Kitabı oku: «Жетісу суреттері», sayfa 4
Yazı tipi:
Жер бар ма дәу Бақайдан көрінбеген,
Жүйеге тау қалсын ба бөлінбеген.
Көресің алдындағы дастарқандай
Жерлерді Теріскей, Сырт, Төрің деген,
Лабастың саласын да шолар көзің,
Тұлымдай тобық соққан өрілмеген.
Аса алмас алғыр қыран ала асқардан,
Өңкілдеп өзен қалай төгілмеген.
Шығысқа беттей шөге жатқан таулар,
Құшысып, сүйісіп тұр көгіменен.
Меруертгей жалтылдайды күңгей Мұзарт,
Кез түгіл үңілесің көңілменен.
Құздары Құдырғының құлдыр шұнақ ,
Өрікті – ол боз биедей желіндеген.
Ақсақал, Байсауырын, Тайсауырын,
Жалмауыз шығар көктің көгін жеген.
Асқардың арғы атасы Хантәңірі,
Албанның өрісінің төрінде екен.
Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу,
Мұз көйлек көк мұнармен белін буу.
Көлдегі көп шағала ортасында
Тартпасын көзді қалай айдында аққу…
Өзгені үйме-жүйме отырғызып,
Ортада бір ақсақал кеңес құру.
Қайырып, топты үйіріп бір боз айғыр,
Жусатып, қалғып көзін ашып-жұму.
Осыған ұқсамаса сөкші мені,
Басынан Кіндіктастың қарап тұру.
Жетісуда су суреті
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудің
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,
Тұмсығын қас қаққанша еркіндейді.
Бұлқынса анда-санда ала бура,
Жетісу желпең қағып селкілдейді.
Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,
Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап,
Асқардың ақтарылған ағы емес пе,
Қарқ болған қырғыз-қазақ суын сулап?
Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:
«Қолың бер, құт, береке» дейді «тумақ!».
Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін – Дулат.
Шымырлап Іле қайнап құмды кезген,
Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,
Алыстан арып көшкен керуендей,
Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,
Елге де, егінге де қарайласпай,
Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.
Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,
Естісең ертегіні ескі сөзден.
Арқырап асау Шелек орыпты тас,
Бурадай бұлқынады көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.
Айдынды айдағардай күміс көл бар,
Алысқан таумен, таспен алып болмас.
Қожыр тас қопарыла құмға айналып,
Жарпымен көшіп жатыр боп жым-жылас.
Қысылып қыспақтағы қыл көпірден,
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
22 ocak 2017Yazıldığı tarih:
1925Hacim:
7 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain