Kitabı oku: «ӘЗІМ ӘҢГІМЕСІ», sayfa 2

Yazı tipi:
 
Жалғызым, не қылсаң да сақ болып жүр,
Жəдігөй боп жүрмесін антұрған шал.
 
 
Бала айтты: – Тəңірім қақса, бенде не етер,
Жалған болса, білінер, қор боп кетер.
Шын болып, уəдеге бармай қалсақ,
Ғапылдықтан айырылған ызасы өтер.
 
 
Не қылса, сол күн бала шала ұйықтайды,
Өтірік, расын ойланып таба алмайды.
Мыс бақырын қолына алды дағы,
Лапкеге күндегіден ерте барды.
 
 
Шал дағы дереу дайын бола қалды,
Бір дорбадан көмір мен көрік алды.
Екеуі сəлемдесіп болғаннан соң:
– Мысың қайда, балам? –  деп дігір салды.
 
 
Мыс бақырды сындырды талқан қылып,
Көмірге салды мысты, дүкен кұрып.
Мыс былқылдап еріген кезінде шал
Шөншіктен4 ұсақ қара алды қырып.
 
 
Алды да ол дəрісін, мысқа салды,
Былқылдаған бұрқылдап мыс шайқалды.
Бір нəрсемен азырақ бұлғалақтап,
Алтын қып суынған соң қолына алды.
 
 
Алтынын алып берді қолындағы:
– Сарапқа сал бар дағы шарыңдағы
Алтын емес деп біреу айтса, балам,
Алдамшы, амалым жоқ, болдым дағы.
 
 
Алтынды ал да, көрсет жұртқа апарып,
Менің сөзім шын болса Тəңірі оңғарып,
Сонау бақша ішінен табылармын,
Егер мені іздесең көңіліңе алып.
 
 
Əзім ұшты алтынды ала салып,
Не байларға көрсетті мұны апарып.
– Самородный сары алтын екен ғой, –  деп,
Кім көрсе, айтады аң-таң қалып.
 
 
Үш мың үш ділдаға кетті сатып,
Шешесіне ап келді таңырқатып.
Шешесі: – Сол кісіні шақыр! – деді, –
Кетсін, – деп, – үйімізден дəм-тұз татып.
 
 
Бағанағы бақшаға Əзім келді,
Жолықты шал да, сонда отыр еді.
– Ей, ата, қылған ісің рас екен,
Қонақ боп, біздің үйден дəм тат, – деді.
 
 
Қос уыс ділда берді Əзімге шал:
– Сенің ортақ малың, – деп, –  мендегі мал.
Шешілісіп, сырласып отыралық,
Əртүрлі қымбат баға ішкілік ал.
 
 
Сырлассақ, сұхбаттассақ, аулақ артық,
Нашалы5 боламыз ғой сөйлеп шалқып.
Анаңды да бір жерге жібер, балам,
Сырымды үйрете алман бойым тартып.
 
 
Күн батпай біттей алаң болма бізге,
Қас қарая келермін мен де сізге.
Ішіп, жеу арасында сөйлер сөз көп,
Ол үйде жан болмасын сенен өзге!
 
 
Əзім кезді базарды аз тентіреп,
Əртүрлі ішкілікті алды күреп.
Алтынды көргеннен соң, анасы да
Кетті көрші үйіне, сеніңкіреп.
 
 
Арақ, жеміс – əртүрлі нығмет6 дайын,
Қуанды алтын қолға кірген сайын.
Үйіне бөтен жалғыз жанды қоймай,
Оңаша безендіріп тұрды жайын.
 
 
Көз байлана сып етіп шал да келді,
Əзім де есік ашты, дайын еді.
Əзімді баласына балағандай,
Жайнаңдап жарқын жүзбен үйге кірді.
 
 
Шал кіріп үйді тегіс аралады,
Бір Əзімнен басқа жан таба алмады.
Біротала бейілді беріп алған,
Əзім де бұл қылықты шам алмады.
 
 
Хош уақытсып сөйлейді шал барқылдап,
Қол қусырып Əзім тұр, сөзін тыңдап.
Асын жеп, қолын жуып болғаннан соң,
Əпкел деп ішкілікті қойды ымдап.
 
 
Бар іс қой əуелден-ақ ел салтында,
Орыс, неміс болса да, қай халқың да.
Пайда деп тəн саулыққа ішетұғын,
Миуадан тартқан хəмір7 ас артында.
 
 
Подносқа бөтелкемен арақ толды,
Бір-екі жақсы рюмке дайын болды.
 
4.Шөншік – дорба (көне сөз).
5.Нашалы (наша, анаша) – түтікпен тартатын есірткі шөп.
6.Нығмет (арабша) – тағам, дəулет, байлық.
7.Хəмір (арабша) – шарап.
Yaş sınırı:
12+
Litres'teki yayın tarihi:
26 şubat 2017
Hacim:
9 s. 1 illüstrasyon
Telif hakkı:
Public Domain
İndirme biçimi:

Bu kitabı okuyanlar şunları da okudu