Kitabı oku: «Құлагер», sayfa 2
Yazı tipi:
Оларша – жердің белі, таудың құзы,
Ата ұлы, арыстандай кер ауызды.
Біздерше – хат білмейтін бір қатты шал,
Жуан ит сүйек бермес, жалмауызы.
Қар кетті, көк жетілді, ағаш мүлги,
Жетіпті Сағынайдың жылы жылжи.
Қар жұқа, қысы жақсы, жер соны боп,
Сол жылы Арқа елінде болып ед күй.
Қатарлап қаладайын үйлерді ылғи.
Көше боп көк майсаға тігілген үй.
Айтылған қыстай сауын, ұлы дүбір,
Хат алған неше дуан, болыс пен би.
Əр елдер тұрғы-тұрғы, алыс, жақын
Жаратып келіп жатқан дəмелі атын.
Бас қосқан неше дуан ақтарылды ас,
Жалпақ, жұрт түгел естіп жатты даңқын.
Əйтеуір əудім жерге шаба алатын
Бұл астан қалдырған жоқ қазақ атын.
Қалмастан қаладағы биржевойлар,
Саудагер қалдырған жоқ тағалы атын.
Керейдің ас болған соң осы шалы
Ағылды алуан жүйрік қосылғалы.
Қаптасты кұмырсқадай қырға қазақ,
Ac емес, шегірткенің жосылғаны.
Қараөткел келіп жатыр, Қарқаралы,
Кереку, Баян, Семей, Торғай – бəрі.
Жетісу осында кеп құйып жатыр,
Арқаға аунап шөкті Қаратауы.
Əр жақтың қошқарлары, марқалары,
Əр жерде ауыр қотан, алқалады.
Жиылды Сағынайдың сорпасына,
Асын жеп, атын шауып тарқағалы.
Əр елдің бұқалары, өгіздері,
Қызыл көз, саба құрсақ – семіздері,
Жерлерден жарты ай жүріп келгендер бар,
Келіпті пəленше де дегізгелі.
Дейміз бе осыларды нені іздеді?
Жын қуды астың етін жегізгелі.
Арқаға аударылды ас дегенге
Лақылдап Балқаш, Арал теңіздері.
Жан-жақтан ағытылды сабаны артып,
Түсіріп, дүрілдеп жүр табақ тартып.
Кісіге шыпылдады ақ ордалар,
Қалың ат ер-тұрманы етіп жалт-жұлт.
Байланған қыс бордақы домалантып,
Сойылды талай мертік, талай шартық.
Соларға бір сұғынды Сұрпақбайлар,
Мал сойып, табақ тартып, сорпа қалқып.
Арқаның жазы жібек, жері сая;
Қоңыр жаз самал соққан күн жылмая.
Қазақты асқа келген Арқа күтті,
Су беріп бал бұлақтан, кілем жая.
Тəтті жал, қазы, қарта мая-мая,
Дамылсыз дастарқанды жүрген жая
Жігіттер тынымы жоқ, табақ тасып,
Болғансып терлеп-тепшіп, бая-шая.
Шалдар да былыш-былыш қақырынған.
Сары қымыз салқын үйде сапырылған.
Қалың топ, қара құрық, қамыс кісі
Толықсып, желді күндей жапырылған.
Ақсақал ат əкелген ата ұлынан.
Əр елдің дəріптеген батырынан,
Біреуді білмесе де нəн деседі –
Шіреніп насыбайды атуынан.
Бір үйде тұздықтаған тəтті табақ,
Бір үйде ет тартылмай қаққан жалақ.
Бір жерде табақ теуіп, етке өкпелеп,
Боқтасып бір үй жатыр жерді сабап.
«Шорманның Оқасы!» деп шапты анталап,
Бір үйді қырғыз алды – Шабдан манап,
Оязы Қараөткелдің Измаилов
Бір үйде лəйліп отыр ішіп арақ.
Жиынға ояз мінген бір арғымақ
Тыншымай мамағашта тұр қарғылап.
Тұқымы, тобылғыдай тор қасқаның,
Алынған француздан аңғарылып.
Бүгіліп бауырынан, жүйрік жарап,
Жан-жақтан келіп жатыр не желді аяқ.
Көл асқа қыр қазағы құстай қаптап,
Топырлап қонып жатыр үйге тарап.
Бір үйде бəйбішелер бауырсақтай,
Ауызы еттен, майдан дамыл таппай,
Сүртініп сорпа терін жеңіменен,
Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай.
Келіншек – жас жауқазын, сарымсақтай,
Қыздар да пісіп отыр, қауыншақтай,
Ақ тамақ, алма бетті арулар жүр,
Қыдыржан бақалшылар сабыншықтай.
Бір үйде қобыз даусы шымыраған,
Күңіреніп кейде, бірде ыңылдаған.
Бір кезде бебеу қағып, күшіктей боп
Қыңсылап, сыңсығандай күй жылаған.
Бір үйде домбыра да ыңыранған,
Қыр күйі құлдыраған, бұлдыраған,
Қос ішек «Қосбасарды» сылқылдатып,
Жүректі жұлып жеуге күй жынданған.
Ет асып, пышақ қайрап, малды қырған,
Кедейге сонда ырза емес бай антұрған.
Жалғыз-ақ бұл жиында малдылар жоқ,
Аңсаған ас етіне қойшы қырдан.
Албасты Арқадағы абы жылан –
Молда отыр ысқырынып оқып құран;
Атты арбап, атан жұтып жатыр молда,
Құранмен жем түсіріп жуан-жуан.
Түлкісін санап қыстай пұшпақтаған,
Бір үйде бір дарақы құс мақтаған.
Саудагер мата сатқан сөз қатып тұр.
Қылжақтап бір тоқалға тұштақтаған.
Бір үйде өлеңші отыр жұрт мақтаған,
Сөз сатып, тиын тілеп елді ақтаған.
Толтырып сүйек-саяқ дорбасына
Бір қора қайыршылар жүр қаптаған.
Кəрі ақын кіжінеді өңмең қағып,
Бала ақын cap масадай жатыр шағып,
Екі жақ ереуілдеп көрісіп тұр,
Даттасып бірін-бірі атып, қағып.
Қолына я бөрік, я тұмақты алып,
Ақтаған ат үстінен сияқтанып,
Жаршылар жағы сембей зар қағып жүр,
Жұрт жатыр əр хабардан құлақтанып.
Таң атса шаң бермейді астың үйін,
Күн батса жан бермейді тіреп иін.
Сылтауы ас, Сарыарқаны қазақ басты,
Қыл сақал, қымыз сасып, қолпаң киім.
Осындай болып жатты ұлы жиын,
Жиынның мыңнан бірін айту қиын.
Еті тау, қымызы көл деуге болар
Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.
Жүз-жүздеп жүрген жігіт даяшыға,
Ақ көбік мінген аттың жаясында.
Екі айдай Ерейменді ет сасытпай,
Жұрт малын жылулаған аясын ба.
Сан сойыс Сағынайдың бұл асына
Мал қайдан жетіп жатыр, расында?
Жан-жақтан топ-тобымен төгілген мал,
Көтерген малын Керей үй басына.
Мал айдап жан-жақтан жұрт оннан, бестен,
Көп саба келіп жатыр елдей көшкен.
«Жоғалған тоқтым бар» деп бай жүгінсе,
Қойшыға билер отыр кесік кескен.
Шығының, шаңырақ ақың мұнша дескен
Бір үйде старшиндар құлақ кескен.
Жасауыл анау жерде ат аударып,
Мынау жер жесір дауы дүрілдескен.
Жиылған көп күшіген əрбір тұстан,
Қалмастан қарға құзғын түгел ұшқан.
Тояттап қазы, қарта, түйе кекірік,
Қып-қызыл билер жатыр қымыз құсқан.
Қап қарын үйелмендер тісі шыққан,
Ішіне ет пен майды істеп тыққан.
Желпініп алды-артынан жел соқтырып,
Тер сасып, қарнын қасып, битін сыққан.
Сопылар тəсбі тартып, құман ап жүр,
Əр үйге «Аллай хақ» деп дуана жүр.
Кемпірі Сағынайдың опыраңдап,
«Кет-кет!» деп дуананы қуалап жүр.
Қарғалар қызыл көрген анталап жүр,
Май шайнап жамбастарды жаңқалап жүр.
Итініп ет үйлерге ит пен жетім
«Қай жерден қағамыз» деп байқап-ақ жүр.
Мырзалар күміс тұрман шалқалап жүр,
Кедейлер отын шауып арқалап жүр.
Күңірентіп Сағынайдың кəр моласын,
Осындай ас боп жатты Арқада бір.
Құлагер
Қайырып қыстай баптап Құлагерді,
Осы астың дақпыртына Ақан келді.
Мінгізіп бəйге бала, жайтаңдатып,
Ауылына ас бергеннің тақау келді.
Араға алты қонып, алыс жерді
Алып ед жайлап жүріп Ақан сері.
Хабары Құлагердің осы жаққа
Келуші ед еміс-еміс көптен бері.
