Kitabı oku: «Құлагер», sayfa 3
Yazı tipi:
Бір сайға торышаны байлап тастап,
Артына ақбоз үйдің келген қандай?
Алаңдап, алабұртып тұрғаныңда
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай…
Қалқашың қосылғанда атқан таңдай,
Көңілің шалықтаған шаттанғандай!..
Жамылып екеу-ара бір көрпені,
Бастасып тар төсекте жатқан қандай?
Сол жерде айтылмаған сыр қалар ма,
Мысалы, абдыра ашып ақтарғандай.
Ақырын үйден шығып таң алдында,
Байлаулы тор құнанды тапқан қандай?
Шылбырын сал торының қызға ұстатып,
Шапқаны ерге қағып атқан қандай!
Ойласаң бұл дүниеде не қызық бар,
Қасынан қалқа жанның аттанғандай!
Ауылыңа өлеңдетіп сен қайтасың,
Бəйгеден атың келіп мақтанғандай…»
«Ақ шашақ», «Жайма шуақ», «Кербез керім» –
Ақанның асты ұйытты осы əндері.
Əсем тау, ат қызығы, ашық оты,
Əн болып қыран құстың қу ілгені.
Соққандай Сырымбеттің салқын желі,
Отырды думан қылып, шалқып Сері.
Жат елдің жаңа əніне соңырқасып,
Отырды «Ой, пəле-айлап» астың елі.
Қызықтап Ақан салып əр түрлі əнге,
Мəжіліс боп отырды, елге əңгіме.
Əн тоқтап, Ақан сөзге айналғанда,
Ауысты жұрт аңызы Құлагерге.
– Қуанып қалдық сіздің ат келгенге,
Құланы даңқы шыққан ап келгенге.
Атыңыз бұрын кездеспеген шығар
Алтайда алғыр тұйғын Көкпенен де?
– Көктұйғын көптің алдын бермей-ақ тұр,
Өзге мал онан озып келмей-ақ тұр;
Шаптырмай жиын сайын бəйге сұрап,
Бақ-талай Батыраш та, ерлеп-ақ тұр.
Ырысы жануардың таймай-ақ, тұр,
Батыраш аруақты өрге айдап-ақ тұр.
Алдына əлі күнге жылқы салмай,
Бақытын бар жүйріктің байлап-ақ тұр.
Ат шапса ішімізде, сыртымызда,
Көктұйғын жеткізбей тұр жылқымызға.
«Бас бəйге Батыраштың сыбағасы», –
Деп тегіс қойды ұйғарып жұртымыз да…
Естігем бұрын даңқын Көк неменің,
«Алтайдың жүйрігі онан жоқ», – дегенін.
Жолықпай иесіне жүрген болса,
Осы жол Көк шолақты бөктеремін!
Ақанның осылай деп өктегенін,
«Құламнан озар жылқы жоқ», – дегенін
Жеткізді Батырашқа бір қу ауыз,
«Құлаға бөктерілер Көк», – дегенін.
Есітіп, Батыраш боп бұлқан-талқан,
Көкжалды қысып кетті ашу, сайтан.
Тепсініп ақ отауға келді кіріп,
Жиған жоқ аяғын да жатқан Ақан.
Қылған жоқ қорқауыңнан қауіп, қайқаң;
Дауысы Батыраштың шықты қатаң.
Қамшысын бүктеп шарта жүгініп шал,
Ақанға сөзі мынау сондағы айтқан:
– Қаңғырып Қарауылдан асқа кепсің,
«Осы аста абұйырым басқа», – депсің.
Өзіңе өз аузыңмен бəйге əперіп,
«Атыңды өзгелерің қоспа!» – депсің.
Атаң аз, Алтайымнан қалай көпсің?
Алдымнан бəйгемді алып көрген жоқсың.
Сорпасы Сағынайдың бу болды ма,
«Алтайдан озамын!» – деп, … жепсің.
