Kitabı oku: «Қалқаман – Мамыр», sayfa 2
Yazı tipi:
«Сүйсін, жолдас болсын» деп жаратты Алла,
Бұл туралы білгенім осы менің.
– Тауып айттың, Мамыржан, ұқтым жайын,
Сүйтсе-дағы тағы бір сөзім дайын.
Махаббатты жарым жоқ, жəрдемшім жоқ,
Өлейін бе, қайтейін, кімге айтайын?
Қалқаманның мақсатын Мамыр білді,
Аз ойланып, үндемей сабыр қылды.
Жылы жүрек өзіне жар тапқандай,
Тыншымады, тулады, жүз құбылды.
Қызарды, бір ағарды байдың қызы,
Бетке шықпай тұра ма жүрек ізі?
Іші ыстық, сыртқы дене суық тартып,
Салқын термен мөлдіреп нұрлы жүзі.
Аздан соң Мамыр айтты: – Ей, Қалқаман,
Байқадым сөз аяғы бізге таман.
Қазір жауап берерлік уақытым емес,
Сүйтсе де үміт үзіп өлмек жаман…
Соны айтып амандасып Мамыр кетті,
Күн сайын Қалқаманнан сабыр кетті.
«Мамыр бүгін қыздарша киінді» деп,
Қалқаманға бір күні хабар жетті.
Қуанды атқан оғым тиді ме деп,
Мен үшін қыз киімін киді ме деп.
Қауіп шіркін тағы да ойлатады,
Менен басқа біреуді сүйді ме деп?
* * *
Ол кезде жерге талас қазақ, қалмақ,
Атысып, ауыл шауып, жылқыны алмақ.
Бір соғыста қалмақты қазақ жеңіп,
Тобықтының бəрі де тойға бармақ.
Той қылған Орта жүзде Сəмеке хан,
Жиылды той болған соң бірталай жан.
Бай-бəйбіше, үлкендер сонда кетіп,
Жас жігіт, қыз-келіншек үйде қалған.
Қазақта бастан2 деген бір ырым бар,
Мал сойып, жастар ойнап, бір жиылар.
Қалқаман: «Бастан қыл», – деп қызға келді,
Азар болса бір тоқты шығын шығар».
Сойғызды Мамыр сонда тоқтыны əкеп,
Ойнады қыз-бозбала етінен жеп.
Оңашада Қалқаман Мамыр қызға
Ымдады «бір жауабың болмай ма?» деп.
Айтса да қыздан жауап үміт етіп,
Есітпеген кісі боп қалды кетіп.
Сүйтсе де сондағы айтқан сөзі мынау,
Еш адамға елеусіз өлеңдетіп:
– Ауылымның күнбатысы қалың қамыс,
Бүрсігүннен арғы күн болады алыс.
Жас кісіде бар болса жігер-намыс,
Болып кетіп жүрмесін жатпен таныс.
Солайша жауап берді Қалқаманға,
Бұл сөзі байқалмады басқа жанға.
«Бүрсігүні қамыстан жолықпасаң,
Мен саған жоқ, – дейді ғой, – байқағанға».
Қалқаман оймен шешті қыздың сөзін,
«Таптым» деп шешуінің анық өзін:
Бүрсігүні күн бата сол қамысқа
Келіп кірді «сол ғой, – деп, – айтқан кезің».
Ел жата қыз да келді шоқ қамысқа,
Қалқаман айтты сонда көзтанысқа:
– Бүгін кешке осынан жолықпасаң,
Кетемін деп неге айттың тіпті алысқа?
– Ей, Қалқаман, аңғалсың аңқылдаған,
Біржолата келген жоқ Мамыр саған.
Тағдыр бізді қоспады, айып етпе,
Ертең құда түседі біреу маған.
Кеше білдім төбемнен ұрғандығын,
Құдалықтың дап-дайын тұрғандығын.
«Бүрсігүннен кешіксең жауап жоқ» деп,
Сол еді сөз ишарат қылғандығым.
Əке берсе, қыз болмас кімге қатын,
Қайтейін сенде-ақ еді махаббатым.
2.Бастан – əке-шешесі үйде жоқта қыз-бозбала мал сойып, құрбыларын жиып ойнайды (автор).
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
8 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain