Kitabı oku: «Қосалқы», sayfa 3
Оларды табу ондаған жылдарға созылатынын білмедім.
10
БІР АЙДАН КЕЙІН демалыстар басталды. Ақыры үйге баратын болдым.
А, жоқ… бармайды екенмін.
Әкем анаммен ажырасқан соң негізінен Әулие Джейм сарайында тұратын. Әкеме бөлінген уақытты Уилли екеуіміз сонда өткізетінбіз. Бұл жолы әкем демалысымды сарайда бос сенделумен өткізгенімді қаламаған сияқты. Алып сарайда жалғыз өзім бірдеңеге ұрынармын деп қорыққан болар. Газеттен бірдеңе көріп қалар, радиодан бірдеңе естіп қалар деп алаңдады. Ашық терезеден немесе ойыншық солдаттармен ойнап отырғанымда біреулер суретке түсіріп алар деп уайымдады. Тіпті тілшілер менімен сөйлеспек болғанын да елестеткен шығар. «Сәлем, Хәрри, анаңды сағынып жүрсің бе?» Елдің қайғыдан есі шығып жатты, бірақ баспасөз құралдары есіріп кетті.
Ең сорақысы, маған қарайтын Уилли де жоқ. Ол Итонда болды.
Сондықтан әкем мені өзімен бірге жоспарлы іссапарына алып кететінін хабарлады. Оңтүстік Африкаға.
– Оңтүстік Африка, ма? Шынымен бе?
– Иә, балақай. Йоханнесбургқа.
Ол Нельсон Манделамен және «Спайс герлз» тобымен кездесу өткізді.
Әрі қуанып кеттім, әрі таңғалдым. Атақты «Спайс герлз» тобы ма, әкешім? Топ Йоханнесбургта концерт беріп жатқанын, сондықтан олар президент Манделаға құрмет көрсетуге баратынын түсіндірді. Керемет, «Спайс герлз» тобының неге онда болатыны түсінікті… Ал біз ше? Оны түсінбедім. Әкеме менің түсінгенім қажет те емес сияқты.
Шын мәнінде, әкемнің қол астындағылары оның әлемдегі ең құрметті саяси көшбасшының және әлемдегі ең танымал музыкант әйелдер тобының қасында тұрған суреті оған өте қажет оң көзқарасты мақалалардың шығуына себеп болады деп үміттенді. Анам қайтыс болғалы әкем сөз астына қалды. Адамдар оны ажырасуға себепкер болғанына және сәйкесінше, одан кейінгі барлық нәрсеге кінәлады. Оның әлемдік рейтингі күрт нашарлап кетті. Мысалы, Фиджиде оның құрметіне арналған ұлттық мерекеден бас тартты.
Сапардың ресми себебі қандай болса да, маған бәрібір. Мен бірге баратыныма қуандым. Бұл Ұлыбританиядан шығуға мүмкіндік болды. Әкеммен уақыт өткізу тіпті жақсы себеп, соңғы кездері ол алшақтап кеткендей еді.
Әкем бұрындары алшақ болмады дегенім емес. Ол үнемі жауапкершілік, сабырлылық, уақыт бөлу секілді ата-аналық міндеттерге дайын емес адамның әсерін қалдыратын. Өзі намысқой адам болды, оны мойындайтын. Бірақ жалғыз басты әке болу мүлде оған арналған іс емес еді.
Шынын айту керек, қолынан келгенше тырысты. Кешкісін төменнен айқайлайтын едім: «Жатайын деп жатырмын, әкешім!» Ол әрқашан көңілді жауап қайтаратын: «Қазір барамын, балам!» Сөзінде тұрып, бірнеше минуттан кейін ол менің төсегімнің аяқ жағында отыратын еді. Менің қараңғылықты ұнатпайтынымды ешқашан ұмытқан емес, сондықтан мен ұйықтап кеткенше бетімнен сипап отыратын. Әкемнің бетімнен, маңдайымнан, сипағаны, оянғанда жанымда болмаса да, есікке әрқашан саңылау қалдырып кететіні – ең жағымды естеліктерімнің бірі.
Алайда осы өткінші сәттерден басқа, әкем екеуіміз көбіне жай қатар өмір сүріп жаттық. Әңгімелесу, тыңдау, бетпе-бет ашылып сөйлесу оған қиын еді. Кейде бірнеше тағамдық кешкі астан кейін жоғарыға көтеріліп, жастығымның үстінде жатқан хатты көретінмін. Хатта мен жасаған немесе жеткен нәрсем үшін мені қаншалықты мақтан тұтатыны жазылатын. Мен күлімдеп, хатты жастығымның астына қоятын едім, бірақ ол жаңа ғана дәл қарсы алдымда отырғанда неге өзі айтпады деп таңғалатынмын.
Сол себепті әкеммен бірнеше күнді еркін өткізу мүмкіндігі қуантпай қоймады.
Сосын қиялдан шынайы өмірге оралдым. Бұл әкем үшін іссапар еді. Мен үшін де. «Спайс герлз» концерті менің жерлеу рәсімінен кейінгі алғаш рет көпшілік алдында бой көрсетуім болды және түйсігім арқылы, естіген әңгімелерімнің шет-жағасы арқылы жұртшылықтың менің амандығыма деген ықыласы зор екенін білетінмін. Олардың көңілін қалдырғым келмеді, бірақ одан бөлек бәрі мені жайыма қалдырғанын қаладым. Қызыл кілемге шығып, өтірік күліп, кенеттен Әулие Джеймс сарайындағы төсегіме оралғым келіп кеткені есімде.
Менің қасымда 20 сантиметрлік биік өкшесі бар ақ туфли киген Бейби Спайс тұрды. Мен оның өкшесіне, ол менің бетіме қадалып қалды. Бетімді шымши берді: «Топ-томпақ өзі! Сүйкімді!» Содан кейін Пош Спайс алға шығып, менің қолымды қысты. Келесі кезекте Джинджер Спайсты көрдім. Тек осы қызыл шашты Спайс қызбен ғана қандай да бір байланыс сезініп едім. Оның үстіне, ол жақында «Юнион Джек» салынған мини-көйлек киіп, әлемге әйгілі болды. «Неге табытқа “Юнион Джек” жабылды?» Ол да, басқа Спайс қыздары да маған сөйлеп, мен түсінбейтін сөздерді айтып жатты және журналистермен әңгіме-дүкен құрып жатты. Ал тілшілердің бар назары менде: «Хәрри, бері қарашы, Хәрри! Қалың қалай, Хәрри?» Сұрақ, бірақ сұрақ емес. Сұрақ, бірақ тұзақ. Қасапшының өткір пышақтары секілді басыма бағытталған сұрақтар. Журналистерді менің халім қызықтырмады, олардың күткені менің жаңалықта көрсететіндей бірдеңе айтуым еді.
Фотоаппарат жарқылына қарап, тістерімді жалтыраттым, бірақ ештеңе демедім.
Мен жарықтан қорыққан болсам, «Спайс герлз» мас болды. «Иә, иә, тағы да түсір» дегендей. Қайта маған жақсы. Оларға неғұрлым көбірек көңіл бөлінсе, соғұрлым мен де тасалана түсемін. Олардың баспасөзге музыка мен миссиялары туралы айтқаны есімде. Мен олардың миссиясы бар екенін білмеппін, бірақ бір Спайс топтың сексизмге қарсы қозғалысын Манделаның апартеидке қарсы күресімен салыстырды.
Ақыры біреу концерт басталатын уақыт жақындағанын айтты.
– Бара ғой, әкеңнің ізінен ер.
– Концерт? Әкем?
Сену мүмкін емес. Іс жүзінде болып жатқан кезде тіптен сене алмайсың. Бірақ өз көзіммен көрдім: әкем әуенге қосылып, басы мен аяғын тербетіп тұрды.
Болашақта бірге болуды қаласаң, өткенімді ұмыт,
Жақынырақ білгің келсе, қалма тұрып.
Кейін, шығып бара жатқанда, тағы да фотоаппарат жарқылдай түсті. Бұл жолы жанымызда ой бөлетін «Спайс герлз» болмады. Тек әкем екеуіміз едік.
Мен оған қолымды созып, оның қолын ұстап алып, жібермедім.
Фотоаппараттың жарқылындай анық есімде. Оны жақсы көргенім. Оны қажет еткенім.
11
КЕЛЕСІ КҮНІ ТАҢЕРТЕҢ ӘКЕМ екеуіміз жыландай иірілген өзен бойындағы әдемі үйге бардық. Квазулу-Натал. Мен бұл жер туралы білетінмін. 1879 жылдың жазында мұнда қызылшекпендер (британ әскері) мен Зулу жауынгерлері арасында қақтығыстар болды. Бүкіл әңгімелер мен аңыздарды естігенмін, сансыз рет «Зулу» фильмін көргенмін. «Ал енді нағыз білгір боласың», – деді әкем. Ол оттың алдындағы орындықтарға отырып, әлемге әйгілі тарихшы Дэвид Рэттрейдің шайқасты жандандырғанын тыңдауымызды ұйымдастырыпты.
Бұл мен шынымен назар аударған бірінші дәріс шығар.
Рэттрей мырзаның айтуынша, бұл жерде соғысқан адамдар батыр болған. Екі жақта да – батырлар. Зулулар қатыгез болды, олар «иклуа» деген атпен белгілі қысқа найзаның қас шеберлері еді. Найзаның атауы жарақаттанған адамның кеудесінен шығарылған кезде шығаратын дыбысы үшін берілген. Соған қарамастан, небәрі 150 британдық сарбаз төрт мың зулудың шабуылын тойтара алды және осы «Роркс-Дрифт шайқасы» бірден британдық мифологияға енді. Он бір сарбаз Виктория кресімен марапатталды, бұл бір полктің бір шайқаста алған ең көп марапаты болды. Зулуларға Роркс-Дрифттен бір күн бұрын тежеу болған тағы екі сарбаз Виктория кресін бақилық болғаннан кейін алған алғашқы солдаттар болды.
– Бақилық деді ме, әке?
– Ім-м, иә.
– Ол не деген сөз?
– Неткеннен кейін деген ғой.
– Неткен?
– Қайтыс болғаннан кейін, балақай.
