Kitabı oku: «Қосалқы», sayfa 2
Жарты сағаттан соң үлкендердің төменгі қабатқа қарай кешкі «көшінің» дыбысы естіле бастады. Содан соң волынканың сарнаған дауысы шықты. Келесі екі сағат бойы үлкендер «Кешкі ас зынданында» қамалады. Ұзын үстелді айнала отыруға мәжбүр, ханзада Альберттің дизайнымен жасалған шырағданның күңгірт жарығында көздерін шүйіріп қарауға мәжбүр, даяшылар математикалық дәлдікпен (өлшеуіш рулеткалары қолдарында) қойып шыққан фарфор мен шыны ыдыстар алдында қақиып отыруға мәжбүр, бөдене жұмыртқасы мен сутіл балығын шұқып жеп отыруға мәжбүр, ең сәнді киімдерін киіп алып, әңгіме-дүкен құруға мәжбүр. Қара галстук, қап-қара аяқкиім, шотландтық шалбар. Тіпті килт киген болуы да мүмкін.
«Ересек болған қандай азап!» – деп ойлаушы едім.
Кешкі асқа бара жатып әкем соғып кетті. Кешігіп жатса да, күмбезді көтеру көрінісін жасап кетті. «М-м-м, осы тамақты маған берсе ғой!» – деп ұзақ иіскеді. Өзі барлығын иіскеп жүретін: тамақты, раушан гүлдерді, біздің шашымызды. Өткен өмірінде бладхаунд болған шығар. Бәлкім, бәрін иіскей беруінің себебі өзінің иісі тым қатты болғаннан шығар. «Eau Sauvage». Бұл әтірін бетіне, мойнына, жейдесіне себетін. Гүлдің иісінен бөлек, бір қатты иіс араласқан. Ащы бұрыш па, оқ-дәрі ме – бірдеңе. Парижде жасалған. Бөтелкесінде солай деп тұр. Онысы анамды есіме түсірді.
– Иә, Хәрри, анаң Парижде.
Дәл бір жыл бұрын біржола ажырасып еді. Дәл осы күні десек те болар.
– Ақылды болыңдар, балалар.
– Жарайды, әке.
– Ертерек жатыңдар.
Өзі кетті, иісі қалды.
Уилли екеуіміз кешкі асымызды тауыстық, тағы кішкене теледидар көрдік, содан соң жатар алдындағы әдепкі қылықтарымызға көштік. Алдымен шеттегі баспалдақтың үстіңгі басқышында тұрып ересектерге құлақ түрдік. Бір жаман сөз немесе әңгіме естіп қалармыз деген үміт қой сондағы. Қабырғаға ілулі ондаған бұғының міз бақпайтын назарында ұзын дәліз бойымен ары-бері жүгірдік. Бір кезде әжемнің волынкашысына тап болдық. Шашы алба-жұлба, денесі алмұрт пішінді, көздері алабұртқан, үстінде твид килт. Волынканың үнін жақсы көретін әжем қайда барса, ол да сонда баратын. Виктория да волынканы ұнатқан дейді. Альберт болса аспапты «хайуанның аспабы» деген көрінеді. Жазда Балморалда демалған кезде әжем өзін волынкамен оятуды, сосын волынкамен кешкі асқа шақыруды сұрайтын.
Аспабы мас сегізаяққа ұқсайтын, бірақ оның салбыраған қолдары күміспен және қызыл ағашпен көмкерілген. Бұрын да талай көрген аспап. Бірақ бұл жолы оны бізге ұстап көруге, тартып көруге рұқсат берді.
– Шын ба?
– Әрине.
Волынкадан бір-екі балапан шиқылынан басқа ештеңе шығара алмадық. Жүрегіміз батпады. Ал волынкашының кеудесі виски құйылған бөшкедей еді. Оның қолында волынка сарнап, айқайлап қоя береді.
Волынка сабағын алғанымызға алғыс айттық та, қайырлы түн тілеп, бөлмемізге оралдық. Мұнда Мэйбл біздің тісімізді, бетімізді жуғанымызды қадағалады. Енді төсекке бет бұрдық.
Менің кереуетім биік еді. Үстіне шығу үшін секіруім керек болатын. Содан соң оның шұңқырлау ортасына аунап барып жататынмын. Кітап сөресіне мініп, артынан окопқа түсіп кеткендей болатынмын. Төсеніштер таза, үтіктелген, ақ түстің түрлі реңктеріне боялған. Алебастр түсті төсеніш, крем түсті жамылғы, жұмыртқа қабығы түсті көрпе. (Біразында «ER», яғни «Elizabeth Regina» мөрі басылған.) Барлығы барабанға тартылған терідей керулі, шебер түрде тегістелгендігі сонша, ғасырлар бойғы тесіктер мен жыртықтардың жамауын тез байқауға болады.
Жамылғыны мойныма дейін жауып алатынмын, өйткені қараңғыны ұнатпайтынмын. Жоқ, олай емес, қараңғыны жек көретінмін. Анам да жек көретін, оны маған өзі айтқан. Онысы маған берілген. Сосын оның мұрны, көк көзі, адамдарды жақсы көретіні, қулық пен өтірікті және ақсүйекшіл нәрселерді жек көретіні берілген. Сол жамылғылардың астында жатқаным әлі көз алдымда. Қараңғыға үңіліп, жәндіктердің шырылы мен үкілердің дыбысын тыңдап жатқанмын. Қабырғада бірдеңе жыбырлағандай ма? Едендегі жарық сызыққа қарап қалдым ба? Ол жарық үнемі түсіп тұратын, өйткені мен есікті кішкене ашық қалдыруын сұрайтынмын. Көзім ілініп кеткенше қанша уақыт өтті? Яғни балалығымның қанша бөлігі қалды, оның қаншасын бағаладым, тамашаладым? Өйткені келесі сәтте ұйқылы-ояу қалпымда әлдекімнің тұрғанын сезіндім.
– Әке?
Төсегімнің жанында төмен қарап тұр еді. Ақ түсті халаты театрдағы елеске ұқсатады.
– Иә, балақай, мен.
Жартылай ғана жымиды, көзін ала қашты.
Бөлме қараңғы емес еді. Жарық та емес. Біртүрлі түске боялған. Қоңыршыл сияқты, ежелгі ваннадағы судай.
Маған бір қызық түрмен қарады, ешқашан олай қарағанын көрмегенмін. Қорқынышпен бе?
– Не болды, әке?
Төсегімнің шетіне отырды. Қолын тіземе қойды.
– Балақай, анаң апатқа ұшырапты.
Не ойлағаным есімде: «Апат… М-хм. Бірақ өзі аман ғой? Иә?»
Осы ойдың санамда жалт еткені анық есімде. Анамның расында да аман екенін әкемнің растауын сабырмен күткенім де есімде. Бірақ оның растамағаны да есімде.
Содан соң ішімде бәрі астан-кестен болды. Үнсіз ғана әкеме, не Құдайға, не екеуіне жалбарына бастадым: «Жоқ, жоқ, жоқ».
Әкем ескі төсеніштер мен жамылғылардың қыртыстарына қарады.
– Халі нашарлап кетіпті. Анаң қатты жарақат алып, ауруханаға жеткізіліпті, балақай.
Маған «балақай» деп үнемі айтатын, бірақ бұл жолы тым көп айтып жатыр. Дауысы жұмсақ. Есеңгіреп отырған сияқтанды.
– О-о. Ауруханаға?
– Иә. Бас жарақатымен.
Папарацциді айтты ма? Анамның соңынан қуды деді ме? Оны айтпаған сияқты. Айтпады деп нақты айта алмаймын, бірақ айтпаған сияқты. Папарацци анамның да, бәрінің де мазасын алғаны сонша, айтудың да қажеті жоқ еді.
Тағы бір ойым: «Жаралы… бірақ аман. Ауруханаға жеткізіпті, дәрігерлер басын емдейді де, біз оны көруге барамыз. Бүгін. Ең кеші бүгін түнде».
– Қолдарынан келгенін жасапты, балақай. Бірақ анаң аман қалмады.
Бұл сөздер жадымда тақтаға қадалған жебенің оғындай сақталып қалған. Дәл осылай айтты, оған сенімдімін. Анаң аман қалмады. Содан соң тынысым тоқтап қалғандай көрінді.
Жоқ, олай емес. Көрінген жоқ. Ештеңе көрінген жоқ. Бәрі айдан анық, дәлме-дәл, қайтарымсыз тоқтады.
Менің оған айтқанымның ешқайсысы есімде қалмады. Ештеңе айтпаған да болуым мүмкін. Есімде тайға таңба басқандай қалғаны, жылаған жоқпын. Бір тамшы жас та жоқ.
Әкем мені құшақтаған жоқ. Қалыпты жағдайда да сезімін білдіре алмайтын ол мұндай күйзелісте қалай білдірсін? Бірақ ол қолын тағы бір рет тіземе қойды да: «Бәрі жақсы болады», – деді.
Онысының өзі көп. Әкелік мейірім, үміт сыйлайтын сөз. Жалған сөз.
Орнынан тұрды да, бөлмеден шықты. Арғы бөлмеде екенін, Уиллиге хабарлап қойғанын қалай білгенім есімде емес, бірақ білдім.
Төсекте жаттым ба, отырдым ба – білмеймін. Тұрмадым. Жуынбадым, дәретханаға бармадым. Киінбедім. Уиллиді немесе Мэйблды шақырмадым. Ондаған жыл сол бір таңның оқиғаларын есіме түсіре келіп, бұлжымас бір шындыққа жеттім: бөлмемде ештеңе демей, ешкіммен көріспей, сағат дәл тоғызға дейін жатқан болуым керек. Тоғызда сыртта волынка ойнай бастады.
Қандай әуен ойнағанын есіме түсіре алсам ғой. Бірақ ол маңызды емес те шығар. Волынкада әуен емес, тон маңызды. Мыңдаған жыл бұрын пайда болған волынка жүректегіні күшейту үшін жасалған. Егер өзіңізді ақымақ сезінсеңіз, волынка сізді одан да ақымақ етеді. Ашулы болсаңыз, қаныңызды одан да қайнатады. Ал егер қайғырып жатсаңыз, оның үстіне он екі жасар болсаңыз, әрі қайғылы екеніңізді білмесеңіз, әсіресе білмесеңіз шығар, волынка есіңізді адастыруы да мүмкін.
4
ЖЕКСЕНБІ ЕДІ. Сондықтан әдеттегіше шіркеуге бардық.
Крейти Кирк. Гранит қабырғалар, шотландтық қарағайдан жасалған үлкен шатыр, ондаған жыл бұрын Виктория сыйлаған витражды терезелер, осында ғибадат жасағаны үшін туындаған реніштерді жуып-шаю үшін шығар. Англия шіркеуінің басшысы бола тұрып, Шотландия шіркеуінде ғибадат жасағанына қатысты бірдеңе. Неге сонша шу шыққанын еш түсіне алмадым.
