Kitabı oku: «Қалқаман – Мамыр», sayfa 4
Yazı tipi:
Біреудің некелісін бұзбаған соң,
Қанына ортақ болу дұрыс емес».
Көкенай тағы көнбей жатып алды,
Бітім болмай неше күн жұрт сандалды.
«Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деп,
Мақал болып бұл елге сонан қалды.
* * *
Бітім болмай созылды сөз аяғы,
Белгісіз кімнің соры, кімнің бағы.
Бір күні төркініне амандаса
Мамыр келді, тағдыр ғой ол баяғы.
Көкенай бітпей жүрген сөзді ұзайтып,
Сол күні келген екен аңнан қайтып.
«Анау бір топ жаяу кім?» деп сұраса,
«Ол – Мамыр» деп, бір қойшы қойған айтып.
Ести сала садағын қолына алды,
«Мамырдан аулақ жүр» деп айғай салды.
«Ұялмай жүзіқараның жүргенін» деп,
Аямай дəл жүректен атып қалды.
Бүкшиіп, иман айтып, қаны қашып,
Қолтығын қолыменен тұрды басып.
Бейшара бір-екі ауыз тілге келді,
Өзін атқан кісімен арыздасып:
– Көкенай, қарғамаймын, сөзіме бақ,
Ісім жөн, бір құдайға көңілім хақ.
Мойныңа менің қаным халал болсын,
Болма енді Қалқаманның қанына ортақ.
Кешікпей мен өлемін, сен тірісің,
Іс емес құдай кешер қылған ісің.
Өлтіртпе, тілегім сол, Қалқаманды,
Барасың тəңір алдына, білемісің?
Екі қан ауыр болар бір өзіңе,
Сүйсінбе бұл рақымсыз мінезіңе.
Айырған екі асықты оңа ма екен,
Деп тұрсың алғыс айтар кім өзіңе?
Тілегім келді орнына, арманым жоқ,
Артында Қалқаманның қалғаным жоқ.
Мені сен өлтіргенмен жасармайсың,
Сүйткенмен жас жанымды алғаның жоқ.
«Қалқаман, аман бол!» – деп көзін ашты,
«Алла» деп алақанмен бетін басты.
Қоштасып қасындағы қатындарға
Опасыз бұл жалғанға амандасты.
* * *
Көкенай жиды барып Мəмбетейді,
«Өлтірдім тентегімді өзім» дейді.
Бабаңа кісі салды дамыл бермей;
«Ол неге Қалқаманды өлтірмейді?!
Жақыным қызымды алды, ұнамаймын,
Қорлыққа тартып алған шыдамаймын.
Егер де Қалқаманды тірі қойса,
Ел болып Кішікпен бас құрамаймын.
Оллаһи, біз кетеміз, қазір ауып,
Менен басқа туысқан алсын тауып».
Бұл хабар Тобықтыға жеткеннен соң,
Сөзінен елдің бəрі қылды қауіп.
Бабаң айтты: «Ел бітпес оныменен,
Жүрелік шариғаттың жолыменен.
Бір еркек, бір қатынның құнын алсын,
Мəмбетей разы болсын соныменен».
Көнбеді Мəмбетейлер оған тағы,
«Ауамыз біз болсақ, – деп, – қор қылмағы.
Əнет бабаң əділет қылмаған соң,
Көз көрмеске жат болып кеттік-дағы».
Көп берген түкке тұрмай қалың малы,
Ем болмады жалынып айтқан жалы.
Тобықты осы сөзге қақ бөлініп,
Болысты Мəмбетейге Қанжығалы.
– Ей, Баба, Тəңірге аян адал ісің,
Сүйтсе де ел бүлінер бір бала үшін.
Болған соң қазақ та – жау, қалмақ та – жау,
Бұл елдің обалына қалмаймысың?
Болсын да Мəмбетейдің бір айтқаны,
«Еркек тоқты – құрбандық» деген кəні.
Қалқаман Тобықты үшін жанды қиса,
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
8 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain