Kitabı oku: «Ақын»

Yazı tipi:

АҚЫН

САҒИ ЖИЕНБАЕВ
(1934–1994)
 
Қырық күн шілде – ақыретті бастады,
Өртеніп тұр оңтүстіктің аспаны,
Кеуіп кетті арасанның сулары,
Еріп кетті Хорасанның тастары.
 
 
Күйіп кетті биыл тағы несібің,
Биыл тағы бітелмеді тесігің.
Диқан жігіт, енді күнің не болмақ,
Енді кімнің күзетесің есігін?!.
 
 
Екі жалын – екі жақтан кеулеген.
Енді сені жүргізер ме жерменен.
Күннің өртін сөндірерсің амалдап,
Мұңның өртін сөндірерсің сен немен?
 
 
Сынар ма екен, шыдар ма екен көкірек,
Көкіректің бара жатыр оты үдеп,
Алысатын, айқасатын бір өзің,
Бір өзіңе əл берер ме екі дерт!
 
 
Мейлі, мейлі!..
Екеуін де жеңем мен!
Екеуін де аластаймын денемнен.
Сырттағысын көндіремін өзім-ақ,
Іштегісін сөндіремін өлеңмен!..
 
 
Өлең деген табылды оған жан серік,
Білмейді ешкім лашығында қалса өліп.
Аулақ қазір шуылдаған дүниеден,
Жатсын, мейлі, дария тоқтап, тау шөгіп.
 
 
Жан жылынып, қан жүгіріп өңіне.
Қыран құстай қайта шыққан көгіне.
Өлеңменен ашылды оның жанары.
Өлеңменен басылды оның шөлі де…
 
 
Емдеді жыр жүректерді жаралы,
Кернеді жыр кеуіп қалған даланы.
Өлгендердің зар-күйі боп аңырап,
Келгендердің əлдиі боп тарады.