Сол күні шіркеуге кіріп бара жатқанымыздың фотоларын көрдім, бірақ олар ешқандай естелік оятпады. Министр бірдеңе деді ме? Жараның бетін тырнады ма? Оны тыңдадым ба, әлде орындықтың артына үңіліп отырып анашымды ойладым ба?
Балморалға қайтар жол көлікпен екі минуттық. Жолда тоқтайық деген ұсыныс жасалды. Таңнан бері адамдар жиналып жатты. Кейбірі заттар қалдырып жатыр: жұмсақ ойыншықтар, гүлдер, ашық хаттар. Оларға алғыс білдіру қажет.
Жолдың шетіне тоқтап, көліктен түстік. Түрлі түсті нүктелерден жасалған матрицадан басқа ештеңе көрмедім. Гүлдер. Тағы гүлдер. Жолдың арғы бетінен қалыпты ырғақпен сықырлаған дыбыстардан басқа ештеңе естімедім. БАҚ. Жұбанайын деп әкемнің қолына ұмтылдым да, өзімді іштей сөктім, өйткені бұл қимылымнан кейін фотоаппараттар сақырлап кетті.
Қалағандарын бердім. Эмоция. Драма. Жан азабы.
Объективтерін маған қадап, атып жатты, атып жатты.
5
БІРНЕШЕ САҒАТТАН КЕЙН ӘКЕМ ПАРИЖГЕ КЕТТІ. Жанында анамның әпкелері, Сара тәте мен Джейн тәте болды. Біреу апат туралы тағы ақпарат алу керек екенін айтты. Содан соң анамның денесін әкелу жағын реттеу керек болатын.
Денесі. Адамдар осы сөзді көп қолданды. Тамағымнан соққы алғандай тиетін. Неге олай алдайды?! Анашым өлген жоқ қой!
Мені кенет кернеген ой осы болды. Қамалда сенделіп, өз-өзіммен сөйлесуден басқа істейтін ештеңем болмаған соң, басында күмәнім пайда болды, ол артынан нық сенімділікке айналды. Бұның барлығы – жай ойын. Әрі бұл жолы ойнап жатқан айналамдағы адамдар емес, баспасөз құралдары емес, анашым болатын. «Өмірі азап еді. Оны қудалады, қорлады, ол туралы өтіріктер айтылды, оның өзіне өтіріктер айтылды. Сол үшін жалған апат ұйымдастырып, қашып кетті».
Осыны түсінгенімнен әрі демім тарылды, әрі жеңілдеп қалдым.
«Әрине! Бәрі жұртты алдау үшін, өмірін жаңадан бастау үшін! Дәл осы сәтте Парижде пәтер жалдап тұрып жатыр немесе Швейцариядағы Альпінің бір жерінде құпия түрде сатып алған ағаш үйінде жаңа терілген гүлдерді реттеп жатыр. Жақында, жақында Уилли екеуімізді жанына алдырады. Бәрі ап-анық қой! Неге бұрын түсінбедім екен? Анашым өлген жоқ! Ол жасырынып жатыр!»
Өзімді әлдеқайда жақсы сезіндім.
Содан соң көңілімді күмән торлай бастады.
«Тоқта! Анашым бізді бұлай қинамас еді. Айтып жеткізгісіз қайғы ғой бұл, ол ондайға өзі себеп болмақ түгіл, басқаға да жол бермес еді».
Сосын тағы жеңілдеу: «Амалы қалмаған ғой. Еркіндікке жетуінің жалғыз жолы осы болғаны да».
Қайтадан күмән: «Анашым тығылмайды, ол ержүрек қой».
Жеңілдеу: «Арпалысуының бір тәсілі осы. Ол қайтып келеді. Міндетті түрде. Екі аптадан кейін туған күнім ғой».
Бірақ әкем мен тәтелерім одан бұрын келді. Олардың оралуын әрбір телеарна көрсетті. «Нортхолт» әуе базасында ұшақтан түсіп жатқандарын бүкіл әлем бақылады. Бір арна тіпті бұған музыка қосып қойды: әлдекім мұңды псалом оқып жатты. Уилли екеуімізді теледидарға жолатпады, бірақ біз оны естіген сияқтымыз.
Келесі күндер вакуум ішінде өтті. Ешкім ештеңе демеді. Бәріміз қамалдың ішінде қамалдық та қалдық. Моланың ішінде жүрген сияқты, бірақ «моладағылар» торкөз шалбар киіп, күнделікті өмірін сүріп жатты. Біреу бірдеңе десе де, мен ештеңе естімедім. Маған естілген жалғыз ғана дауыс өзіммен айтысып жатқан ішкі дауысым еді.
– Ол енді жоқ.
– Жоқ, ол тығылып жатыр.
– Ол өлді.
– Жоқ, ол өтірік өлді.
Ақыры Лондонға оралатын таң да жетті. Ол сапар мүлде есімде жоқ. Машинамен бардық па? Корольдік ұшақпен бе? Әкеммен, тәтелеріммен жүздескенім есімде. Сара тәтемен болған әлгі шешуші кездесу де есімде, бірақ бұл естелік тұманға оранған. Оған қоса қай кезде болғаны нақты емес. Кейде жадым оны қыркүйектің сол бір қорқынышты алғашқы күндеріне қояды, ал басқа кездерде бірнеше жылдан кейін болғандай қылады.
Қашан болса да, былай болды:
– Уильям? Хәрри? Балалар, Сара тәтенің сендерге беретіні бар.
Ол жақындап келді, қолында екі кішкентай көк қорабы бар.
– Бұл не?
– Ашыңдар.
Маған берілген қораптың қақпағын аштым. Ішінде… мүк пе? Жоқ.
Мұрт па?
Жоқ.
– Бұл н…?
– Шашы ғой, Хәрри.
Сара тәтенің айтуынша, ол Парижде болған кезде анамның екі түйір шашын қырқып алыпты.
Міне. Дәлел. Ол шынымен қайтыс болған екен.
Бірақ бірден сенім беретін күмән, өмірді құтқаратын белгісіздік ойға оралды: «Жоқ, бұл кез келген біреудің шашы болуы мүмкін». Ал анашым әдемі сары шашы түгел күйінде бір жерде тірі жүр.
«Болмаса, мен білер едім ғой. Денем сезер еді. Жүрегім сезер еді. Ал бұл екеуі де ештеңе сезген жоқ».
Екеуі де әркездегідей оған деген махаббатқа толы.
6
УИЛЛИ ЕКЕУІМІЗ КЕНСИНГТОН сарайындағы көпшілік арасында жымиып, амандасып көп серуендедік. Бейне бір президенттікке үміткер сияқтымыз. Жүздеген, одан да көп қол біздің бетімізді сипай берді, алақандары көбінесе дымқыл болды.
Мені қызықтырған ой: «Неліктен екен?»
«Көз жастары ғой».
Бұл қолдар маған мүлдем ұнамады. Нақтырақ айтқанда, олардың әсерінен менің бойымды кернеген сезімдер… Кінә.
Неге бұл адамдар жылап тұр? Ал менің көзіме жас келер емес, неге?
Менің жылағым-ақ келіп тұр, тырысып та көрдім. Себебі анамның өмірі қилы болғаны сонша, осындай қойылым арқылы өмірден озуды қажет деп тапты. Алайда көзіме бір тамшы жас та үйірілмеді. Отбасымның ұстанымын жете білгендіктен бе, терең сіңіргеннен бе, көз жасын төгу мүмкін емес болды.
Айнала толған гүл шоқтары болатын. Айтып жеткізуге ауыр қайғы-қасіретті бастан өткеріп жатқаныма қарамастан, үнемі сыпайы болғаным есімде. Тіптен қарт ханымдар: «Құдайым-ау, байғұс баланың ізеттілігін-ай», – деген еді. Есімде, келген адамдарға, көңіл айтушыларға, жанымызда қалған адамдарға бірнеше күн бойы шексіз алғыс білдірумен болдық. Жерге жатып, қамығып жатқан адамдарды жұбатқаным да бар. Анамды білген секілді. Қайғыларына ортақтасып тұрып, ішімнен: «Сендер оны білген жоқсыңдар,» – деп ойлап тұрдым. Білген кейіп танытасыңдар, бірақ сендер оны білмедіңдер…
Жоқ, білмейсіңдер… Осы шақ.
Көпшіліктің алдына шығып болып, Кенсингтон сарайына қайта оралдық. Анамның пәтеріне екі үлкен қара есіктен кіріп, ұзын дәлізден өтіп, сол жақтағы бөлмеге аяқ бастық. Онда үлкен табыт тұрды. Қанық қоңыр түсті, ағылшын еменінен жасалған. Бетіне Ұлыбританияның туы жабылғаны есіме түсіп тұр ма, әлде қиялым ба екен?
Сол ту мені толғандырып жіберді. Неге екені белгісіз. Мүмкін, балалық шақтағы соғыс ойындарынан шығар. Жастайымнан қалыптасқан отансүйгіштік сезімнен шығар. Болмаса сол күндері «ту, ту, ту» дегенді мың рет естігенімнен шығар. Бәрінің әңгімесі сол болды. Адамдар Букингем сарайындағы тудың жартылай түсірілмегеніне наразы болды. Олар тіптен Корольдік байрақтың тұғырдың жартысына дейін ешқашан түсірілмейтінін, әжем сарайда болғанда ілініп, жоқ кезде ілінбейтінін де елемейді. Олардың бар уайымы – ресми түрде аза тұтылғанын көру, ал оны көрмеген соң ашуға басып тұр. Яғни анамның жоғалуына тигізген әсерінен назарды бұрмақ болған британдық газеттер оларды ашулануға итермеледі. Әжеме арналған бір мақала есімде қалды. Тақырыбы «Сізге бәрібір емес екенін көрсетіңіз» болатын. Өздеріне «бәрібір емес» болғаны сонша, анамды қайтып шықпас түнелге айдап салғандары ойларына кіріп те шықпайды.
Бұл кезде оқиғаның «ресми» нұсқасын естіп үлгерген едім: папарацци анамды Париж көшелерінде, содан соң түнелге дейін қуған, онда оның «Мерседесі» қабырғаға немесе цемент бағанаға соғылып, өзі, досы және жүргізуші қайтыс болған.
Бетіне ту жабылған табыттың алдында тұрып, ойыма келген сұрақ: «Анам отансүйгіш адам болды ма? Шынына келгенде, Ұлыбритания жайлы анамның ойы қандай еді? Біреу одан сұрады ма?»
«Өзінен қашан сұрай алар екенмін?»
