Kitabı oku: «Еңлік – Кебек», sayfa 4

Yazı tipi:
 
Тобықтыдан жылқыны тиіп алып,
Басталмай ма бітпестей бүлік мүлде.
 
 
Барымта алмай бітімге көнсе елің,
Қанша мал алса аярым жоқ қой менің.
«Қызды қайтар, əйтпесе бітпейміз» деп
Жатып алса, табамыз қайтіп жөнін?
 
 
Матай алса, Тобықты тек жата ма,
Азбын деп жанын аяп ар сата ма?
Ауыл шауып, мал алып, қан төгілер,
Ойла! Қалып жүрмелік теріс батаға!»
 
 
«Ей, батыр, бұл сен айтар сөзің емес,
Уайым қып сескенер кезің емес.
Келер істі жалғыз-ақ Алла білер,
Ол сенің өлшеп сатар бөзің емес.
 
 
Кімнің көзі жетеді күні ертеңге,
Теңін тапқан сені мен жалғыз мен бе?
Ел шабысып кетті ме соның бəрі,
Алып қашып алды ғой талай пенде!
 
 
Мал аямай пейілді салсаң кеңге,
Жарастырар табылар аға-жеңге.
Жер өртеуге жетеді бір шағым қу,
Кім кепіл бола алады осы екі елге?
 
 
Бұлт шықпай жауа ма құры желге,
Бізсіз де таласады жалғыз белге.
Құдай жөнін берейін деген болса,
Көнер əлде, «мал алып біт» дегенге.
 
 
Сен мені бүгін алып кет демеймін,
Осы екі елдің түбіне жет демеймін.
Шын ішің сүймей, сыртың сүйген болса,
Əуре боп саған уағда ет демеймін.
 
 
Шын сүймесең сүйдім деп айтпа маған,
Шала сүйген болады құр алдаған.
Ындыныңмен ұнатсаң, бер қолыңды,
Саған сөзім қалмады енді айтпаған».
 
 
Кебек те отыр еді азар шыдап,
Сөзін айтып болғанша қызды сынап.
«Сен өлген жерде мен де өлемін» деп,
Қол алысып біржола кетті құлап.
 
 
Кебектің қолын Еңлік қысып алып,
Шөлдеп сусын ішкендей мейірі қанып.
Бармағынан бір сүйіп, беті тершіп,
Ыстық жасы көзінен кетті тамып.
 
* * *
 
Таң жарығы түскен соң шаңыраққа,
Кебек тұрды арқандап ат қоймаққа.
Еңлік үйден арқанды ала шығып,
Құшақтасып жөнелді жартас жаққа.
 
 
Келе жатып қыз айтты: «Батыр, саған,
Бір сөзім қалған екен айтылмаған.
Тобықты мен біздің ел бітім қылса,
Сонда алып қаш, кезінде жауықпаған.
 
 
Мына жартас табыспақ болсын бізге,
Мені ұмытып, жатып ап күдер үзбе.
Осы араға үш күнде бір келіп жүр,
Ең болмаса жұманы құр өткізбе!»
 
 
Соны айтты да от жақты үйге барып,
Су жылытты қазанға қарды салып.
Оятып ап қойшыға құрт езгізіп,
Сары май салып қойды аяқ алып.
 
 
Ат арқандап болды да Кебек өзі,
Қыз артынан қадалып екі көзі,
Еңлікке бір, тасқа бір қарады да,
Сонда түсті ойына балгер сөзі.
 
 
«Апыр-ау! Əлде сайтан, əлде жын ба,
Кім бастап алып келді мені мұнда.
Осы көрген түсім бе, иə өңім бе,
Қалжыраған бақсының сөзі шын ба?
 
 
Біржолата кім тұрар бұл дүниеде,
Өлім көрмей қоя ма туған пенде.
Қарап жүріп қаңғырып босқа өлгенше,
Еңлік үшін өлгеннің қапысы не?»
 
 
Соны ойлап көңілін басты Кебек батыр,
Құдай қосқан іс болмай қоймайды ақыр.
«Тамақ дайын» деп хабар бергеннен соң,
Аяңдап үйге таман келе жатыр.
 
 
Бетін жуып, отырды төрге барып,
Құрт берді сары майды жəне салып.
Қазы-қарта, жал-жая жасап Еңлік,
Бір табақ ет алдына қойды апарып.
 
 
Жалынан бір кесті де «бісміллə» деп,
Ұсынды ақсақал мен кемпірге əкеп.
«Иесімен ас тəтті» деп Еңлікті
Шақырып ап екеуі отырды жеп.
 
 
Қойшыға да ұстатты сүйек-саяқ,
Ет артынан сорпа ішті бірер аяқ.
Бата қылып, қол жуып болысымен
Еңлік атты ерттеді айтқызбай-ақ.
 
 
Кебек сонда шалға айтты: «Ей, ақсақал,
Өзің таңдап түлкінің біреуін ал.
Бағыңызға кез келген бір олжа ғой,
Жығыт тымақ істетіп сандыққа сал!»
 
 
Еңлік шығып қонағын аттандырды,
Қоштасып Кебек батыр елге жүрді.
«Қайда жүрсең аман жүр, батырым», – деп,
Бел асқанша артынан қарап тұрды.
 
* * *
 
Ер Кебек тыным алып үйде жатпай,
Еңлікке келіп жүрді дамыл таппай.
Кейде түзден жолығып, кейде қонып,
Алты ай қыс аттың терін бір құрғатпай.
 
 
Екі ел бітті, сөйлесіп жазға салым,
Қайтарысып барымта, алған малын.
Тамақ үшін қыдырған Матай айтып,
Бұл бітім Еңлікке де болды мəлім.
 
 
Кебек келді бір күні қызға тағы,
Ойында бар, ел бітсе, іс қылмағы.
Еңлік те дайын болды сол арада,
Қара жартас – белгілі табыспағы.
 
 
Қыз айтты: «Түнеугі айтқан уағда қайда,
Кел, кетелік, кідірмей осындайда.
Азық-түлік, киерлік киімдерім
Дайындап əкеп қойдым, мына сайда.
 
 
Қосылған соң кешікпей болдым буаз,
Онан бері қыс өтіп, шықты ғой жаз.
Босансам өз қолыңда босанайын,
Құры бүйтіп жүргенге болмалық мəз».
 
 
Екеуі «тəуекел» деп кетіп қалды,
Таң атпай-ақ Ордаға жетіп барды.
Ағаштан балаған қып арша жауып,
Бекініп бір дарада жатып алды.
 
* * *
 
Еңлік, Кебек кеткен соң таң тағы атты,
Күн шыққанша кемпір-шал тұрмай жатты.
 

Türler ve etiketler

Yaş sınırı:
12+
Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017
Hacim:
14 s. 1 illüstrasyon
Telif hakkı:
Public Domain
İndirme biçimi:
Metin
Ortalama puan 4,9, 14 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,7, 20 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,4, 48 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4, 2 oylamaya göre
Ses
Ortalama puan 4,2, 5 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 5, 4 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,3, 4 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 0, 0 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 5, 4 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 3,5, 4 oylamaya göre
Metin PDF
Ortalama puan 0, 0 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,7, 6 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 5, 7 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,4, 5 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,9, 14 oylamaya göre
Metin
Ortalama puan 4,8, 18 oylamaya göre