Ücretsiz

Еспембет

Abonelik
0
Yorumlar
Okundu olarak işaretle
Yazı tipi:Aa'dan küçükDaha fazla Aa

ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ

ЕСПЕМБЕТ

ЕСПЕМБЕТ

ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ

(1802–1874)



Ер Еспембет кешегі

Ерекше ер деседі,

Тіл біткеннің шешені

Топта бермес есені.

Үлгі айтса көшелі,

Жауға шапса көсемі,





Бəйбішесі Сыбанның

Жарасқұл деген атадан,

Өзі болған жігіттен

Сұрама кім деп ата-анаң.

Ел тілегін тілеген

Ер азбайды батадан.





Нағашысы уақта

Ер Қосайдай ер өткен;

Жетім қалып Еспембет

Қолында соның ер жеткен.

Он төрт жасқа келгенде,

Еспембеттей еріңнің

Туған ел ойын тербеткен.

Туған елді көксей ме,

Кегеже туған, кер кеткен?





Еспембеттің шешесі,

Ер Қосайға немере,

Қиық жоқ қыздан туғанда,

Оны бөтен көрер ме?

Тоқсан жаста Ер Қосай

Тұғырдан əбден түскен ер,

Елім десе елеріп,

Жаннан мүлде күскен ер.

Бел шешпей жортып ел үшін,

Алты малта ас қылып,

Арпа суын ішкен ер.





Еспембеттей ұрпағын

Өте жақсы көретін,

Маңдайынан иіскеп,

Батасын ұдай беретін.





Жатса-тұрса Еспембет

Тұлпар мінсем деуші еді.

Қару-сайман асынып,

Шепті бұзсам деуші еді.

Ішқұса болып асығып.

Туған елін ойласа,

Қалатын жасып, басылып.





Күндерде бір күн Еспембет

Желінің келді басына,

Бие ағытып жатқанда,

Биешінің қасында

Ақбөрте құлын ойнап тұр

Ақ қулыққа асыла.





Еспембетке ұнады

Ақбөртенің келімі,

Құйрығын шаншып алды да,

Үш айналды желіні.





Селеу жерге бас ұрды

Омырауының желімен,

Құйындатып келді де,

Ытып түсті Ақбөрте

Енесінің белінен.

Үш мəртебе ытады,

Еспембет ерден ес кетіп,

Есі-дерті болып Ақбөрте,

Басқаны мүлде ұмытады.





Күзді күнгі ұзақ таң

Еспембет кірпік қақпайды,

Күндіз ойнап күлмейді,

Ішкен асы батпайды,

Əзіл айтқан құрбыға

Түнеріп жауап қатпайды.

Қылышына қайрап,

Сүңгісін безеп саптайды.

Ертеменен отырар

Желінің келіп басына,

Көзін алмай қадалып

Ақбөртенің қасына.





Ақбөрте мініп астына,

Айқара тоқым