Kitabı oku: «Сұлушаш», sayfa 4

Yazı tipi:
 
 
 
Оған шейін өзектен бар-дағы ал,
Жалғыз терек түбінде мылтық жатыр.
– Жарайды, мұның-дағы мақұл екен,
Бірақ сен шығарыңда болма қапыл.
Ала шық өн бойыңа сыйғанынша,
Қолыңда қару болса іске татыр.
 
 
Екеуі серт байласып алысты қол,
Сөздері «сен мықты бол, сен мықты бол!»
Бүгінгі көрісуден тапқандары,
Ашылған сықылданды көмескі жол.
Ернінен бір шоп етіп сүйді-дағы,
Есік ашып далаға шықты Алтай,
Сүйгенін шығарып сап: – болсын деп жол.
 
 
Сібірлеп келеді екен таң да атьш.
Барады күлімсіреп шолпан батып,
Көл де көл, дөңдер де, сайлар да көл,
Əлемді шық басқан тұмандатып.
Аспанда түтеленген сұрғылт бұлттар,
Сіркіреп күнбатысқа көшті қалқып.
Сол сұр бұлтқа түйіле көзін қадап,
Ер Алтай жансыз жандай қалды қатып.
 
IV
 
Қара бұлт қоюланды қабақ түйіп,
Көк жүзі отқа толды аспан күйіп.
Ысылдап айдаһардай, ұйытқи соғып,
Жел-дағы өршеленді күшін жиып.
Өзенде таудай толқын домаланып,
Жығылды жасыл құрақ басын иіп,
Шатырлап бұлтқа бұлт соғылысып,
Шүмектеп қара жаңбыр жауды құйып.
 
 
Кереге сықыр-сықыр селкілдеді,
Түндіктер тулақтай боп желпілдеді.
Жер жүзін топан қаптап, аппақ болып,
Сайларда су сарылдап көлкілдеді.
Қараша үйлер қаңбақтай ұшып кетіп,
Қирады, жел əй-пүйге келтірмеді.
Өткен дауыл қайрыла қайта соғып,
Қара бұлт бір жадырап серпілмеді.
 
 
Малдың да, адамның да құты кетті,
Жауратып бəріне де жаңбыр өтті.
Арық-тұрақ, қозы-лақ, жаңбырға ұшып,
Семіз де су сорғалап дір-дір етті.
Бір кезде бұлт – «ашуды тоқтатайын» –
Дегендей-ақ, шығысқа қойды бетті.
Не нəрсеге долданды? – Өзі білед,
Əйтеуір оңдап ұрып алды кекті.
 
 
Бұлт арты – күнбатыс жанғандай боп,
Күнбатысты жалынды өрт алғандай боп,
Тұтанып, белең алып, өрлей жанып,
Жарты аспанды жалынды от шалғандай боп,
Сиреп жауған жаңбыр да қызараңдап,
Қызыл жалын тамшы боп тамғандай боп,
Не болмаса көкті де, бұлтты да,
Қызыл қанға малшылап алғандай боп,
Қызыл бұлт түтеленіп, арты сиреп,
Дауыл-дағы басылып, ашылды көк.
 
 
Қызарған сəулесі екен батар күннің,
Қызыл от бояуы екен отты нұрдың,
Дөңгеленіп қызыл күн қанын шашып,
Төмендеді үстінде сонау қырдың.
Күндегідей күлімдеп қоштаспады,
Ізі бардай бетінде қайғы-мұңның
Деген жанша бір кезде жоғалды күн –
«Енді қайтып шықпаймын көзді жұмдым!»
 
 
Соншама жер, жал, бұлт, күн долдануы,
Тиыштықта жүргендерді қолға алуы,
Күндегідей күмісті нұрын сеппей,
Күнбатыстың, боялып қандануы,
Жер де, көк те сілкініп, буырқанып,
Жынды бура секілді шамдануы,
Неліктен? – қайғырмасқа бола ма екен,
Жасын төксе Сұлушаш, – жер аруы!..
 