Алтайда мен ақиық ұшқан қонбай,
Қараңды көре алмайтын сендей торғай.
«Бөктерем Батыраштың Көк атын!» – деп,
Оттапсың аузыңа ие болмай.
Қарауыл, қайрат қашан бітті мұндай?
Басуым көңіліңді тіпті оңай!
Төренің атын ерттеп өскен ел ең,
Өзіңе ат бітіпті-ау, байғұсым-ай!
Ақанға батып кетіп шалдың сөзі,
Аңырып алғашқыда қалды да өзі;
У тілмен алды шалды шағып-шағып,
Шaп берме, оның-дағы от мінезі:
– Əңгүдік, əкірең қаққан, албыт сөзді,
…көк ешкінің жыртық кезді,
Алтайдың көржынындай бақылдаған,
Көк сақал, азбансынған, бұл кім өзі?
Ат біткен Құлагердей Ақаныңа
Ол дайын Көкті жерге тақауына.
Бəйгеден басы-көзін су қып озбай,
Ат сенің қарай ма екен сақалыңа?!
Би болсаң, би шығарсың Алтайыңа,
Тілімді, терезем тең, тартайын ба?!
Көгіңді бөктермесем атым сенікі,
Шапса да əкең мініп байталына!
Тұтқыштай өңі күйіп қап-қара боп,
Батыраш басқа сөзді баптаған жоқ.
«Батырып Батырашқа жіберді-ау», – деп,
Тым-тырыс үндемеді тыңдаған топ.
Жайраңдап жайсаң Ақан қаймыққан жоқ,
Жүрегін жолбарыстан айнытқан жоқ.
«Жат елде жалғыз жүрмін», – деп именіп,
Болар деп түбін қалай қайғырған жоқ.
Жұрт сөзді онан əрі жаңғыртқан жоқ,
Қаңқулап, қағажулап, қағытқан жоқ.
Насырға шабатынын біліп жиын,
Шаппаған бəйге басын ауыртқан жоқ.
Көгеріп Батыраш шал басы қалтақ –
Қалтақтап жан-жағына етіп жалтақ;
Біле алмай не қыларын үйден шықты,
Халық та кетіп жатты үйден тарқап.
Жүйріктей жиын жарған қағып жайтақ,
Таңғалтып əн, атымен елді байтақ;
«Ауылым қонған Сырымбет саласына!»
Деп Ақан əн caп жатты басты шайқап.
Көмбе
Тауысып көл қымызды, таудай етті,
Heшe күн Ереймен тау етке бөкті.
Күтіліп келген мейман тойынған соң,
Ат шауып, бəйге үлесер мезгіл жетті.
Шаң басып қотарылған жер мен көкті,
Арқаның елі тегіс ат ерттеді.
Қарақшы қалай қарай тартатынын
Хабар қып жаршылар да шауып кетті:
«Ай, əлеумет, жарандар,
Асқа жиын адамдар!
Жарға құлақ салыңыз,
Бірің қалмай, бəріңіз
Айтқанымды біліңіз,
Атқа тегіс мініңіз!
Тарап кетті табақшы,
Солай қарай жүріңіз!
«Көмбе қайда? – десеңіз,
Көзді салып көрсеңіз:
Өркеш-өркеш көрінген,
Орғылап су төгілген,
Балдырғаны білектей,
Балаусасы жібектей,
Бүлдіргені көнектей,
Ерейменнің тауында,
Егізқызыл баурында,
Жоламанның қасында,
Жыландының басында,
Көк жайдақтың шенінде,
Боз ойнақтың белінде,
Қайындының дөңінде,
Қарақұсақ көлінде,
Сонда бəйге төбеге
Жиыласыз көмбеге!
Халқым, солай жүресіз,
Қарақшыға ересіз.
Тоғыз дуан тоғысқан,
Сегіз дуан бас қосқан
Сердебені көресіз!»
