыңдап, кей жерін шалыс естіп отырдым. Мүмкін, мен «Зулу» фильмін тым көп рет көрген шығармын немесе ойыншық қызылшекпендерімді жиі шайқасқа қатыстырып ойнаған шығармын. Менің шайқасқа, Ұлыбританияға қатысты жаңа деректерге жол бермейтін өзіндік көзқарасым болды. Сондықтан мен ерлік пен Британ күші туралы айтылған жерлеріне терең үңіліп, қорқуым керек жерде, керісінше, шабыттанып отырдым.

Үйге қайтып келе жатып, ішімнен сапардың тамаша болғанын ойладым. Таңғажайып шытырман оқиға ғана емес, әкеммен жақындата түскен тәжірибе. Әрине, енді өмір мүлдем басқаша болады.

12

МҰҒАЛІМДЕРІМНІҢ КӨПШІЛІГІ МЕЙІРІМДІ ЖАНДАР БОЛДЫ, мені жайыма қалдыратын, бастан өткізгенімнің бәріне түсіністікпен қарап, көп салмақ салғысы келмейтін. Капеллада орган тартатын Мистер Доусон ерекше жұмсақ кісі еді. Барабан мұғалімі Мистер Литтл айрықша сабырлы болды. Мүгедектер арбасына таңылған болса да, фургонына отырып, барабан сабақтарына келетін. Оны фургоннан түсіріп, сыныпқа апаруға біршама уақытымыз кететін. Сабақ біткен соң қайта фургонына отырғызу үшін де жеткілікті уақыт қалдыру керек, сондықтан сабақтарымыз ешқашан жиырма минуттан аспайтын. Мен оған қарсы болмайтынмын, ал Мистер Литтл менің барабан соғу қабілетімнің жақсаратын түрі жоқтығына налымайтын.

Алайда кейбір мұғалімдер маған тыныштық бермеді. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімі Мистер Хьюз-Геймс.

Хьюз-Геймс мырзаның спорт алаңдарының жанында орналасқан бунгалосынан оның Тоска мен Бид атты пойнтер тұқымды иттерінің үргені күндіз-түні естіліп тұратын. Олар әдемі, теңбіл, сұр көзді еді және Хьюз-Геймс мырза оларды балаларындай жақсы көретін. Ол олардың суреттерін үстелінде күміс жақтауға салып қойған. Онысы үшін жігіттердің біразы Хьюз-Гэймс мырзаны аздап біртүрлі санайтын. Ал Хьюз-Геймс мырза мені біртүрлі санайтынын білгенде абдырап қалғаным бар. Бірде ол маған: «Британ тарихынан бейхабар британдық ханзададан асқан біртүрлі не болуы мүмкін?» – деген.

– Түсінсем бұйырмасын, Уэльс. Туыстарыңыз туралы айтып отырмыз ғой, сізге бәрібір ме?

– Бәп-бәрібір, сэр.

Отбасымның тарихы туралы ештеңе білмегенім емес: білуге ынтамның жоқтығы.

Теориялық тұрғыдан маған Ұлыбританияның тарихы ұнайтын. Кей оқиғалар маған қызық болатын. Мысалы, 1215 жылғы маусымда Раннимидте Ұлы Хартияға қол қою туралы бір-екі нәрсені білетінмін, бірақ ол оқиға болған жерден әкемнің көлігі арқылы өтіп, терезесінен көргендіктен болды. Өзеннің дәл жанында. Әдемі көрінді. Бейбітшілік құруға таптырмайтын мекен. Бірақ Норман шапқыншылығының егжей-тегжейі? Немесе Хенри VIII мен Рим Папасы арасындағы жанжал? Немесе бірінші және екінші крест жорықтарының айырмашылықтары?

Атамаңыз.

Бұның бәрі шарықтау шегіне Чарльз Эдуард Стюарт туралы дәрісте жетті. Стюарт өзін Карл III деп атайтын. Таққа үміткер. Хьюз-Геймс мырзаның бұл адам туралы көзқарасы қатаң еді. Онысын бізге қызбаланып айтып жатқанда, мен қарындашыма үңіліп, ұйықтап қалмауға тырысып отырдым.

Кенет Хьюз-Геймс мырза тоқтап, Чарльздың өмірі туралы сұрақ қойды. Оқыған адамға жауап қарапайым болды. Бірақ ешкім оқымаған.

– Уэльс… сіз оны білуіңіз керек.

– Неге мен?

– Өйткені бұл – сіздің отбасыңыз!

Барлығы қарқ ете күлді.

Мен басымды салбыратып отырдым. Қалған жігіттер, әрине, менің король отбасынан екенімді білетін. Егер олар оны ұмыта қалса, менің соңымнан қалмайтын қарулы оққағарым мен бар аумақта шашырап жүрген формалы полицейлер қуана-қуана естеріне салатын. Бірақ Хьюз-Геймс мырзаға бұл туралы жар сала айтудың керегі не еді? «Отбасы» деген ауыр сөзді қолдануы керек пе еді? Менің отбасым мені «нөл» деп жариялады. Қосалқы. Онысына мен шамданған жоқпын, бірақ оны саралауым да керек болмады. Менің ойымша, кейбір фактілер туралы ойланудың қажеті жоқ. Мысалы, корольдік сапарлардың басты ережесі: әкем мен Уильям ешқашан бір рейспен бірге ұшпауы керек, өйткені таққа бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер бір уақытта жойылып кетпеуі керек. Бірақ мен кіммен саяхаттасам да бәрібір еді; қосалқы мұрагерге қауіп жоқ. Мен бұны білетінмін, өз орнымды білетінмін, сол үшін кірісіп зерттеудің керегі не? Бұрынғы қосалқылардың тарихын не үшін білуім керек? Не мәні бар?

Оның үстіне, ата-тегімді неге үйренуім керек, егер шежіре бәрібір сынған бұтаққа – анама барып тірелсе?!

Сабақтан кейін мен Хьюз-Геймс мырзаның үстеліне барып, тоқтатуын өтіндім.

– Нені тоқтатайын, Уэльс?

– Мені ұятқа қалдыруды, сэр.

Оның қастары үріккен құстардың сұлбасындай шаштарына дейін жетті.

Мен қандай да бір баланы ерекше етіп көрсету, Ладгроувтың кез келген басқа шәкіртіне оның ата-бабасы туралы осындай бағытталған сұрақтар қою қатыгездік болатынын айттым.

Мистер Хьюз-Геймс бұртыңдады, пысылдады. Шектен шыққанын түсінді. Бірақ қыңыр еді.

– Қайта өзіңізге жақсы, Уэльс. Сізден неғұрлым көп сұрасам, соғұрлым көп нәрсені үйренесіз.

Алайда бірнеше күннен кейін сабақтың басында Хьюз-Геймс Ұлы Хартияның үлгісінде менен кешірім сұрағандай болды. Ол маған 1066 жылы таққа отырған Харольдтан бастап барлық британдық монархтардың есімдері жазылған ағаш сызғыштардың бірін берді. (Сызғыш, қалай, ә?) Әр сантиметр сайын корольдердің аттары, әжеме дейін. Ұстаз бұл партамда тұрса, қажет болған жағдайда оған жүгіне алатынымды айтты.

– О, Құдайым, рақмет!

13

ЖАРЫҚТАР СӨНГЕННЕН кейін түн ортасында кейбіреулеріміз сытылып бөлмеден шығып, дәліздерді кезетінбіз. Ереженің өрескел бұзылуы, бірақ мен жалғызсырадым, үйді сағындым, мүмкін, мазасыз немесе жабырқаулы болған шығармын, әйтеуір, жатақханада қамалғанымды қабылдай алмадым.

Бір мұғалім бар еді, мені ұстап алған сайын үнемі «Жаңа ағылшын Інжілі» кітабының көшірмесімен салып қалатын. Мұқабасы қаттысымен. Мұқабасы қатты десе қатты екен деп ойлаушы едім. Бұлай соққы жегеніме өзімнен де, мұғалімнен де, Інжілден де ұялатынмын. Алайда келесі күні түнде тағы да тәртіп бұзатынмын.

Дәліздерді араламаған кезде мектеп аумағын шарлап жүретінмін. Көбіне жан досым Хеннерспен бірге. Өзім сияқты, Хеннерстің шын аты – Хенри, бірақ мен оны әрқашан Хеннерс дейтінмін, ол мені Хаз деп атайтын.

Арық, етсіз, шашы берілген солдаттардың қолдары сияқты үнемі тік тұратын Хеннерстің жүрегі жұмсақ еді. Ол күлгенде адамдар еріп қоя беретін. (Анам жоғалып кеткеннен кейін маған ол туралы айта алған жалғыз бала.) Бірақ Хеннерстің баурап алатын жымиысы мен жұмсақ мінезі оның да әжептәуір бұзық бола алатынын ұмыттыратын.

Мектеп алаңының сыртында, аласа дуалдың арғы жағында «керегіңді өз қолыңмен жинайтын» үлкен ферма бар еді. Бір күні Хеннерс екеуіміз оның үстінен секіріп өтіп, сәбіз өскен атыздарға бетпен қадалдық. Қатарларды аралап жүре жөнелдік. Жақын маңда піскен, шырынды құлпынай өсіп тұрды. Бір жағынан аузымызды толтырып, екінші жағынан суырлар сияқты қылтиып, қауіптің жоғын тексеріп тұрдық. Қазір құлпынай жеген сайын мен өзімді сол мекендерде досым Хеннерспен жүргендей сезінемін.

Бірнеше күннен кейін ол жерге қайта бардық. Бұл жолы бәрін тоя жеп, шарбақтан секірген бетімізде атымызды естідік.

Арба жолымен теннис корттарына қарай бара жатыр едік. Баяу бұрылдық. Мұғалімдердің бірі тура бізге қарай келе жатты.

– Әй, екеуің! Тоқтаңдар!

– Сәлеметсіз бе, сэр?

– Екеуің не істеп жүрсіңдер?

– Ештеңе, сэр.

– Фермада болдыңдар ғой.

– Жоқ!

– Қолдарыңды көрсетіңдер.

Көрсеттік. Қолға түстік. Алақанымыз қып-қызыл. Мұғалім қан көргендей болды.

Қандай жаза алғанымыз есімде жоқ. «Жаңа ағылшын Інжілімен» ұрды ма екен? Қосымша жұмыс берді ме? Джеральд мырзаның кеңсесіне апарды ма екен? Не болса да, қарсы болмадым. Ладгроув қандай жаза ойлап тапса да, ішімдегіден асып түсе алмайтын еді.

14

МИСТЕР МАРСТОН асханада кезекші болған кезде кішкентай қоңырау алып жүретін. Қонақүйлердегі ресепшнда тұратын қоңырауға ұқсататынмын. Дың-ң. «Бос бөлме бар ма екен?» Бір топ баланың назарын өзіне аударғысы келсе, сол қоңырауды шалатын. Онысы үздіксіз шырылдайтын да жататын. Одан келіп жатқан нәтиже жоқ.

Қараусыз қалған балаларға қоңырау маңызды емес.

Көбіне Мистер Марстонның тамақ кезінде хабарландыру жасағысы келіп қалатыны бар еді. Ол сөйлей бастағанда басқалар тыңдамақ түгіл, дауыстарын да бәсеңдетпейтін, сондықтан да ол қоңырауын шылдырлата бастайтын.

Дың-ң.

Жүздеген баланың күбірі, күлкісі.

Қоңырау қаттырақ соғылады.

Дың-дың-дың!

Қоңырау тыныштық орната алмаған сайын Мистер Марстонның беті қанығырақ қызыл түске боялатын. «Жігіттер! ТЫҢДАЙСЫҢДАР МА, жоқ па?!»

Қысқа жауап – жоқ. Тыңдамаймыз. Бірақ оны сыйламағаннан емес, мәселе акустикада. Оны естімейтінбіз. Зал тым үлкен, ал біз әңгімемізге қатты беріліп кеткенбіз.

Ол оны түсінбейтін. Бізден күдіктенетін. Оның қоңырауын елемеуіміз бір үлкен, келісілген астыртын әрекеттің бір бөлігі сияқты. Басқаларды білмеймін, бірақ мен ешқандай астыртын әрекетке қатысқан жоқпын. Сосын мен оны елемейтіндердің қатарында емес едім. Керісінше: менің бар назарым сол кісіде еді. Сырттан келген адам осы көрініске куә болса, не айтар еді деп өз-өзімнен жиі сұрайтынмын: жүз бала тынымсыз әңгіме-дүкен құрып жатыр, ал олардың алдында есейген адам тұрып, кішкентай жез қоңырауды тоқтаусыз әрі еш нәтижесіз шырылдатып тұр.

Бұл жаппай бейберекетке осы көшенің бойындағы Бродмур психиатриялық ауруханасы да өз әсерін тигізетін. Мен Ладгроувқа келерден біраз уақыт бұрын Бродмурдың науқастарының бірі қашып кетіп, жақын маңдағы ауылда тұратын бір баланы өлтірген болатын. Осы себептен Бродмурда дабыл орнатылды. Анда-санда оның жұмысқа жарамдылығын тексеріп тұратын. Дыбысы Қиямет күні келгендей. Мистер Марстонның қоңырауы стероид қабылдап алғандай.

Бір күні бұл туралы әкеме айттым. Ол түсіністікпен басын изеді. Жақында қайырымдылық жұмысы аясында соған ұқсас бір жерге барған екен. Оның айтуынша, науқастар негізінен ақпейіл жандар болғанымен, біреуі ерекше көзге түсіпті. Өзін Уэльс ханзадасы деп санайтын жігіт.

Әкем оған саусағымен нұқып тұрып қатты сөгіпті:

– Бері қараңыз. Уэльс ханзадасы болуыңыз мүмкін емес! Уэльс ханзадасы менмін!

Науқас та оған саусағын шошайтыпты:

– Мүмкін емес! Уэльс ханзадасы менмін!

Әкем әңгіме айтқанды ұнататын, ал бұл оқиға – оның ең қызықты әңгімелерінің бірі. Әңгімелерін үнемі философиялық оймен аяқтайтын: Егер психиатрияның бұл пациенті ханзада екеніне кемі әкемдей сенімді болса, онда үлкен сұрақтар туындайды ғой. Сонда кімнің есі дұрыс? Кім өзінің психикалық ауру емес екеніне, толықтай адасып жүрмегеніне, достары мен жақындары алдап соқпағанына сенімді бола алады? «Менің шынымен Уэльс ханзадасы екенімді кім біледі? Кім біледі, мүмкін, мен сенің шын әкең емес шығармын? Бәлкім, сенің шын әкең Бродмурда шығар, балақай!»

Сосын ол күлкіге бататын да қалатын, бірақ бұл әзілі түк күлкілі емес еді. Сол кездері менің шын әкем анамның бұрынғы ашыналарының бірі Майор Джеймс Хьюитт деген қауесет жүрген болатын. Бұл қауесетке негіз болған себептердің бірі – майор Хьюиттің оттай қызыл шашы. Тағы бір себебі – садизм. Таблоид оқырмандары ханзада Чарльздің кенже баласы туған баласы емес екен дегенді оқып, көңілдері көншіді. Неге екені белгісіз, жұрт осы «әзілге» еш тоймады. Жас ханзаданың өмірі күлкіге айналғанынан жандары жай тапқан болар.

Анам Майор Хьюиттпен танысқанда менің әлдеқашан туып қойғаным маңызды емес, тым жақсы әңгімені тастағылары келмеді. Баспасөз мұны өзгертіп, әсірелеп, тіпті кейбір тілшілердің оны дәлелдеу үшін менен ДНҚ алмақ болғаны туралы хабарлар болды. Алғашқы тұспалым анамды қинап, жасырынуға мәжбүрлегеннен кейін олар көп ұзамай менің де соңыма түсті-ау дедім.

Осы күнге дейін менің әр өмірбаянымда, газеттегі немесе журналдағы әрбір ұзақ мақалада Майор Хьюитт тақырыбы қозғалып тұрады. Оның әкем болу ықтималдығы кәдімгідей байыптылықпен қарастырылады. Сосын әкем менімен ашылып оңаша сөйлескен болып шығады. Бұл әңгімеде әкем Хьюиттің менің шын әкем емес екенін маған түсіндіреді. Неткен жан тебірентер, әсерлі және толығымен ойдан шығарылған эпизод десеңші! Әкемнің Майор Хьюитт туралы бірдеңе ойлағаны болса да, ол ойын ашып айтқан емес.

15

АНАМНЫҢ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН СӨЗІНДЕ ол бұл некеде үш адам бар деп еді. Бірақ ол есебінен жаңылысқан еді.

Ол Уилли екеуімізді қоспай кетті.

Әрине, біз анам және әкем екеуінің арасында не болып жатқанын түсінбедік. Бірақ біз Басқа Әйелдің барын сезіндік, өйткені оның салдарынан зардап шектік. Уилли баяғыдан бері Басқа Әйел бар-ау деген күдікпен жүрді, сол күдіктен басы да қатты, жаны да ауырды, ал күдігі расталғанда ештеңе істемегені үшін, ештеңе айтпағаны үшін өзін өте кінәлі сезінді.

Мен күдіктену үшін тым жас болдым-ау деймін. Бірақ үйімізде тұрақтылықтың, жылылық пен махаббаттың жоқтығын сезінбей тұра алмадым.

Енді анам жоқ болғандықтан, есеп әкемнің пайдасына қарай ойысты. Енді Басқа Әйелмен қалағанынша ашық, қалағанынша жиі кездесе алады. Бірақ оған кездесу жеткіліксіз болды. Мұның көпшілікке аян болғанын қалады. Бәрін «заңдастырғысы» келді. Оған жетудегі алғашқы қадам балаларды өз жағына тарту болды.

Алдымен Уилли. Ол бұрын да сарайда Басқа Әйелге тап болған, бірақ бұл жолы ол ресми түрде Итоннан аса маңызды жеке кездесуге шақырылды. Кездесу орны Хайгроув болуы керек. Қателеспесем, шай үстінде сөйлескен. Бәрі жақсы өтіпті, мен кейін Уиллиден білдім. Ол егжей-тегжейлі айтпаса да, Камилла тырысып баққанын, онысын жоғары бағалағанын айтты. Бар айтқаны сол болды.

Келесі кезекте – мен. Өзіме басу айттым: «Бұл екпе салдыру секілді – көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді».

Камилланың өзім сияқты сабырлы (немесе зерігіп) отырғаны есімде. Бір-біріміздің пікірімізге аса жоғары мән бермедік. Ол менің анам емес, ал мен оған басты кедергі емес едім. Басқаша айтқанда, мен Мұрагер емес едім. Менімен бұл кездесу жай рәсімділік болды.

Қызық, біз не туралы сөйлестік екен? Жылқылар туралы болса керек. Камилла оларды жақсы көретін, ал мен оларға міне алатынмын. Басқа қандай да бір тақырыпта сөйлескенімізді елестету қиын.

Дәл шай ішер алдында ол маған қатыгез бола ма екен деп ойлағаным есімде. Ертегілердегі барлық зұлым өгей аналар сияқты бола ма екен деп. Бірақ ол ондай болмады. Уилли сияқты мен де бұл үшін шынайы риза болдым.

Ақырында, Камилламен өткен осы маңызды саммиттер артта қалғанда, әкем қорытынды конференцияға шақырды.

– Сонымен, балалар, не дейсіңдер?

Біз ол бақытты болуы керек деп ойладық. Иә, Камилла ата-анамыздың некесінің бұзылуында шешуші рөл атқарды, иә, бұл – ол анамыздың жоғалуына да әсер етті деген сөз, бірақ біз оның да басқалар сияқты оқиғалар шырмауына түсіп қалғанын түсіндік. Біз оны кінәламадық және егер ол әкемді бақытты ете алса, оны қуана кешірер едік. Әкемнің де біз сияқты бақытсыз екені анық еді. Біз оның бос көзқарасын, себепсіз күрсінуін, жүзінен кетпейтін көңілсіздігін байқайтынбыз. Жүз пайыз сенімді бола алмайтынбыз, әрине, өйткені әкем сезімін тілге тиек етпейтін, бірақ жылдар бойы ашқан ұсақ-түйек сырларынан оның айнымас дерлік портретін құрастырып үлгерген едік.

Мысалы, шамамен осы жылдары әкем бала кезінде «қудаланғанын» мойындады. Ата-әжем оны ер жетсін деп Гордонстаун мектеп-интернатына жіберіпті. Онда ол басқалардан қатты қорлық көріпті. Оның айтуынша, Гордонстаундағы қорлыққа ең көп душар болатындар шығармашыл, табиғатынан сезімтал, кітапсүйер адамдар, былайша айтқанда, әкем сияқтылар екен. Оның үздік қасиеттері – «мықтылар» үшін жемтік. Оның түнеріп күңкілдегені есімде: «Өліп кетуге шақ қалып едім». Қалай сау оралды екен? Басын салбыратып, сонша жылдан кейін әлі де бар ойыншық қонжығын құшағына қысып. Әкем қайда барса да, қонжығын тастамайды екен. Өзі аянышты зат еді: қолдары жыртылған, жіптері сөгілген, үсті жамау-жамау. Бұзақылар шаруасын бітірген соң әкем де сондай халде болған шығар. Қонжық әкемнің бала кезіндегі жалғыздығын әкемнің өзінен жақсы паш ететін.

Уилли екеуіміз әкем одан жақсыға лайықты деп келістік. Қонжық ренжімесін, бірақ әкеме дұрыс серік керек. Сондықтан бізден сұрағанда Уилли екеуіміз әкеме Камилланы отбасымызға қабылдаймыз деп уәде бердік.

Жалғыз сұрағанымыз – үйленбеу. «Сізге қайта үйленудің қажеті жоқ», – дедік. Үйлену тойы дау тудырары сөзсіз. Баспасөзді шулататыны анық. Бүкіл ел, бүкіл әлем анам туралы айта бастайды, анам мен Камилланы салыстырады, ал бұл ешкімге керек емес. Бәрінен бұрын Камиллаға керек емес.

«Біз сізді қолдаймыз. Камилланы мақұлдаймыз, – дедік. – Тек үйленбей-ақ қойыңызшы. Жай бірге болыңыздар».

Ол жауап бермеді.

Есесіне Камилла жауап берді. Жеке кездесулерімізден кейін көп ұзамай ол ұзақ ойынын ойнай бастады – некеге және түбі Тәжге бағытталған науқан. (Әкемнің батасымен деп болжадық.) Барлық жерде, барлық газеттерде оның Уиллимен оңаша сөйлескені, әңгіменің дәлме-дәл мәліметтері жариялана бастады. Әрине, бұның ешқайсысы Уиллиден келген дерек емес.

Ақпаратты сол әңгімеге қатысқан екінші адам ғана таратуы мүмкін еді.

Камилланың көндіруімен әкем жұмысқа алған пиар маманының да бұған септігін тигізгені анық.

16

1998 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕ Ладгроув мектебіндегі оқуымды аяқтағаннан кейін күздің басында Итонға түстім.

Неткен шок.

Ұл балаларға арналған әлемдегі ең жақсы мектеп ретінде Итонның, менің ойымша, шок қылуы заңды. Шок мектептің алғашқы жарғысының бір бөлігі болса керек, тіпті мектептің негізін қалаушы, менің арғы атам Хенри VI оның алғашқы сәулетшілеріне берген нұсқауларының бір бөлігі болуы мүмкін. Ол Итонды қасиетті михраб, киелі ғибадатхана санайтын, сол себепті ол мектептің бүкіл сезімді билеп, келушілердің өздерін қарапайым, момын пірәдарлар сияқты сезінуін қалады.

Маған келгенде ол мақсаты орындалды.

(Хенри тіпті мектепке баға жетпес діни жәдігерлерді, оның ішінде Иса Пайғамбардың тікенді тәжінің бір бөлігін сыйға тартқан. Бір ұлы ақын бұл жерді «Хенридің киелі панасы» деп атаған.)

Ғасырлар өткен сайын Итонның миссиясы тақуалықтан алшақтады, бірақ оқу бағдарламасы қатаңдай түсті. Итон қазір өзін жай мектеп емес, Мектеп деп атауы бекер емес. Білетіндер біледі, Итон сыныптарында он сегіз премьер-министр, отыз жеті Виктория кресінің иегері тәрбиеленген. Ақылды балалар үшін жұмақ, ал оларға ұқсамайтын бір бала үшін тамұқтан басқасы болуы мүмкін емес.

Жағдай бірінші француз тілі сабағында-ақ анық болды. Мұғалімнің бүкіл сабақты жылдам, тоқтаусыз француз тілінде жүргізгенін естігенде абдырадым. Неге екені белгісіз, ол бәрімізді тілге жетік деп есептеді.

Мүмкін, басқалардың бәрі сондай шығар. Бірақ мен? Тілді жетік білу? Әлде қабылдау емтиханын өтетін баллға тапсырғаным үшін бе? Au contraire, mon ami!

Кейін мұғалімнің қасына барып, қателікпен басқа сыныпқа кіріп кеткенімді айттым. Ол менен сабыр сақтауымды сұрап, тез үйренісіп кететінімді айтты. Ол түсінген жоқ, маған сенім артып тұр. Сосын меңгерушіге барып, мені баяу сөйлейтін, баяу оқитындарға, exactement comme moi ұлдарға қосуын өтіндім.

Ол менің өтінішімді орындады. Бірақ бұл уақытша ғана шара болды.

Бір-екі рет мұғалімге немесе құрдастарыма қате сыныпта ғана емес, қате жерде жүргенімді айтқан едім. Шамамнан әлдеқайда жоғары жерге түстім. Бірақ бәрінің жауабы бір еді: «Уайымдама, бәрі жақсы болады. Не болса да, ағаң үнемі осында екенін ұмытпа!»

Оны ұмытқан мен жоқ. Оны танымайтындай кейіп танытуымды Уилли өтінді.

– Не дейсің?

– Сен мені танымайсың, Харольд. Ал мен сені танымаймын.

Соңғы екі жылда ол Итонның жаны жай табатын жер болғанын айтты: соңынан қалмайтын, сұрақтарымен миын ашытатын, оның жүрген ортасына қыстырылатын інісі жоқ. Ол өз өмірін өзі құрып жатыр еді және одан бас тартқысы келмеді.

Оның өтініші соншалықты жаңа емес еді. Уилли екеуімізді біреу-міреу үнемі бірге жүреді деп ойласа, ол Уиллидің ашуына тиетін. Анамның бізді бірдей киіндіргені оған ұнамайтын. (Анамның балалар киіміне деген талғамы ерекше болғаны жағдайды ушықтыратын: біз көбіне «Алиса ғажайыптар елінде» фильміндегі егіздерге ұқсап қалатынбыз.) Ал мен оған мән бермейтін едім. Мені өзімнің де, өзгенің де киімі аса қызықтырған емес. Тек килт кимесем болғаны: шұлыққа тыққан пышақты уайымдайсың, көтеніңнен кіретін жел маза бермейді – жоқ, рақмет. Бірақ Уиллиге менімен бірдей күртеше, шолақ шалбар кию – нағыз азап. Ал енді екеуіміздің бір мектепте оқығанымыз ол үшін өліммен тең болды.

Мен оған уайымдама дедім. «Сені танитынымды ұмытамын».

Бірақ Итон бұл тапсырманы жеңілдеткісі келмеді. Бізге жақсы болсын деп бір шатырдың астына орналастырды. Манор-Хаус.

Әйтеуір, бірінші қабатта болдым.

Уилли үлкен балалармен жоғары қабатта болды.

17

МАНОР-ХАУСТАҒЫ АЛПЫС баланың көбі Уилли сияқты маған қуана қоймады. Алайда олардың немқұрайдылығы мені олардың еркіндігі сияқты алаңдатпады. Менің жасымдағылардың өзі мектеп қабырғасында туғандай жүрді. Ладгроувта проблема көп болса да, мен олардан қалай сытылу керектігін білетінмін. Пэтті қалай алдауды, тәттілер қашан таратылатынын, хат жазу күндерінен қалай қашып құтылу керектігін білетінмін. Уақыт өте келе мен Ладгроув пирамидасының төбесіне тырмаланып шыққан едім. Ал Итонға келіп, қайтадан түбінен бірақ шықтым.

Басынан бастау керек.

Ең өкініштісі, жан досым Хеннерс жоқ. Ол басқа мектепке түсті.

Таңертең қалай киінуді де білмедім. Итонның әрбір шәкірті қара фрак, жағасы жоқ ақ көйлек, көйлекке түйреуішпен бекітілген қатты ақ жаға, сонымен қатар жолақты шалбар, ауыр қара аяқкиім киетін және галстук орнына алынбалы жағаға бүктеп салынатын ақ мата жолағын тағатын. Ресми форма деуші еді. Бірақ маған жаназаға киетін киім іспетті. Онысы шын. Біз баяғы Хенри VI-ға үздіксіз аза тұтуымыз керек еді. (Немесе мектептің бұрынғы демеушісі Король Джордждың құрметіне, ол балаларды қамалға шайға жиі шақырып тұрған ба бірдеңе.) Хенри менің арғы-арғы-арғы-арғы-арғы-арғы атам болса да, оның қайтыс болуы, жақындарының жан жарасы мұңайтса да, оны тәулік бойы жоқтап жүргім келмеді. Бітпейтін жаназаға қатысуға ешбір бала көнбейді, бірақ анасынан жаңа айырылған бала үшін бұл күнделікті екі бұттың ортасынан тепкендей болатын.

Алғашқы таң: шалбарымды түймелеу, жилетімді түймелеу, қатты жағаны бүктеу, сосын есіктен шығуыма біршама уақыт кетті. Кешіккім келмей қатты абыржыдым. Кешіксем, атымды «Кешігетіндер кітабы» аталатын үлкен дәптерге жазуым керек. Осы секілді көптеген жаңа дәстүрлерді, жаңа сөздер мен тіркестерді жаттауым керек. Сабақты сабақ демейді, див дейді. Мұғалімдерді тұмсықтар дейді. Темекіні «табадж» дейді (мұнда бәрі табаджға қатты тәуелді сияқты). Чемберс деп тұмсықтардың таңертең жиналып оқушыларды, әсіресе қиын оқушыларды талқылайтын жиналысын айтады. Чемберс кезінде менің құлағым қызатын да тұратын.

Итонда спортқа бой бұрамын деп шештім. Спортшы жігіттер екі топқа бөлінетін: құрғақ бобтар және дымқыл бобтар. «Құрғақ бобтар» деп крикет, футбол, регби немесе поло ойнайтындарды атайды. Есумен, жүзумен немесе желкенді көтерумен айналысатындар – дымқыл бобтар. Мен көбіне «құрғақ», кейде ғана «дымқыл бобтар» қатарында болатынмын. Мен барлық құрғақ спорт түрлерімен айналыстым, бірақ регби жүрегімді жаулап алды. Әдемі ойын, сонымен қатар бірдеңеге қатты соғысуға жақсы сылтау. Регби маған ашуымды сыртқа шығаруға мүмкіндік берді, оны қазір кейбіреулер «қызыл тұман» деп атайды. Оған қоса, мен бір жерім ауырғанын басқа балалар сияқты сезінбейтін едім, соның арқасында алаңда қорқынышты ойыншы болдым. Жан ауруын тұншықтыру үшін тән ауруын көздеген балаға ешкімнің айтары болмады.

1.Roundhead (round – дөңгелек, head – бас) – Ағылшын азамат соғысы (1642–1651) кезінде Англия Парламентін қолдаған топ. Сүндеттелген мүше солардың дулығаларына ұқсатылғандықтан айтылады.

Ücretsiz ön izlemeyi tamamladınız.

Yaş sınırı:
18+
Litres'teki yayın tarihi:
29 nisan 2025
Yazıldığı tarih:
2023
Hacim:
574 s. 7 illüstrasyon
ISBN:
9786018120114
Yayıncı:
İndirme biçimi:

Benzer kitaplar