Kitabı oku: «Адасқан өмір», sayfa 5

Yazı tipi:
 
Кірсе де бүгін келіп істік ішке.
 
 
Бейшараны шын досқа санар едім,
Ол үшін оқ астына барар едім.
Бай жағы жүз мың болса, кедей жалғыз,
Қорықпай-ақ жалғыз жақта қалар едім.
 
 
Жағынбаққа ешкімді мақтамас ем,
Арымды таптатпас ем, таптамас ем,
Айтар ем мінділердің мінін бетке
Кек тұтар деп, қипақтап, сақтамас ем.
 
 
Уəдеде тұрудан танбас едім.
Алтын берсе «бұрыл» деп, алмас едім,
Өтірік, алдау, шағым болған жерге,
Мойныма арқан салса бармас едім.
Не ұлық, не бай кісі сөгіп тұрса,
Естімеген кісі боп қалмас едім.
Біреудің көзге қылған артықтығын
Білмегенсіп, ішімнен жанбас едім.
Шындығын сезе тұра күншілікпен
Мін іздеп, арсыздыққа салмас едім.
Жақыным, жұрттың бетін аударуға
Қара боран салса егер, нанбас едім…
 
 
Жоқ, табуға бермеді үйтіп бақыт,
Мешітте бір Құдайға жылап жатып.
Сор, бақты дəнеңені ескермейтін,
Тым болмаса баянсыз бала оқыт.
 
 
Жеткізетін жолы деп, оқу бақтың,
Соқыр наныс жоғалды, бəле таптым.
Дүниені жасап-оқып білген сайын
Жолы алыстап барады бақыт жақтың.
Бұл жолмен жүре берсем өмір өтіп,
Сан соғып, айтатыным: «құры қаппын.
Идеалист болғансып, əуреленіп,
Жар сүйген қызығынан жастық шақтың».
«Жердегі торғай артық, əуедегі
Тырнадан» деген сөзі рас қарттың.
Аз өмірден əліңше пайдаланбай,
Көкке қарау ісі екен ақымақтың.
Жастықтың тілегенін ақыл жеңу,
Болмайды, законы емес табиғаттың.
 
 
Жастықтың сезімді ыстық жүрегімен,
Жаратылыста берілген тілегімен,
Бұл күнгеше күрестім, не өндірдім?
Мен жығар ем, жан жықса білегімен.
 
 
Өмір аз əлде болса күресуге,
Мақсат жоқ мақсат үшін сіресуге.
Ажал кеп аз қызықтан құр қалдырар,
Көпті аз деп мен жүргенде тіресуде.
 
 
«Бейнеттенем, жасаймын ұрпақ үшін»
Деп қанағат қылуға жетпес күшім.
Өзім көрге кеткен соң пайдасы не?
Ұжмақ қып, жіберсе де жиһан ішін.
 
 
«Өз етігің тар болса дүниенің
Кеңдігінен не пайда», білемісің?
Мұндай бақсыз қыларын білген болсам,
Бар еді оқуменен не жұмысым?
 
 
Өмірдің қызығын да, бұзығын да,
Жасар ем тинақтай да болмай ісім.
«Кім алдын бұрын көрсе, бейшара сол», –
Деген сөз ып-ырас қой, айтшы кісім!
 
 
Пайданы енді ойлаймын өз басыма,
Қоштасып идея деген жолдасыма.
Енді мен қатын алам, байлық жиям,
Көп ойдың көңілім сенді болмасына.
 
 
Қона алса жар сүюден жастығымда
Сендім мен басқа бақыт қонбасына.
Бұл күнге өмір суық, өмір жансыз,
Жар сүймей мүмкін емес тоңбасыма.
Қайткенмен кедей өмірі бұл қалыпта
Жүз бұлқынса, қол екен оңбасына,
Қалай егін егерсің бейнеттеніп,
Көзің жетіп тұрса егер, ормасыңа.
Гүл ұрығы жел ұшырып, құмға түссе,
Шара жоқ кеуіп, қурап, солмасына.
 
 
Ақ ниет, адал ойлар түкке тұрмай,
Барады ешкім оған мойнын бұрмай,
Əділдік орнамасқа көзім жетті,
Дүниеден ет жей-тұғын ауыз құрымай.
 
 
Менде де өз шамамша бар ғой зейін,
Кімде зейін кем болса соны жейін.
Дүние алдау екен, алдасуда,
Өз обалым өзіме, қалсам кейін.
Дүние – жеу, жегізу майданы екен,
Жеңе алсам жеймін демей мен не дейін.
Əділдік болады деп тоса берсем,
Өзімді жеп қоятын оған дейін.
Байып алып, біреуді мен де жекпей,
Неге өгіз боп оларға жегілейін?!
 
 
Адам бұрын көреді өлмеуді артық,
Аз өмірде мұқтаждық көрмеуді артық.
Сондықтан, кім байлықты қолына алса,
Өмір соның қолында – алды тартып.
 
 
Неғұрлым залымдықтың күші басым,
Болып, артық көп төксе көздің жасын,
Соғұрлым сағындырып əділдікті,
Соғұрлым көбейтпей ме өш пен қасын?
Əділ болып байқадым, не өндірдім?
Бұл басым залым болып бір байқасын!..
 
IV
Мен кəрі
 
Мен кəрі, халім кеміп, тəнім тозған,
Алдымда қараңғы көр қолым созған.
Аяқ бассам, алдымда көр тұрған соң,
Күндерді сағынамын бастан озған.
 
 
«Ол күндердің келмеске кеткені рас»
Дегендей аппақ болған сақал мен шаш.
Буын босап, қалтылдап, бел бүгіліп,
Жерге аз-ақ тимей отыр селкілдеп бас.
 
 
Бар денем кəріліктен қуырылған,
Кішірейген, сиық кеткен, күш құрыған;
Дірілдеп, төгіп алар қолым асты,
Сүлдемін құлайын деп, қурап тұрған.
 
 
Көрмейді еш нəрсені жөндеп көзім,
Тістен түк жоқ бұзылып шығар сөзім.
Катты айтпаса, құлағым түк естімес –
Отырмын керексіз боп ешкімге өзім.
 
 
Дүние менің үшін жаралғандай,
Өзім соның кіндігі саналғандай;
Ойлаушы ем: сонша үмітті, сонша биік,
Түк емес екенмін ғой, амал қандай?
 
 
Ырқыма дүние тұрсын, денем көнбес,
Көнсе, неге қартаймау қолдан келмес.
Ызасына ішемін, миды улаймын,
Құп білемін: қайғыдан еш нəрсе өнбес.
 
 
Қартаймаудың шарасын іздер едім,
Əттең, жігіт күнімді қайтып бермес.
Бұл күнде ұйқы – тамақ, қайғы – жолдас,
Мұндай өмір ешкімге қызық болмас.
Мен үмітсіз һəм менен жұрт та үмітсіз,
Сөйлеспейді дегендей: «мынау оңбас».
 
 
Сырласып, жасы кіші айтпас ойын,
Мен айтсам тыңдаудан да тартар бойын.
Ең арты балама да ұнамайды,
Түзу деп айтқан сөзім, айтқан ойым.
 
 
Біліп отырам, келмейді естігісі,
Құр айтты деп, «ие», – дейді «үлкен кісі».
«Солай дұрыс» дей салар көңіл жықпай,
«Мазаны алды, қойса екен», – десе де іші.
 
 
Сондықтан, мен жалғызбын, ермегім жоқ,
Алдым қабір, үміт қып сенгенім жоқ.
«Соны істеп кеттім ғой» деп медеу қылар,
Адамдыққа еш нəрсе бергенім жоқ.
 
 
Бұл кезімде құрметтеп мені елерлік.
Жұрт үшін еткен қызмет, еңбегім жоқ.
«Өлмей жасап тұрса екен» дей-тұғын жұрт:
«Дəрежеге еңбек қып келгенім жоқ.
 
 
Жалғыз мен бұл халіме қайғыратын,
Ешкім жоқ кем көңілімді жай қылатын.
Жастықта тапқан ғылым, өнерім жоқ,
Жас біткен ақыл сұрап қайырылатын;
Бəрі де менің үшін өмір тілеп,