Жаршылар осылайша кетті сарнап,
Бəйгенің болар жерін жұртқа жарлап.
Қара жер қайысқандай қалың жиын,
Қыбырлап кұмырсқадай жүрді қаулап.
Лек-лек топ, ағытылды адам аңдап,
Теңіздей толқын жанға толды жан-жақ.
Тұяқтан түтін болып жер менен көк,
Бауырын Ерейменнің басты шаңдақ.
Ұқсаған ен тоғайдың ағашына,
Мол жиын таудың сайы, саласында.
Түлкілер тұйықталып қолға түсті,
Кісінің қалды қоян арасында.
Адамның көз жеткісіз қарасына,
Дегендей исі қазақ бəрі осында.
Жауғандай Ерейменге жаңбыр кісі,
Қусақтың тарпы тура жағасына.
Əр түсті ат, алуан кісі мінуі де,
Халықтың жазғы шөптей киімі де,
Бейне бір шегірткенің қонуындай,
Қусақтың жұрт жиылды биігіне.
Əркім-ақ əлем байлап жүйрігіне,
Құйрығын сəйгүліктің түйді, міне.
Жапсар ел жақын, көңіл тілектес боп,
«Бəйгелі болсын!» – деп жүр бір-біріне.
Шықты шаң, басты тұман Жыланды жақ,
Сол шаңнан шығып жатыр ат қылмаңдап.
Тұмарлап, үкілеген өңшең жүйрік,
Жиылды жұрт алдына сүмбе сандақ.
Жүргендер жұрттан озып, топтан таңдап,
Жараған жыл өмірге осы асқа арнап.
Алдырып жеті сайын желіктерін,
Қатқандар бірі – қамшы, бірі – қармақ.
Сақа аттар, cap кідірлер, сары тісті,
Дəмелі дөнен де бар, жүйрік бесті.
Құсындай қырдың өңшең ап-ала боп,
Жүйріктер жұртты үңілтіп көзге түсті.
Ат саны барған сайын бірден өсті,
Атқа еріп, тамашалап халық көшті.
Аттарды жазып-сызып терешілер
Санақшы санын бір мың үш жүз десті.
Пəленше-түгеншеден озып бақсақ;
«Осы асты көптен күтіп деген – шапсақ,
Жүргенше жеке-жеке жүйрік болып,
Арыстың асында бір бақ сынатсақ…» –
Деген ой бəрінде де болып мақсат,
Жиылды қазақтағы өңшең жақсы ат;
Қашаннан қарлығаштай жаршы міскін,
Қызғыштай қалың топқа жүрді қақсап:
«Көр, əлеумет, жарандар!
Көмбедегі адамдар,
Маған құлақ тігіңдер,
Келген атты біліңдер!
Айтайын қайсыбіріңді,
Жиылды жүйрік, жиылды!
Ойың менен қырыңды
Жиған асқа бүгінгі
Кімдер келмей қалысқан,
Аяқ жетпес алыстан,
Құлақ жетпес дабыстан.
Жиылды осы көмбеге,
Шапқалы тұр бəйгеге
Бөкен санды бурылдар,
Шапса мыңнан суырылар.
Жылқы малдың жүйрігі,
Серке санды Құла бар;
Қозыбайдың дүлдүлі
Серпінді Көк бұ да бар,
Қайсыбірін айтайын
Шапса желдей зулатқан,
Шудың бойын шулатқан,
Меруерт жалдас Ақсұр бар.
Сырдың бойын сілтідей
Тыйып түрген Қызқара,
Осы жолы бақ сынар.
Қайсыбірін айтайын,
Бəйге бермес ұдайы
Ұлытаудың Құбайы;
Қашағанның Құдайы
Қаратаудың Құмайы,
Қыпшақтың Ақбақайы,
Қырғыздьң көктопайы,
Ақшатаудың Аласы,
Көкшетаудың Құласы,
Ертістен Елік-құбақан,
Есілдің Қасқабұласы,
Айтайын қайсыбіріңді;
Жиылды жұрт, жиылды,
Аралдың Алаүйрегі,
Жарылқаптың Жирені,
Балқаштың бейпіл Бөртесі,
Семеңдің Сұрсеркесі,
Төстен түлкі қоймаған
Тобықтының тұйғыны –
Жамбылторы осында,
Жауғашардың жүйрігі.
Қайсыбірін айтайын.
Алатаудың басынан
Ақ-қанат Кер келіп тұр
Аузымен құс тістеген;
Жалғыз қазық жықпаса,
Жылқы озбайтын құспенен.
Шапса екпіні дауылдай,
Ала көйлек арудай
Сыпыра басып, сылаңдап,
Көкала жүр бұлаңдап.
Қайсыбірін айтайын
Алуан-алуан күліктің.
Асқан-асқан жүйріктің.
Қосылып тұр отыз боз,
Жиырма жирен, қырық қара;
Кердің өзі екі жүз,
Тағы, тағы тағы да,
Таласып тұр бағына:
Тоқсан торы, жетпіс көк;
Ала, құла саны жоқ…»
Осындай хабарымен топқа соғып,
Жаршы жүр жағы тынбай бəйек болып.
Жиын жұрт жүйріктерді тамашалап,
Аттардың алды-артына кетті толып.
Əр жақтың саңлақтарын сұрап, көріп,
Дүрілдеп ұмтылып жүр соңына еріп.
Кеңесіп, керілдесіп, кеулеседі –
Қой, қозы жамырасқан секілденіп.
Ат айдау
Ақан да алып шықты Құлагерін,
Салпитып саптыаяқтай төменгі ернін.
Жай тастап төрт аяғын келді тұлпар,
Оңаша жұрттан аулақ тұрды Серің.
Талтайтып жимай тастап тілерсегің,
Салпитып тұрды Құла үлпіршегін.
Күреңбай Ақанға кеп сөз айтады:
Аласын астың алдын, Ақан серім!
Құлаң бір дүлдүл екен, жануар-ай!
Жүйрікке қолы жеткен жарығандай,
Саған да ішім ырза, жолың болсын,
Жылқыны жігітімсің танығандай…
Күткен бір атым еді күнінен тай,
Жолдасым осы ат менің неше жылдай…
Ендеше бас бəйгені алып тұрсың!
Айтқаның келсін, сыншым, аузыңа май!
Батыраш танушы еді бұл да малды.
Құлагер Көк атқа ажал сықылданды.
Алғаш-ақ Құлагерді көрген күні
Ауырып, ұйқы көрмей ыңқылдады.
Көмбеде Құлагерге тағы барды,
Шықты да алды-артына көзін салды:
«Арқаның албастысы бұл шығар», – деп,
Ішінен Құлагерден хауіптенді.
Батыраш бала жастан атқа құмар.
Айқайшыл ат əперген баққа құмар.
Арам ой, ата намыс ұр-шоқпары,
Кір көңіл, сарайының батпағы бар.
«Осы ма даңқы шыққан Құла тұлпар?
Сүйегі бөлек екен, сұмдық шығар!
Арқаның алдын алған Көктұйғынның
Алатын əзірейілі осы шығар.
Жануар бітісің де ерек екен!
Сүйегің алқа-салқа бөлек екен!
Көргем жоқ көріп жүріп мұндай атты,
Жүгірсе шаба ма екен, желе ме екен?
Бұл кəпір жылқы ма екен, немене екен?
Осы аста алдымен-ақ келе ме екен?
Алдына ат салмаған Көктұйғынға
Бір пəле Көкшетаудан келген екен!
Жылқыдай селт етпейді, не мінезі?
Жай, салаң, мінезі ме – бойкүйезі?
Естуші ем сұмырайдың сырттан даңқын,
Жайлы емес, не қылса да келген кезі.
Отты екен жануардың екі көзі!
Перінің пырағы ма мұның өзі?»
Түтігіп, қап-қара боп тұрды Батыраш
Жалғыз-ақ «Қап! Қап!» болып айтқан сөзі.
Осылай айтпағанмен ішінен сыр,
Томсарып Батыраш кеп толғатып тұр.
Кек қайнап, ыза кернеп, жауыққандай,
Қалып тұр қаны қашып, сүлдесі құр.
Шетсіз көп шегіртке жан қыбыр-қыбыр,
Уда-шу, айқай-сүрең, ыбыр-жыбыр.
Аттырып Ақан атын оқты көзге
Тұрғанын білсін қайдан ажал құрғыр.
He қылсын, Ақан оған қарасын ба?
Жау, мейлі, жүре берер жар астында.
Тұмарын Құлагердің шешіп алып,
Сипап тұр аясы мен жаясын да.
Қызыл шыт тартып беріп баласына,
Көп аттың қоя берді арасына:
« – Алдыңа бір-екі-ақ ат салып отыр,
Келгенше сонау жердің шамасына.
Бұл айдау – қырғын жорық, байқап отыр,
Барғанша бұлаң құйрық, шайқап отыр;
Жел жақта шаң қаптырма, ұрма, қалқам!
Тек қана тізгін қағып жайқа да отыр.
Қайтарда тізгініңді тежеп отыр,
Тақымды қамшы салмай безеп отыр.
Бол да отыр бірдің соңы, ызаң озба,
Тек қана бір мөлшерді көзде де отыр.
Көрдің бе, сонау жатқан көк өзекті?
Өткенде сол өзектен салшы тепкі;
Қоя бер басын сонда, қарғатайым!
Өзі алар онан кейін қалған бетті.
Ал, күнім, сен де жөнел, аттар кетті,
Шаң басты, жел жаққа тарт, жер мен көкті;
Ажырап мен сендерден қалдым жалғыз,
Алла өзің аман келтір екі ермекті!»
Қалың ат, көп баланың арасында,
Құшақтап Ақан сүйді баласын да.
«Қош, аман келгеніңше күтемін», – деп,
Мойнынан құшақтады Құласын да.
Алуан ат – торы осында, қара осында,
He сандақ, сəйгүліктің бəрі осында.
Күңірентіп, кең даланы дүбірлетіп,
Төгілді ат Ерейменнің саласына.
Екі атты екі айдаушы мінген жайлап,
Аттарды дүркіретіп жөнелді айдап.
«Дау-дамай ат келгенде айырылсын», – деп,
Төреші келер жолға қойды сайлап.
Сүзілген құйрық, жалы өңшең жайдақ,
Балалар бəйшешектей шыттар байлап;
Бəйгеде бəсекемен бақ сынасқан
Қалың ат көлді айнала кетті қайнап.
Атқа еріп ел төгіліп алыс кетті
«Қайт!», «Қайттап» елге əңгірлеп шабар жетті
Көруге ат қайтқанша өзге ойынды
Теңіз топ толқып, қалғып, бұрды бетті.
Шулатып, маңыратып койдай көпті,
Қасына қарақшының айдап жетті.
«Ел түссін, енді балуан болады», – деп,
Кəрі ояз тор қасқалы арс-ұрс етті.
Балуан бəйге
Құжынап құмырсқадай сала-сала,
Мұнда жоқ қатын-қалаш, бала-шаға.
Ояздың тəртібімен иірілді жұрт,
Бодан ел, «тақсырлаған», жақ аша ма?
Шытырлап ат байланды қалмақшаға,
Жөңкіліп жаяу халық келді ортаға.
Балуанды түсе-тұғын тағы жарлап,
Жаршылар жағы сембей жүр қақсауда.
Алапқа алқа-қотан отырды жан,
Жері жоқ ине шаншар, адам тұрған.
Жаяулап тай шаптырып жерге келді,
Алыста аттар қалды байластырған.
Ояздың тəртіп қылып айтуынан,
Басқарып кісі шықты ата ұлынан.
Көк дөңге дүрбі салып ояз отыр,
Басына көлеңкелеп шатыр құрған.
Кең жазық, майса көгал ортасында,
Жиылды жұрт Қусақтың жотасына.
Күреске кең ашықты сайлады жұрт,
Арналған алыптарға айқасуға.
Ұқсаған жазды күнгі жауқазынға,
Тізілді ел Ерейменнің алқасына;
Алысып Арғын, Найман күш сынасып,
Атты айдап, азаматпен шайқасуға.
Даурығып қарсы жақ та қобырасты,
Балуанын шешіндіріп дабырасты.
«Тез шығар, Балуаныңды!» – деген дауыс
Атойлап, қыр көрсетіп, жамырасты.
Ауылда едіреңдеген қымыз масты
Сескентіп мынау думан көңілін басты.
Кей балуан кісі өлгендей жер шұқылап,
Жүрегі жігіттердің үрке қашты.
Балуаны шешінген жақ дікең қақты,
«Кісіңді шығар! Шығар!» – деп-ақ бақгы.
Шыдамай шешінуге нелер балуан,
Самай тер шекелерден шып-шып ақты.
Аттатып, атандайын алшаңдатып,
Ақситып бір балуанды арсаңдатып,
Аруақтап жетелеген бір қараның
Ноқтасын сыпырды əкеп, талтаңдатып.
Көргенде мұны халық қалды қатып,
«Мынаған шыға алмас, – деп, – ешкім батып!»
Қораға түскен жалғыз жолбарыстай,
Ол тұрды, көрген көзді таңырқатып.
Бұл асқан алып еді, мықгы қара,
Талқандап таудай дəуді жықты қара.
Шошытып бар жігітке мысық болып,
Тышқан қып іннен інге тықты қара.
Бура сан, бұқа мойын, түкті қара,
Күмбездей көрінеді күпті қара,
Борбаңдап жолбарыстай жонын беріп,
Майданға бір тізелеп шөкті қара.
Алдырмас тірі жанға алып, берік,
Шошынды бұл қарадан халық көріп.
Біледі алуан түрлі əдісті де,
Өткізген талай күрес, талай цирк.
Боз шолақ мінген жаршы жəне келіп,
Балуанды баяндады сөзге теріп.
Тыңдасты астың халқы құлақ қойып,
Бір-бірін басып, жаншып, ентеленіп.
– Мынау, мынау, мынау ер!
Піл сүйекті, бұлан ер,
Арыстандай айбынды ер,
Жолбарыстай жуан ер.
Ертістің бойын сіліккен ер,
Еділдің бойы үріккен ер.
Ірбіт, Алтай, Мекерже,
Жəрмеңкеде шыққан ер.
Алатаудың алыбын
Алып жерге соққан ер.
Қаратаудың алыбын
Қағып жерге тыққан ер.
Аюбайдың асында,
Онда он алты жасыңда,
Атаң жыққан алыпты
Апжыландай жұтқан ер.
Бұқа мойын, бура сан,
Бұғалық бермес шу асау,
Талайлар қорқып бұққан ер.
He нəндерді бөріктей
Қағып сілкіп циркті,
Қалаларды құртқан ер.
Алды-артына бірдей ер,
Алысқанға дүрдей ер.
Адамзатқа сырттан ер,
Қолы құрыш қорғасын,
Алысқаның оңбайсың,
Алып жерге тыққан ер.
Алысқанның көк етін
Сықпа құрттай сыққан ер.
Айқасқанның терісін
Шаранадай жыртқан ер.
Əзіреті Əлінің
Əдіс күшін тұтқан ер.
Жаршының бұл айтқаны бекер де емес,
Осылай етіп отыр көп те кеңес.
Адамның бурасына адам батып
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
50 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain