Kitabı oku: «Сұлушаш», sayfa 3
Yazı tipi:
Ішінде зарлағандай нендей бар мұң?!
Керіліп ат үстінде есінейді,
Көз шырын алмаған-ау бүгінгі түн!
Көзінен көрер таңды неге атырад?
Желдіртіп неге асығыс келеді тым?
Жер астынан сығалап бұлтты жарып,
Неліктен көзін қадап қарайды күн?
Дем алмай не себепті ішін тартты,
Самал жел көпті көрген қария сұм?
Торғайлар неге сонша шырылдады?
Неліктен үйрек көлде бырылдады?
Қоңыр қаз балапанын жайып жүрген
Біріне-бірі неге сыбырлады?
Күн жадырап, жайылып, өз-өзінен,
Не жақсылық жұмысты ырымдады?
Өсімдік жел тынғанда басын шұлғып
Қалайша себебі жоқ қыбырлады?
Не қайғы, не қуаныш көретіндей,
Аттының неге бойы шымырлады?
Осының бəріне де себеп ашық:
Қосылмақ бүгінгі күн екі ғашық.
Əн салып ен даланы өзі билеп,
Көрінген жігіт Алтай дөңнен асып.
Астында бөкен қабақ Торытөбел,
Келеді жұмсақ жерді борт-борт басып,
Құс, көл, жер, дөң, жел, сағым үндемеді,
Қарсы алды ер Алтайды амандасып.
Алтай да таза ауаны жұтып еркін,
Құбылған табиғаттың көріп көркін.
Таянып оң жақ қолын мықынына,
Шекеге артын түре киді бөркін.
Таң атпай келе жатқан бар жұмысы
Сұлуға орындамақ айтқан сертін.
Қазірде көңілі онша қаяу емес,
Таң жойды түнде өзекке түскен дертін.
Ел үсті өрген малмен азан-қазан.
Сиыр мөңіреп «өрем!» деп айтты азан.
Өрген қойды айнала шық бөлеп,
Қыбырлаған, үстері тартқан бозаң.
Қой жағалай жарысқан лақ, қозы,
Дегендей боп бірінен-бірі озам!
Көл де нұр, көлем де нұр, сайлар да нұр,
Айнала нұр, ілікпейді көзге тозаң.
Сол нұрлардың ішінде аппақ үйлер,
Дөңкиіп тұр бейне бір күміс қазан.
Түк нəрсе сезінбестей, ауыл өлік,
Таңғы тəтті ұйқыға алған еніп,
Ояулары құрт жайып, қазан қырған,
Қой құрттаған, жүргендер тезек теріп,
Ең аяғы иттер де жалқауланып,
Маңқ етіп жата кетті дөңгеленіп,
Соның бəрін көзімен шолып Алтай,
Қарақұрым үйіне түсті келіп.
Қуанышты əкесі күле қарап,
Құлынын кіріп келген көре сала-ақ,
Құшағын ұша тұра жайып келіп,
Қысып-қысып бетінен сүйді жылап.
Шешесі де бүкшеңдеп жүгіріп кеп,
Бір беттен о да сүйді жанасалап.
Амандасып болған соң, ұйқтап жатқан,
Інісін Алтай барып өпті аймалап.
Жыртық үй шымнан соққан балағандай,
Ішінен сырттағыны санағандай.
Үй ішінде төсеніш, көрпе, жастық,
Бірі жоқ, үйді жау кеп тонағандай.
Ер жігіттің тұрмысы сондай болса,
Неғып шыдар жүрегі жараланбай.
Екі аттап Алтай төрге барды-дағы,
Жан-жағына бір қарап алды-дағы,
Шырша бойы сыймады, басын иді,
Сықылданып жылқының арғымағы,
Ойына əр немелер түсіп кетіп,
Иығы талғандай боп салбырады.
Далаға тоқырамай қайта шықты,
Өліктей ұйықтап жатқан көрді жұртты.
Бір қарап жаңа шыққан сұлу күнге,
Отауға қара көзді қадап тікті.
Алдынан ғашық сұлу елес етіп
Қозғады жүректегі нəзік жіпті.
Бармауға шыдамады жанған жүрек,
Бірақ ерте баруға себеп керек.
Күні үшін байға құл боп жағынғандар,
Көзі шалса «бұл қалай барад?» демек.
«Тірі адам көрмейді, тасалаймыз,
Бар, бар!» деп тұманданып тұр төңірек.
Тұманменен тұтасып, күннің көзін
Жасырды ер Алтайды бұлт та елеп.
Бір кезде Алтай барып есік ашты,
Денесін жерді жапқан буға бөлеп.
Сұлушаш ұйықтап жатыр болып бырдай.
(Ұйықтамас па, кездессе тұрмыс мұндай!)
Жамылып шайы көрпе, шалқасынан
Керіліп жатыр екен аппақ қудай.
Тықырды сезгеннен-ақ атып тұрды,
Шошынып ұясынан ұшқан құрдай.
Толқынды қара шашы тізеден кеп,
Алтайға құшақ жайды сабыр қылмай,
Бүктеліп құмырсқа бел бұраңдады,
Үзіліп кете-тұғын нəзік қылдай.
Қадалтып кара көзін қарай берді,
Кірпігін əрең қағып, көзін жұмбай.
Құшақтап Алтай қысып бұраң белден:
– «Қалқам-ау, жолым ғой бұл əдейі келген.
Тағы да сөйлесерміз, көп тұрмайық,
Көп тұрсақ біреу-міреу көрер елден.
Кешке тағы келемін, сырласып бір
Құтылу керек көптен жүрген шерден.
Қанекей, тіліңді тос, бір сүйейін,
Кел қалқаш, əкел, əкел, əкел, бермен!»
II
Күн қайнап жалын шашты түстікке кеп,
Аспан ашық, шөкімдей бір бұлт жоқ,
Тұңғиық теңіз аспан қара-күрең,
Алыста жалтырап тұр айнадай боп.
Сілкініп əнші торғай жырлап жатыр,
«Тира-ра, тира-ра, тира-ра» деп.
Алыста шаңқылдады ақ шағала
Таңданып əлденеге күлкісі кеп.
Ауылдың сыртын ала қаққан желі.
Үйездеп байдың сауын биелері.
Түнде майса көк шөпке тойғандықтан.
Шығады ыңқ-ыңқ етіп зорға демі.
Құлындардың, құйрығы жерді сабап,
Ыстықтап, солқылдайды бүйірлері.
Желіде сауыншы жүр көнек іліп,
Кеудесі ашық шынтақтан түгел жеңі.
Тік өркеш, ұзын шуда, иір мойын,
Сортаңнан сасырды жеп алған тойым.
Бөленіп толқып жатқан сағымдарға,
Жусап тұр шаттық алып тұлабойын.
Қой жатыр өзенді өрлей бырт-бырт күйсеп,
Ішінде қозылары салып ойын.
Пісілді күрс-күрс етіп қара саба,
Даусына жаңғырықты мидай дала,
Құйылып сары қымыз сапырылып,
Шүпілдеп көбіктене толды шара.
Ас үйде мейіздей сұр бүлк-бүлк қайнап,
Будақ бу бұрқылдады мұрын жара.
Иіндеп саба-саба жиған іркіт,
Асылып жер-ошақта қайнады құрт.
Түтіні желсіз күнде көзге ілеспей,
Көкшіл түсті жалындар жанды жылт-жылт.
Көсеуменен от түртіп кəрі кемпір,
Салқын тер маңдайынан шықты шып-шып.
Еңбегі қанша екені мағлұм ғой,
Əйтеуір байға құл боп бағынған жұрт.
Ұйқыдан түс кезінде тұрды бай да,
Бұрқылдап мыс əйнекте жатыр шай да,
Үй іші масатылы жайған кілем,
Жұмақтың дəл өзіне ұқсамай ма.
Іргеден түріп қойған есіп жатыр
Хош иісті, қоңыр салқын жел де майда.
Жастанып мамық жастық қарнын сипап,
Кекіріп бай бір кезде қанды шайға.
Бəйбіше шекесіне салып күндік,
Азырақ сығырайтын ашып түндік,
Кеудесін көйлегінің желпе түсіп,
Ішіне шым жібектің отыр сүңгіп.
Сонда да бір нəрсеге кейігендей,
Азырақ қабағына түскен кірбік.
Ол кірбік – бəйбішенің Сұлушашы,
Келгенде отауына бірде апасы,
«А… па!..» деп арғы жағын айта алмай,
Мөлдіреп қара көзге толған жасы.
Қып-қызыл жұқа ерні қыбыр етіп.
Қабақта қимылдаған қара қасы,
Анасы жалғызына деген: «қалқам»,
Өз ойын Сұлу жарып айта алмай,
Жүрегі дүрс-дүрс соғып болған талқан.
Анасының төсіне басын сүйеп,
Дей берген «апа, айтуға қорқам, қорқам…»
«Қалқам-ау, көз жасынан құрмалдық» деп,
Төгілген қара шашын сипап жібек.
Сүйріктей саусақтарын шөп-шөп сүйіп,
«Ойыңды айт, қалқам!» деп қылған тілек.
Бір кезде сырын шешіп, құшақтаған,
Анасын күміс – жұмыр аппақ білек.
– «Апа, мен бергеніңді ұнатпаймын,
Дейтін ең – қалқам, сені жылатпаймын. –
Сүймеген адамыма қосақтадың,
Қазірде көгендеулі лақтаймын.
Бергенің бай болғанмен неге керек,
Мен малмен өмірімді жұбатпаймын!»
Жүрегі бəйбішенің аттай тулап,
Денесін мұздай салқын қандар қулап,
Төбесі қатты шымыр ете қалып,
Тер шыққан маңдайынан будақ-будақ,
Сол сəтте не болғанын езі сезбей,
Құлағы əлденеге кеткен шулап.
Солайша ана шіркін аяп кетіп,
Сұлумен о да көзін алған сулап.
Қадалып құлынына қалған қатып,
Айтты деп бұл сөзді ол қалай батып,
«Бармаймын бергеніңе» деген сөзі,
Кеудесін мылтықтай боп кеткен атып.
Көп сөзді қорытқанда келгендері:
«Көрген артық – естіген сөзден гөрі»
Күйеуді ұрын кел деп шақыртпақ боп,
Сұлудың осы сөзге қатқан белі.
Тап бүгін бəйбішеге ой түсуі,
Күйеуі ертең ұрын келмек еді.
Бəйбішеге Сұлудың ойы анық,
Салдыртып күйеу ертең келмек қалып,
Ойын-той, ырым-жырым өтіп болып,
Жеңгелер қалыңдықты бармақ алып. –
Ұнатса ол Құдайдың оңдағаны,
Ұнатпай шықса егер кінə тағып, –
Базарға бас түсуі былай тұрсын,
Көруі екі талай сəуле жарық.
Жүрегін осы ойлар бəйбішенің
Жыландай əлсін-əлсін отыр шағып.
Шытынап, тырыстырып қабақтарын,
Ышқынып күрсінеді демін алып.
Бай бұдан түк нəрсені сезінбейді,
Қымызды сіміреді ыңыранып.
Бүгінгі қайғылының Алтай бірі,
Күн сықылды еместей көрген күні.
Өзгелердің күлкісін көтере алмай,
Ашудан шығып отыр беттен түгі.
Қанша қайрат орнаған жан болғанмен,
Бүгін түскен мойынға аз ба жүгі.
Қайғырмай қайтсін Алтай, амал бар ма!
Тізгіні бақытының отыр малда.
Тең болса терезесі байларменен,
Өлсе де күйеуді ұрын шақыртар ма?
Алтайды шын жүрекпен сүйген сұлу,
Еріксіз басын салып отыр шарға.
Өзіндік сүйген жаны біреулік боп,
Тұрғанда батпай қайтіп тұрсын жанға!
Ішінде қырық жамаулы құрым үйдің,
Дауысы күңіренеді зарлы күйдің,
Көз жұмулы, бармағы шекті құлап,
Мазасын Алтай алып отыр мидың.
Өзегін ойы құрғыр өртеп жатыр,
Деп «жарымды біреуге қалай қидым ?!
Сұм жүрек тілегіңе жете алмасаң,
Қол жетпес сұлу күнді неге сүйдің?»
Сұлуға зарлы күйдің даусы жетті,
Оның да жүрегінің қылын шертті,
Қараса Сұлу ойым өрге салып,
Асудан өте-тұғын мезгіл жетті.
Көз шолып осы арасын байқағанда,
Солқылдап қара көзден жасын төкті.
Көп жылап, дене шаршап, басы қатты,
Ауыр ой Сұлушашты əлсіретті.
Сол көз жасын сүртпестен зарлы сұлу
Жастанып ақ білегін қалғып кетті.
III
Іңір боп қараңғылық жайды қанат
Ашылды көктің жүзі бұлыт тарап,
Жарқылдап күміс жұлдыз нұрын шашып,
қара үйге көзін тігіп тұрды қарап.
Алтай ер шалқасынан жатып алып,
Жыртықтан жұлдыздарды жатыр санап.
Қалың ой қайғылыны қоя ма ертпей,
Лауланып іші-бауыры жайнады өрттей,
Талықсып маужыраған адамдай боп,
Көз жұмып домбыраны жатыр шертпей.
Түрекеп жұрт ұйқтады-ау деген кезде,
Аяқты ақ отауға басты беттей.
Ақ таңдақ сəуле шашып сонау жоннан,
Жел тынған, ұясына ай да қонған.
Үйректің зуылдайды қанаттары,
Ауылдың түнде ұшып үстін шолған.
Түйелер ұйықтап мойнын жерге салып,
Күйсеп сиыр, ыңырсып, демін алып,
Көлбақаға үн қосып лақ-теке,
Жардан төмен құлайды домаланып.
Əупілдек ара-тұра əупілдейді,
Дауысы тымық түнде құлақ жарып.
Қысылып, əлденеге жүрген жандай,
Талықсып бір қиырда шығады айғай,
Ол – күзетте əн салған жылқышы ғой,
Түн күзеткен көзінің шырын алмай…
Осындай көркемдіктің бəрін Алтай
Тамсанып, дəмін алмай жұтты балдай.
Алақтап төңірегін шола қарап,
Аяғын жолбарыстай басты санап,
Қырық адым жерге жолда қырық бес тоқтап,
Отауға тасаланып келді жанап.
Есіктің ілгегіне салды қолын,
Маңында жанның жоғын көре сала-ақ.
Сұлуды Алтай сүйіп, деді: «Қалқам!
Оңаша кездесіп бір кеңіді арқам.
Сонда да күйеу келед деген сөзден,
Жүрегім күні бойы болды талқан.
Сен үшін не де болса шыдамақпын,
Кінəні серттен тайсаң саған артам.
Өзеннің өткеліне жаңа келдік,
Жастықпен жеңіл ойлап жоққа сендік.
Əрі ойлап, бері ойлап келгенімде,
Əкеңнен екеумізге болмайды елдік.
Өлімге басыңды бер, беліңді бу,
Мұндайда өте қажет көзсіз ерлік!»
Басқа іс түскенде адам ашынады…
Сұлу да бұрынғыдай жасымады:
– «Егерде уəде қылған сөзден тайса,
Адам емес, айуан осы-дағы.
Менде екі жүрек жоқ, бір-ақ жүрек
Не өледі, не саған қосылады.
Достық көңіл, Алтайжан, достық көңіл!
Достық көңіл дегенге байлаулы өмір,
Анық достық табылса, айну қиын,
Достық көңіл айтуға ғана жеңіл.
Бірақ, достық қайғысын дос аршымақ,
Жалғыз қайда барады қайратпен құр.
Сен не десең, мен соған белді будым,
Көкірекке орнаған иманым бұл!»
– «Мен саған ежелден-ақ сенген жанмын,
Сен үшін неге болса, соған бармын,
Өлсем-дағы бұл істен өкінбеймін,
Өйткені өзіме-өзім тілеп алдым.
Менің мына ойыма не айтасың:
Көзіне жоғалайық түспей жанның!»
– «Алтайжан, ол ыстықтай суғынғаның,
Соншама тығыз ойлап неғылғаның?!
Көрдім деп мəз-мейрам боп күйеу кетсін,
Асықпа, күзге дейін шыда, жаным.
Күз бола, бір қараңғы түн жалынсын
Күз болғанша жолыңның жей бер қамын!
– Осыған шыдайсың ба?
– Төздім, мақұл.
Бұ да онша қонбайтын емес ақыл.
– Қамыңды өзің əбден жеп болған соң,
Қайсарды жібер-дағы, мені шақыр.
Türler ve etiketler
Yaş sınırı:
12+Litres'teki yayın tarihi:
23 ocak 2017Hacim:
36 s. 1 illüstrasyonTelif hakkı:
Public Domain