Kitabı oku: «Сұлушаш», sayfa 6

Yazı tipi:
 
Сол кезде таудан төмен ұшып түсті
Бір нəрсе зорға елестеп, ұқсап мұртқа.
 
 
Сұлудың, жүрегі су ете қалды…
Кескіні бір сұрланды, бірде жанды…
Бірақ «жоқты жорамал қылмайын» деп,
Ойын бөгеп, аяңдап қосқа барды.
Етуге ермек, көңіл көтеруге,
Қолына бір мезгілде қобыз алды.
Құлағын бұрап, перне басқан кезде
Жаңғыртқан тауды лебіз шықты зарлы.
 
 
Сарнады қобыз, тауды күй кернеді,
Көркем күй, тауды асып көкке өрледі,
Өрлеген күй жағалай жортқан аңның,
Аяғына тұсау боп жол бермеді.
Қосына қайтқан Алтай күйді естіп,
Бірақ көзі, бұлдырап түк көрмеді.
Жұтқан һауа көк түтін тəрізденіп,
Инедей боп қадалды желдің лебі.
 
 
Сұлудың бармақтары қылды басты,
Басса қылдан күй шықты зарлы, ащы,
Ащы күйге шымырлап балқып бойы
Ырғытып қара көзден төкті жасты.
Сол кезде есік алды буалдыр боп,
Даланы қою қара түтін басты.
«Бұл не?» деп сұлу сыртқа шығып еді,
Өрт екен, Тасыр-түсыр аңдар қашты.
 
 
Ерсіл-қарсыл жүгірді жанталасты.
Өрт қосты қамағанда, паналады
Білмеді не қыларын сұлу састы.
Сайтанкөл жағасында ол жартасты:
Шарпылған, күйген яки үрейленген,
Жан-жағында ілгері аңдар қашты.
Бір кезде көзі шалды Сұлушаштың
Жолбарысты жар тастан сұққан басты.
 
 
Сүйриіп жолбарыстың найза тісі,
Жылтылдап ауызынан тілдің ұшы.
Жымиып мұқыл құлақ ыңыранып
Құлпырып ала берен – тарғыл түсі,
Белдеме бүкірейіп, секіруге
Қызынып алабұртып бойда күші,
Ұмтылып бірнеше рет Сұлушашқа,
Келді оның алма бетін тістегісі.
 
 
Жолбарыс жонын ырғай, басқа шапты,
Маңдайға қобызбенен сұлу қақты,
Бір шегініп, өшіге тағы ұмтылып
Тағы ұрған қобызды барыс қапты.
Сұлушаш ышқына бір үн шығарды, –
«Алтай, Алтай!.. Қайдасың?!..» деген қатты.
Құтылмасын білген соң тістетпейін
Деді де, сұлу жардан суға атты.
 
 
Сұлушаш құшақтады құлап көлді,
Су-дағы құшақтады, дөңгеленді.
Алтай да сол минутте жарға жеткен,
Ақыраған жолбарысты ғана көрді.
Жолбарыс бұл келгенін сезінген жоқ,
Аңырып тілін жалап суға төнді.
Түтінді көзге тыққан жынды жел кеп,
Алтайға сыбырлады: «жарың өлді!..»
 
 
Жолбарыс қапелімсіз жарда тұрған
Алтайды аңдамай қап қанжар ұрған,
Бүйірге кірмей қанжар, санға кіріп,
Жалт қарап денесін де бұрды жылдам.
«Əп-бəлем қолға түстің!» деген ойын
Жолбарыстың білді Алтай ырылынан.
Төбеден бүріп тісін тигізбеді
Қарамай денесіне тұяқ жырған.
 
 
Састырды алысқан аң біраз бүріп,
Бір кезде кеудесінен қанжар кіріп,
Сылқ етіп құлағанда, үшті қанжар
Жүрегін қақ айырып түсті тіліп!
Əлсіреген жолбарыс аран аузын
Ашты да, құлай кетті белін бүгіп.
Жанталасып аяғын серпкен кезде,
Шек-қарнын ақтарды баурын тіліп.
 
 
Жүректен кейін тартып ап қанжарды,
Қан жұтты толтыра ұрттап атқан қанды.
Жолбарысты жеңгені неге керек
Сұлушашты сақтауға болмай қалды…
Сол кезде маңайын өрт орай жанып,
Дүние қара түтін, тұманданды.
Тау үшін күңірентіп ол зарланды.
 
 
Шығып еді сорлы Алтай безіп елден,
Өзіне серіктерді ертіп сенген.
Табармын деп ойлады басқа пана,
Жауының қолы жетпес жырақ жерден
«Арқадағы құнарлы орын осы» –
Деп тауы мынау тұрған іздеп келген.
Бауырына киіктей паналаса,
Осы ма, қарсы алып сыйы берген!..
 
 
– «Жирен сақал дей-тұғын əулие бар,
Береді ұлсызға ұл, малсызға мал.
Қабыры Қарқаралы тауының бір
Биігінде, ізденіп барсаң əгəр,
«Сақтайды» деп сендірген еді оларды
Осы тауда жолыққан бір қойшы шал.
Əдейі іздеп барды əулиені,
Дегендей «суға кеткен қармайды тал».
 
 
Қиядан іздеп оның тапты көрін,
Моласы бейне тастан өрген өрім.
Тау басында тостаған секілденген
Жылыжұрт дейді екен оның көлін.
Жылыжұрты – суық жұрт болып оған
Аттарына жұмсады бөрілерін.
Жылы жұртқа қонғанның ертеңінде
Үш аттың тапты пұшпақ терілерін.
 
 
Жанына балап жүрген Торытөбел
Деген жоқты Жылыжұрт басында өлер.
Өлді аты, қиылды, қос қанаты,
Жирен сақал əулие болса егер.
Есіркер орны осы емес пе еді,
Жарылқар, оны сүйер, демер, жебер?
Жібімеді, іздеді тағы аруақ,
Қысылса, жəрдем күтер, қолдар, сенер.
 
 
Көңіл қап Жылыжұрттың ырымына,
Сайтанкөл бар дегенде Бұғылыда,
«Адамға сайтан дұспан» деген елдің
Қарамай сіңіп қалған ұғымына,
О-дағы біздей қашқын, есіркер деп,
Барды ол Сайтанкөлге тығылуға,
Барлығы аппақ болса, ол сұмның да
Жүрегі оларды аяп жылыды ма?
 
 
Жылымады, көлдің де жүрегі тас,
Боп шықты Алла да қас, сайтан да қас,
Қастық емей немене, қыршынынан
Қиылды жандай досы Қайсар жолдас.
Қайсармен бірге өлер еді, бірақ
Өлтірмеген панасыз бір Сұлушаш.
Сол жанының жарығы Сұлушашы
Ол үлгірмей, тереңге ұрды құлаш!..
Болашағын болжаса, жалмайын деп
Алдына келе қапты ажал сұм, аш.
Зарланды сонда Алтай қобызын ап,
«Күңіреніп, – деп қобызым, – кəне, сырлас!»…
 
 
– «Өмір шіркін алдадың, мен алдандым,
Алдады өмір, себеп не? Мен таң қалдым!
Жеміс піспей ауызға түспейтінін
Білдім, білдім, түсіндім, енді аңғардым.
 
 
– «Қош бол жер, көпті көрген кəрі ана!
Құшақта – тентегім жат!» – дегін ана: –
Панасыз ем, жалғыз ем өзіңе аян,
– «Жоғалғыр жоғалды ғой» деме ана.
 
 
– «Дүниеге мендей талай тентек келер,
Адам есер, көш көшер, есер, өнер.
Бұл күнде байлар ғана иеленсе,
Бір кезде құл ие боп сүтіңді емер!
– «Қош бол көк, көкшіл түсті жібек торғын,
Саяңда жігіт болып өсіп-өндім.
Кеше ғана қойныңда еркелеп ем,
Жалын сүйіп ақырда қойныңда елдім».
 
 
– «Сылдыр су, сыбырлақ жел, жылтыр көк тас,
Алтын күн, сұрланған бұлт, ну қара ағаш.
Қош болыңдар шықпасын естеріңнен,
Көздеріңше мен көзден ағызған жас.
 
 
– Өлмеймін деп өмірмен арпалыстым,
Арпалысып талайдың қанын іштім.
Əлде болса тіршілік етер едім,
Ол болмайды… қақпанға мықтап түстім!»
 
 
Өзіне əлемді Алтай жау деп ұқты,
Таппады өміріне ойлап жұпты.
Ойы көп сол тұйыққа қамалғанда,
Түтінін өрт те орап көзге тықты.
Əрі ой, əрі түтін тұншықтырып,
Қысылды Алтай, өмірден үзді үмітті.
«Дүние көпсінгенің осы болса», –
Деді де жүрегіне қанжар сұқты.
 
 
Жүректен қан шұрылдап көкке атты,
Ол қанды жалп-жалп қызыл жалын қапты.
«Сұлушаш!.. Қайсар-ау..» – деп дөңбекшіген
Алтайдың денесін от шыжылдатты.
Жел үрлеп қобыз қылын баяулатып,
«Көкейкесті» дей-тұғын күйді тартты.
От сүйіп бозаң тартқан қара көздің
Алдынан талай сурет өтіп жатты.
Алтайдың сіңірлері тыртысқанда,
Ышқынды да иегін бар-ақ қақты.