Роркс-Дрифт көп британдықтың мақтанышы болғанымен, ол империализмнің, отаршылдықтың, ұлтшылдықтың, қысқасы, ұрлықтың нәтижесі еді. Ұлыбритания егеменді мемлекеттің аумағына басып кіріп, оны ұрламақ болды, демек, кейбіреулердің пікірінше, олардың ішінде Рэттрей мырза да бар, сол күні ержүрек британ жігіттерінің құнды қаны бекер төгілген. Рэттрей мұндай күрделі деректерге тоқталмады. Қажет жерде ол британдықтарды тура айыптайтын (жергілікті тұрғындар оны ақ Зулу деп атайтын.) Бірақ мен тым кішкентай едім: дәрістің кей жерін тыңдап, кей жерін шалыс естіп отырдым. Мүмкін, мен «Зулу» фильмін тым көп рет көрген шығармын немесе ойыншық қызылшекпендерімді жиі шайқасқа қатыстырып ойнаған шығармын. Менің шайқасқа, Ұлыбританияға қатысты жаңа деректерге жол бермейтін өзіндік көзқарасым болды. Сондықтан мен ерлік пен Британ күші туралы айтылған жерлеріне терең үңіліп, қорқуым керек жерде, керісінше, шабыттанып отырдым.
Үйге қайтып келе жатып, ішімнен сапардың тамаша болғанын ойладым. Таңғажайып шытырман оқиға ғана емес, әкеммен жақындата түскен тәжірибе. Әрине, енді өмір мүлдем басқаша болады.
12
МҰҒАЛІМДЕРІМНІҢ КӨПШІЛІГІ МЕЙІРІМДІ ЖАНДАР БОЛДЫ, мені жайыма қалдыратын, бастан өткізгенімнің бәріне түсіністікпен қарап, көп салмақ салғысы келмейтін. Капеллада орган тартатын Мистер Доусон ерекше жұмсақ кісі еді. Барабан мұғалімі Мистер Литтл айрықша сабырлы болды. Мүгедектер арбасына таңылған болса да, фургонына отырып, барабан сабақтарына келетін. Оны фургоннан түсіріп, сыныпқа апаруға біршама уақытымыз кететін. Сабақ біткен соң қайта фургонына отырғызу үшін де жеткілікті уақыт қалдыру керек, сондықтан сабақтарымыз ешқашан жиырма минуттан аспайтын. Мен оған қарсы болмайтынмын, ал Мистер Литтл менің барабан соғу қабілетімнің жақсаратын түрі жоқтығына налымайтын.
Алайда кейбір мұғалімдер маған тыныштық бермеді. Мысалы, тарих пәнінің мұғалімі Мистер Хьюз-Геймс.
Хьюз-Геймс мырзаның спорт алаңдарының жанында орналасқан бунгалосынан оның Тоска мен Бид атты пойнтер тұқымды иттерінің үргені күндіз-түні естіліп тұратын. Олар әдемі, теңбіл, сұр көзді еді және Хьюз-Геймс мырза оларды балаларындай жақсы көретін. Ол олардың суреттерін үстелінде күміс жақтауға салып қойған. Онысы үшін жігіттердің біразы Хьюз-Гэймс мырзаны аздап біртүрлі санайтын. Ал Хьюз-Геймс мырза мені біртүрлі санайтынын білгенде абдырап қалғаным бар. Бірде ол маған: «Британ тарихынан бейхабар британдық ханзададан асқан біртүрлі не болуы мүмкін?» – деген.
– Түсінсем бұйырмасын, Уэльс. Туыстарыңыз туралы айтып отырмыз ғой, сізге бәрібір ме?
– Бәп-бәрібір, сэр.
Отбасымның тарихы туралы ештеңе білмегенім емес: білуге ынтамның жоқтығы.
Теориялық тұрғыдан маған Ұлыбританияның тарихы ұнайтын. Кей оқиғалар маған қызық болатын. Мысалы, 1215 жылғы маусымда Раннимидте Ұлы Хартияға қол қою туралы бір-екі нәрсені білетінмін, бірақ ол оқиға болған жерден әкемнің көлігі арқылы өтіп, терезесінен көргендіктен болды. Өзеннің дәл жанында. Әдемі көрінді. Бейбітшілік құруға таптырмайтын мекен. Бірақ Норман шапқыншылығының егжей-тегжейі? Немесе Хенри VIII мен Рим Папасы арасындағы жанжал? Немесе бірінші және екінші крест жорықтарының айырмашылықтары?
Атамаңыз.
Бұның бәрі шарықтау шегіне Чарльз Эдуард Стюарт туралы дәрісте жетті. Стюарт өзін Карл III деп атайтын. Таққа үміткер. Хьюз-Геймс мырзаның бұл адам туралы көзқарасы қатаң еді. Онысын бізге қызбаланып айтып жатқанда, мен қарындашыма үңіліп, ұйықтап қалмауға тырысып отырдым.
Кенет Хьюз-Геймс мырза тоқтап, Чарльздың өмірі туралы сұрақ қойды. Оқыған адамға жауап қарапайым болды. Бірақ ешкім оқымаған.
– Уэльс… сіз оны білуіңіз керек.
– Неге мен?
– Өйткені бұл – сіздің отбасыңыз!
Барлығы қарқ ете күлді.
Мен басымды салбыратып отырдым. Қалған жігіттер, әрине, менің король отбасынан екенімді білетін. Егер олар оны ұмыта қалса, менің соңымнан қалмайтын қарулы оққағарым мен бар аумақта шашырап жүрген формалы полицейлер қуана-қуана естеріне салатын. Бірақ Хьюз-Геймс мырзаға бұл туралы жар сала айтудың керегі не еді? «Отбасы» деген ауыр сөзді қолдануы керек пе еді? Менің отбасым мені «нөл» деп жариялады. Қосалқы. Онысына мен шамданған жоқпын, бірақ оны саралауым да керек болмады. Менің ойымша, кейбір фактілер туралы ойланудың қажеті жоқ. Мысалы, корольдік сапарлардың басты ережесі: әкем мен Уильям ешқашан бір рейспен бірге ұшпауы керек, өйткені таққа бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер бір уақытта жойылып кетпеуі керек. Бірақ мен кіммен саяхаттасам да бәрібір еді; қосалқы мұрагерге қауіп жоқ. Мен бұны білетінмін, өз орнымды білетінмін, сол үшін кірісіп зерттеудің керегі не? Бұрынғы қосалқылардың тарихын не үшін білуім керек? Не мәні бар?
Оның үстіне, ата-тегімді неге үйренуім керек, егер шежіре бәрібір сынған бұтаққа – анама барып тірелсе?!
Сабақтан кейін мен Хьюз-Геймс мырзаның үстеліне барып, тоқтатуын өтіндім.
– Нені тоқтатайын, Уэльс?
– Мені ұятқа қалдыруды, сэр.
Оның қастары үріккен құстардың сұлбасындай шаштарына дейін жетті.
Мен қандай да бір баланы ерекше етіп көрсету, Ладгроувтың кез келген басқа шәкіртіне оның ата-бабасы туралы осындай бағытталған сұрақтар қою қатыгездік болатынын айттым.
Мистер Хьюз-Геймс бұртыңдады, пысылдады. Шектен шыққанын түсінді. Бірақ қыңыр еді.
– Қайта өзіңізге жақсы, Уэльс. Сізден неғұрлым көп сұрасам, соғұрлым көп нәрсені үйренесіз.
Алайда бірнеше күннен кейін сабақтың басында Хьюз-Геймс Ұлы Хартияның үлгісінде менен кешірім сұрағандай болды. Ол маған 1066 жылы таққа отырған Харольдтан бастап барлық британдық монархтардың есімдері жазылған ағаш сызғыштардың бірін берді. (Сызғыш, қалай, ә?) Әр сантиметр сайын корольдердің аттары, әжеме дейін. Ұстаз бұл партамда тұрса, қажет болған жағдайда оған жүгіне алатынымды айтты.
– О, Құдайым, рақмет!
13
ЖАРЫҚТАР СӨНГЕННЕН кейін түн ортасында кейбіреулеріміз сытылып бөлмеден шығып, дәліздерді кезетінбіз. Ереженің өрескел бұзылуы, бірақ мен жалғызсырадым, үйді сағындым, мүмкін, мазасыз немесе жабырқаулы болған шығармын, әйтеуір, жатақханада қамалғанымды қабылдай алмадым.
Бір мұғалім бар еді, мені ұстап алған сайын үнемі «Жаңа ағылшын Інжілі» кітабының көшірмесімен салып қалатын. Мұқабасы қаттысымен. Мұқабасы қатты десе қатты екен деп ойлаушы едім. Бұлай соққы жегеніме өзімнен де, мұғалімнен де, Інжілден де ұялатынмын. Алайда келесі күні түнде тағы да тәртіп бұзатынмын.
Дәліздерді араламаған кезде мектеп аумағын шарлап жүретінмін. Көбіне жан досым Хеннерспен бірге. Өзім сияқты, Хеннерстің шын аты – Хенри, бірақ мен оны әрқашан Хеннерс дейтінмін, ол мені Хаз деп атайтын.
Арық, етсіз, шашы берілген солдаттардың қолдары сияқты үнемі тік тұратын Хеннерстің жүрегі жұмсақ еді. Ол күлгенде адамдар еріп қоя беретін. (Анам жоғалып кеткеннен кейін маған ол туралы айта алған жалғыз бала.) Бірақ Хеннерстің баурап алатын жымиысы мен жұмсақ мінезі оның да әжептәуір бұзық бола алатынын ұмыттыратын.
Мектеп алаңының сыртында, аласа дуалдың арғы жағында «керегіңді өз қолыңмен жинайтын» үлкен ферма бар еді. Бір күні Хеннерс екеуіміз оның үстінен секіріп өтіп, сәбіз өскен атыздарға бетпен қадалдық. Қатарларды аралап жүре жөнелдік. Жақын маңда піскен, шырынды құлпынай өсіп тұрды. Бір жағынан аузымызды толтырып, екінші жағынан суырлар сияқты қылтиып, қауіптің жоғын тексеріп тұрдық. Қазір құлпынай жеген сайын мен өзімді сол мекендерде досым Хеннерспен жүргендей сезінемін.
Бірнеше күннен кейін ол жерге қайта бардық. Бұл жолы бәрін тоя жеп, шарбақтан секірген бетімізде атымызды естідік.
Арба жолымен теннис корттарына қарай бара жатыр едік. Баяу бұрылдық. Мұғалімдердің бірі тура бізге қарай келе жатты.
– Әй, екеуің! Тоқтаңдар!
– Сәлеметсіз бе, сэр?
– Екеуің не істеп жүрсіңдер?
– Ештеңе, сэр.
– Фермада болдыңдар ғой.
– Жоқ!
– Қолдарыңды көрсетіңдер.
Көрсеттік. Қолға түстік. Алақанымыз қып-қызыл. Мұғалім қан көргендей болды.
Қандай жаза алғанымыз есімде жоқ. «Жаңа ағылшын Інжілімен» ұрды ма екен? Қосымша жұмыс берді ме? Джеральд мырзаның кеңсесіне апарды ма екен? Не болса да, қарсы болмадым. Ладгроув қандай жаза ойлап тапса да, ішімдегіден асып түсе алмайтын еді.
14
МИСТЕР МАРСТОН асханада кезекші болған кезде кішкентай қоңырау алып жүретін. Қонақүйлердегі ресепшнда тұратын қоңырауға ұқсататынмын. Дың-ң. «Бос бөлме бар ма екен?» Бір топ баланың назарын өзіне аударғысы келсе, сол қоңырауды шалатын. Онысы үздіксіз шырылдайтын да жататын. Одан келіп жатқан нәтиже жоқ.
Қараусыз қалған балаларға қоңырау маңызды емес.
Көбіне Мистер Марстонның тамақ кезінде хабарландыру жасағысы келіп қалатыны бар еді. Ол сөйлей бастағанда басқалар тыңдамақ түгіл, дауыстарын да бәсеңдетпейтін, сондықтан да ол қоңырауын шылдырлата бастайтын.
Дың-ң.
Жүздеген баланың күбірі, күлкісі.
Қоңырау қаттырақ соғылады.
Дың-дың-дың!
Қоңырау тыныштық орната алмаған сайын Мистер Марстонның беті қанығырақ қызыл түске боялатын. «Жігіттер! ТЫҢДАЙСЫҢДАР МА, жоқ па?!»
Қысқа жауап – жоқ. Тыңдамаймыз. Бірақ оны сыйламағаннан емес, мәселе акустикада. Оны естімейтінбіз. Зал тым үлкен, ал біз әңгімемізге қатты беріліп кеткенбіз.
Ол оны түсінбейтін. Бізден күдіктенетін. Оның қоңырауын елемеуіміз бір үлкен, келісілген астыртын әрекеттің бір бөлігі сияқты. Басқаларды білмеймін, бірақ мен ешқандай астыртын әрекетке қатысқан жоқпын. Сосын мен оны елемейтіндердің қатарында емес едім. Керісінше: менің бар назарым сол кісіде еді. Сырттан келген адам осы көрініске куә болса, не айтар еді деп өз-өзімнен жиі сұрайтынмын: жүз бала тынымсыз әңгіме-дүкен құрып жатыр, ал олардың алдында есейген адам тұрып, кішкентай жез қоңырауды тоқтаусыз әрі еш нәтижесіз шырылдатып тұр.
Бұл жаппай бейберекетке осы көшенің бойындағы Бродмур психиатриялық ауруханасы да өз әсерін тигізетін. Мен Ладгроувқа келерден біраз уақыт бұрын Бродмурдың науқастарының бірі қашып кетіп, жақын маңдағы ауылда тұратын бір баланы өлтірген болатын. Осы себептен Бродмурда дабыл орнатылды. Анда-санда оның жұмысқа жарамдылығын тексеріп тұратын. Дыбысы Қиямет күні келгендей. Мистер Марстонның қоңырауы стероид қабылдап алғандай.
Бір күні бұл туралы әкеме айттым. Ол түсіністікпен басын изеді. Жақында қайырымдылық жұмысы аясында соған ұқсас бір жерге барған екен. Оның айтуынша, науқастар негізінен ақпейіл жандар болғанымен, біреуі ерекше көзге түсіпті. Өзін Уэльс ханзадасы деп санайтын жігіт.
Әкем оған саусағымен нұқып тұрып қатты сөгіпті:
– Бері қараңыз. Уэльс ханзадасы болуыңыз мүмкін емес! Уэльс ханзадасы менмін!
Науқас та оған саусағын шошайтыпты:
– Мүмкін емес! Уэльс ханзадасы менмін!
Әкем әңгіме айтқанды ұнататын, ал бұл оқиға – оның ең қызықты әңгімелерінің бірі. Әңгімелерін үнемі философиялық оймен аяқтайтын: Егер психиатрияның бұл пациенті ханзада екеніне кемі әкемдей сенімді болса, онда үлкен сұрақтар туындайды ғой. Сонда кімнің есі дұрыс? Кім өзінің психикалық ауру емес екеніне, толықтай адасып жүрмегеніне, достары мен жақындары алдап соқпағанына сенімді бола алады? «Менің шынымен Уэльс ханзадасы екенімді кім біледі? Кім біледі, мүмкін, мен сенің шын әкең емес шығармын? Бәлкім, сенің шын әкең Бродмурда шығар, балақай!»
Сосын ол күлкіге бататын да қалатын, бірақ бұл әзілі түк күлкілі емес еді. Сол кездері менің шын әкем анамның бұрынғы ашыналарының бірі Майор Джеймс Хьюитт деген қауесет жүрген болатын. Бұл қауесетке негіз болған себептердің бірі – майор Хьюиттің оттай қызыл шашы. Тағы бір себебі – садизм. Таблоид оқырмандары ханзада Чарльздің кенже баласы туған баласы емес екен дегенді оқып, көңілдері көншіді. Неге екені белгісіз, жұрт осы «әзілге» еш тоймады. Жас ханзаданың өмірі күлкіге айналғанынан жандары жай тапқан болар.
Анам Майор Хьюиттпен танысқанда менің әлдеқашан туып қойғаным маңызды емес, тым жақсы әңгімені тастағылары келмеді. Баспасөз мұны өзгертіп, әсірелеп, тіпті кейбір тілшілердің оны дәлелдеу үшін менен ДНҚ алмақ болғаны туралы хабарлар болды. Алғашқы тұспалым анамды қинап, жасырынуға мәжбүрлегеннен кейін олар көп ұзамай менің де соңыма түсті-ау дедім.
Осы күнге дейін менің әр өмірбаянымда, газеттегі немесе журналдағы әрбір ұзақ мақалада Майор Хьюитт тақырыбы қозғалып тұрады. Оның әкем болу ықтималдығы кәдімгідей байыптылықпен қарастырылады. Сосын әкем менімен ашылып оңаша сөйлескен болып шығады. Бұл әңгімеде әкем Хьюиттің менің шын әкем емес екенін маған түсіндіреді. Неткен жан тебірентер, әсерлі және толығымен ойдан шығарылған эпизод десеңші! Әкемнің Майор Хьюитт туралы бірдеңе ойлағаны болса да, ол ойын ашып айтқан емес.
15
АНАМНЫҢ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН СӨЗІНДЕ ол бұл некеде үш адам бар деп еді. Бірақ ол есебінен жаңылысқан еді.
Ол Уилли екеуімізді қоспай кетті.
Әрине, біз анам және әкем екеуінің арасында не болып жатқанын түсінбедік. Бірақ біз Басқа Әйелдің барын сезіндік, өйткені оның салдарынан зардап шектік. Уилли баяғыдан бері Басқа Әйел бар-ау деген күдікпен жүрді, сол күдіктен басы да қатты, жаны да ауырды, ал күдігі расталғанда ештеңе істемегені үшін, ештеңе айтпағаны үшін өзін өте кінәлі сезінді.
Мен күдіктену үшін тым жас болдым-ау деймін. Бірақ үйімізде тұрақтылықтың, жылылық пен махаббаттың жоқтығын сезінбей тұра алмадым.
Енді анам жоқ болғандықтан, есеп әкемнің пайдасына қарай ойысты. Енді Басқа Әйелмен қалағанынша ашық, қалағанынша жиі кездесе алады. Бірақ оған кездесу жеткіліксіз болды. Мұның көпшілікке аян болғанын қалады. Бәрін «заңдастырғысы» келді. Оған жетудегі алғашқы қадам балаларды өз жағына тарту болды.
Алдымен Уилли. Ол бұрын да сарайда Басқа Әйелге тап болған, бірақ бұл жолы ол ресми түрде Итоннан аса маңызды жеке кездесуге шақырылды. Кездесу орны Хайгроув болуы керек. Қателеспесем, шай үстінде сөйлескен. Бәрі жақсы өтіпті, мен кейін Уиллиден білдім. Ол егжей-тегжейлі айтпаса да, Камилла тырысып баққанын, онысын жоғары бағалағанын айтты. Бар айтқаны сол болды.
Келесі кезекте – мен. Өзіме басу айттым: «Бұл екпе салдыру секілді – көзді ашып-жұмғанша өтеді де кетеді».
Камилланың өзім сияқты сабырлы (немесе зерігіп) отырғаны есімде. Бір-біріміздің пікірімізге аса жоғары мән бермедік. Ол менің анам емес, ал мен оған басты кедергі емес едім. Басқаша айтқанда, мен Мұрагер емес едім. Менімен бұл кездесу жай рәсімділік болды.
Қызық, біз не туралы сөйлестік екен? Жылқылар туралы болса керек. Камилла оларды жақсы көретін, ал мен оларға міне алатынмын. Басқа қандай да бір тақырыпта сөйлескенімізді елестету қиын.
Дәл шай ішер алдында ол маған қатыгез бола ма екен деп ойлағаным есімде. Ертегілердегі барлық зұлым өгей аналар сияқты бола ма екен деп. Бірақ ол ондай болмады. Уилли сияқты мен де бұл үшін шынайы риза болдым.
Ақырында, Камилламен өткен осы маңызды саммиттер артта қалғанда, әкем қорытынды конференцияға шақырды.
– Сонымен, балалар, не дейсіңдер?
Біз ол бақытты болуы керек деп ойладық. Иә, Камилла ата-анамыздың некесінің бұзылуында шешуші рөл атқарды, иә, бұл – ол анамыздың жоғалуына да әсер етті деген сөз, бірақ біз оның да басқалар сияқты оқиғалар шырмауына түсіп қалғанын түсіндік. Біз оны кінәламадық және егер ол әкемді бақытты ете алса, оны қуана кешірер едік. Әкемнің де біз сияқты бақытсыз екені анық еді. Біз оның бос көзқарасын, себепсіз күрсінуін, жүзінен кетпейтін көңілсіздігін байқайтынбыз. Жүз пайыз сенімді бола алмайтынбыз, әрине, өйткені әкем сезімін тілге тиек етпейтін, бірақ жылдар бойы ашқан ұсақ-түйек сырларынан оның айнымас дерлік портретін құрастырып үлгерген едік.
Мысалы, шамамен осы жылдары әкем бала кезінде «қудаланғанын» мойындады. Ата-әжем оны ер жетсін деп Гордонстаун мектеп-интернатына жіберіпті. Онда ол басқалардан қатты қорлық көріпті. Оның айтуынша, Гордонстаундағы қорлыққа ең көп душар болатындар шығармашыл, табиғатынан сезімтал, кітапсүйер адамдар, былайша айтқанда, әкем сияқтылар екен. Оның үздік қасиеттері – «мықтылар» үшін жемтік. Оның түнеріп күңкілдегені есімде: «Өліп кетуге шақ қалып едім». Қалай сау оралды екен? Басын салбыратып, сонша жылдан кейін әлі де бар ойыншық қонжығын құшағына қысып. Әкем қайда барса да, қонжығын тастамайды екен. Өзі аянышты зат еді: қолдары жыртылған, жіптері сөгілген, үсті жамау-жамау. Бұзақылар шаруасын бітірген соң әкем де сондай халде болған шығар. Қонжық әкемнің бала кезіндегі жалғыздығын әкемнің өзінен жақсы паш ететін.
Уилли екеуіміз әкем одан жақсыға лайықты деп келістік. Қонжық ренжімесін, бірақ әкеме дұрыс серік керек. Сондықтан бізден сұрағанда Уилли екеуіміз әкеме Камилланы отбасымызға қабылдаймыз деп уәде бердік.
Жалғыз сұрағанымыз – үйленбеу. «Сізге қайта үйленудің қажеті жоқ», – дедік. Үйлену тойы дау тудырары сөзсіз. Баспасөзді шулататыны анық. Бүкіл ел, бүкіл әлем анам туралы айта бастайды, анам мен Камилланы салыстырады, ал бұл ешкімге керек емес. Бәрінен бұрын Камиллаға керек емес.
«Біз сізді қолдаймыз. Камилланы мақұлдаймыз, – дедік. – Тек үйленбей-ақ қойыңызшы. Жай бірге болыңыздар».
Ол жауап бермеді.
Есесіне Камилла жауап берді. Жеке кездесулерімізден кейін көп ұзамай ол ұзақ ойынын ойнай бастады – некеге және түбі Тәжге бағытталған науқан. (Әкемнің батасымен деп болжадық.) Барлық жерде, барлық газеттерде оның Уиллимен оңаша сөйлескені, әңгіменің дәлме-дәл мәліметтері жариялана бастады. Әрине, бұның ешқайсысы Уиллиден келген дерек емес.
Ақпаратты сол әңгімеге қатысқан екінші адам ғана таратуы мүмкін еді.
Камилланың көндіруімен әкем жұмысқа алған пиар маманының да бұған септігін тигізгені анық.
16
1998 ЖЫЛҒЫ КӨКТЕМДЕ Ладгроув мектебіндегі оқуымды аяқтағаннан кейін күздің басында Итонға түстім.
Неткен шок.
Ұл балаларға арналған әлемдегі ең жақсы мектеп ретінде Итонның, менің ойымша, шок қылуы заңды. Шок мектептің алғашқы жарғысының бір бөлігі болса керек, тіпті мектептің негізін қалаушы, менің арғы атам Хенри VI оның алғашқы сәулетшілеріне берген нұсқауларының бір бөлігі болуы мүмкін. Ол Итонды қасиетті михраб, киелі ғибадатхана санайтын, сол себепті ол мектептің бүкіл сезімді билеп, келушілердің өздерін қарапайым, момын пірәдарлар сияқты сезінуін қалады.
Маған келгенде ол мақсаты орындалды.
(Хенри тіпті мектепке баға жетпес діни жәдігерлерді, оның ішінде Иса Пайғамбардың тікенді тәжінің бір бөлігін сыйға тартқан. Бір ұлы ақын бұл жерді «Хенридің киелі панасы» деп атаған.)
Ғасырлар өткен сайын Итонның миссиясы тақуалықтан алшақтады, бірақ оқу бағдарламасы қатаңдай түсті. Итон қазір өзін жай мектеп емес, Мектеп деп атауы бекер емес. Білетіндер біледі, Итон сыныптарында он сегіз премьер-министр, отыз жеті Виктория кресінің иегері тәрбиеленген. Ақылды балалар үшін жұмақ, ал оларға ұқсамайтын бір бала үшін тамұқтан басқасы болуы мүмкін емес.
Жағдай бірінші француз тілі сабағында-ақ анық болды. Мұғалімнің бүкіл сабақты жылдам, тоқтаусыз француз тілінде жүргізгенін естігенде абдырадым. Неге екені белгісіз, ол бәрімізді тілге жетік деп есептеді.
Мүмкін, басқалардың бәрі сондай шығар. Бірақ мен? Тілді жетік білу? Әлде қабылдау емтиханын өтетін баллға тапсырғаным үшін бе? Au contraire, mon ami!
Кейін мұғалімнің қасына барып, қателікпен басқа сыныпқа кіріп кеткенімді айттым. Ол менен сабыр сақтауымды сұрап, тез үйренісіп кететінімді айтты. Ол түсінген жоқ, маған сенім артып тұр. Сосын меңгерушіге барып, мені баяу сөйлейтін, баяу оқитындарға, exactement comme moi ұлдарға қосуын өтіндім.
Ол менің өтінішімді орындады. Бірақ бұл уақытша ғана шара болды.
Бір-екі рет мұғалімге немесе құрдастарыма қате сыныпта ғана емес, қате жерде жүргенімді айтқан едім. Шамамнан әлдеқайда жоғары жерге түстім. Бірақ бәрінің жауабы бір еді: «Уайымдама, бәрі жақсы болады. Не болса да, ағаң үнемі осында екенін ұмытпа!»
Оны ұмытқан мен жоқ. Оны танымайтындай кейіп танытуымды Уилли өтінді.
– Не дейсің?
– Сен мені танымайсың, Харольд. Ал мен сені танымаймын.
Соңғы екі жылда ол Итонның жаны жай табатын жер болғанын айтты: соңынан қалмайтын, сұрақтарымен миын ашытатын, оның жүрген ортасына қыстырылатын інісі жоқ. Ол өз өмірін өзі құрып жатыр еді және одан бас тартқысы келмеді.
Оның өтініші соншалықты жаңа емес еді. Уилли екеуімізді біреу-міреу үнемі бірге жүреді деп ойласа, ол Уиллидің ашуына тиетін. Анамның бізді бірдей киіндіргені оған ұнамайтын. (Анамның балалар киіміне деген талғамы ерекше болғаны жағдайды ушықтыратын: біз көбіне «Алиса ғажайыптар елінде» фильміндегі егіздерге ұқсап қалатынбыз.) Ал мен оған мән бермейтін едім. Мені өзімнің де, өзгенің де киімі аса қызықтырған емес. Тек килт кимесем болғаны: шұлыққа тыққан пышақты уайымдайсың, көтеніңнен кіретін жел маза бермейді – жоқ, рақмет. Бірақ Уиллиге менімен бірдей күртеше, шолақ шалбар кию – нағыз азап. Ал енді екеуіміздің бір мектепте оқығанымыз ол үшін өліммен тең болды.
Мен оған уайымдама дедім. «Сені танитынымды ұмытамын».
Бірақ Итон бұл тапсырманы жеңілдеткісі келмеді. Бізге жақсы болсын деп бір шатырдың астына орналастырды. Манор-Хаус.
Әйтеуір, бірінші қабатта болдым.
Уилли үлкен балалармен жоғары қабатта болды.
17
МАНОР-ХАУСТАҒЫ АЛПЫС баланың көбі Уилли сияқты маған қуана қоймады. Алайда олардың немқұрайдылығы мені олардың еркіндігі сияқты алаңдатпады. Менің жасымдағылардың өзі мектеп қабырғасында туғандай жүрді. Ладгроувта проблема көп болса да, мен олардан қалай сытылу керектігін білетінмін. Пэтті қалай алдауды, тәттілер қашан таратылатынын, хат жазу күндерінен қалай қашып құтылу керектігін білетінмін. Уақыт өте келе мен Ладгроув пирамидасының төбесіне тырмаланып шыққан едім. Ал Итонға келіп, қайтадан түбінен бірақ шықтым.
Басынан бастау керек.
Ең өкініштісі, жан досым Хеннерс жоқ. Ол басқа мектепке түсті.
Таңертең қалай киінуді де білмедім. Итонның әрбір шәкірті қара фрак, жағасы жоқ ақ көйлек, көйлекке түйреуішпен бекітілген қатты ақ жаға, сонымен қатар жолақты шалбар, ауыр қара аяқкиім киетін және галстук орнына алынбалы жағаға бүктеп салынатын ақ мата жолағын тағатын. Ресми форма деуші еді. Бірақ маған жаназаға киетін киім іспетті. Онысы шын. Біз баяғы Хенри VI-ға үздіксіз аза тұтуымыз керек еді. (Немесе мектептің бұрынғы демеушісі Король Джордждың құрметіне, ол балаларды қамалға шайға жиі шақырып тұрған ба бірдеңе.) Хенри менің арғы-арғы-арғы-арғы-арғы-арғы атам болса да, оның қайтыс болуы, жақындарының жан жарасы мұңайтса да, оны тәулік бойы жоқтап жүргім келмеді. Бітпейтін жаназаға қатысуға ешбір бала көнбейді, бірақ анасынан жаңа айырылған бала үшін бұл күнделікті екі бұттың ортасынан тепкендей болатын.
Алғашқы таң: шалбарымды түймелеу, жилетімді түймелеу, қатты жағаны бүктеу, сосын есіктен шығуыма біршама уақыт кетті. Кешіккім келмей қатты абыржыдым. Кешіксем, атымды «Кешігетіндер кітабы» аталатын үлкен дәптерге жазуым керек. Осы секілді көптеген жаңа дәстүрлерді, жаңа сөздер мен тіркестерді жаттауым керек. Сабақты сабақ демейді, див дейді. Мұғалімдерді тұмсықтар дейді. Темекіні «табадж» дейді (мұнда бәрі табаджға қатты тәуелді сияқты). Чемберс деп тұмсықтардың таңертең жиналып оқушыларды, әсіресе қиын оқушыларды талқылайтын жиналысын айтады. Чемберс кезінде менің құлағым қызатын да тұратын.
Итонда спортқа бой бұрамын деп шештім. Спортшы жігіттер екі топқа бөлінетін: құрғақ бобтар және дымқыл бобтар. «Құрғақ бобтар» деп крикет, футбол, регби немесе поло ойнайтындарды атайды. Есумен, жүзумен немесе желкенді көтерумен айналысатындар – дымқыл бобтар. Мен көбіне «құрғақ», кейде ғана «дымқыл бобтар» қатарында болатынмын. Мен барлық құрғақ спорт түрлерімен айналыстым, бірақ регби жүрегімді жаулап алды. Әдемі ойын, сонымен қатар бірдеңеге қатты соғысуға жақсы сылтау. Регби маған ашуымды сыртқа шығаруға мүмкіндік берді, оны қазір кейбіреулер «қызыл тұман» деп атайды. Оған қоса, мен бір жерім ауырғанын басқа балалар сияқты сезінбейтін едім, соның арқасында алаңда қорқынышты ойыншы болдым. Жан ауруын тұншықтыру үшін тән ауруын көздеген балаға ешкімнің айтары болмады.
Ücretsiz ön izlemeyi tamamladınız.