Сол сәтте отбасы мүшелерінің табыт басында бір-біріне немесе табытқа не айтқаны есімде жоқ. Тіптен Уиллимен де болған әңгіме есімде қалмады. Бірақ адамдардың Уилли екеуімізге қарап, «балалар шок болып жүр» деген сөздері есімде. Бізді шоктан саңырау болды деді ме екен, оларын сыбырлап айтуға әуре де болған жоқ.
Келесі күнгі жерлеу туралы әңгіме болды. Соңғы жоспарға сәйкес король әскерлері табытты ат арбаға салып, көшелермен алып жүріп, ал Уилли екеуіміз оның соңынан еруіміз керек еді. Екі жасөспірім балаға бұл тым ауыр жүк сияқты көрінді. Үлкендердің біразы абдырап қалды. Тіптен анамның ағасы Чарльз көке айқай шығарды: «Бұл балаларды анасының табытының артынан жүргізіп қоймақсыңдар ма!? Жабайылық қой!»
Одан кейін балама жоспар ұсынылды. Уилли жалғыз жүретін болды. Сайып келгенде, оның жасы 15-те болатын. «Ал кіші балаға тимеңдер». Қосалқыны босатады. Осы жоспар жоғарыға жіберілді.
Жоғарыдан кері жауап келді.
Екі ханзада да жүруі керек. Халықтың аянышын алу үшін шығар.
Чарльз көкемнің қаны басына шапты. Ал мен ызаланбадым. Себебі Уиллидің бұл жүкті менсіз көтергенін қаламаған едім. Рөлдеріміз керісінше болғанда ол да менің жалғыз жүруімді қаламас еді, тіпті оған жол бермес еді.
Сонымен, ертеңгі таң атты, бәріміз бірге жолға шықтық. Мен Чарльз көкемнің сол жағында, Уилли оң жағында, оның артында атам. Менің сол жағымда әкем жүрді. Сол күні бір байқағаным – атамның салмақты түрі. Бейне бір кезекті корольдік міндеті секілді. Көздері анық есімде, алдына тік қараған. Бәрі өздерін солай ұстады. Ал мен жол бойы төменге қарап жүрдім. Уилли де сөйтті.
Қол-аяғым ұйып қалғандай болғаны есімде. Жұдырығым тастай жұмылғаны да есімде. Көзімнің бір қырымен Уиллиге қарап, одан күш-жігер алғаным есімде. Бәрінен де түрлі дыбыстар есімде жақсы сақтаулы: жүгеннің сыңғыры мен тер басқан алты қоңыр аттың тұяқтарының дүбірі, олар тартып келе жатқан қарулы арбаның дөңгелектерінің сықырлағаны. (Бірінші дүниежүзілік соғыстың жәдігері екен, онысы лайықты көрінді, себебі анам бейбітшілікті қанша жақсы көрсе де, папараццимен немесе әкеммен шайқасып жүріп, жиі сарбаз сияқты көрінетін.) Бұл дыбыстар өмірімнің соңына дейін жадымнан өшпесе керек, өйткені олар айналаны кернеген тыныштықтан айрықшаланып тұрды. Бірде-бір мотор, көлік, құс үні жоқ. Адам дауысы да болмады. Онысы мүмкін емес еді, себебі көшеге екі миллион халық жиналған-ды. Оқта-текте естілген зар ғана адамнан құралған шатқалда келе жатқанымызды сездірді.
Жиырма минуттан кейін Вестминстер аббаттығына жеттік. Ұзын қатарлы орналасқан орындықтарға отырдық. Жерлеу рәсімі бірқатар дұғалар мен қабір басындағы мадақтаулармен басталып, Элтон Джонның орындауымен аяқталды. Ол аббаттықты басқарған корольдердің бірі өлілер әлемінен оралғандай орнынан баяу, қысылып көтерілді. Алға шығып, үлкен пианиноға барып отырды. Оның анама арнап қайта өңдеген «Жел тербеген майшам» атты шығармасын білмейтін адам жоқ шығар. Ойымда қалған әуен менің жадымда сол сәттен қалып қойды ма, жоқ кейін бейнероликтерден естідім бе – анық есімде жоқ. Қайта-қайта көрген қорқынышты түстерімнің қалдығы болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, ән шарықтау шегіне жеткенде көзім шым-шым етті де, жас төгіле жаздады.
Жылауға шақ қалдым.
Рәсім аяқталар сәтте Чарльз көкем өзіне берілген уақытта барлығын сөкті: отбасымызды, халықты, баспасөзді – анамды өлім аузына дейін қуып барғанның бәрін. Бұл соққыдан аббаттықтың, сыртта тұрған жұрттың тайсалғаны сезілді. Шындық жанға батады. Содан кейін сегіз Уэльс сақшысы алға жылжып, қорғасынмен қапталған үлкен табытты көтерді, ол бұл жолы Корольдік байрақпен жабылды, протоколдың өрескел бұзылуы деп осыны айт. (Қысымға мойынсұнып, туды діңгекке жартылай түсіріп те қойды; әрине, Корольдік байрақты емес, «Юнион Джекті», десек те, бұрын-соңды болмаған ымыра.) Корольдік байрақ әрқашан тек корольдік отбасы мүшелеріне ғана арналатын, ал анам енді отбасы мүшесі емес деп еді. Демек, әжем оны кешірген бе? Сондай сияқты. Бірақ табытты көшеге ақырын алып шығып, қара арбаға тиеп жатқан кезде бұл сұрақтарды үлкендерге қоймақ түгіл, санамда құрастырып та үлгермедім. Ұзақ кідіргеннен кейін, катафалк жолға шығып, Лондонды ақырын айналып өтті. Ескірмейтін бұл қаланың барлық жағында жиналған халық саны Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын тойлаған халықтан екі есе көп. Катафалк Букингем сарайының жанынан, Парк-Лейн бойымен қала шетіне қарай өтіп, Финчли жолына, содан кейін Хендон жолына, Брент Кросс эстакадасына, Солтүстік айналма тас жолға, М1 тас жолының 15а қиылысына, содан соң солтүстікке қарай Харлстонға дейін жүрді де, Чарльз көкемнің иелігіндегі темір қақпадан өтті.
Элтроп.
Уилли екеуіміз бұл сапардың басым бөлігін теледидардан көрдік. Элтропқа алдын ала келіп қойған едік, бірақ асығыстықтың қажеті болмай шықты. Көлік ұзақ жолмен жүріп қана қоймай, жол бойы адамдар оған гүл лақтырумен болды. Одан радиатордың саңылаулары бітеліп, қозғалтқыш қызып кетіп жатты. Оққағар көліктен түсіп, көліктің алдыңғы терезесінен гүлдерді алып тастауы үшін жүргізуші бірнеше рет тоқтауға мәжбүр болды. Оққағардың аты Грэм болатын. Уилли екеуіміз оны қатты жақсы көретін едік. Біз оны «Піспе» деп атайтынбыз. «Грэм» піспелеріне ұқсатып. Бізге күлкілі көрінетін.
Табыт Элтропқа келгеннен кейін қайта шығарылып, тоған арқылы, әскери инженерлер асығыс тұрғызған жасыл темір көпір арқылы шағын аралға апарылды да, тұғырға қойылды. Уилли екеуіміз аралға осы көпір арқылы өттік. Анашымның қолдары кеудесіне қойылып, Уилли екеуіміздің фотосуретіміз ұстатылыпты. Сірә, оны шын жақсы көрген жалғыз екі жігіт біз болған шығармыз, әйтеуір, бәрінен де қатты жақсы көрген екі жігіт болғанымыз анық. Мәңгілік түнекте екеуіміз оған күліп қарап тұратын боламыз. Табыт бетінен ту алынып, ол шұңқырдың түбіне түсіріліп жатқан сәтте дәл осы ой менің жан дүниемді ойсырата түсті. Денем дірілдеп, басым салбырап, еріксіз еңіреп жылай бастадым.
Отбасылық қағидаларды бұзғанымды түсінсем де, жігерімді жинай алмадым.
«Бәрі жақсы, – деп өзіме қайталай бердім. – Мұнда камералар жоқ».
Анам сол қабірде немесе табытта жатқаннан жылаған жоқпын. Кім не десе де, оған сенбеймін деп өзіме уәде еткенмін.
Жоқ, ондай нәрсе болуы мүмкін екеніне жыладым.
Егер анам шын өлген болса, неткен қабырға қайыстырар қасірет болар еді деп ойладым.
7
СОСЫН БӘРІ ӨМІРЛЕРІН ЖАЛҒАСТЫРДЫ.
Отбасым жұмысына қайта оралды, ал мен жыл сайынғы жазғы демалыстан кейінгі әдетімше қайта мектепке бардым.
«Тірі адам тіршілігін істейді», – деп бәрі бір-бірінің еңсесін көтере түсті.
Әкемнің төбесі ашық «Астон Мартин» автокөлігінің жолаушылар орнынан да бәрі бұрынғыдай көрінді. Жасыл желек қаптаған Беркшир графтығының ауылды жерінде орналасқан Ладгроув мектебі әдеттегідей ауылдық шіркеуге ұқсайды. (Ойлап қарасам, мектептің ұраны да Екклесиаст кітабынан: «Қолыңнан келсе, қонышынан бас!») Дегенмен екі жүз акр орманы мен шабындығы, спорт алаңдары мен теннис корттары, ғылыми зертханалары мен капеллалары, әрі қоры бай кітапханасы бар ауылдық шіркеулер көп емес.
1997 жылы мені іздей қалсаңыз, кітапханадан емес, орманнан табуыңыз әлдеқайда ықтимал еді. Одан қалды, спорт алаңында. Әрқашан қозғалуға, өзіме бос уақыт қалдырмауға тырыстым.
Сосын, көбіне жалғыз жүретінмін. Әдетте адамға үйір болатынмын, бірақ сол күндері ешкімді жақындатқым келмеді. Кеңістік керек болды.
Десек те, жүзден астам ер бала көрші тұратын Ладгроувта бұл оңай шаруа емес еді. Бірге тамақтанып, шомылып, ұйықтап, кейде бір бөлмеде он шақты ұл тұратынбыз. Барлығы бір-бірінің сырын білетін, тіпті кімнің сүндеттелгеніне дейін. (Біз оларды «дөңгелек бастар» дейтінбіз.)1
Дегенмен жаңа тоқсан басталған кезде бірде-бір бала анамды аузына алмады. Құрметтері ме?
Қорыққаннан десем, дұрысырақ болар.
Өз басым ешкімге ештеңе демедім.
Қайтқаннан кейін бірнеше күн өткен соң туған күнім болды. 1997 жылғы 15 қыркүйек. Он үшке толдым. Бұрыннан келе жатқан Ладгроув дәстүрі бойынша торт, шербет беріледі және маған екі дәмді таңдауға рұқсат берілді. Мен қарақат пен мангоны таңдадым.
Анамның сүйікті дәмдері болатын.
Ладгроувта туған күндерге үлкен мән берілетін, себебі балалардың бәрі, әрі ұстаздардың көбі тәттіге құмар еді. Туған күн иесінің жанындағы орын үшін қатты талас жүретін: сондағысы торттың үлкендеу бөлігін аласың, әрі алғашқылардың бірі болып жейсің. Менің жанымдағы орынды кім жеңіп алғаны есімде жоқ.
– Тілек тіле, Хәрри!
«Тілек керек пе? Жарайды, Анашым әлі…»
…Дей бергенім сол еді, Сара тәтем келе қалды.
Қолында қорабы бар.
– Аша ғой, Хәрри.
Сыйлықтың қағазын, таспасын жырттым. Ішіне үңілдім.
– Бұл не?
– Анаң сен үшін алған. Әлгі оқиғаның дәл алдында…
– Парижде ме?
– Иә, Парижде.
«Xbox» екен. Қуанып қалдым. Бейне ойындар қатты ұнайтын.
Бәрі солай болды деседі. Өмірім туралы көптеген жазбаларда келтіріледі, рас-өтірігін білмеймін. Әкем анамның басын жарақаттағанын айтты, мүмкін, керісінше, менің миым зақымдалған шығар? Сірә, қорғаныс механизмі ретінде менің жадым болып жатқан оқиғаларды бұрынғыдай есте сақтамайтын да болар.
8
ЕКІ ДИРЕКТОРЫ ГЕРАЛЬД МЫРЗА ЖӘНЕ МЭРСТОН МЫРЗА атты екі ер адам болғанына қарамастан, Ладгроувтағы ас-суды басқаратын әйел адамдар еді. Біз оларды матрондар деп атайтынбыз. Күнделікті не жылу көрсек, солардан көретінбіз. Матрондар бізді құшақтап, сүйіп, жарақаттарымызды таңып, көз жасымызды сүртетін. (Тек менің емес. Сол бейіт басындағы оқиғадан кейін мен жыламайтын болдым.) Олар өздерін біздің қамқоршыларымыз секілді ұстайтын. Ана орнына ана болатын, олар әрқашан біз үшін шырылдап тұратынына таңғалатынмын. Бірақ бұл жолы анам жоғалып кеткен соң тіптен басқаша сезіне бастадым. Оның үстіне, олар маған тартымды бола бастады…
Мисс Робертске ғашық едім. Қайтсем де оған үйленемін деуші едім. Сосын екі Мисс Линн есімде. Үлкен Мисс Линн және кіші Мисс Линн. Апалы-сіңлілі еді. Маған кішісі қатты ұнайтын. Оған да үйленемін деп ойладым.
Аптасына үш рет кешкі астан кейін матрондар жасы кіші балаларға жуынуға көмектесетін. Әлі күнге дейін ақ ванналардың ұзын қатары көз алдымда, әрқайсысында кішкентай король сияқты шалқайып, шашы жуылғанын күтіп балалар жататын. (Балиғатқа толған жігіттер үшін сары есіктің артында бөлек екі ванна болатын.) Қатты щетка мен гүл аңқыған сабын ұстаған матрондар ванналарды жағалай жүріп өтетін. Әр баланың мектеп нөмірі бедерленген өз сүлгісі болды. Менікі 116 еді.
Әр баланың басын сусабынмен жуғаннан кейін матрондар басын артқа шалқайтып, баяу және сән-салтанатпен шаятын.
Бі-і-і-р-түрлі.
Матрондар бит тазалауға да көмектесетін. Бит басу деген үйреншікті еді. Апта сайын дерлік кемінде бір баланың шашы биттейтін. Саусақпен нұсқап: «Лә-лә-лә, битті бас!» – деп мазақ ететінбіз. Көп ұзамай бір матрон биттеген баланың шашын қандай да бір ерітіндімен ысқылап, содан кейін өлі биттерді арнайы тарақпен тарап, алып тастайтын.
Он үш жасымда матрон жуындыратындардың қатарынан шықтым. Бірақ түнде олардың бізді жайлы жатқызып, таңда жылы сөздермен оятуларына құмар болдым. Көзімізді аша сала көретініміз матрондар болатын. Олар бөлмелерге кіріп, перделерімізді ашатын. «Балалар, қайырлы таң!» Ұйқылы-ояу күн сәулесіне бөленген сұлу адам бейнесін көретінмін де:
«Сол ма екен?» – деп қалатынмын.
Ол емес болып шығатын.
Менің көп араласатын матроным Пэт болды. Пэт басқа матрондар секілді тартымды емес еді. Ол суық жүзді, кішкентай, мылжың, тыржиған, майлы шашы үнемі шаршаңқы көзіне түсіп жүретін. Пэт өмірден аса ләззат алмайтындай көрінетін. Оның бар қызығы балаларды болмауы керек жерде ұстап алу немесе бұзықтықты басталар сәтте тоқтату секілді. Жастықпен төбелес басталар алдында есік алдына күзетші қойып қоятынбыз. Пэт (немесе директор) келе жатса, ол: «КВ! КВ!» – деп ұран салуы керек. Ұмытпасам, латынша қысқарту. Біреулер «Директор келе жатыр!» дегенді білдіреді десе, басқалар «Сақ бол!» деген сөз дейтін.
Қайсысы болса да, ол сөзді естіген бойда ол жерден кету керек немесе ұйықтап жатқан кейіп таныту керек.
Пэттен тек жаңадан келген немесе аңқау балалар көмек сұрайтын. Ең сорақысы – оған жаралы болып бару. Ол оны таңып берудің орнына саусағымен нұқып қалатын немесе одан бетер ауыртатын, бірдеңе себетін. Садист болғаннан емес, тек «эмпатиясы шектеулі жан» сияқты көрінетін. Қызық, ол қиындықтың не екенін біледі ғой. Өмірі мүлде оңай деуге келмейді.
Бәрінен жаманы тізесі мен арқасы еді. Біреуі иілмейді, біреуі бүкірейіп қалған. Пэт үшін жай жүріс – азап, баспалдақтар тозақ болатын. Баспалдақтан түскенде асықпай, артқа қарай түсетін. Көбінесе біз төменіректе тұрып, қиқаңдап, қоқиланған түр көрсетіп, оны мазақтайтынбыз.
Оны қайсымыз ерекше ынтамен істейтінін айтпасам да түсінікті шығар.
Пэт бізді ұстап алады деп ешқашан бас қатырмайтынбыз. Ол тасбақа секілді баяу, ал біз бақа секілді шапшаң болдық. Бірақ анда-санда тасбақаның да жолы болатын. Ұмтылып, біреуді уысына түсіретін. А-ха! Ұсталған баланың біткен жері сол болатын.
Бірақ біз оған қоя қоймаймыз. Баспалдақтан түскен сайын мұқататын едік. Нар тәуекел – ердің ісі. Менің көксегенім байғұс Пэтті азаптау емес, жолдастарымды күлдіру болатын. Басқалар күлсе, жаным рақат табатын, әсіресе өзім күлмегеніме бірнеше ай болғанда.
Пэт оны сезген де болар. Ара-тұра бұрылып, менің нағыз есек болып тұрғанымды көріп, ол да күлетін. Ең тамаша сәт сол болатын. Достарымды күлдірген жақсы, бірақ бақытсыз Пэтті күлдіргенге ештеңе жетпейді.
9
БІЗ ОЛ КҮНДЕРДІ «ОПЫРУ КҮНІ» ДЕУШІ ЕДІК.
Ұмытпасам, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері болатын. Түскі астан кейін бәріміз дәлізде тізілеміз де, алдымызда тәттілерге лық толы үстелге мойын созып жалтақтайтынбыз. «Манчиз», «Скиттлз», «Марс» шоколады және ең кереметі – «Опал фрутс». («Опал фрутсты» кейін «Старберст» деп өзгерткенде қатты қапаландым. Барып тұрған күпірлік. Ұлыбританияның атын өзгерткендей.)
Тәттіге толы үстелді көріп-ақ есіміз кететін. Сілекейіміз шұбырып, егіншілердің құрғақшылық кезінде жауынды күткеніндей, тәттінің ләззатын тағатсыздана күтіп ауыз жаппайтынбыз. Кезекте тұрып тәттінің рақатын қалай шыңдай түсетінімді жоспарлайтын едім. «Опал фрутс» кәмпиттерінің бәрін бір-біріне жабыстырып, үлкен кәмпитті аузыма тыға салушы едім. Ол аузымда еріп, қаным декстрозаның көпіршіген сарқырамасына айналатын да қалатын. «Қолыңнан келсе, қонышынан бас».
«Опыру күнінің» қарама-қарсысы хат жазу күні еді. Әр бала отырып, ата-анасына хат жазуы керек. Керемет күннің өзінде мен үшін бір азап еді. Әкем мен анамның ажыраспаған кездері онша есімде емес, сондықтан оларға хат жазарда өзара реніштерін, апай-топай ажырасуларын атамау жоғары дәрежелі дипломаттың ептілігін қажет етті.
«Әкешім, анам қалай?»
Жоқ, олай емес.
«Анашым, әкемнің айтуынша, сіз…»
Жоқ.
Бірақ анам өмірден өткен соң хат жазу мүлдем мүмкін емес болып кетті.
Матрондар анама «соңғы» хатымды жазуымды сұрапты. Ол тірі деп қарсы шыққым келгені кішкене есімде, бірақ олар мені жынды деп ойлайтын шығар деп қорқып, үндемедім. Оның үстіне, қасарысып қайтем? Анам тығылып жатқан жерінен шыққанда хатты оқиды, сондықтан еңбегім зая кетпейді.
Әдептілік үшін бірдеңені жазған шығармын: сағындым, мектепте бәрі жақсы, тағысын тағы. Бір рет бүктеп, матронға берген шығармын. Артынша хатқа ыждағат етпегеніме өкінгенім есімде. Анама көкейімде жатқан сезімдерді, жүрегімді ауыртатын барлық нәрсе туралы, әсіресе телефонмен соңғы сөйлескенімізге өкінгенім туралы айтпадым. Ол апат болатын түнгі кештің басында қоңырау шалды, бірақ мен Уиллимен және басқа туыс балалармен асыр салып, ойынымызды қимадым. Сондықтан анаммен қысқа ғана сөйлестім. Қайтып барып ойнауға асығып, анаммен атүсті әңгімелестім. Сол үшін кешірім сұрамағаныма өкіндім. Оны қаншалықты жақсы көретінімді айтып жеткізетін сөздерді іздегенімде ғой.