 
Жаңбыр емес, сел болып əлгі жауған,
Ол Сұлудың көз жасы мөлт-мөлт тамған.
Анау дауыл қиратқан талай үйді,
Қатты ышқынып сұлудың демі алған.
Найзағай боп жарқылдап көкте ойнаған,
Жүректегі шер ғой ол от боп жанған,
Күн бата зарлы сұлу қалғыған соң,
Себебі сол: бəрі сап бола қалған!
Күн батты, көктің жүзі қоңырланды,
Бұлт сол көшкен күймен тамырланды.
Қирап қалған үйлерді күрке қылып,
Жұрт жауыннан адасқан жиды малды.
Дəл сол кезде түстіктен бір көп салтты,
Ауыл жаққа бет алып шоғырланды.
 
 
Ол шоғыр – ұрын келер күйеу еді,
Жанына ерген нөкері, биі, бегі,
Алдынан қарсы алуға аттанысты,
Күтуші Тілеуберді жігіттері,
Жүзден астам алдында салт аттылар,
Арт жағы шұбақ түйе көрінеді.
 
 
Он үйді бір қойнауға қойған тігіп,
Соған бұрды қарсы ала шыққан жігіт.
Оларда не уайым бар, амандасып
Қонақ үйге бет алды қарқ-қарқ күліп.
Түйелерге теңделіп келе жатқан
Кəде үшін əкелген болды мүлік.
 
 
Талай тоғыз айыбы тағы да бар,
Зейнетінен бай адам аяй ма мал.
Оған қоса босаға айып үшін,
Жүз жылқы тағы əкелген өңшең көкжал.
Бірер басшы ірі адам болғанымен,
Өзгесі: əнші, қу епті, шіренген сал.
 
 
Сұлуда не ой барын білмейді бай,
Мынау келген мүлікке көңілі жай.
Ұрын келіп осынша малын шашты,
Бұдан артық бай құда болмақ қандай.
Бірақ сол қонақтарға құрмет етер
Өзінен еркек кіндік адам болмай,
Байға осы ой азырақ ауыр тиіп,
Күрсінді тіршілікке көңілі толмай.
 
V
 
Далада ерсіл-қарсыл сабылған жұрт,
Есінен шала мас боп жаңылған жұрт,
Сия алмай «қуанышы» қойынына,
Бар-жоғы бүгінгі күн табылған жұрт.
«Қайғы» жоқ, «уайым» жоқ, «өкініш» жоқ
«Шаттыққа» белшесінен «малынған» жұрт.
Бəріне сүйтерліктей көрінді не?
Өшпейтін мəңгі шаттық берілді ме?,
Болмаса молда айтатын «сегіз жұмбақ»
Ашылып «хордың қызы» көрінді ме?
Немесе мылтық атып, қылыш шапқан,
Жаулары ұқсатылып жеңілді ме?
 
 
Балқытып əнші неге шырқайды əнді?
Күйлері домбыраның неге зарлы?
Көктегі көп жұлдыздың біреуі жоқ,
Себеп не, күліп тұрмай, сөне қалды?
Қап-қара түтектеніп түсі суып,
Қара бұлт бүгін неге қоюланды?
 
 
Жел неге ысылдады ішін тартып?
Ай неге бата қалды жүрмей қалқып?
Көл неге көбіктеніп жарды соғып,
Толқынды толқын ұрып жатыр шалқып?
Солардың аяйтыны жалғыз-ақ жан:
– Сұлушаш бүгін жалғыз қайғыланған.
Ішінде сол жиналған қалың топтың
Алтай мен Сұлушаш-ақ назаланған.
 
 
Жиын кімдер?
                    Ойынға жиылғандар!
Бəрі де шат, оларда не «арман» бар.
Құлақ естір маңайдан іздеп келген,
«Күйеуді көреміз» деп мырза, салдар.
 
 
Шынтақтап тізе үстін, тізе баса,
Отырған қыз, бозбала араласа.
Балалар шуылдасып жүгіріскен,
Ойыннан басқа оларға не тамаша.
 
 
Бір жақта үймелеген толған қатын,
Бастары аппақ болып шағалаша.
Жөнсуы бозбаланың шетте қалып,
Қатынға қалжыңдайды жағаласа.
 
 
Ойланып «хан жақсы ма» сайланып хан,
Көтеріп əнші жігіт салады əн.
У да шу, күбір-күбір, сыбыр-сыбыр,
Жоқ шығар үн шығармай отырған жан.
 
 
Дауысы шоп ете ғап естіледі,
Жігіттің қыз аузынан сақина алған,
Сүйгізген қыз көнбеген адамымсып,
Үкісі желкілдейді бұлғаланған.
 
 
Ойынды бозбалалар жүрген бастап,
Қолына есіп алған белбеу ұстап,
Қалжыңдап бірін-бірі қағып кетіп,
Жұлқысып əл жеткені жығып тастап.
Не десе əміріне құлдық ұрып,
«Хандығын» мақұл дейді бəрі қостап.
 
 
Күйеуді жұрттың түгел көріп бəрі, –
Десіп отыр «мырзамыз мынау ма əлі?!»
Кей кегі бар жігіттер Сұлушашты
«Мырзаңа болайын» деп табалады.
Бұрынғы от үстіне тағы от жағып,
Сұлуды одан жаман жаралады.
 
 
Əн, күй, жиын қызық қой, ойын, сауық,
Жазбады жүрегінің емін тауып,
Жиреніп естілгенмен құлағына,
Қабағы түсіп отыр қайғы жауып.
Білдірмей қасындағы тірі жанға,
Уһлеп күрсінеді ауық-ауық.
 
 
Көз ашып жоғары бір қарамайды,
Көз жасы маржандай боп домалайды.
Есінде дос дей-тұғын жалғыз Алтай,
Басқаны досым бар деп санамайды.
Сорлыны қайғы басқан сал соққандар,
Неліктен «анау ма?!» деп табалайды!
 
 
Сұлудың бүгін жарға келген күні,
Не жығып, не жығылып өлген күні.
Келмеуге қанша белін буса-дағы,
Көпшілік жалғыз жанды жеңген күні.
Алтайдан басқа бір жан дос емесін
Көзімен бүгін анық көрген күні.
 
 
Сонда да білдірмеді жанға сырын,
Сезген жоқ қайғылысын адам мұның,
Бір өзі мың сан топты алдап кетіп,
Өзінше бəрінің де таппақ қыбын.
Ішінен сонда-дағы сескенеді,
Деп ойлап «жарар еді-ау болса мұңым?!»
 
VI
 
Жел тұрып таң атуға жақындады,
«Таң атад» – деп бөдене тақылдады.
Тауқұдірет – «құдірет, құдірет!..» деп,
Зар қағып көл басында қақылдады.
Көлде құстар оянып шу-шу етіп,
«Құдірет, құдіретті!» мақұлдады.
 
 
Жүгіріп Сұлушаштың жеңгелері,
(Сылдырап бұрымында теңгелері)
Сұлуға сөйлесуін жиілетті
Көрсетіп кəде алмақ боп көңілдері.
Қалай күліп жақындап келсе-дағы,
Сұлудың жылы сөзі көрінбеді.
 
 
Жанбайдың Айжан деген келіншегі,
Айжанды жандай жақын көруші еді.
Сырларын түгелімен ақтаратын.
Айжанға көп адамнан сенуші еді.
Тар жерде түпкі сырын ашса егер,
Жəрдемін беретіндей көруші еді.
 
 
Қап-қара тұнжыраған қара түнде,
Сенгенде желден басқа дауыс, үн де.
Сұлудың ақ білегін мойнына асып,
Отауға келе жатыр Айжан бірге,
Аяғын Сұлу түзу баса алмайды,
Əл, қуат денесінен кеткен мүлде.
 
 
Жанына ақ отаудың келіп жетті,
Сұлудың буындары дір-дір етті.
«Ойпыр-ай, шаршадым-ау, жеңеше-ай!» деп,
Сылқ етіп Сұлу жерге құлай кетті.
Басын сүйеп «оның не, қалқам!» деген,
Айжанға Сұлу тағы жасын төкті.
 
 
Сұлудың Айжан сүйеп жарлы басын,
Буланған орамалмен сүртіп жасын.
Саусағын қойынына тығып тұрып,
Қолымен сипап жібек қара шашын.
Дей берді «Еркежан-ау, мұның қалай?
Қамығып не нəрсеге мұңданасың?»
 
 
– «Айжан-ай, жандай көрген жеңгем едің,
Саған мен жанашыр деп сенген едім,
Өзің айтшы, алдыңда тілегің бар,
Ойлашы, сол күйеу ме менің теңім?!
Бүйтерім бар, анадан неге тудым,
Құрысын бүйтіп көрген күнім менің!»
 
 
– «Қой, еркем, неге үйдейсің, олай деме!
Жай айтасың, күйеу кем болсын неге,
Ол бір елдің мырзасы сылқылдаған,
Бір өзі бір маңайға болған төбе.
Бүгін сөйлес, сырын біл, сына анық,
Күнібұрын көрмей жатып, уайым жеме.
 
 
Жанындай көре-тұғын жалғыз анаң
Əдейі осы сөзді айтты маған.
Басқа жаннан дос көрер болмасыншы,
Анаң қастық айта ма сонда саған.
Жүр, еркем! Таң атады, кешікпейік,
Қанекей, отауға өзім ертіп барам
Ағаңды сүйе тұра сүймеймін деп,
Мен-дағы өп-өтірік бұлғаңдағам».
 
 
Айжанның сезді Сұлу ішкі сырын,
Бұлай деп ойламайтын бұдан бұрын,
Жақсылық қыла ма деп күтіп еді,
Есіркеудің атынан көрмеді ырым.
Дос емесін көрді де белін буды.
«Рас, дұрыс… мақұл!.. – деп – Айжан мұның!»
 
 
Маңайда үн атаулы қалған өшіп,
Жалғыз-ақ самал жел-ақ жатыр есіп.
Етегін торғын көйлек жел көтеріп,
Бір кезде сықыр етіп ашылды есік.
Алды тұман, не болмақ біле алмайды
Сұлу терең теңізге кетті түсіп.
Күйеу де жəне оның жолдасы да,
Төсекте ұйықтап қалған киім шешіп.
 
 
– «Еркежан, ұятты қой, отыр енді,
Бұйрық солай, тілдесер заман келді,
Мынау сенің қосағың Құдай қосқан,
Жолдасың көрем дейтін көптен бергі».
– Деді де Ырыстыға кездестіріп,
Ақ үйден Айжан шығып жүре берді.
 
 
«Мырзамыз» түк те жауап қата алмады,
Амандыққа амандық қайтармады.
Сұлудың мысы жеңіп, терлеп-тепшіп,
Тым болмаса «кел» деп те айта алмады.
Қасындағы жолдасы ұйқтаған боп,
Сұлуды «қарашы!..» деп сайқалдады.
 
 
– «Келіп ем, –  деді Сұлу, –  амандыққа,
Мен адаммын, жаным сен қорықпа, бұқпа!
Сен менің көрер жаным емес едің,
Шет болмайын деп келдім аруаққа.
Ең ақтық келген жолың осы болсын,
Бұдан былай бұл жаққа жолға шықпа!»
 
 
Деді де есік жаққа жүре берді…
Біреуі төр алдынан түрекелді.
Құшақтай ап сұлуды аш белінен, –
– «Қой сұлу, шалқақтама үйтіп енді!
Көзіңді аш, басынасың кімді сайқал,
Бұзылған, құрытқан күң күллі елді!
Мынау сенің күйеуің, сен қатыны,
Дəндеме, қол-аяғың шідерлеулі.
Сен кімсің, осыншама дардаңдайтын,
Қайдан ойлап шығардың менсінбеуді?!
Шатаспа!.. Қой!.. Дəндеме!.. көзіңді аш!..
Біз сендей үйреткеміз көп бедеуді»:
 
 
– «Сен үй деп тіл тигізбе, сыйлы қонақ,
Жаратқан мен емеспін күйеуді олақ.
Күйеу боп бір ауыз сөз қата алды ма,
Бергенде қалыңдығын үйге қамап.
Түбінде бөтен көңілім болмағанмен,
Мырзаңа əзір қылған сыйым сол-ақ!»
– «Жоқ, сайқал, ол қулығың болмайды!» деп,
(Қоя бер дегеніне қараған жоқ),
Төсекке сылқ еткізіп алып ұрды,
Белі үзіліп, көзінен жарқ етті от.
Бозарып нарттай жанған қызыл беті,
Жалп етті ұзын шашы қара жібек.
Бассалды Ырысты да білегінен,
Шынтақпен бір нұқыды жүрегінен…
«Алтай-ау, тірімісің?! Қайдасың» деп,
Қысылып зарлы Сұлу зорға алды дем.
Сарт етіп сол уақытта ашылды есік,
Қараңғы үйді көзі оқтай тесіп,
Ілгері ұмтылды да, Ырыстыны,
Жонынан дыр қамшымен жіберді осып.
Ырысты «ойбай өлдім!» деп бақ етіп,
Жыландай белге соққан түсті шоршып.
Сұлуды талықсыған көтеріп ап,
Ал жаным, есіңді жи, шық ілесіп!» –