Көз тігіп, тұрған күтіп Көкшетауға
Даяшы шапты алдынан қарсылауға.
«Қош келдің, Сері!» деген сəлемменен
Түсірді Ақанды əкеп ақ отауға.
Дегендей: шешен – дауға, батыр – жауға,
Жүйрікті – бəйгеге, – деп бағалауда.
«Дүлділі Көкшетаудың келді» десті, –
Toп жарған, талай елге салған сауға.
Кермеге қойды байлап Құлагерді,
«Маңайдан жан жүрмесін» деді сері.
Көзінен неге таса қылсын Ақан,
Іргені ат жақтағы түргіздірді.
Дегенге «Көкшетаудан Құла келді»,
Көруге ынтызар боп ел жүгірді.
«Біреудің тіл мен көзі тимесін» деп
Дұға оқып, Ақан жерге түкірінді.
Дыбысы бұрын жеткен Керқұланың,
Дегенге «келді» – түрді ел құлағын.
Ac тегіс алды-артына қалды үймелеп,
Көруге Көкшетаудың Кер пырағын.
Жиылған Арғын, Керей жан-жағына,
Көрмеде қалғып тұрды арда Құла.
He сыншы, не қырағы – жиылған жан
Көздерін қалды сүзіп саңлағыңа.
Салбырап тұр Құлагер байлауында,
Қарасып Құланың бас, аяғына:
Осы ма, Құлагерің? – деседі жұрт,
Жүйрігі жануардың қай жағында?
Салпы ерін, сала сүйек, салбыр тірсек,
Қаты бас, қаншыр мойын, ит өндіршек.
Бітімі ойқы-шойқы, орда-шорқы,
Пішкендей жануарды олақ өлшеп.
– Алмайды мынау бəйге жылқы көрсек,
Көк еті кедір-бұдыр, бөлшек-бөлшек.
Көкшетау шолағын да мақтайтын ел,
Осыған ит болайық бəйге берсек.
– Құлаға мініп қоян атар едім.
Мен мұны жүргіншіге сатар едім.
Болғанша асқа күлкі «ат қостым» деп,
Үйімде тыныш қана жатар едім.
– Қойшыға мен мінгізіп қояр едім.
– Семіртіп мен соғымға сояр едім.
Кемпірдің азасына əкеп салып,
Бата оқып, ет, қымызға тояр едім.
Сүйегі – сиыр сүйек, қиқы-жиқы,
Сал бөксе, жазық бауыр, ұзын тұрқы…
Осы ма даңқы шыққан Құлагер? – деп,
Ac тегіс Ақан атын қылды күлкі.
Сыншының келіп көрді отыз-қырқы,
Күреңбай көріп деді: «Жаман сұрқы,
Алдынан ұмтылғанда аң құтылмас,
Артынан жөнелгенде жетпес жылқы!»
Сөзіне Күреңбайдың жұрт таңғалды,
He сыншы, не сұңғыла ортаға алды.
Жылқының қырағысы, шежіресі –
Күреңбай көзін сүзіп тұрып қалды.
Күреңбай көзі тұнып көп қадалды,
Айналып алды-артына көзін салды.
Естуге Күреңбайдың байлау сөзін,
Тарқамай көптің тобы тұрып қалды.
Күреңбай көріп тұрып артын, алдын:
– Жануар жүйрігі екен жылқы малдың,
Жері ұзақ, күші алдында, өрен жүйрік,
Бітімі өзі айтып тұр жануардың.
Келіскен кескін мынау, омыраудың
Өзі айтар: қаратам, – деп, – қазақ қауымын.
Coм аяқ, быртық бақай, болат тұяқ,
Тасындай шұбар ала Көкшетаудың.
Тəует бас, қамыс құлақ, қуарған жақ,
Құлан жал, бұлан мойын, қой жұтқыншақ,
Қоян жон, жазық жая, жауырынды,
Құс топшы, қос шынтағы қалқыңқырақ.
Сіңірі, жер соғарлы, аяғы тік,
Түлкі төс, тазы тізе, ит жіліншік,
Шашақты, шақпақ етті, аласа ұршық;
Құндыздық қалай біткен құйрыққа дүп?
Қоқанның жібегіндей жеңіл құйрық,
He қою, не болмаса емес сұйық!
Бұтының арасынан ел көшкендей,
Жамбастың басы делдек, қуыс қолтық.
Шүйделі, шоқтығы өргек, шідерлігі,
Серке сан, желмаядай тілерсегі;
Тау желін тартса жұтқан талыс танау,
Тынысты, кенде жатыр кеңірдегі.
Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Қақпан бел, қалбағайлы, үңгір сағақ,
Шапса жел, мінсе жайсаң, тұрса селсоқ.
Қанында шығысың мен батысың жоқ,
Ағылшын арғымақтың шатысы жоқ.
Қашаннан қазағымның қолтумасы,
Араптың дүлдүлінің қатысы жоқ.
Маңғұлдың мес аты емес тұқырынған,
Бұл таза швед, шотлан тұқымынан.
Жануар шапса жүйрік, мінсе берік,
Озбайды жүгіргенде жылқы мұнан.
Сүйегі жануардың жылқыдан жат,
Бұл емес теке-жауміт, не қазанат.
Күйкиіп көзге қораш көрінсе де,
Шапқанда шалдырмастай бітер қанат.
Екпіні үй соққандай пысқырғанда,
Шалдырмас көктен құсқа, жерден аңға.
Жықпаса жалғыз қазық жануарды,
Бұл əзір жеткізбей тұр жылқы малға.
Маңдайы жарқырап тұр жануардың,
Ашылып тұр осы аста мұның бағы.
Көзімнің көбеймесе бүгін ағы,
Есімнен жаңылтпаса сайтан тағы.
Егерде шын жылқыны мен танысам,
Хақ мұның қырып-жойып бəйге алмағы!
– Пəлі! Ат таныдың! Таптың, сөз-ақ!
Деп оны өзге қазақ етті мазақ.
Көмбеде көрісерміз, асықпаңдар!
Сол күні Құлагердің сөйлер өзі-ақ!
Сол күні Құлагердің айтар өзі-ақ,
Қайтейін онан бері сөзді қозғап.
Қазақы қолдың жүйрік жылқысы осы,
Сау емес танымаған мұны – көзі ақ.
Соны айтып кете барды сол Күреңбай.
Ақанды ортаға алып би менен бай:
– Жарқыным, жалғызбысың? Елің қайда? –
Деп жатыр жабырласып жөнін сұрай.
– Еліңе сауын айттық біздер ұдай,
Тоймадық келісіңе сенің мұндай.
Жетелеп жалғыз атты жеке кепсің,
Ешкімді Қарауылдан жолдас қылмай.
«Елі емес, Көкшетаудың аты келді,
He керек онан басқа? – деді Сері –
Құлагер қосатыным, атым – Ақан,
Таратсын, жаршы қайда, шақыр бері!»
Ақанның айтуымен жаршы келді,
Ол да бір зар қақсаған арсыз еді;
Көктұйғын тыйған жүйрік осы жақты,
Берместен бес жыл бəйге келе жатты.
Жиында неше дуан жүйрік жиған
«Шаппай бер, бəйгемді!» деп талай айтты.
Жар салып шауып жүріп шартарапты,
Құлагер келгендігін жар таратты.
Құлағы Құлагерге қанық шіркін –
Иесі Көктұйғынның ішін тартты.
Алтайда ұрпағы бар Бегайдардың,
Бұлар да бір биігі біткен нардың.
Баласы Бегайдардың Батыраш бар –
Өр көңіл, жуан кеуде, бірі аусардың.
Атты айттық жоғарыда бір Көктұйғын.
Əкелген асқа Батыраш сол жүйрігін.
Қағатын қанаттыны өрен жүйрік,
Қоймаған қырдан жылқы, бұл бір қырғын.
Берместен келе жатқан жанға бəйге,
Бəйге алған кейде жетім, кейде түйе.
Сілтідей Сарыарқаны тыйған тұлпар,
Бəйгені бұл аста да «берем» дей ме?
Иесі Батыраш бір кеппе кеуде,
Үр-көппе, томырық мінез, намыс берме;
Осы аста сағы сынып, бағы тайса,
Ол өзін дап-дайын тұр «өлдім» деуге.
Шулатқан Арғын елін, Арқа халқын,
Естіген Батыраш та Құла даңқын.
Сатылап сұрап еді кісі салып,
Қолына түсіруге Ақан атын.
Жамбыға, жесір, малға шағып нарқын,
– Болам, – деп, – құда, тамыр көңіл жақын.
Қызығып Құлагерге неше жылдай,
Жіберіп Жексенбайды қолқалайтын.
Жүрегі жаралған ер жүйрікпенен
Сері Ақан сұрауына илікпеген.
Сонан соң кегін сақтап кеткен Батыраш,
Үкілеп Көктұйғынын «жүйрік» деген.
Көк, Құла – екі арыста жүйрік деген,
Дəл мұндай өзге жерде килікпеген.
«Келіпті Құлагер ат» дегенінде,
Мəні сол Батыраштың күйбіктеген.
Өлгенде Сағынай шал ел шулатқан,
Көктұйғын сонан бері ішін тартқан.
Сұлы жеп, сүт сіміріп мəпеленіп,
Белдеуде осы Көк ат қыстай қатқан.
Көктұйғын күңірентіп талай шапқан,
Бəйге алып шапқан сайын алғыстатқан;
Осы аста бас бəйгені оймен алып,
Батыраш көптен бері үйде жатқан.
Ниетпен дəл осындай Көк ат келген,
Қашаннан «қап!» деп азу басып жүрген.
Құлагер Көкшетаудан кеп қалған соң,
Қызғанып Батыраштың іші өртенген.
Елі шет, руы жат, жалғыз елден,
Асқа Ақан ат қосып тұр алыс жерден –
Барлығы Батырашқа болды толғақ, Хауіп илеп ажалындай Құлагерден.
Егес
Көлеңке үй, күрпілдетіп саба піскен,
Ac қандай əңгімешіл қымыз ішкен.
Əнші Ақан əсем əнін аяған жоқ
Жиылған дауысын сұрап мəжілістен.
Ақ отау топырлады Ақан түскен,
Қалың жұрт кетті көріп сырттан, іштен.
Шығады Ақан даусы əнге талып,
Безелген ғашық жармен, қыран кұспен.
«Ой қалқа, біздің көңіл қайда жатыр,
Толқыған он төртінші айда жатыр.
Aт тұрса, атан тұрса көз салмаймын,
Арғымақ, асыл тұқым тайда жатыр.
Хош иісі жадыратып көңіл ашқан
Ақ кұйрық, мəмілелі шайда жатыр.
Гүл шашақ, жасыл жібек жайлауында,
Көңілім ел қонбаған сайда жатыр…»
Əн тəтті Ақан салған Арқадағы:
«Үш тоты», «Ақ саусақ», «Ақмарқалары».
Салғанда «Сырымбеттей» сүйікті əнін,
Қосына жиылған жұрт тарқамады.
Арқаның жүйрігіндей əн салады,
Өрге айдап, барып-барып жалтарады.
Түйіліп түлкі көрген қырандайын,
Қылмаңдап қос қанатын қомданады.
«Жайықтың ақ түлкісі аралдағы,
Алдымнан сен бір шыққан марал-дағы;
Пормыңа төңкеріліп жайдым қанат,
Шарықтап ақиықтай Оралдағы.
Ертістің құба талы секілденіп,
Алдымнан шық майысып, бұрал-дағы.
Қызыл гүл сен болғанда гүлбақшада,
Біз бұлбұл күйін шерткен Иранбағы.
Қияның қиынында тұрсаң-дағы
Қиғаштап қанатымды қонам-дағы…»
Асырған айғай əнін алты қырдан
Əкесі асқақ əннің əнші Біржан,
Ақандай майда көмей, нəзік емес,
Құлақты Біржан ащы əнмен қырған.
«Үш тоты», «Көкшетауым», «Ахау, арман»,
«Жайдарман», «Жайма қоңыр», «Кер Қашаған»,
«Ой, ерке», «Мейлің-мейлің» дегендердің
Бəрі де – Ақан баптап салатын əн.
Бақырмай, домбыраны көкке бұлғап,
Аққудай əсем дауыс – үн сыңғырлап;
Қышуын жаныңыздың майда қасып,
Тербетер жан көңілін биязы ырғақ.
Көкшеден құйылғандай бір бал бұлақ,
Тəтті əнге халық қанды, ел сусындап.
Соққандай жаздың желі Арқа жақта,
Елжіреп жүрек əнге, жусап құлақ.
Əндермен əсем-əсем Ақан серің
Қаратты ауызына астың елін;
Өлеңге сұлулықты қосты талай:
«Ақмарқа», «Ардагерім», «Тастүлегім».
Деп: «Əні тым тəтті екен төменгі елдің!»
Ұмытты өзге əншілер өз əндерін.
Машықтап Ақан əнге қосып отыр
Өзінің айтып жүрген өлеңдерін.
«Торыны талға байлап мінген қандай?
Үкілеп, əсемдетіп жүрген қандай?
Тұсынан қызды ауылдан əн шырқатып,
Қалқаңа құрып жүрген сүлдер қандай?!
Сөз салып қалқа жанға жеңгесінен,
Кұрбыңмен сыпайы ойнап, күлген қандай?
Ишарат, əзілменен сөз қатысып,
Қыз сырын жеңгесінен білген қандай?
Сыланып сал торыны мінген қандай?
Сай құлдап, жарды күтіп жүрген қандай?
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
50 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain